Фестиваль 21-ші қарашаға дейін өткізіледі. Өзіндік тарихы бар бұл шара бүгінде елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналғалы отыр. Оңтүстік астанада бұл жолы бас қосатын меймандар дүниежүзінің түпкір-түпкірінен келмек. Шара аясында әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіледі. Отандық киноөндіріс саласының үлгілеріне дайындалған арнайы бағдарлама бар. Сонымен қатар түркітілдес мемлекеттердің киноларына да баса назар аударылмақшы.
Фестивальдің ашылу салтанатының құрметті қонағы ретінде ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.
- Құрметті қатысушылар! Құрметті қонақтар! Әрине, бүгін бізде ерекше күн, неге десеңіздер, тағы да, біз, Ұлы Шәкен Аймановтың фестивалін өткізіп жатырмыз. Осы фестивальді ұйымдастыруға ұйытқы болып жатқан біздің ең сүйікті де аса қымбатты, еліміздің мақтанышы Асанәлі ағамызға, екінші жақтан қазіргі киногерлер одағының төрағасы, атақты режиссер Ермек Тұрсыновқа, сонымен бірге, Алматы қаласының әкімшілігіне көп рахмет айтқымыз келеді. Фестиваль құтты болсын! – деді өз сөзінде Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сонымен бірге ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты.
- Жаңа фестивальдің негізгі миссиясы - Орталық Азияның жүрегі - Қазақстанда түркі әлемінің кинематографистерін біріктіру. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл толығымен ақталған қадам, себебі түркітілдес халықтардың мәдени диалогы баяғы заманнан бері жалғасып келеді. Ендігі кезекте осы диалогты жаңа, сапалы деңгейде дамыту қажеттілігі туындап отыр. Осындай ұстанымы бар XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі біздің қаламыздың мәдени өміріндегі жарқын әрі қызықты оқиға болатынына сенімдімін, - деді Арман Қырықбаев.
Әуезов атындағы драма театрының алдына төселген қызыл кілеммен әлемдік және қазақстандық кинематографтың танымал жұлдыздары жүріп өтті. Олардың ішінде: ауған режиссері, «Алтын глобус» сыйлығының иегері Сиддик Бармак, «Miramax» кинокомпаниясының вице-президенті, продюсер Розан Коренберг, Голливудтің шетелдік баспасөз қауымдастығының (HFPA) шетел тілдеріндегі фильмдер комитетінің төрағасы («Алтын глобус») Сергей Рахлин, ресейлік театр және кино актрисасы Роза Хайруллина, қазақстандық режиссер және сценарист Серик Апрымов, және тағы басқалар...
Шәкен Айманов ХКФ - бұл «Шәкен жұлдыздары» атты фестивальдің заңды жалғасы. Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын қарайтын фестиваль ретінде қалды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Уақыт өте келе фестиваліміз өркендеп, құлашын жая түсуде. Мінекей, биыл ол мүлдем жаңа форматта көрініс тауып отыр. Жаңарған кинофестивальдің басты концептуалдық идеясы - Орталық Азия жүрегі - Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіру. Тарихқа көз жүгіртсек, түбі бір түркітілдес халықтар арасында мәдени байланыстың тамыры ықылым замандардан жалғасып келеді. Сондықтан бұл жалғастықты жаңа деңгейге көтере отырып, қайта жандандыру - уақыт талабы.
Сонымен қатар, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістер ұйымдыстырылып, оған әлемдік кинематография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.
ХКФ конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Оларға Шәкен Аймановтың картиналарының атаулары берілген. Мысалы «Жол түйісі» бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. «Ата-бабалар мекені» - бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал «Біз осында тұрамыз» бөлімінде қазақстандық киноленталар қаралып, үздік туындыларға ҚР кинематографистер Одағының «Құлагер» ұлттық премиясы беріледі.
Көрермендерге арналған конкурстан тыс бағдарламаның да ауқымы кең. Онда дүниежүзіне танымал классикалық киноленталардан бастап ірі халықаралық кинофестивальдардың жүлдегерлеріне дейін кездеседі. Сонымен қатар, қазақстандық және шетелдік киномайталмандардың қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетілмекші.
Шараны ұйымдастырушы - ҚР Кинематографиястер Одағы
Құрылтайшы- ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен