Қуыршақ театры балалар мерекесіне қайырымдылық койылымын ұсынады

Қуыршақ театры балалар мерекесіне қайырымдылық койылымын ұсынады

«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мереке ғана емес, болашаққа бағдар, бақытты ұрпақты қалыптастыруға қадам жасайтын халықтың ерекше атап өтуі тиіс маңызды міндеті. Себебі, адамзаттың алдында тұрған зор мақсат – бақытты әлемді жасайтын бақытты балаларды тәрбиелеу. Өз кезегінде қуыршақ театры мұны өзінің даму жолындағы басты кредосы деп санайды. Әр бүлдіршіннің балалық шақтағы көргені мен сезінгені болашақ тұлға ретінде дамуына өз септігін тигізеді. Ендеше, баршамыздың парызымыз – болашағымыз саналатын балалардың бақытты сәттеріне үлес қосу болуы тиіс. Сондықтан, театр ұжымы аталмыш мереке қарсаңында балаларға ерекше көңіл-күй сыйлауға асық!
Мереке күні саябақтан басталатын қызықты думан, театрда жалғасып кішкентай көрермендеріміз «Қуыршақ думан» қойылымының қайырымдылық көрсетілімін тегін тамашалайтын болады. Спектакльге Алматы қаласындағы көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасылардың балалары қатысып, қиялына қанат бітірер қуыршақтар думанын тамашалайды.
Елімізде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан жан жабырқатар хәл-ахуал балалар психологиясына, олардың кіршіксіз ойларының, бала қиялдарының тоқырауына жол бермеуі тиіс. Осы ретте, Мемлекеттік қуыршақ театры 1 маусым – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОҒАУ КҮНІ мерекесіне орай ұсынатын концерттік бағдарламадан бөлек, балаларға демеушілер ұсынған сыйлықтары үлестіретін болады. Қайырымдылық іс-шараға қолдау танытып, балғын бүлдіршіндерімізге қуаныш сыйлайтын «CASPIAN BEVERAGE HOLDING» лимонад өнімдері және «Asyltas HOLDING» отандық компаниясынң ұлттық бренд саналатын құрт өнімдері болмақ. Бүлдіршіндердің бақытты жүзін көру, мереке қарсаңында ертегілер әлеміне саяхатты ұйымдастырып және сыйлықтармен қуантуда сүбелі іске үлес қосқан демеушілерімізге ерекше алғысымызды білдіреміз! Саналы ұрпақ тәрбиелеуде жұмыла көтерген қайырымды істер жалғасын таба бергей!
Балдырған шақ пен бала күндеріне саяхат жасағысы келген әр көрерменіміз мереке күні ұсынатын қызықты шаралар мен спектакльдерді тамашалауына болады. Мұнда көрермен жасына шектеу жоқ. Ғажайып пен жақсылыққа сенетін әр көрерменіміз үшін театр есігі айқара ашық! Мерекені мейірім мекенінде бірге қарсы алайық!