Мақала / #студентСөзі
Тыста қалған «Тас түлек»
Оқушылар мен студенттер арасында жүріп, коммунистік елдің саяси жағдайын зерттеп, ақ-қарасын ажыратып 1935 жылы «Тас түлек» пьесасын жазып шығарады. Жаңа социалистік қажетін өтеу мақсатында, заман ағымымен жарық көрген бұл шығарма сол жылдың қараша айында М.Насоновтың режиссурасымен Қазақ драма театрында қойылды
Бөлім: Театр
Датасы: 25.11.2017
Авторы: Таңірберген Ембергенов
Мақала
Тыста қалған «Тас түлек»
Оқушылар мен студенттер арасында жүріп, коммунистік елдің саяси жағдайын зерттеп, ақ-қарасын ажыратып 1935 жылы «Тас түлек» пьесасын жазып шығарады. Жаңа социалистік қажетін өтеу мақсатында, заман ағымымен жарық көрген бұл шығарма сол жылдың қараша айында М.Насоновтың режиссурасымен Қазақ драма театрында қойылды
Бөлім: Театр
Датасы: 25.11.2017
Авторы: Таңірберген Ембергенов
Тыста қалған «Тас түлек»

Қазақ халқы талай дүрбелеңді басынан өткізді. Соның бірі В. И. Ленин бастаған «Қазан төңкересінен» кейінгі Кеңес үкіметінің құрылуы, оның ішінде жер-су реформалары, қазақ байларын тәркілеу туралы декреттерінің қабылдануы қазақ қоғамына үлкен өзгерістер мен қатар қасіретті алып келді. Кедей мен байлар тең өмір сүру керек деген жарлық біреуге жағымды жаңалық болса, ал кейбір азаматтардың наразылығын тудырып жатты. Қазақ байлары мен ахуалды шаруалар шығарылған үкіммен келіспей, шекара асып көрші мемлекеттерге бас сауғалауға мәжбүр болды, ал елде қалғандары жанын жегідей жеп орыстар шығарған үкімге көніп, мойын ұсынуға амалдары қалмады. Бастапқыда мерейлері өскен, қуанғандарынан екі езулері екі құлақтарына жетіп, бір марқайып қалған қызыл сирақ кедейлер көп ұзамай бұл саясаттан ештеңе ұтпағандарын түсінді. Дегенмен де, кеңес үкіметінің қалаларда жоғары оқу орындарын ашып, сауатсыздықты жою мен мәдени революциясы науқаны сынды саяси ағарту жұмыстарын жоққа шығара алмаймыз.

ХХ ғасырдың басында халқымыздың басынан өткен осындай тарихи деректерге сүйенген М. Әуезов елдің тыныс-тіршілігін, жастардың ой-өрісін, қарттардың ішкі мұңын сипаттай отырып түрлі шығармалар мен пьесаларын және де қазақ классика өнеріне жаңаша леп алып келген туындыларын қағаз бетіне түсірген. Сол кездегі қазақ халқының хал-ақуалын, бейнеті мен зейнетін, адалдығы мен арамдығын анық сипаттап, жұрт құндылығын, мәдени мұрасын қазіргі қазақ қоғамына үлгі қылып қалдырып отыр. Автор өз шығармаларында қазақтың қарапайым адамдарының ақылын, өмірге деген көзқарастары қалай оянғанын, сана-сезімдері мен құлшыныстары қалай өсіп жетілгенін, өскелең жас ұрпақтардың өмірге бейімделуі мен орнығуын, ауыл өмірінің шын иесі осылар екенін замана талабымен суреттеген.

М. Әуезов 1930 жылы идеялық көзқарасы үшін тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып 1932 жылы шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырылады. Дегенмен, араға айлар салып босап шығып, Қазақ педагогика институтының аға оқытушысы қызметін атқара бастайды. Оқушылар мен студенттер арасында жүріп, коммунистік елдің саяси жағдайын зерттеп, ақ-қарасын ажыратып 1935 жылы «Тас түлек» пьесасын жазып шығарады. Жаңа социалистік қажетін өтеу мақсатында, заман ағымымен жарық көрген бұл шығарма сол жылдың қараша айында М.Насоновтың режиссурасымен Қазақ драма театрында қойылды. Театртанушы Л.Богатенкова: «Спектакльде өмірдің көптеген жаңалығын қозғаған театр да, драматург те, кейбір көркемдік кемшіліктерден құтыла алмады. Насонов қойған бұл спектакльдің композициясы босаң, драмалық тартысы бәсең болып шықты. Алайда басты рольдерді атқарған Қ.Бадыров (Қамбар), Ш.Айманов (Бөлтірік) және Ж.Өгізбаев (Сапар) барша ықылас-ынталарымен көзге түсті және олардың өзі де, өмірлері де пьеса қаһармандарының өміріне соншама ұқсас еді. Спектакльді көтеріп тұрған оның тек лирикалық сарыны болды» – деген қойылым туралы сөздерінен оның неліктен репертуарда ұзақ тұрақтамағанын түсінуге болады (305 бетте. Қазақ театрының тарихы. 1 том). неге екені белгісіз сахна әлемінен тыс қалды. Ауыз толтырып айтарлықтай сын да, оймақтай етіп жазылған пікір де жоқтың қасы. Осыдан кейін бұл шығарма сахна төрін көрмеді. Айтар ойдың ұшын жеткізе білген қоғам қайраткерінің еңбегі, режиссерлердің көңілінен шықпаған болуы керек. Дегенмен де, қызыл тілмен көркемделіп жазылған туындының әңгімесі қысыр, сөзі бос емес деп есептейміз. Жазылу мақсаты нақты ашылған, өзекті тақырып қозғағанымен де, бірінші қойылымынан кейін пьеса тек кітап беттерінен ғана табылып жүр. Белгілі театртанушы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаев «М. Әуезовтің бұрынғы шығармаларындағы тарихи шындықты көркемдік шындықпен ұластыратын тәсілден тайқып, тақырып еркіндігінен айырылған жазушы бос насихат, жалған тартысқа құрылған, өзін кеңестік жазушы ретінде танытуға ұмтылған «Октябрь үшін», «Тас түлек», «Алма бағында», «Асыл нәсілдер», «Алуа» пьесаларының бәрі де бұрынғы дүниелерімен салыстыруға келмейтін, идеологиялық қысымнан құтылу үшін жазылған ортаң қол шығармалар еді» – деген пікірі де пьесаның сахналық ғұмырының қысқалығын дәлелдеп тұр. (243 бетте. Құндақбаев Б. Мұхтар Әуезов және театр. Алматы: Ғылым, 1997. 248 б.)

«Тас түлек» пьесасындағы оқиға байдың үйінен бастау алады. Кеңес үкіметі құрылған кезде қазақ жерінде байлардың мүлкін тәркілеу саясаты яғни конфискелеу жүріп жатқан болатын. Сол конфискациялауға ілінген Қондыбай есімді ауыл байы түп-тамыры, өрен-жаранымен қолға түседі. Қондыбай – дүниеқоңыз, сараң, ішкенін ішінде, жегенін желкесінде ұстайтын арам надан адам. Кедей батырақтары мен жастар жағы өзара жиналыс жасап, байдың сөзін сөйлеуші азаматтарды шеңберден шектете бастағанынан Қондыбайдың қол астындағы кедей батырақтарға өте қатты қатал болғанын аңғартады. Бай кетісімен ауыл азаматтары мен жастары бас қосып өзара жиналыс жасап, шағын мәжіліс құрып, комсомол туралы әңгіме етеді. Қаладан келген Омар атты комсомол жігіт, жас болса да бас болып барлық батырақтарды тәртіпке шақырып, кедей бұқараға тегіс ұйымдасу қажеттігін айтады. Шығарманың экспозициясы осы жерде туады. Ауыл жастары телміріп, шемен мен шерін ақтарып жатқанда жаңа үкіметтің өкілі 35 жасар Нұғыман барлық азаматты қалаға оқуға шақырады. Бұған бірі келіссе, бірі ат тонын ала қашады. Ол заманда училище бөлімдерінде оқу жаңадан қалыптасып келе жатқанды. Оқу басталмай жатып барлық ауыл жастары жаңадан іске қосылған зауыт, фабрика сынды өнеркәсіп ошақтарында бүтін бір бригада болып, қызуқанды жұмыс атқарған. Сол бір топтың ішінде Бөлтірік, Мес, Қамбар, Шәкен секілді жалынды жастар мен Арпабай мен Есбике сынды жасы келген азаматтар және тағы басқа ауыл тұрғындары бар. Жұмысты тәмәмдаған соң, қалаға келіп училище жатақханасына табан тіреген ауылдастар әртүрлі мамандық бөлімдеріне түседі. Топтың алдыңғы қатарында жүрген 19 жасар Бөлтірік байдың пішеншісі болған бозбала. Әзілқой, осы туындыдағы басты кейіпкерлердің бірі және бірегейі. Алдына қойылған талапты орындамай қоймайтын,мақсатына жетпей тынбайтын бірбеткей жігіт. Әзілдегенді жаны сүйетін бозбала Арпабай, Есбикелермен қалжындап ойнамақшы блып байдың үйінде шапанын жауып төсекке теріс қарап жата қалады. Егде жасқа келіп қалған екі кісі үйге кірген беті сол еді, Бөлтірік Қондыбайдың дауысына гүрілдеп сала беріп еді, иланған екеуі бай келіп қапты деп, үрейлене, сасқандарынан естерінен танып қалады. Сол секілді пьеса барысында көптеген қызыққа толы оқиғаларын кездестіруге болады. Конфескелеу барысында Қондыбай байдың қызы Шәкенді де қол аяғын байлап өзімен алып кеткен болатын. Бірақ бойжеткен қыз әкесіне ермей, одан құтылып кетіп, ауыл жастарының маңына келіп қосылады. Бай қызы мен батырақтың сорпасы қосылмаса қайтеміз деп дағдарып қалған бұқараға қыз колхоз жұмысын істеймін, мені кеңес тәрбиелесін деп қатарға қосылады. Шәкенді ерлі-зайыпты Арпабай мен Есбике туған қызындай бауырына басады. Қамбар деген ұлдары, Кәмаш деген қыздары бар. Қоғамда, яғни сол өздерінің ортасында белгілі бір таңба қалдырған. Қарты бар үйдің қазынасы бар демекші бір отбасыдай ұйыған, бірлігі жарасқан алаш жастарының әкесі де, анасы да осы кісілер еді. Ата-ананың үміт-арманы балаларының тілеуін тілеп, қиын-қыстау сәттерде жандарынан табылу, қабақтарын қырау шалса да, қабырғаларын қайыстырмай, айрандай ұйыған жастардың қаймағы бұзылмауын қадағалауы үлкен игі іс еді. Оқу бітірген соң қайрауы жеткен ересек адамдар совзоз жұмыстарына бекітіледі. Бөлтірік политотдел бастығы лауазымына тағайындалып, Шәкенмен тұрмыс құрады.. Ал кезінде байдың жылқышысы болған, оқуға жаны құмар, училище қабырғасында да үздіктердің қатарынан көрінген Қамбар совхоз директоры болады. Ауылда қой баққан Сөлкебай мен Бөлтіріктің алдыңғы әйелі Топай мал дәрігері және зоотехник мамандығын игереді. Шаруашылық фермадағы малдарда індет пайда болды деген ақпаратты естіген қос бастық жанына мал дәрігері мен зоотехникті және де Арпабай мен Есбикені ертіп, айтылған мекенжайға аттанады. Аталмыш ферма Қамбардың әпке-жездесі Құсбек пен Кәмаштың қожалығы екен. Елу жылда ел жаңа дегендей көптен бері көріспеген қауымның, оның ішінде ана мен бала махаббатын Есбике мен Кәмаштың қауышуымен айқын бейнелеген. Шыққан індетті зерттеуге кіріскен дәрігерлер ешқандай ауру таба алмады. Совхоздарда мал жетіспеуі, ұрылардың пайда болуынан екенін анықтап, ұрыны іздеуге кіріседі. Ұры бойын бұзықтық билеген, көзінде шел қаптаған, жұмыртқадан жүн қырыққан, жүрісі сұйық, Бөлтірік пен Қамбардың бала кездегі досы – Мес болып шығады. Артынан ерткен екі нөкерімен ұрлаған малдарын көршілес Қытай еліне алып өтпек болғанын Арпабай шал естіп біліп қояды да, жанындағыларға ескертеді. Местің сыбайласы ерлі-зайыпты Құсбек пен Кәмаш Арпабай шал келе жатыр дегенді естіген соң қашуға мәжбүр болады. Кульминациялық белгілер пайда болатын осы сахнада қақтығыстар орнайды. Ұрылармен сыбайласып, берен мылтық ұстап совхоз қызметкерлеріне қарсы шыққан Месті әшкерелеуде Шәкеннің рөлі өте зор. Меспен қоса конфескеленген өзінің туған әкесі, айдаудан қашқан Қондыбайды да ұстап береді. Ақырында барлық мал ферма еншісіне қайтарылады. Бір түннің ішінде кімнің – кім екенін білген азаматтардың бәрі бір ауылдың түлеп ұшқан жастары. Расыменде бірге өскен жастар жұптары жазылмай бірге оқыды, бірге жұмыс істеді. Бұл жерде автордың айтқысы келген ойы, қандай жағдай болмасын, не кедергі шықсада, тек төзе білу керек, мойын ұсыну керек берілген жағдайға. Қайраты тола, мерейі аса, көңілі өсе сұрыпталып өскен тас түлектердің ұшқыны мен шоғыры қатар бейімделсе, алар асуы, бағындырар белесі қиын болмас.

Қорыта келгенде, тарих беттеріне сыр шертетін туынды сол заманның ақиқатын ашып көрсетеді. Өмір шындығына тереңдеп барып, оның күрделі жағдайларын суреттеуге бет бұру, сол арқылы қоғамдық дамудың сырына үңілу пьесаның көркемдік мүмкіндігін кеңейтті. Халықтың қараңғылықта қамалып өмір сүргені, білім мен өнерден алыс қалғаны, арамдық пен сараңдық жүйкені тоздырып бара жатқаны сияқты жайттар драматургтың шығармасында жан-жақты көрсете білді. Әр классикалық шығарманың өзіндік ерекшелігі бар. Сол секілді осы туындыда да өзіндік ойы, белгілі бір идеяға бағытталған бағдары бар. Қазіргі қазақ қоғамында осындай жайттар кездеспейді десек өтірік шығар. Бөлтірік пен Қамбар секілді оқыған азаматтар өмірден өз орнын таба білген, салмақты да салиқалы адам болса, ал Мес, Құсбек секілді оқымағандар ақша табудың оңай әдісін, жеңіл жолын ұстанамын деп бас бостандықтарынан айырылып жатады.

Қазақ классикасының хас шебері қандай шығарма жазсада қоғаммен тығыз байланысты. Қоғам қайраткері, жазушы, драматург М. Әуезовтың сахнадан тыс қалған «Тас түлек» пьесасының өзіндік орны, өзіндік ерекшелігі, өз сипаты мен баға жетпес кескіні қалыптасқан.