Мақала
«Менің атым Қожа» – балаларға арналған фильм емес
«Менің атым Қожа» фильмі 2022 жылдың 13-желтоқсанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 01.02.2023
Авторы: Oner Portal
Мақала
«Менің атым Қожа» – балаларға арналған фильм емес
«Менің атым Қожа» фильмі 2022 жылдың 13-желтоқсанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 01.02.2023
Авторы: Oner Portal
«Менің атым Қожа» – балаларға арналған фильм емес

Тоталитарлық жүйенің кесірінен 1960-1970 жылдары жарыққа шыққан фильмдердің авторлары елеусіз қалып, фильмдері ұмыт болып жатты. Осыған қарамастан, шығармашылық адамдары әр жұмысы үшін күресіп, өнердің дұрыс үлгісін қалыптастыруға тырысты. Абдолла Қарсақбаев кеңес кинематографы тарихында елеулі орын алатын режиссер. Ол балалар тақырыбына жаңашылдық әкеліп, батылдығымен, кәсіби ерекшеліктермен фильмдерді кинотілімен байытуға тырысты. А. Қарсақбаевтың шығармашылық жолы Кеңес Одағында тоталитарлық саяси жүйе қайнап жатқан тұсына дәл келді.

Біздің индивид немесе қоғам ретіндегі бүгінгі болмысымыз кешегі өткенімізге тікелей байланысты. Қазіргі қоғамымызда болып жатқан саяси-әлеуметтік мәселелерді түсіну немесе соңғы уақыттарда сұраққа айналған ұлттық кімдігімізге (identity) жауап табу үшін өткенді саралау, түсіну, қабылдау аса маңызды. Отарда болған ел ретінде индивид немесе қоғамдық травмаларымыз ойға оралады. Көпшілік көрерменнің есінде сотқар бала ретінде қалған Қожаның болмысы қандай да бір травмаларымызың, тіпті, автордың травмасы емес пе деген сұрақ туады.

1963 жылы түсірілген «Менің атым Қожа» фильмі Абдолла Қарсақбаевтің алғашқы режиссерлік жұмысы. Сценарий негізіне Бердібек Соқпақпаевтың бірнеше тілге аударылған аттас повесі алынды. Фильм Қожаның мысалында әртүрлі ситуациялардан шығу жолдарын көрсетіп, адалдық, мейірімділік, достық сынды киелі ұғымдарды дәріптейді. Мейірімді және қызықты фильмде ізденімпаз, ашық мінезді, үнемі түрлі жағдайларға тап болатын кейде жазықсыз, кейде бұзақы Қожаберген Қадыров (Қожа) есімді оқушы бала басты кейіпкер кейде бұрыс шешімдер қабылдаса да, үнемі ұшқыр қиялын, табандылығын, мейірімділігін көрсетеді.

Фильмде Қожа бізге өз өмірі туралы баяндайды. Он екі жастағы Қожаның көптеген нәрселерге өз көзқарасы бар. Фильм әкесіз өсіп келе жатқан кішкентай тентек туралы көтерілген тақырыптың өзектілігімен қызықты.

Психоаналитик Жұлдыз Төлеу:

«Қожада «Әкем кім?» деген сұрақ туындаған кезде «Жақсы адам болған» деген сөз оның көңіліне медеу беріп, ішкі жан-дүниесіндегі әкенің жақсы болуы дән болып себілді. Ертең «мен кіммін?» деген сұраққа әкесінің кім екенін білмейтін болса, бала архаикалық көне замандағы әкеге еліктеп кетуі мүмкін. Егер ішінде жақсы әке болмаса ертеңгі күні мафияның бастығы немесе радикалды террористтік ұйымдардың, наркобизнестің жетекшілері болуы мүмкін, себебі бұл архаикалық әкенің образы. Сұлтан бейсаналы түрде архаикалық әке образына еліктеп кетеді. Ал Қожа екі таңдаудың ортасында тұр. Сұлтанмен дос болып сонымен бірге кетеді ме, әлде ішінде «менің әкем жақсы адам болған, демек мен де жақсы болуым керек» деген таңдауға құлақ аса ма».

Травма мәселесін өрбітетін болсақ, тақырып ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңді көрсетеді. Осы тұста Италия неореализмі бағытымен параллель жасауға болады. Италия неореализмі киноэстетика, тақырып тұрғысынан ІІ дүниежүзілік соғысты жан-жақты көрсетті. Яғни, травма деген не, оны айтпасақ, көрсетпесек, талқыламасақ, қабылдамасақ, ол дертке айналады дейді. Осы фильм Қожа туралы болғанымен оның ар жағында соғыстан кейінгі біздің травмамыз көрсетілуі де мүмкін.

Жұлдыз Төлеу: «Соғыс травмасы фильмде бітелмеген жара сияқты боп тұр. Режиссердің көрсеткен картинасында отаршыл идеологияға қарсы совет үкіметіндегі сол заманға қарсылық бар. Бұл қарсылықты Қожаның образы арқылы байқауға болады. Сыныпта ұстазы «Менің арманым» деген шығарма жаздырады. Сол кезде ұстаз мынандай сөз айтады: «Бұл арман сендердің қазіргі шығармаға ғана емес, сендердің болашақ өмірлеріңе де маңызды. Бұл арманда шектеу жоқ». Демек, сендер шексіз еркіндікке ұмтылыңдар дегенді айтып тұр».

Қоғам балаға әкенің орнын баса алмады. Анасы алқапта жұмыс істегеннен кейін баласына жеткілікті көңіл бөле алмайды. Қожа мен Майқанова, Жантас арасындағы жиі конфликттер ішкі қайшылықты өршітеді. Өз ортасымен тіл табыса алмағаннан кейін, Қожа Сұлтанмен бірге еркін болуға талпынады.

Бір қарағанда балаларға арналған фильм боп көрінетін бұл туындының астарында терең мағына, әсіресе, қоғамдық, тоталитарлық жүйе мотиві бар. Қарсақбаев өз шығармашылығында, әсіресе, балалар киносында сол заманғы жүйені сынады. Тоталитарлық жүйенің қате тұстарын балалардың әзіл-қалжыңы, алдау арқылы, қитұрқы істері арқылы көрсетеді. Осы дүниелер «Менің атым Қожа» фильмінде анық көрінеді.

Жұлдыз Төлеу: «Кеңес Одағындағы балаларды еңбекке баулу керек деген идеология болды. Егер қазіргі көзқараспен қарайтын болсақ, бұл Халықаралық балалар құқығын таптайды, еңбекке мәжбүрлеу боп саналады. Фильмде балаларды қой қыру, шөп теруге алып бару сахнасы бар. Қожаның қой қырқуға да, шөп теруге де бармауының себебі еңбекке мәжбүрлеуге қарсылық еді. Қожада «мен қай өмірді таңдаймын: еркіндікті таңдаймын ба, әлде сағымды сындырып, осы идеологияға көніп, заманның жетегімен жүре беремін бе» деген таңдау тұр. Ол Сұлтанға ереді де еркіндік көреді. Сұлтанда көшпенділердің рухының сынығы қалып қойған секілді. Ал Қожа мен Сұлтан баратын Той – режиссердің ішкі еркіндігін аңсауы. Шіркін, бізде өзіміздің ұлттық құндылығымызды насихаттайтын осындай еркіндік болса деген кинокартинаға жасырын, символикалық құпия түрде енгізілген өзінің арманы деуге болады».

Басқа адамдар Қожаның еркіндігіне, қарсы протестеріне көңілі толмайды. Сондықтан да, олар бірігіп, бар күшін салып, Қожаны тәрбиелегісі келеді. Тіпті, мектептен шығарып, қудалауға дейін дайын. Алайда Қожаға ешкім әмірін жүргізе алмайтын еді. Осындай көзқарастар мен қарама-қайшылықтар Қожа мен қоғам арасындағы араздықты одан сайын өршітті. Фильмде қоғам мен Қожа арасындағы балансты ұстауға тырысқан Рахманов ағай бар. Рахманов ақылды, абыройлы, дәуірдің ауысып жатқанын ойлайтын адам болды. Ол жүйені қолдаса да, Қожаны жоққа шығармайтын. Рахманов бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі көзқарастың арасындағы кейіпкер. Қожаға қарасақ бүкіл тұтастай фильмнің сюжетінде Қожаның ешқандай қалауы іске аспайды. Тіпті Рахманов та, Майқанова да, анасы да, ешкімі диалогқа барғысы келмейді. Бүкіл ситуцияларда Қожаға «сен осындай бол» дегенді үйреткісі келеді. Фильмді қарағанда авторлар осы фильм арқылы идеологияны дәріптеу отыр ма, әлде осыны суреттей отырып, қарсылығын білдіріп жатыр ма деген ой келеді.

Жұлдыз Төлеу: «Бұл картинада Қожаның түсі арқылы режиссердің арманы орындалады. Психоанализде түс адамның бейсанаға апаратын жолы деп айтады. Түсінде ол ғарышқа ұшады, ғарыштан келеді. Бәрі Қожаға гүл беріп, қарсы алады. Өзі жек көретін Хадиша апай, бәсекелесі Жантас кешірім сұрайды. Түс арқылы Қожаның, яғни, өзінің арманын орындайды. Қожаның жақындарына сезімдерін айта алмауы комплекстерден туындап отыр. Өйткені, мектептегі тәрбие, үйдегі шешесінің сезімдерін сыртқа шығара алмауы, әкесін жоқтап қайғыра алмауы әсер етеді. Айналасынан осындай сезімдер тұншығуын көру арқылы Қожада бұл сезімді шығару дұрыс емес, қылмыс деген ой қалыптасады. Іштегі импульс инстинктер оның мінез-құлқы арқылы сыртқа шығып жатыр».

Фильмде идеологияға қарсы шыққан туынды ракурсынан ғана емес, режиссура тұрғысынан да батыл шешімдер қабылданған. Бауыржан Нөгербек «Менің атым Қожа» фильміне кинотілімен түсірілген алғаш фильм деп баға берген екен.

Серік Әбішев: «Бұл фильм Қарсақбаевтың дебюті болғанына қарамастан, фильмде режиссураның барлық саймандарын қолданған. Камераның қимылы, панорама, жоғарыға көтерілу секілді тәсілдерді дұрыс қолданған кезде режиссура жұмыс істей бастайды. Жақсы режиссура актерлік ойын мен камера екеуінің бірге жұмыс істеуін ойластырған кезде режиссура болып шығады. «Менің атым Қожа» бұл міндетті атқарып шықты. Айтып өткендей, Кеңес Одағындағы режиссерлар киноөнері арқылы әрдайым тәуелсіз ойын, өзінің ішіндегісін, қазаққа кімдігін айтқысы келген. Режиссер бұл жерде де өзінің позициясын, көзқарасын жеткізгісі келді. Ересек адамдар көрсін, түсінсін деп, астарлап, Эзоп тілімен жеткізеді. Абдолла Қарсақбаев балалар киносының негізін ала отырып, өзінің ішіндегі үлкен ойларын жеткізген деп ойлаймын».

Көрермен пікірі

Оразай Қыдырбаев: Мұғалімдердің, ересектердің балаларға жасайтын жасайтын буллинг мәселесі бар сияқты. Оны жазушы Соқпақпаев та, режиссер Қарсақбаев та өте жақсы түсінгендей. Бұл бір жағынан Совет педагогикасында Қожа қоғамға үйлеспейтін көрсететін сияқты.

Әннәс Бағдат: Қосымша айтқым келетіні - өзі модель санайтын Рахманов ағай да Қожаны тәрбиелеуде әке арқылы манипуляцияға баратын сияқты. Қожамен диалогқа барып, оның қалап жатқан еркіндігіне, қандай адам болғысы келетіндігін тыңдамайтын сияқты.

Жұлдыз Төлеу: Совет Одағында қоғамдағы адамдардың бәрі бірдей ғып тәрбиелеу керек болды. Бірден киім кию, бірдей форма кию, ерекшеленбеу. Бірінен бірі артық болмау керек деген сияқты. Сол кездегі оқытушылар былай қараған кезде жүйені қалыптастыруға ат салысып жатқандай.

Буллинг туралы айтып өтсем. Қожа түс көреді. Мен өлемін дейді. Өлген кезде оны жоқтап не әкесі, не шешесі, не әжесі емес, өзінің қарсыластары, өзі жек көретін адамдар кешірім сұрайды. Яғни, Қожа өлу арқылы өзіне буллинг жасаған адамдардың барлығын өзімен бірге өлтіреді.

Фильмде басты кейіпкерлер ешқандай кәсіби актерлік білімі жоқ балалар болды. Режиссер балалармен жұмыс жасау барысында түсірілімді ойын форматында жасауға тырысты. Еске түсірсек, бұған дейін фильмдерде кәсіби актерлер ойнайтын. Фильмдегі балалардың барлығы үшін бұл рөлдер кинодағы алғашқы және көбіне соңғы рөл болды.

Режиссер Абдолла Қарсақбаев кішкентай актерлердің тілін қалай табу керектігін білді. Басты рөлде ойнайтын баланы түсірілім тобы ұзақ іздеген. Нұрлан Сегізбаев Қарсақбаевпен бірге өткізген уақытын өміріндегі жарқын сәттердің бірі ретінде еске алады. Қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқасы бар фильмде Нұрланның шынайы дауысы жоқ. Оның айтуы бойынша ол сегізінші сыныпқа дейін кекеш болғандықтан, оны орыс тіліндегі нұсқасында мәскеулік актриса Марина Виноградова, ал қазақ тілінде актриса Фарида Шарипова дыбыстады.

Фильмдегі басты рөлдердің бірі, Қожаның сыныптасы Жанарды Гүлнар Қарабаева ойнады. Г. Қарабаева: «Бұл сәтті оқиға болды. Мен досыма қонаққа бардым. Оның анасы кинорежиссер болатын. Түсірілім тобы мені кастингке шақырды. Федор Тютчевтің «Сүйемін көктем найзағайымен» («Люблю грозу в начале мая») өлеңімен мен оларға конкурсқа келдім. Кейін, осы өлеңімді фильмде де оқыдым».

Абдолла Қарсақбаев кино өнерінде ең қарапайым және ең қиын әдіс баланың қарама-қайшылыққа толы ішкі сезімін көрсету екендігін түсінді. Абдолла Қарсақбаевтың режиссер ретінде жасаған балалар фильмі көрерменнің сүйікті фильмдеріне айналса да, ұзақ жылдар бойы талдау жасалмады. «Менің атым Қожа» фильмі коммунистік партияның билігі дүрілдеп тұрған кезде түсірілді. Дегенмен, бұл фильм цензурадан шыққан антикеңестік шығарма болып саналады. Фильмде цензураға қарсы балалардың темекі шегуі, әйел адамның екінші рет тұрмыс құруы секілді сахналар бар. Фильм кеңес идеологиясын жақтамайды, керісінше, басты кейіпкер Қожа арқылы оны мазақ етеді.

Премьера

Картинаның премьерасы 1964 жылы 19 мамырда КСРО-да өтті. Фильм сыншылар мен көрермендерден көптеген оң бағасын алды.

Қызық факт

«Менің атым Қожа» фильмі қазақ фильмдерінің ішінен алғашқы боп Канн фестиваліне қатысты. 1967 жылы «Менің атым Қожа» фильмі Канн кинофестивалінде балалар фильмдері бойынша арнайы дипломға ие болды. Алайда, режиссер өз марапатын сол күйі ала алмаған және Каннда аталып өткендігі туралы радиодан естиді. Канн жүлдесін алуға «Қазақфильмнің» басшылары барады. Балалар ақыны Сейфолла Оспан естелігінен мынандай ақпаратты Гүлбаршын Айтжанбайқызы жазып алған: «Каннда үндiнiң белгiлi режиссері Радж Капур киноны көріп, Бердібек Соқпақпаев пен Абдолла Қарсақбаевқа қатты ыкыласы түсіпті. Еліне барған соң Абдолламен бірге жұмыс істеуге ықылас танытып, Мәскеудегі Үндістанның елшілігі арқылы шақырту жiберген. Бiрақ бiздiң жақта кейбiр адамдар сол кезде жер басып жүрген Қарсақбаевтың әлдеқашан «о дүниелiк» болып кеткенiн айтып, сыпайы түрде қарсылық білдірген. Бірақ өтiрiктiң құйрығы бір-ақ тұтам 1970 жылдары Ташкент қаласында өткен кезекті өнер фестивальдерінің бiрiнде Радж Капур мен Абдолла Қарсақбаев аяқастынан кездесiп калған. «Өлді» деуге қимай жүрген әрiптесiнiң жер басып, тiрiлердiң қатарында жүргеніне аң-таң болған үнділік режиссер «Жерден шықтың ба, көктен түстің бе, сен туралы «өлiп қалған» деген жаманатты хабар Yндiстанға жетті ғой» деген екен.

Өз заманы қалдырған белгілері болса да, Қарсақбаев фильмі халықпен бірге өмір сүріп, кеңестік жүйенің бір бөлігі ретінде қабылданбайды. Бұл фильм тоталитарлық емес кино кезеңінің алғашқы қарлығаштары болып есептелінеді.


Эксперттер пікірі

Кинотанушы Гүлжан Наурызбекова: «Фильм қаншалықты күлкілі оқиғалар өрнегімен берілсе де, әр сюжеттің астарында үлкен ой жатыр».

Кинотанушы Ержан Жұмабеков, Гүлнәр Мурсалимова: «Қожа – нағыз «бүлікші». Ол өзін басқаларға қарсы қояды. Қожа «идеал» қоғамға «зұлымдық» бейнесімен төнген қауіп секілді».


Фильм туралы дерек

Атауы: Менің атым Қожа
Шыққан жылы: 1963
Мемлекет: КСРО
Жанр: комедия
Компания: Қазақфильм
Премьера: 19-мамыр, 1964
Ұзақтығы: 86 мин.
Режиссер: Абдолла Қарсақбаев
Сценарий: Бердібек Соқпақбаев, Ниссон Зелеранский
Оператор: Михаил Аранышев
Композитор: Нұрғиса Тілендиев
Суретші: Құлахмет Қожықов
Монтаж: Роза Жанғазина
Көркемдік жетекші: Ефим Арон
Басты рөлдерде: Нұрлан Сегізбаев, Гүлнар Қурабаева, Марат Көкенов, Ерік Құрмашев, Раиса Мұхамедиярова, Зағи Құрманбаева, Кененбай Қожабеков, Бикен Римова, Байділдә Қалтаев, Мәкіл Құланбаев.

Қолданылған материалдар:

Oner Portal Youtube каналы - "Менің атым Қожа"