Алматыда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 21 отандық кинокартинаның тұсаукесерін өткізді

Алматыда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 21 отандық кинокартинаның тұсаукесерін өткізді

Іс-шара кинокөрсетілім және дистрибуциямен айналысатындар үшін ұйымдастырылды. Тұсаукесерге «КиноПоиск» онлайн-кинотеатрының, «Меломан» және  «Sulpak» желілерінің, Chaplin, Cinemax, «Арман» және «Кинопарк» кинотеатрларының өкілдері шақырылды. ZOOM арқылы кездесуге Астана, Қарағанды, Өскемен және басқа да қазақстандық қалалардағы кинотеатрлардың басшылары қосылды. Киноорталық атынан іс-шараға Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев, сондай-ақ Директорлар кеңесінің мүшелері Ғани Қасымов пен Борис Чердабаев қатысты.

Киноорталықтың Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов  іс-шара қонақтарына арналған сөзінде қазақстандық киноны ілгерілету бүгінгі күні ҰКҚМО қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі екенін айтты:   «Біз алдымызға қойған мақсат – отандық кинопрокаттағы фильмдердің үлесін 30 пайызға дейін арттыру».

Бауыржан Шөкенов

Б.Шөкеновтің айтуынша, биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық фильмдерді насихаттауға және ілгерілетуге бағытталған екі бағдарламаны жоспарлап отыр. Бюджеті 104 млн теңгені құрайтын бірінші бағдарлама кинотеатрларға, ал 92 млн-ды құрайтын екінші бағдарлама  дистрибуция және ілгерілету саласында жұмыс істейтін компанияларға арналады.

«Бүгін алдарыңызда көрсетілген картиналарды қазақстандық көрерменнің назарына жеткізу үшін осы бағдарламаларды қалай тиімді пайдалану керектігін Сіздермен талқылағымыз келеді», - деді Шөкенов залда жиналған киноиндустрия өкілдеріне.

Көрермендер отандық картиналардың тұсаукесеріне жоғары баға берді  – трейлерлердің көрсетілімдері ду қол шапалақпен аяқталды. «КиноПоиск» онлайн кинотеатрының өкілі Алла Чуджаева қазақстандық киноконтент деңгейіне қатысты жалпы пікір білдірді: «Мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мұндай іс-шаралар жергілікті нарықта қандай жаңашылдықтар пайда болғанынан хабардар болу үшін, бірінші кезекте, стриминг платформалары үшін өте маңызды. Бұл нетворкинг, қарым-қатынас құруға, салада не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік беретін керемет алаң. Қазақстан қазір расымен киносы бар ел және біз жергілікті кинонарыққа үлкен құлшыныс білдіреміз».

Кеш жас режиссер Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» дебюттік фильмінің жабық премьерасымен аяқталды. Көрермендер картинаны жылы  қабылдады.

Жұртшылыққа ұсынылған фильм трейлерінің тізімі:

  1. «Алға», реж. Е.Нұрғалиев
  2. «Дос-Мұқасан», реж. А.Сахаман
  3. «Патриоттар уақыты»,  реж. С.Өтепбергенов
  4. «Паралимпиадашы», реж. А.Байракимов
  5. «Адам және Алма», реж. А.Ұзабаев
  6. «Тәтті қыз», реж. М.Балжанов
  7. «1941-жылдың жазы», реж. Б.Шекеров
  8. «Кенже қыз», реж. И.Ардашов
  9. «Ақын», реж. Д.Өмірбаев
  10. «Схема», реж. Ф.Шәріпов
  11. «Өмір», реж. Э.Байғазин
  12. «Хирург», реж. А.Әмірқұлов
  13. «Ауыл»,  реж. С.Апрымов
  14. «Бауырлар», реж. Д.Түлегенов
  15. «Адемоканың оқуы», реж. Ә.Ержанов
  16. «От», реж. А.Қасымбек
  17. «Бесмойнақ», реж. Е.Тұрсынов
  18. «Ақ боз үй», реж. Б.Елубаев
  19. «Тарлан», Ю.Захарова
  20. «Тырна, тырна, тырналар», реж. Д.Манабай
  21. «Мама, мен тірімін», реж. А.Заиров, М.Мамырбеков