«Анаға апарар жол» фильмінің авторлары Мемлекеттік сыйлыққа ие болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен  Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Новый мир продакшн» ЖШС және Sataifilm компанияларымен бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фильмінің шығармашылық тобы лайық деп танылды.
«Анаға апарар жол» фильмінің авторлары  Мемлекеттік сыйлыққа ие болды

Жарлыққа сәйкес, фильмнің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Сатаев, Бас продюсері – Әлия Назарбаева, сценарий авторы – Тимур Жақсылықов, және актерлер – Алтынай Нөгербек пен Әділ Ахметов Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанды.

Сондай-ақ, әдебиет саласы бойынша «Алқоңыр дүние» өлеңдер жинағы үшін Тыныштықбек Әбдікәкімов, «Ана сыры» өлеңдер жинағы үшін Ақұштап Бақтыгереева, «Шуақты шақ» өлеңдер жинағы үшін Өтеген Оралбаев, «Абай» операсын қойғаны үшін «Астана Опера» опера және балет театрының ұжымы – Төлеубек Әлпиев,  Алан Бөрібаев, Сүндет Байғожин  мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

«Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы» жарлық Елбасы әкімшілігінің ресми сайтында жарияланған. Бұл жарлық ресми жария етілген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетсек, «Анаға апарар жол» тарихи драмасы 2016 жылы қыркүйек айында прокатқа шыққан болатын . Фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері  сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы. Аталған кинотуынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды 2016 жылы Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» - Алтынай Нөгербек және «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова деп танылды. Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөлісті.  Одан бөлек, кинотуынды Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI  ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды. Ал 2017 жылы маусым айында Нью-Йоркте өткен 5-ші еуразиялық кинофестивальде  тарихи кинотуынды «Үздік көркем фильм» жүлдесін алды. Сонымен қатар, фильмнің Бас продюсері Әлия Назарбаева «Кино әлеміндегі еуразиялық әйелдер» жүлдесімен, ал картинада ана рөлін сомдаған актриса Алтынай Нөгербек «Үздік актриса» жүлдесімен марапатталған.

Сондай-ақ «Анаға апарар жол» фильмі  2017 жылы тамыз айында Хорватияда өткен Халықаралық «Марко Поло» кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» жүлдесін алды. Сонымен қатар, аталған кинотуынды «Ең үздік сценарий» және «Көрермендер көзайымы» жүлделерімен марапатталды.

«Анаға апарар жол»

Фильм туралы: Фильмнің желісі қазақ халқының ХХ ғасырда бастан кешкен  күрделі тарихи кезеңдерден құрылған, атап айтсақ, күштеп жүргізілген ұжымдастыру науқаны, ұлттың басына түскен ұлы трагедия – жұт (ашаршылық), Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейнетті жылдар. Фильм өмірдің ауртпашылығына төтеп берген, қиын қыстау күндері  сұрапыл соғыстың мехнатын көрген, жат елде тұтқында болған Ілияс есімді жігіттің тағдырын баяндайды. Бөтен жерде айдауда жүрсе де, жат елдің зорлық-зомбылығын көріп, қиянатын кешсе де, жалғыздықтың тауқіметін  тартса да, бас Қаһарман атажұртын аңсап, анасын сағынып, туған жеріне оралатынына ешқашан күманданбайды.

Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ,  «Новый мир» Продакшн» ЖШС қатысуымен.

Жанры: тарихи драма

Режиссері: Ақан Сатаев

Сценарий авторы: Тимур Жақсылықов

Қоюшы операторы: Хасан Қыдырәлиев

Қоюшы суретші: Назира Байбекова, Лариса Решетова

Рөлдерде: Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербек, Азамат Сатыбалды және т.б.