Мақала / #студентСөзі
Пандемия тұсындағы Сәкен театры
Бұл мәселе тек пандемия кезінде орын алған жоқ. Жылдар бойы айтылып келе жатыр, жазылып келу де
Бөлім: Театр
Датасы: 30.01.2021
Авторы: Таңірберген Ембергенов
Мақала
Пандемия тұсындағы Сәкен театры
Бұл мәселе тек пандемия кезінде орын алған жоқ. Жылдар бойы айтылып келе жатыр, жазылып келу де
Бөлім: Театр
Датасы: 30.01.2021
Авторы: Таңірберген Ембергенов
Пандемия тұсындағы Сәкен театры

Ұрпақ көрер жақұтты, жеткізер адам бақытты деп басталатын бұл жұмыстың негізгі идеясы мен айтатын ойы театр өнері мен мәдениеті жайлы болмақ. Қазіргі таңдағы хал-ахуалға байланыстырып, бүгінгі күннің көзімен, бес минутсыз кәсіби маманның сөзімен білдіретін ұшы терең болмаса да, мысы басым түйінді түймелеп, қадалған қазықтай ойып тұрып орын алар мәселенің шеменін шертіп, шерін тарқатсам деген ой. Театр – күллі адамзаттың бетперде арқылы бейнесін көрсететін аумақты орда. Бүгінгі әлемге төнген алпауыт қасірет театр өнеріне өз кесірін тигізді ме? Театр актерлерінен бөлек, режиссураға зардабы келді ме? Мемлекеттік маңызы бар өнер ошақтарының жұмысы белгілі, тыста қалған облыстық өнер шаңырақтарының жай-күйі не болып жатыр? Осы сұрақтар аясында ой өрбітетін боламыз!

Карантин. Санитарлық талап. Шектеулі орын. Бетперде. Бұл еліміздегі қазіргі болып жатқан жағдай. Бетпердесіз жүру түгілі, далаға шығуға болмайды. Осы бетперде арқылы адамдардың аласын да, қарасын да ажырату қиынға соқты. Бейнелі бетперділер белең алған заманда, белуардан баз кешкен жандардың айқайын ешкім ести алар емес деген ой тағы келеді. Жарты жылдан аса халықтың ығырын шығарған карантиндік талаптардың күші бәсеңдегенімен, толықтай тоқтатылмады. Әлеуметтік желі мен ғаламтор жүйесі дамыған заманда «онлайн формат» деген ұғым пайда болды. Түрлі платформалар іске қосылып, ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, өнер және тағы да басқа көптеген салалар қашықтықтан жұмыс жасауға дағдыланыпта үлгерген болатын. Жұмысымыздың әлқиссасы «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғабит Мүсірепов атамыз теңеу жасаған «театр» жайында болатыны жоғарыда атап өтілген. Сегіз айға созылған карантиннен кейінгі қазақ театр өнерінің хал-ақуалы қалай болып жатыр деген сұрақтың төңірегінде жауап іздейтін боламыз.

Саралы сахнаның сүйікті көрермендері мен жанашырлары төтенше жағдай кезінде мөлдір өнерге көгілдір экран арқылы қарауға мәжбүр болғаны барлығына аян. Әрине, әсер партерден немесе балконнан қарағандай ерекше болмайды. Тек бір ракурстан түсірген камераның сапасы да көңілге онша қатты қона қоймайды. Амал нешік, театр сүйер қауым оған мойынсұнуға мәжбүр болды. Көптен күткен театрлардың жаңа маусымдағы шымылдықтары түрілгелі үш айдан астам уақыт өтті. Қазан айының басынан бастап жарыса көрермендерімен қауышқан өнер ордалары бірнеше пьесаларды сахналады. Әсіресе, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай қойылған спектакльдер легі әрбір театрлардың көркемдік қоржынын көбейтті десек артық айтпаймыз. Бір режиссердің өзі бірнеше театрға бір тақырыпты қою сынды жайттарда кездесіп жатты. Отыз екі апталық үзілістен кейінгі кейбір режиссерлердің өздігінен ізденгенін байқаймыз. Ал, актерлер қауымы сахнадан жатырқап қалғанын театрлық маусымның ашылғанынан аңғарғанымыз өтірік емес.

Қойылымның сапасы қоюшыға байланысты екенін бәрімізде білеміз. Драматург өмірге алып келген шығармамен ауырып, соның ара-жігін анықтап, талдап, талқылап және өзінің жан-дүниесімен байланыстырса режиссердің еңбегі еш кетпейтіні белгілі. Ал егерде, туындыға селсоқ қарап, текке қоямында кетемін ғой дейтін қоюшылар көрермен түгілі актерлардың обалына қалады десем артық айтпағаным. Онымен қоймай дәл сондай режиссерлер ұлы адамдарға арналған портреттік тарихи-драмаларды сахналауға кірісетінін айтпай кету мүмкін емес. Іс-әрекетінен гөрі сөз әрекетіне назарын салады. Сөзді көрермен оқыпта ала алады. Театрға адамдар қойылым көреміз деп келетінін естен шығармау керек. Театр – тірі өнер, тірі ағза. Сол салада тыраштанатын талантты тағылым иелерінің кешкен күйі, еткен еңбегі бәрі көрермен үшін таңсық. Режиссер деген ұғым әрекетті ұсынушы адам дегенді білдіретінін бірі білсе, бірі білмей жатады. Ал, сол әрекетке әрлі нәр бере алатын актерлер аз. Саусақпен санарлық болмаса да, көзбен шолып шығатындай ғана.

Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 89-маусымын Т. Ибрагимов пен М. Әбілдің «Жас Абай» спектаклімен ашты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Н. Жұманиязовтың жетекшілігімен сахналанған қойылымның премьерасы төтенше жағдай жарияланбай тұрып өткен болатын. Дана хәкімнің жасөспірім кезінен сыр шертетін туындының туы биік болғанымен, көрерменді баурап алар буы жетіңкіремеді. Театр сыншысы Анар Еркебайдың: Н.Жұманиязов шығарманы сахналауда дәстүрлі жолды ұстанғандығынан қойылымда аса жаңа режиссерлік ізденістер байқалмады. Трагедияның ең тартысты көрінісі – Қодар мен Қамқаның тағдыры шешілетін сахна мүлде ашылмағандай әсер қалдырды. Бұл қойылымның шарықтау шегіне апарар маңызды баспалдақ болғандықтан осы оқиға әркетіне басты мән берген дұрыс еді. Орындаушылардың сахнаны айнала отырып, билік айтатын тұстарда жаттанды сөздерді айтып шығумен ғана шектелді. Шығарманың бір сарында өтуі, актерлердің сахнаға шығып, өз кезегі келгенде ғана сөйлеп, қалған уақытта оқиға әрекетіне мүлдем араласпауынан режиссердің оларға роль сомдаудағы нақты мақсаттарын түсіндірмегендей әсер қалдырды» [1] деген сөздерінен нәтиженің төмендігі аңғарылады. Рас, көзбен көрген әрбір актерлік өнерге сусындамаса да, тек Абайдың жас кезінде не іс атқарғанын байқайды. Әлімсақтан әбігер көрген өредей өскелең жастың өмірін тек таптаурынды шешіммен ұсынған режиссердің ұжымға ұтымды, ұшқыр қиялымен сіңбегені тағы көрінеді.

«Ғұлама Ғұмыр» спектаклі бұл театрдағы осы маусымдағы алғашқы премьералардың бірі. Қоюшы-режиссері Қуандық Қасымов. Суретшісі - Қалтөре Жұмақұлов. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай қойылған тарихи-драманың авторы - Жолтай Әлмашұлы. Ілім мен білімді ғылыммен ұштастырған ұлы ғұлама жайлы қойылымның негізгі айтар ойы - дін мен философия. Әбунасырдың жас кезінен бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін суреттелетін қойылымның декорациясын суретші шығыстық архитектура арқылы шешкен. Шымылдық ашылмайды. Көрермен кірген бойда кулисаларға салынған күмбезді ғимараттар мен авансценадағы кітаптарды көреді. Ортада жерді бейнелейтін шар ілініп тұр. Сахнаға Әбу шығып авансценаның оң жақ бұрышындағы шамды жағады. Шамды қарап отырып, ішінен қазір жын шығып «ләппай, тақсыр» деп айтатын шығар деген ойға келесін. Неге десеңіз, сол замандағы шыныдан жасалған май шаммен емес, «Алладин» ертегісіндегі алтын шам немесе махабаттың сиқырлы шамы арқылы ежелгі Бағдад қаласын көрсеткісі келдіма екен, кім білсін?! Сол шамның жанғанын білдіретін жарық спектакль басталғаннан соңына дейін өшпейді. Режиссер, бәлкім, әл-Фарабидің ғұмыры мен өмірі сол шам секілді жарық болды деген ойды алға тартқан шығар. Ілініп тұрған шар ғұлама бабамыздың әлемге аты әйгілі екенін аңғартады. Спектакль негізінен Әбу Насыр әл-Фараби мен Сейф-Манаптың арасындағы психологиялық тартысқа құрылған.

Актер Наурызбай Есейдің сомдауындағы Әбу бейнесі өте қарапайым, жуас және биязы мінезді адам. Оқуға құмартып, біліммен сусындауға машықтанған тұлғаны көрсетуге тырысқан жас актер, ұлы ғұламаны зерттеуге көп күш түсірмегенін көпшілік бірден байқады. Режиссердің қойған мизасценасын шатастырып алмайын деген оймен жаттанды сөздерін халыққа паш еткені болмаса, керемет бір актерлік ойынды көре алмағанымыз жанды қынжылтады. Тек дауыс резонаторларының арқасында бір сарында сөйлеп, өте сабырлы кемеңгерді классикалық тұрғыда ұсынды. Бәлкім аты әлемге танымал екінші ұстаздың еті тірі, пысық болуы мүмкін шығар. Сол себептенде аты мен хаты өлмей бізге жеткен шығар деген ой туады. Не десекте, еңбек бар. Оны жоққа шығара алмаймыз.

Ауыз толтырып айтарлық режиссерлік өнері жоқ спектакль тарихи сананы жаңғыртатын мәтіндерден құралғаны көрініп-ақ тұр. Драматургиялық құрылымнан тыста қалған пьесаны сахналау өте қате деп ойлаймыз.

Карантиннен кейінгі жаңа маусымда Б. Киекбаевтың режиссурасымен жаңа бір спектакль театрдың қоржынын еселете түсті. Д. Исабековтың «Алтын тордағы тоты» пьесасының негізінде қойылған «Актриса» драмасы көрерменге ұсынылған болатын. Сахна өнеріне ғұмырын сарп еткен өнер иесінің тағдырын бейнелейтін қойылымның астары тереңде жатыр. Жүрегі тек театр деп соққан халық артистінің сан қилы жағдайлары көпшіліктің жанын күрсіндіріп, тәнін түршіктірді. Актрисаның бейнесін Әйгерім Қалдыбекова мен Саягүл Ташимбекова сынды жас буын өкілдері сомдады.

Әйгерімнің актрисасы бойындағы қуатын оңайлықпен жұмсай бермейтін тік тұлға. Сөйлеген сөзі нық әрі сенімді. Пьеса барысында берілетін әлемдік жауһар классика шығармаларының әйел бейнелерінен үзінді жасалатынын бәріміз білеміз. Әр бейнені әртүрлі қылып сомдау керектігін айтылған пьеса мәтінінен бірден аңғаруға болатынын түсінген көзқарақты көрермен қауым сахнадағы актрисаға телміре қарайды. Тырысып-бағып жатқан еңбегі ақтала ма екен деген тесіле қараған көздерден үріккен өнер иесінің сасқалақтап қалған сәттерінде аңғарып қалдық. Әсіресе бұл жағдай екінші құрамдағы С. Ташимбекованың ойынынан қатты байқалады. Қойылымның басынан аяғына дейін бірнеше рет өлім аузынан қалып, депрессияға түсіп, қуанып әрі шаттанатын ым-ишарат пен ритмикалық атмосфераға толы қойылымының «әп, бәрекелдісінен», «әттең-айы» көп екені рас. Театрдың асханасында жүрген әрбір қызметкер сахна сыртындағы әрі дайындық кезіндегі әріптестерінің озбырлықтарынан шаршайтыны анық. Сондай сәтті режиссер ұтымды әдіспен көрсеткісі келген. Жоғарыда атап өтілген таяқшалармен актрисаның жотасын түрткілеуі арқылы әртіс қауымының арагідік қатынастарының қандай екенін аңғартады. Күнделікті өмірдегі талантты әрі адал жандардың көп теперіш көретінін жанымен сезіну үшін актрисаға көптеп тер төгіп, жұмыс істеуі керек еді. Түрлі аяқтан шалулар мен өсек-аяң және тағы басқа жағдайларды режиссерлік тараптан көреміз деген ой болып еді. Амал нешік...

Режиссер жұмысында «дәстүрлі» шешімдерді көп байқай бермейміз. Ерлендердің қолына шпага сынды ұзын таяқша ұстатуы арқылы актрисаның өміріне қосып жатқан үлесі бар екендерін аңғартты. Сол таяқшалар арқылы бірде қанат бітіріп, бірде оңдырмай төбеден құлатып өнер адамының тағдыры оңай болмайтынын ескерткендей болды. Сонымен қатар цирк элементтерінде қосқан. Актрисаны қорапқа салып, оны екіге бөлуі әлемдік театр тарихында аса бір жайтарлықтай жаңалық емес. Шетелдік қуыршақ театрларының күнделікті фишкасына айналған ойнақы элементтер біздің елге таңсық болып көрінетіні рас.

Өмірдегі бақталастық пен қызғаныштың кез келген салада болатыны анық. Тасы өрге домалаған адамның дұшпаны көбейе түседі, түрлі кедергіге тап болады. Осы шешімді режиссер әртістердің бойына шебер шақтап берген.

Тағы бір ескеретін дүние, еркектердің ұсақталып бара жатқандығы. Былай қарасаң төртеуі де батыр, ал шынайы бет бейнесі Актрисаның жанын жаралау үстінде ашыла түседі. Өмірде осындай адамдардың бар екенін сезесіз, оларға қарсы жек көру сезіміңіз оянады.

Сахна жарығы мен әртістердің киім киісі, жүріс-тұрысы арқылы автор мен режиссердің айтқысы келгенін ұққандай болдық. Олай дейтініміз, туынды миға салмақ салып, түрлі болжамға жетеледі. Режиссер осындай таңсық тәсілді пайдаланған және ол сәтті шықты.

Сахна – құдіретті орын. Оны мен де, сіз де, басқа да жақсы біледі. Сол киелі мекенді тек шеберлер ғана бағындыру керек. Бойында таланты болмай және тер төгіп еңбек етпеген өнер иесі немесе иелері қанша жерден «даңдайсынып» кетсе, ол тек намыстың жоқтығын аңғартады. Әнші бол, актер бол, биші я болмаса күйші бол, өз салаңның барлық қырларын жетік меңгеруге тиістісің.

«Мен мықтымын» деп жаһанға жаңғыртып жеткізетін «сахна саңлақтарының» дауысы, көрермен залының соңғы қатарына жетпей жатады. Үлкен зал болса жөн екен, театрдың кіші залының өзінде әупірімдеп отырып әрең естисің. Дауыс резонаторларын дұрыс қолданбағандықтан және үш регистрдің басын қоса алмағандықтан көп актерлерде сондай жағдайлар орын алатыны да рас. Ол жерде режиссерлердіңде кінәсі бар. Роль сомдаушылармен жұмыс жасау олардың тікелей жұмысы. Қазіргі таңда көптеген режиссерлер (әсіресе сырттан шақыратын) бейне жасауда актерлерге көмектеспейтін көрінеді. Келеді! Қояды! Кетеді! Ары кетсе 25-30 күн. Бастысы кішкене болсын еңбек бар. Бірақ, піспеген, шикі еңбек. Қарап отырып қарның ашады.

Бір жас актер: «біз сыншылар үшін емес, көрермен үшін ойнаймыз», – деп айтқанын құлақ естіп қалды. Біле білсеңіз, көрермен артисттен басы бүтін толық дүние күтеді. Актерлік шеберлігі ерекше, режиссурасы өзгеше спектакль болса, сыншылар оң көзбен қарайтыны сөзсіз. Сол себептен өнер деген өресі биік салада тек жақсы дүниелер болса дейміз. Көкіректі ұмытып, көрікті дүниені өмірге алып келген өнер адамы ғана есімін жандандырады. Қысқаша айтқанда, облыстық театрдың халі осындай. Залдың соңында отырып алып сахнаға көз тастайсың, ой түйесің және не жетіспейді деп кішігірім миыңды іске қосасын. Ұжым бар, ұжымдық өнер жоқ. Ойын бар, ойнату жоқ. Еңбек бар, нәтиже жоқ. Режиссура туралы мүлде айтпая қояйын. Ансамбльдік жұмыстың әңгімесі бір бөлек.

Бұл мәселе тек пандемия кезінде орын алған жоқ. Жылдар бойы айтылып келе жатыр, жазылып келе жатыр. Жаңа ғасырда жаңаша көзқараспен режиссерлік және актерлік өнерге, өз жұмыстарына жай нан тауып отырған жұмыс ретінде ғана қарамай, үлкен «Өнердің» жүгін арқалап жүргендерін сезіну керек деген ой тағы туады. Ой құрғыр ең жүйрік құбылыс қой. Сол ойлағанды ойнаушылар түсінсе екен...

Қолданылған материалдар:

  1. Еркебай Анар. Қарағанды сахнасында жаңғырған «Жас Абай». 2020