Қуыршақ театры – кез келген жаста жан дүниеңіздің ең нәзік иірімдерін сезінуге және балалық шақтың алаңсыз әлеміне сапар шегуге мүмкіндік беретін құпияға толы жұмбақ әлем.
Республикамыздың Алматы қаласындағы тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры өзіндік дара жолын қалыптастырған өнер ордасы. Бүгінде 90 жылға жуық тарихы бар театр елімізде және шет елдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивалдерінде көптеген жүлделі орындарға ие болып, топ жарып жүр. Өнер ошағының репертуарлық саясатының ауқымы кеңейіп, жас бүлдіршіндерден бөлек, ересектер аудиториясына да арналған әлемдік классикалық шығармаларды қуыршақ бейнесінде сахналауда. Көрерменге жол тартқан әр қойылым ыстық ықыласқа бөленіп, кәсіби театр мамандары тарапынан жоғары бағаға ие болып келе жатқаны қуантарлық жайт.
2024 жыл да театр ұжымы үшін жемісті әрі жеңіске толы жыл болды. Жемісті дейтініміз – жыл басынан кішкентай бүлдіршіндер үшін көңілді әрі қызықты Шарль Перроның «Етік киген мысық» (реж.: Болат Момынжанов), жасөспірімдер аудиториясына орайластырылған қазақ спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлт мақтанышы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Чемпион» (реж.: Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек) және ересектерге арналған орыс классигі Н.Гогольдің психологиялық оқиғаға толы, философиясы терең «Шекпен» (реж.: Николаз Сабашвили) қойлымдары театр репертуарын толықтырды.
Өнер ордасы аталмыш жылдың екінші жартысында тұңғыш рет Канада мемлекетінің Оттава қаласында өткен I Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлары фестивалінде ағылшын драматургы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» (реж.: Дина Жұмабаева) шығармасын сахналап, «Гран-При» жүлдесіне ие болды. Бірнеше дүркін әлемдік театр фестивальдерінің жеңімпазы атанған әйгілі махаббат оқиғасын баяндаған қойылым әлемдік аренада қазақ елінің ұлттық қуыршақ өнерінің атағын аспандатты.
Алматылық Қуыршақ театры Отандық қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау әрі халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында жыл сайын әлемнің беделді театр фестивальдеріне қатысуды дәстүрге айналдырған. Соның кезекті көрінісі үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 18-22 күндері аралығында Беларусь Республикасы Гродно қаласында өткен IV Халықаралық «Лялькі над Нёманом» қуыршақ театрлары фестиваліне заманауи бағыттағы, тәрбиелік мәні зор, бүлдіршіндерге арналған «Қаздар мен аққулар» (реж.: Антон Зайцев) ертегісімен қатысып, «Арнайы дипломға» ие болды. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Өзбекстанның үздік қуыршақ театрлары бас қосқан өнер мерекесінде фестиваль қатысушылары мен қонақтары, көрерменнің толассыз құрметіне бөлену – ұжым үшін зор жетістік.
«Лялькі над Нёманом» Халықаралық фестивалі – Белорусь жеріндегі қуыршақ театрлары фестивальдерінің ішіндегі географиялық ауқымы әрі көркемдік деңгейі жағынан жоғары фестивальдердің бірі. Бұл дегеніміз – қуыршақ театры өнерін сүйетін көрерменге заманауи қуыршақ өнерімен жақынырақ танысып, шетелдік өнер ұжымдарының ұлттық құндылықтарын сақтаған мәдениетімен кеңінен тыныстауға берілетін зор мүмкіндік.
Сондай-ақ, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 23-27 қыркүйек аралығында аралығында Гүржістан мемлекеті Батуми қаласында өткізілген II Халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестиваліне Уильям Шекспирдің әйгілі пьесасы сарынымен сахналанған «Макбет. Иллюзия» (реж.: Дина Жұмабаева) қойылымымен қатысып, үздіктер қатысқан өнер додасы соңында «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.
II Халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестивалінде Қазақстаннан тыс Италия, Испания, Бразилия, Франция, Польша, Гүржістан мемлекеттерінің танымал театр ұжымдары бақ сынап, көрермен назарына қойылымдарын ұсынды. Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау. Қазіргі таңда «Батуми» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі Батуми қаласының брендіне айналған мәдени шара. Фестиваль конкурстық бағытта болғандықтан, қойылымдарға шетелдік үздік сарапшылар баға берді. Сонымен қатар, Франция, Италия, Испания және Түркияның жетекші театр мамандарының қатысуымен «Артистік шеберлік» және «Қуыршақ жүргізу» бағыттары бойынша қызықты әрі танымдық шеберлік сағаттар өткізілді.
Жүздеген өтінімдер арасынан аталмыш фестивальге сарапталып қатысқан «Макбет. Иллюзия» қойылымы осыған дейін бірқатар беделді додаларға қатысып, жемісті жеңістерге жеткен тұғын. Атап айтқанда, аталмыш қойылым V Халықаралық «BALAUSA» эксперименталды спектакльдер фестивалінде – «Гран-при» және «Үздік сценография» (Қазақстан, Ақтөбе), ал XIV Халықаралық түркітілдес елдердің «Мың тыныс – бір дауыс» театр фестивалінде – «Арнайы диплом» (Түркия, Конья) және IV Халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестивалінде – «Яков Куклинский атындағы арнайы сыйақы» (Қазақстан, Көкшетау) иегері атанды.
Жүлделі атанған Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2024 жылдың 28 қыркүйек – 2 қазан күндері аралығында Гүржістанның Батуми, Кутаиси, Ахалцихе, Боржоми, Тбилиси қалаларында гастрольдік іс-сапар өткізіп, қазақ қуыршақ өнерін дәріптеуде.
Қуантарлық жайттың бірі – Қуыршақ театры қазан айының 10-ы күні өзінің мерейлі 89-шы маусымының шымылдығын түреді. Өнер ордасы қала тұрғындары мен қонақтарына қуыршақтардың барлық түрлері өнер көрсететін «Жұлдызды қуыршақ» концерт-спектаклінің премьерасын көрермен назарына ұсынып, салтанатты кеш өткізбек.
Театр ұжымы қадірлі өнер сүйер жанды, қуыршақ театры өнеріне деген сүйіспеншілігі зор, талғамы жоғары көрерменді жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әдемі күйге бөлеу үшін жаңа маусым қойылымдары мен премьераларды бірге тамашалауға шақырады!
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ