Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген режиссер Сәбит Құрманбековтың "Оралман" фильмі Тегеран қаласына (Иран) 35-рет өткен "Фаджр" Халықаралық кинофестивалінде "Шығыс панорамасы" конкурстық бағдарламасының жеңімпазы атанды. "Азияның үздік фильмі" атағына 12 елден келген 15 ұзынметрлі фильм таласқан.
"Оралман" фильмі өткен ғасырдың 30-жылдары "қызылдардан" қашып, Ауғанстанға жер аударған қазақ отбасының оқиғасын баяндайды. Туған жерге оралуға мүмкіндік алған сәтте қария кейіпкердің ауған жігітіне тұрмысқа шыққан қызы сол жақта қалуға мәжбүр болады. Соғыс уақытында фильм кейіпкерлері Ауғанстаннан Қазақстанға дейін сапар шегеді.
Сонымен қатар, фильмде жергілікті тұрғындардың оралмандарға қатысты көзқарастары туралы мәселе көрсетілген. Фильм Қазақстанда көрсетілімге әлі шыққан жоқ.
Басты рольдерде: Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім сегізбаев, Шынар Асқарова.
"Қазақфильм" киностудиясының ақпараттық қызметінің хабарлауынша, Ирандағы халықаралық кинофестивальге осыған дейін Серік Апрымовтың "Қиян" фильмі, Ардақ Әмірқұловтың "Қош бол, Гүлсары" фильмі (арнайы жүлде, 2010), Дәрежан Өмірбаевтың "Студент" фильмі, Ақан Сатаевтың "Жаужүрек мың бала" фильмі (жүлде, 2013), Эмир Байғазиннің "Асланның сабақтары" фильмі (қазылар алқасының арнайы жүлдесі, 2014), Ермек Тұрсыновтың "Шал" фильмі (техникалық және көркемдік жетістік үшін, 2014) қатысқан.
Ал, былтырғы өткен "Фаджр" кинофестивалінде Ерлан Нұрмағамбетовтың "Жаңғақ тал" фильмі де "Азияның үздік фильмі" жүлдесін иеленген болатын.