Мақала
Будапештегі философиялық бақ
Будапешттің тарихы біздің заманымызға дейінгі I ғасырда, Дунай өзенінің батысында орналасқан Ак-Инк атты кельттік елді мекеннен басталады. Археологиялық қазба жұмыстарының орнынан әлі күнге дейін сақталып қалған Римдік қоғамдық ғимараттардың орнын жеке үйлер мен акведуктың қирандыларын көруге болады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 02.12.2016
Авторы: Айгүл Жаңбыршиева
Мақала
Будапештегі философиялық бақ
Будапешттің тарихы біздің заманымызға дейінгі I ғасырда, Дунай өзенінің батысында орналасқан Ак-Инк атты кельттік елді мекеннен басталады. Археологиялық қазба жұмыстарының орнынан әлі күнге дейін сақталып қалған Римдік қоғамдық ғимараттардың орнын жеке үйлер мен акведуктың қирандыларын көруге болады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 02.12.2016
Авторы: Айгүл Жаңбыршиева
Будапештегі философиялық бақ

Будапешт Венгрияның астанасы және елдегі ең ірі қала. Ол Венгрияның солтүстігінде, Карпат, Альпі және оңтүстік славяндық тау жоталарымен қоршалған, жазық далада орналасқан. Сондай-ақ, бұл арада тектоникалық жыралардың тоғысқан тұсы болғандықтан, қалада көптеген жер асты сулары ағып жатыр. Ал, Дунай өзені шаһарды екіге, жоталары көп Будаға және жазық далалы Пештке бөліп тұр. Будапешт тұрғындарының саны – 1,7 млн. адам, олардың ширегі Будада, қалған жартысынан астамы Пештте тұрып жатыр. Қаланың аумағы 525,16 шаршы шақырым. Будапешттің тарихы біздің заманымызға дейінгі I ғасырда, Дунай өзенінің батысында орналасқан Ак-Инк атты кельттік елді мекеннен басталады. Алайда, 89 жылы осында келген Римдіктер оның атауын Аквинкум деп өзгертіп, Паннонияның әкімшілік орталығы етіп бекітті. Археологиялық қазба жұмыстарының орнынан әлі күнге дейін сақталып қалған Римдік қоғамдық ғимараттардың орнын жеке үйлер мен акведуктың қирандыларын көруге болады. Сонымен қатар, Дунайдың шығыс жағалауындағы қазіргі Пешттің орнында, Контра Аквинкум атты кішігірім славяндық ауыл болған. 450 жылы Римдіктердің орнына остготтар мен ғұндар келіп, Паннония ғұн империясының орталығына айналды. Кейін, қаланы аварлар мен венгрлер иеленіп, шамамен 895 жылы аквинкумдың атауын Буда деп өзгертті. Бұдан бөлек қала 1241 жылғы моңғол шапқыншылығынан қатты зардап шекті. 1247 жылы король Бела IV Будадағы тау жотасына мықты қамал тұрғызды. Сөйтіп ол 1361 жылы венгр корольдігінің астанасына айналды. Содан соң, келесі билеушілер Қасиетті Рим империясының императоры және Венгрия королі Сегизмундтың тұсында (1387-1437), сонымен қатар Матяш Хунядидің (1458-1490) кезінде Буда қаласы тұрақты түрде дамыды. 1541 жылдан бастап Буданы, Обуда және Пештті түріктер иемденіп алды. Олардың езгісінен қалалар тек 1686 жылы ғана өз аумағын кеңейтуді қалаған австриялықтардың көмегімен азат етілді. Осы ретте габсбургтардың билігі тұсында Буда, Обуда және Пешттің гүлденуі басталды. Соның арқасында 1873 жылы 17 қараша күні үш шаһар біріктіріліп, Будапешт деп аталды. Ал, 1918 жылы Венгрия республикаға айналды. 1919 жылы кеңестік республика деп танылды.[1, 217].

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Будапештті неміс әскерлері жаулап алды. 1945 жылы 13 ақпанда Қызыл әскер қаланы азат етті. Немістердің 1 жыл бойы езгісінде болған шаһар қатты бүлінді. Мыңдаған тұрғындар қаза тауып, құнды мәдени жәдігерлер қиратылды, немістердің шабуылы барысында барлық көпірлер жермен-жексен болды. Соның салдарынан Будапештте 1960 жылға дейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 1956 жылы Венгрияда кеңестік билікке қарсы халық көтерілісі ушыға түсті. Алайда, оны Будапештке енгізілген кеңес әскерлері басып жаныштады. Мұндағы коммунистік жүйе тек 1989 жылы түбегейлі жойылды.

Бүгінгі Будапешт – Дунай жағасындағы ең көркем қала. Ол өзінің құнды тарихи және мәдени ескерткіштерінің арқасында басқа Еуропалық астаналармен бақ таластыра алады. Будапешт – үлкен қала емес. Алайда, оның көрнекті орындары жетерлік. Орманды жоталары, ірі жүзім шаруашылықтары, кең Дунай өзені, терең көлдері, әсем халық билері, керемет ортағасырлық архитектура, емдік жер асты сулары, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар және де Будапешттің ең басты мақтанышының бірі - Геллерт тауы. Ол король Иштванның рухани тәрбиешісі болған епископ Геллерттің құрметіне осылай аталған. Сондай-ақ, жақын жерде Әулие Геллерттің ескерткіші де орналасқан. Оны көбінесе Эржебет көпірінен тамашалаған ыңғайлы. Бұл аталғандардан бөлек, Геллерт тауында тағы бір тамаша жер бар. Ол – «Философиялық бақ» деп аталады. «Философиялық бақ» - өте тыныш және жайлы орын. Онда танымал философтар мен тұлғалардың қоладан құйылған сегіз мүсін бар. Мұндай ерекше сегіз қола мүсінді алғаш көрген сәтте, алдымен таңғалып, сосын кейде қобалжитының рас. Осыншама тамаша өнер туындыларын өмірге әкелген кім екен деген де ой келеді бір сәтке. Мұндай ғарыштық хабарламаның авторы белгілі венгрлік мүсінші Нандор Вагнер. Ол өзінің аталмыш ойын жүзеге асыру үшін 15 жыл өмірін сарп етті. Өнер иесінің тағдыры оны талай рет сыннан өткізіп, шыңдалуына және жігерінің жанылуына себеп болды. Өмір мен адамның болмысы жайында көп ойлана білген суретшінің ақырғы туындылары, сол философия бағындағы сегіз қола мүсін ретінде көпшілікке танылды. Алайда, шебердің өзі салтанатты ашылу шарасына қатыса алмады. Бақтағы көрме оның өлімінен кейін, 2001 жылы Геллерт тауына барлық мүсіндерді орнатқаннан кейін, келушілерге есігін ашты. Вагнердің осы еңбегін болашақ ұрпақтарға қалдырылған ғарыштық аманаты ретінде бағалауға болады. Әйгілі тұлғалардың мүсіндерін қоладан құйып жатқан кезде, мүсінші жоғарыда айтып кеткендей философиялық ойға берілген екен.

Енді мүсіншінің өмір баянына тоқталып кетейік. Нандор Вагнер Орадя қаласында, тіс дәрігерінің отбасында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және одан кейін Будапешттің көркемөнер Академиясында білім алды. Вагнердің шығармашылық және өмірлік жолы үшке бөлінеді: Венгерлік (1945-1956), Шведтік (1956-1969) және Жапондық (1970-1997). Оның ең танымал жұмыстарының бірі – тот баспайтын болат темірден құйылған мүсіндері Швеция мен Жапонияда өмір сүрген кезінде пайда болды. Нандор Вагнердің жапондық әйелі Тие Вагнер де мүсінші еді. Екеуі бірігіп әлемдік мәдениет пен дамудың ғылыми зерттеу институтын құрды. Оның негізгі мақсаты – жас талантты суретшілерді қолдап, бағыт-бағдар сілтеу. Сонымен бірге, Венгриядағы гуманитарлық мұра академиясының негізін қалауға атсалысты. Бұл мекеме 1999 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Нандор Вагнер өзінің Будапешттегі ұстаханасында жұмыс істейді. Нәтижесінде бірқатар танымал туындыларын өмірге әкелді: «Corpus Hungaricum», «ақын Аттила Йожеф», «Қасіретті ана» және тағы басқалары. 1955 жылы архитектор Золтан Фаркасдимен бірігіп, «Бұрқақтың қасындағы үш бала» атты жобасы үшін алғашқы марапатқа ие болады. Бұл мүсіндер Будапешттегі Маргит көпіріне орналастырылуы тиіс болатын. 1956 жылғы венгерлік көтеріліс кезінде шебер суретшілердің Революциялық комитетінің мүшесі болды. Сөйтіп, наразылық танытушыларға қолдау білдірді. Венгрияға кеңес әскерлері кіргізілгеннен кейін, толқуларды басып жаныштау кезінде отбасымен бірге Швецияға қоныс аударып, Лунда қаласында өзінің шеберханасын құрды. Бұл шығармашылық кезеңінде Вагнер тот баспайтын болаттан композициялар жасаумен айналысты. Сонымен қатар, Нандор Вагнер живопись жанрында да көп еңбек етті. Суреттер салып, қағаздағы фреска деп аталатын жаңа көркемдік техниканы жетілдіру бойынша жұмыс істеді. Бұдан бөлек, Швецияда ол өндірістік дизайн мен эргономика саласында қызмет атқарды, бірқатар өзінің техникалық жаңалықтарына патент алып, Лундадағы көркемсурет академиясында дәріс оқыды. Осылайша, оқу орнында жапондық студент Тие Акиямамен танысады, кейіннен бұл қыз оның өмірлік серігі атанып, ғұмырының соңына дейін қасында бірге болды.[1, 2, 118].

Нандор Вагнердің өмірі мен шығармашылығының үшінші кезеңі Жапонияда өтті. Оның бұл елдегі алғашқы шығармашылық ательесі Тотиги префектурасындағы Масико қаласында ашылды. Скульптор бұл жолы саз балшықпен жұмыс істеуді бастады, сөйтіп 1970 жылдың аяғына таман «Ана мен бала» атты терракоттық мүсіндерді өмірге әкелді. Бұдан бөлек шебердің есімі жапонияда пайда болған биіктігі алты метрлік екі тот баспайтын болат темірден сомдалған композициялық мүсіндер - саяхатшылардың қасиетті қорғаушысымен байланысты болды. Туындылар Нарита қаласындағы жаңа токиолық әуежай кешенінде орналасқан Нарита Вью қонақ үйінің маңында бой көтерді. Мүсіндік жұмыстармен қатар, Вагнер акварельдік кескіндемемен шұғылданып, көркемдік керамиканы да қолға алды. Осы ретте оның «Жібек жолы» деп аталатын 32 заттан құралған терракоттық туындылар сериясын айта кету керек. [3,4,97]. Алайда Вагнердің шығармашылығындағы ең танымал еңбегі – «Философиялық бақ» атты шығармасы. Онда танымал философтар мен тұлғалардың қоладан құйылған сегіз мүсіні қоршаған ортамен үйлесімділік тапқан. Олар Будда, әулие Франциск Ассизкий, Махатма Ганди, Лао-Цзы, Иса, Авраам, Дарума және Эхнатон. Алғашқы бесеуі негізгі әлемдік діндердің өкілдері. Олар ортасында кішкентай темір шар орналасқан дөңгелек тұғырда тұр. Қалған үш мүсін сәл шетке таман үнсіз ғана кемелдену жайында ойланып тұрған адамдардың кейпіндегі Ганди, Дарума, және Франциск. Олар да өз заманында көптеген адамдардың рухани дамуына ат салысып, жол көрсеткен тұлғалар еді. Ұлы рухани көсемдердің мүсіндеріне қарап, еріксіз қалың ойға түсесің. Бұл жерде әркім өзінің ішкі әлеміне саяхат жасайды. Осы бақты салудағы мақсат, келген адамдар өздерінің өткенін есіне түсіріп, қазіргі кезі мен болашағы жайында ойға шомдыру болатын. Өйткені заманауи адамдар күнделікті күйбең тіршіліктің торынан шыға алмай қалды емес пе? Сондықтан да оларға осындай жерге келіп, ішкі үйлесімділік, философия, рухани байлық жайында ой қозғауына мүмкіндік беріледі. Шеңбердің айналасына орналастырылған бес фигура - әлемдік бес ірі діндерді білдіреді. Олар алдарындағы кішкене шарға, яғни жерге ғарыш кеңістігінен үңіле қарап тұрған сияқты. Ескерткіштердің негізгі идеясы қарапайым, оның айтпағы – тек қана сенім, өзара түсіністік пен рухани байлық әлемді құтқара алады деген ой. Мүмкін, бұл өнер туындысын көрген адамдарға басқа да ой келуі ғажап емес. Себебі бұл философия бағы емес пе, мұндай өзгешеліктердің болуы заңдылық. Алайда, пікір таластыру мен дәлелдер келтірудің нәтижесінде ортақ бір келісімге тоқтап, шындыққа жету қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, куәгерлердің айтуынша, егер ұлы ұстаздардың ортасындағы шардың қасына тұрсаңыз, ерекше бір сезімге бөленеді екенсіз. Мүмкін, мұндай толқу мен қобалжу діни медитация кезінде пайда болатын да шығар. Сондай-ақ, осы жерде энергетикалық күштің орталығы да болуы ғажап емес. Қалай дегенде де, аталмыш философия бағына келгеннің пайдасы шаш етектен екендігі даусыз.

Философия адамды тек тыныштандырып, жанына рахат сыйлап қана қоймай, өзінің ішкі әлеміне үңілуге көмектеседі. Сонымен қатар, шабыт сыйлап, бүкіл әлеммен бөлісуге тұрарлықтай өнер туындалырын жасауға мұрындық болады. Вагнер Жапонияда 27 жыл өмірін өткізді. Шығыс философиясының не екендігін жақсы меңгерді. Сондықтан да оның «Философиялық бақ» шығармасынан Еуропалық және Азиялық лептің бар екендігі сезіледі. Алайда, шебердің туындыларынан, батыстыққа қарағанда, шығыстық болмыстың басым екендігін аңғару қиын емес. Әрі бұл ерекшелік техникалық орындау мәнерінен емес, көбіне фигуралардың кейпі мен қалыптарынан байқалады. Нандор Вагнердің өзінің айтуынша, оның қола мүсіндері шығыс пен батыс мәдениетінің арасындағы алшақтықты жою үшін жасалған. Бұл мүсіндердің орындалуы басқа ешқандай стильдерге ұқсамайды, олар бірегей, сән үшін қолданылмайды, керісінше, адамды терең ойға шомдыратын философиялық мағынаға ие. Осылайша венгерлік шебердің туындылары композициялық тепе-теңдігімен және қарапайымдылығымен дараланып, күрделі философия идеяларың оңай жеткізгендіктен, олар Батыстың көрермендері үшін де түсінікті бола алады. Қола сияқты қатты әрі суық материалмен жұмыс жасаса да, Нандор Вагнер оны ауадай жеңіл етіп шығара білді. Шабытқа толтырып, туындыларының бойына терең мағына сіңірді. Бұл мүсіндер тек қана шебердің өзіне деген деңгейіне жетуіне көмектесіп қана қоймай, өзі сияқты өзге де шындықты іздеген адамдарға қол ұшын бере алуы үшін жан мен тәннің тепе теңдігін сақтауына себеп болды.

Қолданылған материалдар:

  1. Западно-Европейское искусство. Л., 1963
  2. Руднев В. Энциклопедический словарь культуры  хх века. М.: 2001
  3. Арнхейм Р. Искусство и визуальное восприятие. М.:1974
  4. Всеобщая история исскуства. М. 1966
Сізге қызық болуы мүмкін: