Мақала / #студентСөзі
Бала ғашық Қожа бейнесі
Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» қойылымына көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 24.04.2017
Авторы: Жансая Зейнелғабетова
Мақала
Бала ғашық Қожа бейнесі
Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» қойылымына көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 24.04.2017
Авторы: Жансая Зейнелғабетова
Бала ғашық Қожа бейнесі

Көрермендердің көзайымына айналып кеткен Қара көженің сан-түрлі қызықтар мен шым-шытырыққа толы балалық шағының оқиғасы әлі күнге дейін ешкімді жалықтырмай, өзіне еліктіріп келеді. Иә, себебі ол мәңгілік тақырып. Ондағы суреттелетін балалық, пәк махаббат мәңгілік тақырып болып қала беретіндігі бәрімізге мәлім. Экранда «Менің атым Қожа» фильмінен бұзық Қожабергеннің өмірін тамашалаған болсақ, Астана Жастар театрының қоюымен «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» атты спектакльден оның сахналанған түрін тамашалуға болады. Алайда мұнда бұзықтық жасап, ұрынып жүретін Қожа бейнесі емес, сыныбындағы ең әдемі, ақылды, дарынды Жанар атты қызға ғашық болған бала бейнесі көбірек баяндалған. Бұл өзімізге белгілі Қара көженің екінші, нәзік жанды нұсқасы десек те болады. Б.Соқпақбаевтің повесть желісі бойынша қойылған бұл спектакль залдағы көрермендерді бірде ду күлдіріп, бірде мұңайтып, ойландырып, бірде сезімге берілдіріп әкететін ерекше, нәзік спектакльдердің бірі.

Спектакльдің қоюшы режиссері Нұрқанат Жақыпбай барынша ерекше реквизиттерді қолдануға тырысқан. Декорациясы да көркемділікті арттыра түседі. Кішкентай үйшіктер, кішірейтілген мектеп, парталар, шимай-шатпақ тақтай және т.б қолданылған заттар сахнаны көркемдендіре түсіп, ауыл тұрмысының, мектеп оқушыларының өмірін көрсете білді. Бірінші көріністі екінші көрініске актерлар хор болып өлең айтулары арқылы жалғастырып кете береді. Сондықтан да көріністердің ауысуын көрермен байқамай да қалады. Әрқайсысы қолына бір-бір аспапты алып, жігіттер қоңыр дауыстарымен, қыздар сыңғырлаған нәзік дауыстарымен ән айтқан сәтте қойылым одан сайын әсерлі бола түскен. Бұл спектакльдің тағы бір ерекше тұсының бірі. Дауыс үйлесімділігі мен қимыл үйлесімділігін сақтай білу әрине оңай емес. Сахнадағы сол үйлесімділік бір жарым сағат бойы залдағы көрерменді ұстап отыра алады. Жанарға шын ғашық болған, бірақ өзінің дөрекі мінезінің, бұзықтығының кесірінен үнемі ұрсысып қалып, сезімін білдіруге батылы жетпеген Қожаның рөлін сомдаған екі актер де (Д.Серғазин. М.Амангелдин) сол бала бейнесін аша білген. Бірде оқиғаны баяндап отыратын ересек Қожаның рөлін сомдап, бірде қымыз сатушы айлакер баланың рөліне кіріп кететін Дәурен Серғазиннің актерлық шеберлігі расында да жоғарғы дейгейде. Тіпті үнемі Қожаны аңдып жүретін сүйкімсіз, қу Жантасты ойнаған (Ж.Батай) актер де сол кейіпкердің ерсі мінезін өзінің қимыл-қозғалысымен, сызылып шыққан дауыс үнімен көрсете білді. Міне, осы секілді актерлардың шынайы ойыны арқылы сахнада орын алған мектептегі сөзге келісіп қалу, сабақ айту сияқты қызықты көріністер балалық шақтың атмосферасын ашып тұр. Ал, Қожаға темекі шегуді бірінші болып үйреткен сөзге шебер, дөрекілеу, күлкілі мінезді Сұлтанның( Н.Төлеген) қатысуымен өткен көрініс көрерменнің көбірек есінде қалған, ду күлдірткен көрініс болып табылады. Спектакльді ойнатып тұрған тек актер ойыны ғана емес, негізінен ән мен массовка. Қожа мен Жанардың арасындағы балалық махаббатты бақылап тұрушы көпшілік жігіттер мен қыздар бұл жерде көрерменнің өзі болып тұрғандай. Көрермен ішінен қойып тұрған сұрақты олар сахнада дауыстап қояды, көрермен іштей жазалап отырған кейіпкерді олар сахнада жазалайды, көрермен күлетін сәттерде олар да қоса күледі. Спектакльдің әсерлілігін арттыра түскен тағы бір элементтердің бірі костюм мен грим. Мұғалімнің, оқушының, кемпірдің, шалдың рөлін сомдағанның бәрі жастар болғанымен костюмның, гримнің арқасында ол білінбей де қалады.

«Көзіме бір көрінсең бала ғашық» балалық шақ, балалық сезім, балалық сана-түйсік және есею жайындағы сахналық көркем қойылым. Балалық шаққа бір саяхат жасап қайтқандай әсер берері сөзсіз.