Мақала
Қазақ бейнелеу өнеріндегі әйел бейнесі
Суретші-график Ағымсалы Дүзелхановтың шығармашылығындағы әйел бейнесінің ерекшелігі
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 17.10.2017
Авторы: Айжан Түменбай
Мақала
Қазақ бейнелеу өнеріндегі әйел бейнесі
Суретші-график Ағымсалы Дүзелхановтың шығармашылығындағы әйел бейнесінің ерекшелігі
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 17.10.2017
Авторы: Айжан Түменбай
Қазақ бейнелеу өнеріндегі әйел бейнесі
Көктем. Наурыз. 1999ж.

Бейнелеу өнерінің қандай саласында, немесе қандай жанрда болмасын әйел бейнесі ерекше орын алады. Суретшілердің шығармашылығында жиі кездесетін образдардың бірі - әйел бейнесі.

Жалпы бейнелеу өнеріндегі әйел бейнесі сонау палеолит дәуірінен бастап қалыптаса бастаған. Алғашқы қауымдық өнерді зерттеу барысында ғалымдар тек сол кезеңге ғана тән әйел бейнесін тапқан. Ол мүсіншелер, яғни «Венералар» - деп аталды. Олардың көлемдері кішкентай және бет- әлпеттері бейнеленбеген күйінде болды. Венералардын дене пішіндері қазіргі таңдағы біз білетін сұлулықтан алшақ болса да, сол замандағы адамдар үшін бұл нағыз сымбаттылық болып есептелген.

Әлемдік суретшілердің шығармашылығын әйел бейнесінсіз елестету мүмкін емес. Мысалы: Сандро Боттичелли «Венераның туылуы» (1482-1483 ж.ж.), Эдгар Дега «Бишілер» (19 ғасыр), Эдуард Моне «Олимпия» (1863 ж.), Ван Гог «Арлезианка» (1888 ж.), Рембрандт «Саскидің портреті» (1633 ж.), Леонардо да Винчи «Джаконда» (1503 ж.) және т.б. әйгілі суретшілердің нәзіктікке толы туындыларын атап өтуге болады.

Ал, қазақ бейнелеу өнерінің қаламгерлері нағыз қазақ әйелі бейнесі ретінде: Әбілхан Қастеевтің «Қарындасымның портреті», Қанапия Телжановтың «Жамал», Үкі Әжиевтің «Қазақ мадоннасы» сынды туындыларын келтіруге болады болады.

Суретшілердің шығармашылық туындыларында тіршілік болмысты түйсіне лирикалық сезім мен ұлттық менталитет, ондағы философиялық ұғымды таныту мәселесін мақсатталғанын көреміз.

Көктем.1998ж.

Жалпы әйел тақырыбында бейнелемеген, жырламаған, әндетпеген жан жоқ шығар. Негізінде «Әйел» – көп мағыналы терең ұғым. Бұл тақырып қай жанрда болсын қиын шешім. Тақырыптық бейнені мағыналы ашу көрегендікті, сезімталдықты талап етеді. Осындай тақырыпта өзінің ерекше дарындылығын танытқан суретшілердің бірі Ағымсалы Дүзелханов. Суретшінің шығармасындағы әрбір әйел бейнесі тақырыпқа байланысты лирикалық сезімге толы, оның ұлттық нақышын ашатын көркем нәрлі колориті сюжеттің толыққанды мазмұндық болмысын терең ашқан.

Ағымсалы Дүзелхановтың шығармашылығында арқау болған образдардың бірі – қазақ әйелінің бейнесі. Жалпы алғанда бейнелердің топтама немесе жеке сипаттағы сюжеттік идея бір арнаға келіп жанасады. Яғни, қазақ әйел бейнесіне сай мінез, көрік және де тағдыр бар. Суретші портреттік және пейзаж жанрында шешкен композициялық идеясы бір- бірінің өзіндік ерекше мағынасын толықтырған. Қаламгердің шығармашылығындағы әйел бейнелерін жеке кезеңге бөліп тереңінен талдауды қажет етеді. Оның туындыларындағы әйел бейнесі бірде тарих парақтарынан сыр шертетін болса, енді бірде әйел – ана, табиғат, өмір, тіршілік, махаббат, сұлулық, пәктік, батырлық символына айналады.

Ағымсал Дүзелхановтың бейнелерінде бойын тік ұстаған, тәкәппәр сұлулардың («Тұмар патшайым», «Қыз-Жібек», «Қыз ұзату», «Айман-Шолпан») мінезін көрсете тарихтың шындығы мен дәстүрлі әдеп- ғұрыпымызды, салт-санамызды тереңдете сипаттаған болса, бірде нәзік, қиялына шомылған хас сұлу («Сәукеле киген қыз», «Көктем», «Көл жағасында», «Адраспан», «Көкшетау») бикештердің бейнесінен қазақ даласының жазиралы тылсым болмысын, мәңгілікті, махаббатты жырлағандай.

Суретшінің бейнелері – жаңбырдың тамшысынан жаралғандай. Сол сұлулардың самал желдің ырқына желбіреген ақ бүрмелі көйлегі, зер белдікпен қыналған бешпетті, басындағы кәмшәт бөрігі,әлде бір сазды әуенді есіткендей, селт қараған албырт нәзік жүздері жұмбақ әлемнің сырын шертіп тұрғандай. Сонымен қатар, бұл бейнелерден қазақ ұлттық мәдени-өнеріміздің тарихын зерделеп оқуға болады.

Қыз Жібек.2003ж.

2003 жылы жазған  «Қыз-Жібек» туындысында ұзынша келген кенеп бетінде басты кейіпкер мен оның тағдырын тамаша берген. Ақ боз атқа (Ақбозат) мінген Қыз-Жібектік образын кенептің ортасына келтірген. Көшу жорығын аспанда қалықтап ұшқан аққулардың бірін сыңарсыз бейнелеген шешімі, туындының жоғарғы бөлігінде жайықтың бойын жағалау шапқан жылқы үйірі Қыз-Жібектің фильмін еске түсіреді.

Ал «Айман-Шолпан» 1985 жылғы литографиясында суретші бойжеткендердің тағдырға тәуелділігін көрсетсе, хас сұлулардың бойынан ғашықтық жыры төгіліп, сазды ғажайып әлемге еріксіз еніп кеткен сәтті тамаша бере отырып, Айман мен Шолпанның ақыл парасаттылығын, тәккәпарлығын бір реңмен түсіндірген. Ақ қара реңнің өзіндік ерекше үлестіре нақты суреттеген.

«Қыз ұзату» 2002 жылы туындалған кескіндемелі жұмысында дәстүрлі әдеп-ғұрыпымызды, салт- санамызды тереңдете сипаттаған. Жалпы айтқанда қазақ халқының көне заманнан бастау алған сәндік- қолданбалы өнеріміздің саласының өзіндік ерекшелігін суреттеген. Киімдеріндегі өрнектері, бойына таққан зергерлік әшекейлер: сырға, өңіржиек, шекелік, зер белдік, зер белдікке тағылған  қалталар, торсық, жүзік, білезік, шашбау-шолпылар, сәукеледегі өз орнымен тағылатын әшекейлерді анық бейнелеген.

1987 жылы жазған нәзік те, өзінің қиялына шомылып тұрған «Сәукеле киген қыз» атты туындысында кеудесін бір арман кернеген хас сұлудың бейнесі суреттелген. Негізінде, бұл туындыда суретшінің жары Гүлнәзия Қастеева бейнеленген. Қасын кере көзінің қиығымен қараған аққұба келген сұлудың пәк сезімі, бойында бір мінсіз көркі мен парасаттылығы тамаша берілген. Сұлуды ұлттық киімде суреттеген. Мұнда тек әйел жанының өмірлік образы ғана емес, ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық даналығымыз, ұлықтылығыз дәріптелген.

Сәукеле киген қыз.1987ж

Уақыт қозғалысы жылжыған сайын, ұлттық көзқарас жан-жақтыланса да, олар өзінің ішкі қасиетін жоғалтпай мектебін бағалап, сақтап отыр. Суретші ұлттық жүйені өздерінің көзқарастары мен сезімдерінің негізі арқауы ретінде қарады. ХХ ғасыр философиялық ойлар ағымы ашылған ғылыми жаңалықтармен қатарласып жатқан кезеңге саяды.

Суретшінің бір қатар сақ патшайымы «Тұмар патшайымы» (Томирис) бейнесін әртүрлі формалық кеңістікте танытып отыр. Айталық, бірде сарбаздарын бастап ұшқытып келе жатқан болса, бірде сарбаздарының алдында жігерлене уағыз атып тұрғанын көрсетеді, кейде тізе бүккен жауының алдында айбарлы образы бейнелеген. Бірақ, бәрінде бойын тік ұстаған, бір мін жоқ, ақылына көркі сай хас сұлу әйел бенесі, батыр бейнесі және батыр ана бейнесі беріледі.

Суретшінің 2000 жылдары жазған «Тұмар патшайым» кескіндемелік туындысында қайғысын ішіне жұтқан хас батырдың бейнесі ұтымды бейнеленгендігін көреміз. Сонымен қатар, композициялық шешімінде жасақтарының ортасында сәйгүлік үстінде қасқайып отырған Тұмар ханымның патшалық мінезге сай бейнесін суреттеуде қаламгер былғары белдігіне таққан қылышы мен семсері, алтынмен көмкеріліп өрнектелген жасыл түсті шапаны, қаһарлана келген аппақ бет жүзін кимешек пен шошақ басты бөрігінің сәнділігі жасырып тұрғандай. Туындыда бейнеленген әрбір жасақтарын нақтылай көрсетсе, бір жағынан Томиристің жігер бергенімен, қайғыдан қан жұтып, көңілін мұң шалып, жарық күніне түн  басқандай ішкі сезімін көруге болады.

Ал, 1986 жылы туындалған «Шайқас. Амазонкалар» литографиясында, 2000-2005 жылдары жазған «Ұрыс алаңы. Тұмар патшайым» (Амазонкалар), «Сақтар» кескіндемесінде «Ана» көңіліне қаяу түскен образдың басқа қырынан да суреттейді.

Жалпы алғанда, мұнда «Сақ» баласы сілкініп, қыздар атқа мініп, Тұмар патшайымға жігерлерін білдіре айбарланып жауға той-тарыс берген сюжеттік композицияны қағаз бен кенеп бетіне ұрандық серпіліспен бейнелегендей. Ел басына күн туғанда жұмыла бірігіп, жеріне табан басқан жаудың ордасын талқандап қанға бөктіріп, азаттық үшін ту тіккен ата бабамыздың рухтық дастаны осы туындыларда жырланған.

Суретші Томирис бейнесін суреттеуде көп ізденісте болғаны байқалады. Әр мінезде, яғни оның тақырыптық композиция құру, немесе сюжеттік көріністе жекелей көрсету жоспарында ұтымды шешкен. Айталық жау оғына көкірегін тоса шайқасқан («Ұрыс алаңы. Тұмар патшайым» (Амазонкалар)), Тұмар мен оның жасақтарының арасында әйелдерден құралған амазонкалар деп аталатын сарбаздардың болғаны тарихта да дәлелденген. Олар небары он үш, он бес жасар қыз балалар болған екен деген Герадот жазбасында айтылып кеткен. Деректерде «Амазонкалар» қорқу, сескену дегенді білмейтін, ат үстінде ойнайтын, бар қару-жарақтарды қолдану әдісін еркін, жетік меңгерген жасақтар болған деседі.

Шығармашылық ойды жүзеге асыру - процесті ұлттық, көркемдік форма мен ондағы кеңістіктің құрылымының ерекше орындалуында. Суретшілердің шығармашылықтағы ұстанатын бір принциптері ұлттық философиялық ұғым, эстетикалық түсінік және дүниетаным болып табылады.

Қазақстанның 80-90-шы жылдардағы бейнелеу өнерінде ұлттық тарих пен қазіргі кезеңнің өзара байланысын айқындайтын мәселелерге, оған қоса жалпы адамзаттың рухани, мәдени мұраларын және өз халқының дәстүрін құрметтеу сезіміне тәрбиелейтін құбылыстар негізделді. Бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген суретші Ағымсалы Дүзелханов қазақ өнерінің қазіргі жағдайын толығырақ түсініп, оның болашағының ақиқатын бейнелей, табиғи көркем заңдылықтарын жаңа міндеттерде пайымдаудағы ізденістерін көреміз. Суретшінің қолтаңбасының дара, ерекшелігі тіршіліктің өзіндік философиясын өз бояуында бейнелеп, өмір туралы хикая шертіп тұрғандай әсер қалдырғандығында.

Қаламгер А. Дүзелхановтың қазақ бейнелеу өнеріндегі алатын орны - оның көркемдік ізденістерінің сан қырлы идеясы және оны жеткізу сауаттылығы мен жаңашылдығында.

Сонымен бірге, әлемдік бейнелеу өнерінің озық жетістіктері мен түрлі стильдік тенденцияларын бағдарлап, өз шығармашылығында ұтымды пайдалана білуі – оның негізгі ерекшеліктердің бірі. Оның әр шығармалары өзіндік өмір кешеді, әрі көрерменді бей- жай қалдырмайды.

Бейнелеуші және айқындаушы құрал тәсілдер шығарманың көркемдік тілін, оның мазмұнын айқындайды. Дүниетанымдық тұжырымы мен көркем стильдің динамикалық өзгерістерінде байқалатын көркем образдың жасалу жолдарының жалпы заңдылықтары уақыт талабына сай өзгеріп тұрады. Өнердегі тілді, образдық жүйені ұлттық мәнерде көрініс тапқанын мақсаттайтын міндеттердің негізін тұрақты тұрғыда қарастырады.

Ұлттық мектепті қалыптастырып танытудағы социализмдік саясат жалпы қазақ кәсіби өнерінде маңызды орын алды. Суретшілердің ұлттық мектепті таныту идеялық ізденістері біріншіден – мазмұны социалистік болып келген шығармашылық туындыларында интелектуальдық, итернациональдық, эстетикалық мағынада, екіншіден – жалпы композициялық шешімдерінде формасы мен көркемдік жағынан ұлттық нақыш, мәнер және ұлттық психология да көріне бастады. Мұндай процесті жүзеге асыруда суретшілердің шығармаларында негізгі тақырыптық композициялар ұлттық қоғамның мәдени-этникалық менталитетін әр қырынан танытты.

Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелханов

Қолданылған материалдар:

  1. Қожахметова М. «Көне дәуір поэзиясы» суретші Ағымсалы Дүзелхановтың шығармашылығы. // Ақжелкен журналы 1996., №1
  2. «Өнерлі отаудан шыңдалған шебер» Дүзелхановтың шығармашылығы. // Алматы ақшамы газеті 1999., 12 ақпан
  3. Өмірбеков Б.Е. «Ұлттың рухын ұлықтаған дарын» Дүзелханов А. Шығармашылық альбомы. Алматы «Өнер», 2005
  4. Барманкулова Б. Изобразительное искусство Казахстана. -Алма-Ата, 1980.
  5. Ергалиева Р.А. Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана.- Алматы, 2002.
  6. Ергалиева Р.А. Переломление фольклорных образов в живописи
  7. Ергалиева Р.А. Казахское искусство ХХ века и традиционная духовность./ С.б. Традиционное и современное искусство Казахстана и Центральной Азии. -Алматы, 2003