Айжан Ахмет
Өнертану магистрі, театртанушы
2016 жылдың 23-25 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында Рүстем Есдәулетов атындағы І Республикалық Жастар және Студенттер театр фестивалі өткен еді. Аталмыш өнер бәйгесінде қазылар алқасының төрайымы болған өнертану докторы, профессор Нұрпейіс Бақыт ханыммен фестиваль аясында пікірлескен едік.
- Өскемен қаласында өткізілген І Республикалық Жастар және Студенттер театры фестивалі неліктен Р.Есдәулетовке арналды?
- Біз ең әуелі осы фестивальдің өтуіне үлкен қолдау көрсеткен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға, Шығыс Қазақстан облыстық «Мәдениет, архивтер және құжаттама» басқармасының басшысы Азамат Мухаметчиновке, Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Дінмұхамед Ұябайға, сонымен қоса бүкіл театр ұжымына зор алғыс сезімімді білдіремін. Себебі, жасындай жарқ етіп өмірден ерте озып кеткен Р.Есдәулетов Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры енді ғана құрылып жатқан тұста келіп, аталмыш театрдың өркендеуіне мол еңбек сіңірді. Кәсіби актерлердің аз болғанына қарамастан аянбай еңбек етті. Ол театрды басқарып тұрған жылдары бірнеше Республикалық театр фестивальдеріне спектакльдер апарды. Атап айтсақ: Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтың 100 жылдығына арналған ХІІІ Республикалық театр фестиваліне қатысқан Т.Ахтановтың «Әке мен бала» (реж. Р.Есдәулетов) спектаклі үшін театр «Ең үздік эпизодтық роль» номинациясын иеленді. Ал, 2003 жылы Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арналып өткізілген ХV Республикалық театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» тарихи драмасын сәтті сахналағаны үшін «Жас театр ұжымының дебюті» номинациясымен марапатталды. Бұдан соң 2006 жылы Қырғызстанда өткен «Аземи-2006» Халықаралық театрлар фестивалінде екі бірдей «Ең үздік психологиялық спектакль» және «Заманауи тақырыпқа ең үздік интерпретация үшін» номинацияларымен марапатталып, І орын алды. Сондай–ақ, 2009 жылы Қарағанды қаласында Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына арналып өткізілген ХVІІ Республикалық театрлар фестивалінде «Атымды адам қойған соң» спектаклі үшінші орынды иеленді. Аталмыш спектакль Рүстем қайтыс болғаннан кейін Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» халықаралық түркі тілдес театрлар фестивалінде көрсетіліп, театр сыншыларының оң бағасын алды, кейін Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласында өткен түркітілдес театрлардың «Туғанлық» халықаралық театр фестивалінде «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» номинациясын, Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» фестивалінде көрсетіліп, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Р.Есдәулетов ізденуден жалықпайтын режиссер болатын. Тіпті, фестивальдерге қатысқан кездері театр сыншылары тарапынан үлкен сындар естіген кездері де жоқ емес. Бірақ, өнерге деген құштарлық оның намысын жанып алға жетеледі. Ешуақытта да сағы сынып, жасығанын көрсетпейтін. Үнемі алға қарай талпынды. Ол театрда жұмыс істей жүріп шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында Санкт-Петербург қаласына барып әлемге танымал режиссер Лев Додиннің шеберханасында оқып білімін жетілдірді. Соның жанды айғағындай «Атымды адам қойған соң» спектаклі дүниеге келді.
Әрине, арамыздан ерте кетіп қалған Рүстемнің еңбегі бүгінгі өнерге ұмтылған жастарға жарқын үлгі екені сөзсіз. Әдебиет пен өнердің тізгінін қатар ұстаған жас талант өнерге адал қызмет етті. Сондықтан да туған елі оның сол еңбегін ескеріп, болашақта осы фестивальді екі жылда бір рет өткізуді көздеп отыр. Бұл бүгінгі жастардың жігерін жануға септігін тигізетін үлкен фестивальдердің біріне айналатынан сеніміміз мол.
- Енді осы фестивальге қатысқан өнер ұжымдарымен таныстырып өтсеңіз.
- Бірден айту керекпіз, фестиваль биыл алғаш рет өткізіліп отырғандықтан да қатысушылар саны көп болған жоқ. Фестивальге Ақан сері атындағы Көкшетау Мәдениет колледжінің «Жас толқын»
театр студиясы, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәуір» студенттік театры (Семей қаласы), «А.И. музыкалық театр орталығы» (Алматы қаласы), Қазақ ұлттық өнер университеті «Актер өнері және режиссура» кафедрасының шығармашылық – лабороториясы (Астана қаласы), Тәттімбет өнер колледжінің «Q» студенттер театры (Қарағанды қаласы) өз спектакльдерін ұсынды. Фестивальдің алғашқы күні Р.Есдәулетов туралы «Бөрінама» фильмінің көрсетілімі болды. Онда Рүстемнің балалық шағы, туып-өскен ортасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүрген студенттік шағы, Жамбыл атындағы Қазақ драма театрында режиссерлік еткен кездері көрсетілді. Р.Есдәулетовтың ақындығы, өнерге деген құштарлығы, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі көрермендердің көңілін толқытып айрықша әсерге бөледі. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген өнерпаз жастар үшін бұл фильмнің орны ерекше болды. Олар фестивальдің не үшін Р.Есдәулетовқа арналғаны жайында мол мағлұматтар алды.
- Осы фестивальге қатысушылар арасынан ерекше көзге түсіп дараланғандары бар ма?
- Фестивальге қатысушылардың барлығы да өздеріне тән ерекшеліктерін көрсете алды. Жетістіктерімен бірге олқы түсіп жатқан тұстарын қазылар алқасының мүшелері театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино» бөлімінің мегерушісі Аманкелді Мұқан, Қазақстанның халық артисі Бекен Имаханов және мен спектакльден кейін болған талқылауда бірден ашық айтып, пікірімізді ортаға салдық. Әрине, кез-келген фестивальден үздік режиссерлік жұмыстар мен актерлік даралығымен көзге түсетін орындаушыларды іздейтініміз рас.
Фестиваль шымылдығын Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Жас толқын» театр студиясы Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесімен» ашты. Спектакль режиссері Ф.Қанафин спектакльді пластикалық қимыл-қозғалыстарға құрып, полигонның қазақ еліне тигізген әсерін көрсетуді мақсат еткен. Бірақ, пьеса кейіпкерлерінің жеке даралықтарын актерлердің ойыны арқылы көрсете алмаған.
Ал, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәуір» студенттік театры М.Шахановтың «Танакөз» (инсц. жасаған А.Айтибаев) атты поэтикалық туындысы бойынша қойылған спектакльдерін көрсетті. Спектакль режиссері А.Бахтинов әрбір рольді дұрыс бөлгендіктен көп ұтқан. Ең бастысы поэтикалық шығарманың әрі мен нәрін кетірмей сөз құдіретін дәріптей алған. Орындаушылардың бір көңіл күйден екінші көңіл күйге өтулері табиғи, боямасыз болды.
«А.И. музыкалық театр орталығы» М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясының І нұсқасының желісі бойынша спектакль көрсетті. Қоюшы режиссері Дина Жұмабаева бұл шығармаға мүлде басқаша интерпретациямен келген. Спектакль Қаракөз, Нарша, Мөржан, Сырым арасындағы психологиялық тартысқа құрылып, адам жанын өзгеше бір тебіреніске жетелейді. Спектакльдегі Мөржан – Дина Заитова, Сырым – Олжас Жақыпбек, Нарша – Али Мараттың ойындары кәсіби шеберліктерімен тәнті етті. Үш актердің мықты темпераментіне Қаракөз роліндегі Толғанай Тілеубекованың ілесе алмауы спектакльдің ырғақ-екпінінің бәсеңдеп кетуіне алып келді. Біздіңше, жас актрисаға алдағы уақытта көп іздену қажеттігі сезіледі.
Бүгінгі таңда классикалық дүниелердің сахналық кескінін жаңарту, олардың қойылымдық, көркемдік сипаттарын бүгінгі көзбен, қазіргі түйсікпен зерделеуге деген талпыныс танытып жүрген Д. Жұмабаеваның бұл спектаклін режиссурадағы ізденіс деп бағаладық. Тәттімбет өнер колледжінің «Q» студенттер театры Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» шығармасы бойынша дайындалған спектакльдерін ұсынды. Егер рухани сұраныс пен эстетикалық талапты өсіру үшін драматургия, режиссура, актер шеберліктерін ұштай беру, шыңдай түсу тұрғысынан келсек Қ.Кемалов пен Б.Киекбаевтың режиссурасымен қойылған бұл спектакль формалық, мазмұндық жағынан тың шешімдерімен әнті етті. Екі бірдей тәжірибелі маманның қолынан шыққан аталмыш спектакльде орындаушылар еркін көсіліп, өздерінің бар мүмкіндіктерін көрсете алды. Болашақта күрделі драматургиялық шығармаларды игере алатын қабілеттерін танытты.
Қазақ ұлттық өнер университеті «Актер өнері және режиссура» кафедрасының шығармашылық – лабороториясы С.Қамиевтың режиссурасымен қойылған И.Сапарбайдың «Шәмші» музыкалық драмасын көрсетті. Спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап, соңына дейін шығармашылық адамның шабыт шалымын көрсетуге құрылған бұл қойылым діттеген мақсатына жетті. Спектакль әдемі актерлік ансамбльге құрылып, орындаушылардың кәсіби даярлықтарының жоғары деңгейде екенін танытты. Студенттердің айшықты дикциялары, мәнерлі де, икемді пластикалары, әуезді дауыстары, жастық жалындары көрермендерді айрықша сезімге бөледі. Дегенмен де, көзі тірісінде аңызға айналған сазгердің сыған қызы Изольдамен кездейсоқ кездесіп оған ғашық болуы және сұлу аруға арналған әннің тууы спектакльде өткірлей түсуді қажет етеді. Тұтастай алғанда аталмыш спектакль өзінің пластикалық оралымымен, театрлық жарқындығымен, әсерлі сазымен көңіл толқытты.
- Фестивальге қатысушыларды қандай номинациялармен марапаттадыңыздар?
- Бұл фестивальге өнерге енді ғана қанат қаққан кілең студенттер қатысты. Жастар театрынан «А.И музыкалық театр орталығы» ғана болды. Әрине, жастар театрының жұмысын студенттермен салыстыруға болмайды. Олар көрермендердің алдында еркін ойнап жүрген кәсіби актерлер. Ал, колледж студенттері мен университет студенттерінің жас айырмашылықтарынан басқа, оқу бағдарламасында да өзгешеліктер көп. Сондықтан да, алдағы уақытта Рүстем Есдәулетов атындағы Республикалық Жастар және Студенттер театр фестивалінің мақсаты мен міндетін айқындап, талаптарын күшейту керек. Ал, биылғы фестиваль нәтижесі төмендегідей болды.
- «Өзекті тақырыпты меңгергені үшін» номинациясын Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Жас толқын» театр студиясы сахналаған Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектаклі иеленді.
- «Үздік ер адам рөлі» номинациясымен Тәттімбет өнер колледжі «Q» студенттер театры қойған «Қорқыттың көрі» спектакліндегі Қорқыт рөлі үшін Ахан Ерасыл марапатталды.
- «Үздік әйел адам рөлі» номинациясын «А.И музыкалық театр орталығы» сахналаған М.Әуезовтің «Қарагөз» спектакліндегі Мөржан рөлі үшін Дина Заитова иеленді.
- «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясымен М.Әуезовтің «Қарагөзін» қойған «А.И музыкалық театр орталығы» марапатталды.
- «Ең үздік поэтикалық спектакль» номинациясымен М.Шахановтың «Танагөз» спектаклін сахналаған М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәуір» студенттік театры марапатталды.
- «Рүстем Есдәулетов атындағы Бас жүлде» номинациясымен И.Сапарбайдың «Шәмші» спектаклі үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің «Студенттік лабораториясы» марапатталды.
- Әңгімеңізге үлкен рахмет!