Абу-Дабидегі Қазақстан киносы күндері

Абу-Дабидегі Қазақстан киносы күндерінің ашылуында "Құнанбай" фильмі көрсетіледі.
Абу-Дабидегі Қазақстан киносы күндері

Бүгін, 27 қаңтарда Абу-Дабидегі «Манарат аль Саадият» мәдени орталығында Қазақстан киносы күндерінің ашылу салтанатында режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында ұйымдастырылған мәдени іс-шараны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ бүгін «Қазақ биі» деректі фильмі көрсетілетінін айта кететін жөн. Бұл туындының режиссерлері – Анвара Садықова және Ғазиз Насыров. Деректі фильмде жас балерина, А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің студенті, халықаралық байқаулардың лауреаты Жанель Ұланованың өнері арқылы қазақ биінің тарихы баяндалады.

Ал ертең, 28 қаңтарда режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы» тарихи кинодиологиясының екі бірдей маусымы – «Алмас қылыш» және «Алтын тақ»  фильмдері ұсынылады. Бұл туындылардың сценариі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» атты бірінші романының негізінде  жазылған.

Қазақстан киносы күндерінің соңғы күні, 29 қаңтарда режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» және режиссер Джефф Веспаның «Әміре» фильмдері көрсетіледі.

Туындылардың барлығы қазақ тілінде (ағылшын тіліндегі субтитрмен) ұсынылатын болады.

Сізге қызық болуы мүмкін: