Бауыржан Нұрбекұлы Байділдә – 1962жылы 12желтоқсанда Жамбыл облысы Қордай ауданының Қызылсай ауылында дүниеге келген. Суретші Бауыржанның балалық шағы Қызылсайда өтеді. Суретшілік өнерге жастайынан бейім болған Бауыржан, осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, әжесіне кілем, алаша тоқуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Мектепте оқып жүрген кезде де суретке бейім болып, түрлі қабырға газеттерінен бастап, сол кездегі қолбасшылардың, көсемдердің портреттерін салып жүретін. Мектеп директорының баласы жылдықты бітірер жылы газеттерден, оқу орындарын, мамандықтарды зерттеп, жанына жақынын іздестіре бастайды. Мәскеуге немесе Ленинградқа көркемсурет училищесіне барамын деген арман нәтижесінде өзіндік іштей сезіммен шешім қабылдап та үлгерген. Үйге келген жолдас баласының әкесінен «Сенің де, менің де балам суретті жақсы көреді... Алматыда осындай оқу орны бар екен,, балаларды сонда апарайық» деген ұсынысты қабыл көреді. Арманшыл жігіт әкенің бастауымен Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне тапсырып, оқу орнында кәсіби суретшілік әліпбимен танысады. Төрт жыл институт қабырғасында білім алып, ауылдан келген бала Бауыржан, институтта оқып жүргенде студенттік өмірдің ащысында тұщысында көреді. Оқуға деген ұқыптылығымен училищені жақсы бітіріп, Ленинградқа жолдама алады. Алайда оқуға түсетін студенттердің тізімі алдын ала жазылып қояды екен. Бірақ көп ұзамай әскерге шақыртуда келеді. Отан алдындағы парызын өтеп жүрген Бауыржан әркез достарымен хат жазысып, байланыста болады. Достары арқылы Алматыда жаңадан оқу орны ашылды, онда живопись мамандығы бар екен деген хабар алады.
Жаңадан ашылған оқу орны Т.Жүргенов атындағы өнер институты болатын. Әскерден келген соң бағын сынап оқуға тапсырып, Қазақстанның халық суретшісі Камил Шаяхметовтың шеберханасына оқуға түсіп, осында жоғары білім алып шығады. Мұнда Камил Мұхамедович, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, Ә.Бапанов, Қ.Оспанов сынды қатал тұлғалардың мектебінен өтеді. Ол кісілердің бәрі де ұлттық нақыштағы суреттерімен қазақтың көкпарын, қазақтың атамекенін, салт-дәстүрін бейнелеумен танымал болған адамдар болатын. Міне осындай тұлғалардың сынынан өткен арман қуған Бауыржан бүгінгі күнде Қазақстанның дамуына зор үлес қосып жүрген, еліне елеулі халқына қалаулы үлкен тұлға. Қазіргі кезде бейнелеу өнерінің тек қана кескіндеме түрімен ғана шектеліп қоймай басқа да жанрларымен көзге түсуде. Оған дәлел: Тәуелсіздігіміздің 20жылдығына орай Тұңғыш президент қоры ұйымдастырған « Көркемдік витраж және мозайканың қазіргі тенденциялары-2011» атты көрмеде мастер-класс өткізген болатын. Көрме тәуелсіздігіміздің 20жылдығы және Н.Назарбаев тақырыбында өткендіктен, мозайка жанрында елбасымыздың портретін жазып шығады. Бұл жұмысты шамамен 8ай жазып шыққан көрінеді. Бұдан бөлек Б.Момышұлының 100жылдығына орай батыр атамыздың тұлғалық портретін де мозайка жанрында жазып шығады. Тек қана мозайкада ғана емес карикатура жанрында да өз үлесін қалдырады. Оның айқын көрінісі деп 2014жылы өткен универсиядадағы карикатура бойынша бас жүлдені иеленгенін атауға болады. Шығармашылық пен жаңашылдыққа жаны құштар суретші үнемі өз әріптестерінің құлшынысын очтып жүретін болған. Оның карикатурада бұлай жетістікке жетуіне де осындай белсенділіктер себеп болды десек артық болмас. Бүгінгі күнде Бауыржан бірнеше еңбектердің авторы. Атап айтатын болсақ: «Интерьердің өрнекті әшекейі» (шипажай, Янгиюль қаласы, Өзбекстан, 1989); «Авиация» интерьер сграффитосы (Жетіген қаласы, 1987); «Халықтар достығы» (Шет тілдер институтының витражы, Алматы қ.); Алматы қаласының жаңа әуежайының VIP-залының әрлемесі; «Алматы кафедралдық соборы» (2004); станоктық «Кеш» (1989) «Ата» (1990) «Туған жер» (1993) «Әке» (1994) «Қыз Жібек» (1996) «Шыңғысбай батыр» (2004) «Алматы» (натюрморт, 2006) «Т. Жүргенов» (портрет, 2007) «Көкпар» (2007). «Әліппе» (1994), «Ана тілі» (2-4-ші сыныптарға арналған, 1997-2003), «Дүниетану» (4-ші сыныпқа арналған), «Әдебиет» (5-ші сыныпқа арналған, 2004) оқулықтарына иллюстрациялар жасаған. Солардың бірі Б.Байділдәның өзіне тән қолтаңбасының айқын көрінісін ашатын «Көне шағын Шарын шатқалы» және «Жолаушы» атты картиналарын бүгінгі салыстырмалы сабақтастық талдауыма арқау етіп алып отырмын. Екі туындының да техникасы бірдей кенепке майлы боямен жазылған. Суретшінің «жолаушысы» жетістігі болса, 2016жылғы жазылған «Көне шағын Шарын шатқалы» өнеріндегі жаңалығы іспетті.
Шарын шатқалының тарихы 300млн жыл бұрынғы геологиялық замандардан сыр шертеді. Мұнда көне замандардан сақталған сан алуан, пішінді түрлі-түсті жартасты «қамалдарды» көз алдыңызға әкеліп қойғандай көрікті көріністерді елестетеді. Дүние жүзінде дәл сондай көріністерді тек Солтүстік Американың Колорадо штатындағы «Үлкен шатқал» алқабынан ғана кездестіруге болады. Жер бедерінің мұндай көрініске ұшырауы бұдан 12млн жыл бұрынғы жел мен су эрозиясының және мұздану дәуіріндегі табиғи құбылыстардың әсер ету ықпалынан пайда болғандығы байқалады.
Шарын шатқалы Алматы қаласынан 193шақырым қашықтықтағы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарының аумағындағы, Шарын өзенінің аңғарын бойлай Оңтүстік –батыстан Солтүстік –шығысқа қарай 154 шақырымдық қарай созылып жатыр. Табиғаттың ғажайып сиын қылқаламмен сиқырлаған Б.Байділдәнің бұл туындысы үш реттік құрамға бөлінген. Картинаның бірінші планында салт атты боз бала бейнеленген. Күрең қызыл атқа мінген жігіттің көрінісі аңшы немесе басқа да кәсіппен жүрген адамды елестетпейді. Жігіт көлігінің суретші бейнелеген еркін жүрісіне қарап табиғат аясында серуен құрып жүргенін аңғартады.
Дәл осындай образ суретшінің «жолаушы» картинасынан да көрініс тапқан. Бірақ оның жанында тазылардың бейнеленуіне қарап жолаушы-аңшы деген ұғымды қалыптастырып отыр. Тазы- жеті қазынаның бірі, аңшылықта шарықтау шегіне жетіп дәріптелген жаратылыс иесі. Сонымен қатар суретшінің екі картинасынан да бүркіт бейнесінің кезігуі де кездейсоқтық емес. Өзара сұхбат кезінде суретші жұмыс кезінде расымен-ақ бүркітті кездестіргенін, қиялдан келген образ еместігін айтқан болатын. Картинаны барынша реалистік тұрғыда жазуға талпынған автор шығармасындағы бұл көрініс еркіндік пен асқақтықтың символы еді. Тылсым табиғаттың тылсым күші авторға тағы да жаңа идея туғызып тұрғандай. Ат үстіне орныққан ер жігіт, көк жүзінде қалықтаған бүркіт, ұлтымыздың жеті қазынасы екені мәлім нәрсе. Туындыдағы жеті қазынадағы ер жігіттің ажырамас серіктері- жүйрік ат, қыран бүркіт сынды образдар енгізілген. Ердің қанаты- ат, құлағы – ит, асыраушысы – бүркіт, қорғаншысы – мылтық болған.Суретші кейіпкерін еш алаңсыз күйде сенімді серіктерімен ен далада жүрген кезін бейнелеген. Бүркіт әдетінше туындыда да қалықтап бара жатыр. Бұл көрініс көрсетілген картинаның біреуінің форматы пейзаждық форматта, біреуі портреттік тұрғыға негізделген. Бейнені тігінен түсіру арқылы автор биіктікті көрсетеді. Бұл көріністе де бүркіттің тым алыстатылып жазылған бейнесін аңғарамыз. Ал, пейзаждық формат негізінде созылыңқы етіп жазылған бүркіт кең жазықтықты суреттейді. Көлденең түсірілген бұл туындыдағы қыранның бейнесі алдыңғы планға қойылған. Таулы аймақтың қатпар-қатпарын, шұңғыма сайларын бейнелеуде суретші асқан шеберлік танытқан. Сол өңірді көзбен көріп, сол араға саяхан құрып кеткендей сезім туғызады. Б.Байділдәнің шығармашылығындағы жаңашылдығы яғни тігінен қойылған форматтағы көрінісі көлденең түскен «жолаушы» картинасының бір ғана фрагменті іспетті. Десе де өз алдына бөлек тақырыбы, қалдырар ойы бөлек. Қазақ жұртының кең байтақ жерін көлденең өлшемде сызықтық перспектива арқылы шебер көрсеткен. Картинаның артқы қапталындағы биік таулар алдыңғы пландағы бүркітке параллель көрініс беріп тұр. Ортаңғы планда қалып қойған өте алыста келе жатқан жігіт бейнесі де туған жер табиғатының тамашасында рахат алып жүргенін толығымен айқын көрсетеді.
Жолаушы арқылы кеңдік пен теңдікті бейнелеген суретші «Шарын шатқалының» көкжиегі мен кеңістік арасындағы өзара параллельдігін биіктету арқылы айқын көрсетеді.
Қорытындылай келе: Б.Байділдәнің назарға алып отырған екі туындысының да табиғаты ұқсас екенін суретші қылқаламымен жазылған бояумен аңғарылады.
Шындықтың, адалдықтың белгісі ретінде танылатын көгілдір түсті кеңінен қолданатын Б.Байділдә осы жолы форматтар мен бірге түстерге де ерекшеліктер енгізгенін аңғаруға болады. Десе де суретші қылқаламы көгілдір түске малынбай қалған кезі болмаған. Бәлкім бұл оның өзіндік қолтаңбасын айқындаудың бір тәсілі болар. Сондай-ақ еркіндікке ұмтылу жолында табандылық пен жігерлікті дәріптей отырып, жасыл түсті қолданған. Жасыл түс өмір түсі іспетті. Бұл тұспен таулы өңірдің құмды аймағын ерекшелендіріп көрсеткен, ал сары түстің қолдануын еліне деген, жеріне деген шексіз сүйіспеншілігінің айнасы ретінде қарауға болады.
Суретші екі туындысында да қазақ жерінің, сүйіп келген, сүйе білген еркіндікке деген биік сезімін шексіз сүйіспеншілігін бейнелейді.