Мақала / #студентСөзі
«Үміт үзгім келмейді» қойылымы және қоғамдық шындық
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанып жүрген «Үміт үзгім келмейді» спектаклі жайында
Бөлім: Театр
Датасы: 23.04.2017
Авторы: Ерден Кабдрашидов
Мақала
«Үміт үзгім келмейді» қойылымы және қоғамдық шындық
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанып жүрген «Үміт үзгім келмейді» спектаклі жайында
Бөлім: Театр
Датасы: 23.04.2017
Авторы: Ерден Кабдрашидов
«Үміт үзгім келмейді» қойылымы және қоғамдық шындық
фото театр сайтынан алынды

Белгілі түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, жазушы Немат Келімбетовтің пьесасымен сахналанған спектакль. Премьерасы 2008 жылы өткенімен әлі күнге М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры репертуарының құрамында көрермен назарына тұрақты ұсынылып келеді. Жұрттың зор ықыласына бөленген туынды жалпы алғанда он жылдың көлемі болса да өз аудиториясын жоғалтқан емес. Биыл туғанына 80 жыл толатын Н.Келімбетовтің туындысын сахнада тамашалауға жолымыз түсті.

Мейірбек – қарттыққа өз бетінше қарсы шыққан адам. Байлығы жоқ емес, басынан асады. Бірақ, бағалаудың жөн – жапсарын меңгере алмаған. Қарлығаш құсының қанаты бұныкінен бұрын сынғанымен, аңда – саңда самғап елеспен келіп тұрады. Осы тұстарда режиссер жұмысын атап өту қажет. Қараңғылық пен жарық ойынын іске – асыра алғаны қуантады. Мейірбектің жалғыз сәулесі болған Қарлығашы арғы өмірде жүрсе де, Мейірбектің бүгінгі күніне сәулесін шашып тұр. Ақыл, ой тастайды. Жол көрсетеді. Жастығында айырылмас дос болған төрт азамат. Алғы сөзде алдын – ала таныстырды. Кейіннен әрқайсының өз рөлі бар. Сахнадағы орны, сөз кезектері бар. Оқиға өтетін орын ауыстырылған. Пьесада – ауруханада, екі өмірдің ортасындағы көпір іспеттес орында өтсе, спектакльде – оқиға өтетін орын зәулім үйдің ауласы. Бұл байлығын көрсету емес, пайдасының бес тиын екенін аңғарту, көкейге жеткізе алу деп түсіндік. Мейірбек қатарының басын қосып, олардың алдындағы қарызын өтегісі келді. Жаназа шығарар алдында молда халықтан: «Ей, халайық мына марқұм көзі тірісінде қайсыңа қанша қарыздар еді?» -,деп сұрайды. Сол қарызын өтемек болып жинады. Өкінері бар ма? Өмірінде ақшаны кімнен алды? Мейірбек айтады: «Бұл ақша сенікі, менікі, халықтікі, әй, бірақ, адал ақша – ей!» -, дейді. Бұлар өз ғұмырын кешіп бітуге таяу. Енді ойлана бастайды. Мұның бәрі кім үшін? Біреулер айтуы мүмкін – балам үшін, болашақ үшін деп. Сонда ол балалар тірлік қарекетін жасамай ма? Әке – шешенің аузына қарап өте ме? Торғай екеш торғай да балапан күнінде аузын ашып азық күткенімен, өсе келе тіршілігін жасайды ғой. Бұл цикл алмаса береді. Қарттардың ой таласы осы. Енді олар артына қарауға мәжбүр. Дәулетбек, Советбек, Асылхан. Бұлар Мейірбектің достары. Дәулетбек – өнер, әдебиеттанушы, өнерпаз. Ойланары, толғанары да көп. Оның толғанысы (қандай да бір өкпесінің берілу формасы) шырқалған әні, орындалған термесінің жолдары мен әуенінің тұла бойында сыңсып жатыр. Советбек – әскери тәртіптің өкілі. Дегенмен, өзіне тәртіп жүргізуге жол бергеніне өкінері бар. Өмірдің мәні байлықта деп түсінгені үшін күйінеді. Сол жолда байдың қызын алған. Бірақ, өзі айтқандай аяқтан салған тұсауға түскен. Асылхан – құлағының мүкісі бар. Сонымен де, ұтымды образ болып табылады. Оған өмір туралы өзгенің айтқанынан ой түюдің қажеті жоқ. Ол өзі ойланады. Себебі өзгелердің айтқанын естімей қалуы мүмкін.

Бұлардың арманы жастық шақ. Ашық айтпағанымен айтары сол. Себебі не десеңіз, жабылып, керең Асылханды мазақ қылып, дауыстарын шығармай сөйлеп отыр. Аңғал Асылхан болса, аңғармастан дыбыс аппаратын төпештеп тексеріп отыр. Драматургиялық ой салатын сәт. Пьесада болмағанымен, режиссердің тапқырлығы бола білді. Ендігі бір айтарымыз Советбек пен Дәулетбек арасындағы ерегес. Жастықты еске түсірмейді деп айтып көріңіз. Олардың арасына қой – қойлап түсіп жүрген баяғы аңғал Асылхан. Ендігі тілге тиек етеріміз, 35 жастағы жас жігіттің бейнесі. Қыршынынан кеткен. Оның оқиғасы қарттарға ой салды, ойландырды. Бар болғаны 35 ақ жас. Неткен әділетсіздік. Қарттар ол арқылы жастықтың мәнін, өмірдің қадірін тағы бір мәрте сараптады.

Әр түрлі мінезге ие кейіпкерлердің өмірге қатысты тұжырымдары мен пайымдары бөлек. Құндылық деп есептейтіндері де өзгеше. Басты идея ретінде қартайған адамның, бақыт туралы ойларын, өмірдің мәні жайында толғаныстарын алуымызға болады. Астарлы мән деп – жастық пен кәрілік сынды екі ұрпақтың арақатынасын таразыға тартқан зымырап өтіп жатқан уақытты көрдік. Көп жағдайда бәріне төреші уақыт деп жатамыз ғой, соның нақты дәлелі деп осы шығарманы есептеуге болады.

Соңында айтарымыз, айтпасымызға болмайтын жәйт мынау: Қарлығаштың сәулелі бейнесі келіп, төртеуінің шашыраған басын біріктірді. Ақ жолдың, үміттің символы болған матамен әрқайсын біріктіріп, олардың үзілуге шақ қалған үмітін қайта жалғап кетті! Финалға лайықты нүкте ретінде ойлап табылған шешімге көңіліміз толды.

Көрерменге ой салып, өз ішінде шешім шығаруға мүмкіндік беретін қойылымдардың қатарында алда келе жатқан бұл пьесаның ғұмыры ұзақ болды. Дегенмен, ескінің құрсауынан босап шығып, жаңа кезеңге өту артық болмас еді. Бұл ойымыздың жоғарыда айтылған жас пен кәрінің арақатынасына қатысы жоқ.


«Үміт үзгім келмейді»

Авторы – Н. Келімбетов

Жанр – драма

Қоюшы режиссерлер – Есмұхан Обаев, ҚР халық әртісі

Төлеубек Аралбай, ҚР еңбек сіңірген әртісі

Қоюшы суретші – Есенкелді Тұяқов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Музыкамен көркемдеуші – Е.Қуантқанов