Мақала
Құралай Үмбетова - өмірі мен өнері сабақтасқан тұлға
Мақалада суретші Құралай Үмбетованың шығармашылығындағы көркемдік ізденісі мен қолтаңбалық мәнері зерттеледі. Сондай-ақ, Қазақстанның заманауи өнеріндегі рөлі мен маңыздылығы айқындалады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 06.03.2018
Авторы: Зухра Ыдырыс
Мақала
Құралай Үмбетова - өмірі мен өнері сабақтасқан тұлға
Мақалада суретші Құралай Үмбетованың шығармашылығындағы көркемдік ізденісі мен қолтаңбалық мәнері зерттеледі. Сондай-ақ, Қазақстанның заманауи өнеріндегі рөлі мен маңыздылығы айқындалады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 06.03.2018
Авторы: Зухра Ыдырыс
Құралай Үмбетова - өмірі мен өнері сабақтасқан тұлға

Талант – иесіне тағдырдың берген сыйы. Мекенін тауып дәл жетсе, қадірін сезініп орнымен пайдаланса, әрине, ол да бір бақыт. Ата-бабалары сонау тарихы терең Ақмешітте тамыр жайғанымен, өзі Жетісудың топырағынан нәр алған хас өнерпаздың бірі Құралай Үмбетова. Суретшілер отбасында дүниеге келген ол жастайынан жаратылыстың қыр-сырының керемет үндестігін бойына сіңіріп өсті. Тұла бойында біте қайнасқан, көзін ашқаннан көкейіне жат болмаған өнер оның өміріне айналғанын суретші өзі де сезбей қалса керек. Кейде, Құралайда мамандық меңгеруде таңдау болды ма деген сұрақ ерексіз мазалайды. Ондай сұрақтың болуы да заңды. Өйткені таңдау талғаммен байланысты дүние. Қылқалам иесі сол таңдауды бейсаналы түрде жасағандай. Тіпті мамандықты суретші емес, мамандық суретшіні таңдаған секілді. Олай дейтініміз елімізге белгілі қолөнершілер Жәңгір Үмбетов пен Амангүл Иханованың тұла бойы тұңғыштары болған Құралай тырнақ алды туындыларынан-ақ мүлде жаңаша ізденістерімен көрермен назарына ілікті. Құралай ата-анасы тер төгіп қалыптастырған сара жолынан бас тартып, соқпақты болса да өнердегі өзінің дара жолымен жүруді жөн санайды. Көркем туындылары эксперименталды-символикалық мәнерде шешім тауып, суретшінің өнерден өзін іздеуінің ең алғашқы талпыныстары ретінде көрінді. Ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы әр кенепте өзінше үйлесіп, суретші тұлғасы қалыптасуындаға жеке бір басқыштарға айналды. Осылайша әрбір туынды суретші өмірінің жекелеген кезеңінің жинақталған бейнесі ретінде көрініс тапты.

Қ.Үмбетова «Кездесу» 2008ж.

Тырнақалды туындыларының өзін Құралай өзін-өзі зерттеуден, танудан, табудан бастаған болатын. Көрмеге алғаш ұсынған туындыларынан бастап қылқалам иесінің ішкі үндестікке мән беріп, жан дүниесінің үніне құлақ түріп, көңіл пернесін тербеткен сезімге арқа сүйейтінін аңғару қиын емес. «Тыныштық» (2005), Кездесу (2006) «Замандастар» (2006), «Ымырт» (2006), Мұң (2008), «Құйын» (2008) атты кенептері көрерменін өзінің жан дүниесіне үңілдіріп, оны суретші әлемімен сабақтастырған еді. Бұл орайда саралауды алғашқы шығармашылық жұмыстарының бірі «Тыныштық» атты кенебінен бастағанымыз жөн болар.

Қ.Үмбетова «Тыныштық» 2005ж.

Жапан түзде ойға шомып, қоршаған орта тыныштығына мүлгіген қыз бейнесі композицияның орталық нүктесінде орналасып, оның мазмұндық желісіне арқау болған. Кенеп кеңістігінен бір-біріне жат екі ортаны байқаймыз. Біріншісі – өзінің тылсым құбылысын сақтаған тағы даланың кең өрісі болса, екіншісі қоғамның тынымсыз беймаза тіршілігінен рухани тыныштығын іздеген бейтаныс жан. Көрерменге арқасын бере тізесін құшақтаған күйінде ол, айдаладағы мызғымас тыныштықтан оңашалық іздегендей әсер қалдырады. Дала тыныштығының кеңістігін бұза кірген алдыңғы шептегі адам денесінің пішіні мен ол отырған бейтарап жазықтық өзінің бейнелеу мәнерімен көрермен қабылдауында белгісіз бір мазасыздық тудырады. Қою жасыл мен сарғыш-қызыл түстердің шақпақтаса орналасуы және адамның арқасына түскен күн шуағынан жасырына тығылып, жер жазықтығына батылдана жайғасқан салмақты көлеңкесі біз сезінген үрейдің себепкері болмақ. Суретші кенеп кеңістігіндегі алдыңғы шеп пен артқы аяны кескіндеуде осындай қарама-қайшылықты батыл пайдалана отырып, оларды бір тұтастыққа бағындырады. Екі орта бір-біріне қаншалықты жат болса да олар сондай үйлесімді үндескен. Табиғат көрінісінде басымдық танытқан ақ түстер кенеп кеңістігіне тылсым, шынайы емес ортаны елестетіп туындыдағы мазасыздықты күшейте түседі. Осы орайда кенептегі ая кеңістігін толықтыра түскен ақ түспен астаса бейнеленген құстар бейнесін байқамау мүмкін емес. Қара емес ақ түсте шешім тапқан құс бейнесінен қарлығаш пішінін тану қиын болмас. Мәнерлену сипатына қарай ол құпия тылсымдықтың кілті іспеттес. Қарлығаш символикасы мен мифологиясы ең алдымен адам санасында жылылықпен ассоциацияланып, жиірек көктемнің хабаршысы ретінде көрініс табады. Сонымен қатар, қарлығашты үміттің, жақсы игі хабардың, бақыт пен жаңа бастаудың, күн шығыс пен таңсәрінің белгісі деп таныған. Яғни, «Қарлығаш көктемнің басталғанын білдірсе, бұлбұл көктемді аяқтайды» деген мәтел көптеген халықтарда кең тараған. Бұл туралы дәйекті деректерді мифологияға, символика мен геральдикаға арналған сөздіктерден кездестіре аламыз [1, 36].

Қазақ мифологиясы мен христиан мифологиясында қарлығаш бейнесі ұқсас келеді. Құтқарушы кейпінде суреттелген оны, тек белсенді жағынан көреміз. Барша жұртқа белгілі «Қарлығаш пен айдаһар ертегісінде» кішкентай ғана құс адамзат баласын ажалдан құтқарып, азулы айдаһармен арпалысады. Адам қанынан айдаһарға дәм бұйыртпаған ол, құйрығын құрбандыққа шалып, ұя салған отауына, жалпы адамзатқа деген өз адалдығымен айшықталады.

Ал, көне христиан мифологиясында қарлығаш пен көгершін Иесус Христостың құбылмалы бейнелерінің бірімен сәйкестендіріледі. «Құдайға жалбарынған ол Оның алдында қарлығаш бейнесінде көрініс табатын», яғни қарлығаш әрқашан рухани азыққа құмар, игі хабар әкелуші, хәм таза, пәк құс ретінде сипатталатыны баяндалған [2]. Сонымен қатар, ол қайта жанданудың белгісі «Маған қарап өлілердің тірілетінін біл (Убедись от меня в воскресений мертвых)» деген жолдарды Иоанн Дамаскиннің шығармаларынан оқи аламыз. Бұл деректе автор қарлығаштың қыс түскенде қауырсындары түлеп, өзі ағаш қабыршағының астына жасырынған күйі қыстап шығатынын және ерте көктемде қауырсындары қайта жаңаланатынын баяндайды [3]. Христостың рух күйінде қайта тірілгенін көптеген зерттеушілер Иоанн Дамаскиннің ҮІІІ ғасырдағы аталмыш шығармасындағы қарлығашқа қатысты деректерімен байланыстырса керек.

Словянь мифологиясында қарлығаш пәктіктің тазалықтың белгісі ретінде айтылады. Сонымен қатар, бұл құс тұрмыс құрмаған қызды маңайлап ұшса, немесе оның үйінің не болмаса, терезесінің маңайына ұя тіксе онда ол қыздың өмірінде тойдың ауылының ұзақ еместігін білдірген [4].

Барлық мифологиялық мазмұндармен автордың толық деңгейде таныс болып, оларды өз кенептерінде саналы түрде пайдалануы міндетті емес. Бұл көркемдік шығармашылық үдеріс барысында бейсаналы түрде жүреді. Туындының жазылған мерзімі мен суретші өмірінің сол бір кезеңін салыстырмалы түрде қарасақ, өмірдің жаңа бір кезеңіне аяқ басқалы тұрған сәтін, әлде-қандай жаңалық нышанын сеземіз. Оның алдында таңдау тұрғаны айқын. Бойдақтық өмірімен қоштасып, өзі үшін бейтаныс жаңа әлемге енер алдындағы кез-келген бойжеткеннің бүкіл ішкі толғанысы мен қобалжуы, үрейі мен алаңдаушылық сезімі кенеп композициясындағы түстік шешімінде және бейнелік жазылуы мен көркемдік мәнерленуінде өзара қарама-қайшы кеңістіктердің бір орталыққа бағынуынан көрініс тапқан. Ал, өмірдің келесі сатысындағы тың жаңалықтарға деген қуанышы осы кенеп тыныштығын бұза отырып, оны қозғалысқа ендірген, ақ түсте шешілген, қарлығаштар бейнесімен сабақтасады. Нақ осы қарлығаш бейнесі суретшінің жан дүниесінің хабаршысы, алдағы болар, келер жаңалықтың жаршысы, бір кезеңнен келесі кезеңге өтер алдындағы қайта жандану, «түлеу» секілді бастаманың нышаны болмақ. Кенеп композициясының идеологиялық негізін, мазмұндық өзегін, символикалық белгісін де осы кішкене құс бейнесімен сабақтастыруымыз осыдан».

Қ.Үмбетова «Композиция» 2010ж.

Құралай Үмбетова кескіндеген осы бір кенепті интерпретациялай келе, туындының көркемдік мәнері бейсаналы түрде шешім тапқанын және оның суретші өмірінің белгілі бір кезеңінен хабар беретінін жоғарыдағы деректерге сүйене отырып, дәйектей аламыз. Бұл тұжырымдарымыздың мүмкіндігінше дәлдігіне көз жеткізу үшін автормен сұхбаттасқанымызда, ол қандай да болмасын туындысының жазылу барысы бейсаналы түрде жүріп, суретшінің ішкі рухани тазару сезімімен байланысты екенін баяндады. Яғни, көркем туындыны жазу немесе тудыру, бұл, сол процесс аяқталғанша суретші жанына тыныштық бермейтін, оны әлде-қандай көңіл-күйге бөлейтін медитация. Көркемдік шығармашылық процестің межеге жетуімен суретші өзінің рухани тазару процесін де межеге жеткізеді. Нәтижесінде суретшінің тікелей қатысуымен, бейсаналы түрде туындаған туынды авторға әлде-қандай ләззат сезімін сыйлары айқын. Үлкен толғаныс пен күш жігерді қажет ететін бұл медитацияны автордың босауы немесе босануы десек те болады.

Қ.Үмбетова «Мейірім» 2011ж.

Кескіндемешінің көркемдік туындыларының келер сатысын 2008 жылдардағы кенептері арқылы бағдарлап көрсек болады. Ет жақын туыстарын, мысалы анасын, немесе отбасы мүшелерінің бірін бейнелеуде болмасын, ол тұлғалық кейіпкерлеріне портреттік кескін немесе ұқсастық беруді қажет деп таппайды. Құралай негізінен кейіпкерлерін танымсыз күйде қалдырып, қоршаған орта мен көрермен пікірінен тәуелсіз етеді. Сондықтан да болар суретші кенептеріне тұлғалық кейіпкерлер мен көркемдік бейнелерді жалпыластыру тән («Бегім ана» 2003, «Бақыт» 2007, «Композиция» 2009). Олар жалпы бейнелік тұрғыдан ғана танымды болып, кенептің мағыналық құрылымын ашатын, білгілі бір пішінде шешім тапқан көркемдік бейнеге жинақталған кескін болып табылады. Осындай танымсыз тұлғалары суретшінің жанын мазалайтын ішкі «Мені» секілді сезіледі. Бірі автордың психологиялық портреті болса, енді бірі жан дүниесінің кескіні, рухани әлемінің қорғаушысы, тіпті қиял әлемінің саяхатшысы іспеттес. Осы кезеңнен бастап суретші кенептеріндегі мазасыз күй жоғалып, туынды кеңістігі әлдебір лирикалық әуенмен тербеліп, нәзік әуезді көңіл-күйге ұласады. Түстері де бір-бірімен таласпай, өзара салмақты сипат алып, кенеп кеңістігіндегі мызғымастық пен тұрақтылықты нығайта түседі. Осындай тұрақтылық пен алаңсыздық сезімін Құрлайдың «Кездесу» (2008), «Мейірім» (2011), «Жанұя» (2011), «Қадам» (2011), «Мамыражай» (2009), «Иіс» (2011), «Бақыт» (2007) атты туындылары айшықтай түскендей.

Тырнақ алды туындыларының бірі саналатын «Тыныштық» кенебі Құралай өмірінің көктемі. Туындының өзі де кенеп кеңістігіндегі қарлығаштар сынды суретші шығармашылығындағы көктемнің хабаршысы ретінде қарастыруға сұранып тұрғандай. Ал, отбасылы өмірінің көріністерін кескіндейтін көркем туындыларын мамыражай, мейірім мен шуаққа толы, жылуы мол, шексіз махаббаттан туындаған шығармашылығының алаңсыз жазы десек те болады.

Қ.Үмбетова «Қадам» 2011ж.

2011 жылы Құралай тұңғышының өмірге келуімен және отбасылық өмірінде орын алған өзгерістерді баяндайтын бірнеше туындылар жазады. «Мейірім», «Қадам» атты кенептерінде вертикаль форматты таңдай отырып, композицияны жоғарғы ракурстан бақылау арқылы шешеді.

Құралай шығармашылығы үшін осы жыл жемісті кезеңге айналды десек те болады. Бұл уақыттағы кенептері отбасы бақытына, ондағы тұрақтылық пен сенімге, аналық мейірім мен шуақты естеліктерге арналған. Алаңдаушылық сезім мен бейқам алаңсыздықтың бір кеңістікке тоғысқан үлгісін осы жылы жазылған «Мейірім» атты туындысынан көре аламыз. Тік форматта тұтастай көненің көзіндей болған, тарихтан сырт шертетін қызыл-күрең түсті тақыр кілем нақышына келтіріле кескінделген. Ботамойын, ирек, сынық мүйізді геометриялық өрнектермен көмкерілген кілемнің жақтауы ерекше көзге түседі. Балалық шақтан таныс, көкейімізде өткен күнге деген сағыныш сезімін оятатын бұл түстер ұлттық сипатымызды айқындай түскендей. Кенеп композициясының орталығында кілем үстінде оның жиек сызығының иірімін ырғақты қайталай ұйқыға кеткен екі жанды көреміз. Тұла бойы тұңғышын бауырына ала, оны жан-жағынан өз денесімен қорғаштай түскен анасы мен баласы ақ, қара, сары және көк түстердің үндестігінде шешілген.

Қ.Үмбетова «Мұрагер» 2015ж.

Сәбиін ұйқыға жатқызған анасының бір сәтке көзі ілініп кеткендей. Соның өзінде әйел адамның дене тұрқынан, баласын құшағына тарта түскен қолдарынан мазасыз күйін, жаныңа тыныштық бермейтін, тек анаға ғана тән алаңдаушылық сезімін байқаймыз. Ал, сәбиі өмірдің барлық қауырт тіршілігінен бейхабар. Ол алаңсыздық пен тұнықтай мөлдір тазалықтың белгісі. Суретші сәбиі мен өзін сыртқы күштерден қорғағысы келгендей жиек сызықтарын пайдаланып, кескіндемелік туындыға графикалық нақыш береді. Туынды қарама-қайшылық заңына жүгінген. Бұны тек бала мен ананың, ашық пен қою түстердің қатынасынан ғана емес тарих пен бүгінгінің сабақтастығынан да көреміз. Туындыдағы аяны толығымен қамтыған кілем атадан балаға жалғасқан бірнеше буынның куәгері. Асыл қазынаға айналған қолөнеріміз, бабалар дәуірінің дүниетанымдық көзқарасын бізге қалтқысыз тасымалдаушы. Осылайша автор екі бірдей тарихи кезеңді бір-бірімен сабақтастыруға тырысып, ұрпақтар жалғастығын бейнелеу шеберлігінің көркем тілімен жеткізеді.

Ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы бейнелеу өнерінде ұдайы көтерілетін өзекті мәселелердің бірі. Әр дәуірде суретшілер осы тақырыпқа бірізді қалам тартып отырған. Леонардо да Винчидің «Әулие Анна Мариямен және сәбимен» атты туындысы осы сөзіміздің дәлелі. Отандық бейнелеу өнерінде де осы пікірімізге мысал боларлық туындылар аз емес. Кеңестік кезеңдегі суретшілердің ең көп тоқталатын тақырыптарының бірі еді. Мария Лизогубтың «Ертегі» (1958 ж.), Әли Жүсіповтың «Менің Отанымның әйелдері» (1965 ж.), Сабыр Мәмбеевтің «Киіз үй жанында» (1958 ж.), Үкі Әжиевтің «Қазақ мадоннасы» (1979 ж.), Әбдірашит Сыдыхановтың «Тоғызыншы ықшам ауданы» (1972 ж.) және т.б. суретшілердің осы сарындас туындылары көпшілікке танымал. Негізгі идея мен тақырыпты тарқатуы бір болғанымен, әрбір суретші сол тақырыпқа деген өзінің көзқарасын, тұжырымын, композициялық құрылымын ұсыну арқылы дара қолтаңбалық ерекшелігін айқындауға барынша күш салады. Құралай Үмбетовада осы жолда аталмыш туындылары арқылы өз ізденісі мен шеберлігін шыңдай түседі.

Қ.Үмбетова «Шежіре» 2011ж.

Суретші тік форматпен қатар кеңістікпен де эксперимент жасайды. Бұған оның «Қадам» атты кенебі дәлел болмақ. Туындының тақырыбы айтып тұрғандай ол ұлының ең алғашқы еңбектеп басқан қадамына және өмір жолындағы алар белесі мен бағындырар шыңдарына арналғандай. Қым-қиғаш сызықтармен шақпақтана түскен едендегі линолиум жазықтығынан аспанмен астасқан биік мұнаралы көп қабатты үйлер силуэті мен ақша бұлттары қалықтап көшкен көк аспан сығалап, кеңістік керіле түседі. Еденде еңбектеп бара жатқан бала бір сәтте көкке, белеске өрмелеп бара жатқанда әсер қалдырады. Сәбидің бұл әркетін жанында қимылсыз жатқан доп қана тоқтатқандай. Дөңгелек пішін қозғалыстың символы. Қыры жоқ форма әрқашан еңіс жаққа қарай ауып кетуге даяр тұрады. Сондықтанда ол көңілге тұрақсыздық пен сенімсіздік ұялатады. Алайда, суретші оның жиегін контурлап, көлеңкесін қоюлатып беру арқылы салмағын арттырып, оны мызғымастай қозғалыссыз күйге келтірген. Кішкене ғана доптың қозғалыссыз бейнесі көрермен көзін оның жазықтықта орналасқанына иландырады. Көзімізді едендегі сызықтарды бойлай кенептің жоғарғы жағына қарай баламен бірге жылжытсақ жазықтықтың кеңістікке ұласқан сәтін тамашалап, қиылға ерік беберіміз айқын. Жазықтық кеңістікке ұласып, туындыда олардың иллюзиясы кезек-кезек көрермен назарын аулап, алдайды. Осылайша Құралай салыстырмалы түрде ұлының алғашқы адымын, өмірлік қадамы ретінде қабылдап, оның алар асуы мен шығар биігінің белестерін сатылап қойып шығады. Шақпақты лилониум бедерін сәтті пайдалана отырып, еден мен аспанның 3D көрінісін жасаған ол перзентінің болшақ ғұмырының бұлыңғыр болмауын тілейтіндей. Аспанының ашық, жолының дара, алар белесінің айқын болғанын қалайтынын байқаймыз. Бұл тек Құралай үшін ғана емес, әрбір ана үшін ең асқақ арман болып табылады.

Графикалық нақышын арттыра отырып, компьютерлік мүмкіндіктерді кенепте майлы бояудың көмегімен шебер жеткізген суретші туындысында жазықтық пен кеңістікті ойнатып, көңіл-күйді барынша әсерлі беруге ден қояды. Құралай Үмбетова өз өмірінің әрбір сәтін қылқаламына арқау ете отырып, оны жалпы адамзаттың өмір туралы толғаныстары ретінде қарастырады. Камералық сипатқа ие отбасы бақыты мен қуанышы суретші үшін шығармашылық азыққа айналады. Ол отбасылық арман тілектері арқылы мейірім мен махаббатқа толы жүрегін көрерменіне ұсынып, қатал да қатыгез сынаққа болы өмірге тамшыдай болса да жылулық құйғандай әсерде қалдырады.

Қ.Үмбетова «Иіс» 2011ж.

Әрбір кенебінде, кезекті туындысында өмірдегі, өнердегі өзін іздейтін суретші тәжірибе жасаудан жалыққан емес. Шығармашылық жолында осыған баса назар қойған Құралай бүгінгі күні арманның асау тұлпарын ауыздықтағандай. Осындай үміт пен ізгі тілектен жинақталған көркем туындылары кескіндемеші өмірінің елеулі кезеңдерінің басқыштары іспеттес.

Суретші ғұмыры, жалпы шығармашылық тұлға өмірі үздіксіз ізденістен тұратынын ол ең алғашқы туындыларын жаза бастағанда-ақ ұққан еді. Сондықтан да Құралай көркем туындыларында позитивті болашақ пен бақытты өмірді бейнелей отырып, бейсаналы түрде алдағы өмірін жоспарлайды. Яғни, мақсат айқын болған жерде, нәтиже сапалы болатыны сөзсіз. Бұған жас та болса жемісті шығармашылығымен көрермен көңіліне әлдеқашан жол тартқан Құралай Үмбетованың көркем туындылары дәлел.

Қолданылған материалдар:

  1. Власов В. Новый энциклопедический словарь изобразительного искусства. Т 5. – СПб: Азбука-классика, 2006.
  2. starfate.ru Древние символы. Птицы. Ласточка.
  3. e-reading.club  Символы словян. Ласточка.
  4. Гура А. В., Символика животных в славянской народной традиции. М., 1997. С. - 618-633.