"Өзбекстан кескіндемесінің антологиясы" көрмесі

2020 жылдың 10 қазан күні Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында жеке коллекциядан "Өзбекстан кескіндемесінің антологиясы" көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге 50-ге жуық туынды қойылған.
"Өзбекстан кескіндемесінің антологиясы" көрмесі

Көрме осы жылдың қыркүйек айында дүниеден озған заманауи өзбек суретшісі Анвар Бахтеевті (1945-2020) еске алуға арналған. Экспозицияда автордың  1996 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта жасаған 13 туындысы ұсынылған. Шебердің шығармашылығының алғашқы кезеңі – бұл негізінен Анвар Бахтеевтің 1970-1980 жылдары жұмыс істеген классикалық реализмнің орнына келген мазмұнсыз кескіндеме болып табылады. Оның 1990 және 2000 жылдардың басында жасаған бірқатар натюрморттары суретшінің асқан шеберлігін көрсетеді. Олардың композициялары барынша толықтығымен және берік өрнектерімен ерекшеленеді. Суретшінің кейінгі кезеңдердегі шығармашылық ізденістері оның абстракционизм, сюрреализм және дадаизм өнеріне деген құштарлығын көрсетеді, бұл қоршаған әлемді бейнелейтін жаңа формаларды интерпретациялауда айқын көрінеді. «А.Бахтеевтің еңбектерінде В.Кандинский мен К.Малевичтің, П.Мондриан мен Р.Делоненің, Х.Арп пен Х.Мироның, С.Дали мен Р.Магриттің мұраларымен белгілі бір  үндесулерді табуға болады, бұл олардың тікелей өзара байланысын білдірмейді, көрермендер байланысы мен өнертанулық салыстырудан тәуелсіз «бөлекше параллелизм» феноменінің дербес табиғатын көрсетеді», - дейді шебердің шығармашылығы туралы өнертанушы Л.Кодзаева.

«Өзбекстан кескіндемесінің антологиясы» көрмесінде есімдері Өзбекстан мен Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия шекарасынан тыс жерлерде танымал суретшілердің туындылары қойылған. Олардың барлығы өзбек мектебінің өкілдері: Зебо Шарипова – заманауи Ташкент суретшісі және еуропалық кескіндеменің үздік дәстүрлерінде орындалған Шығыс әйелінің бейнесі басым келетін романтикалық кенептердің авторы; Абдурашид Юсупов – туған өлкесінің табиғи ерекшеліктерін бейнелейтін көркем пейзаждардың авторы; Лев Резников – күрделі және әрдайым көппішінді сарындардағы импрессионистік кескіндеменің ең жарқын өкілі, оның еңбектері Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясының коллекциясына көрік береді; Сардор Аллабергенов – пейзажшы-суретші, Өзбекстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өз шығармаларында туған халқының дәстүрлеріне және көбінесе Ұлы Жібек жолының тарихына жүгінеді; Исфандиёр Хайдаров – түстердің нәзіктігін сезіне білетін реңші-суретші, оның бір туындысын Париждегі Лувр музейі сатып алған; Николай Банников – кескіндеме формасы батыл жалпылауды, кеңістікті ерекше түсіндіруді, сондай-ақ жергілікті түстерді белсенді қолдануды және сызықтық перспективаны теңестіруді айқын көрсететін суретші; Рузы Чарыев – Өзбекстанның Халық суретшісі, тамаша реңші, көптеген портреттер мен пейзаждардың авторы, оның шығармашылық көзқарасы туған табиғатының бейнелеріне, адамдардың күнделікті өмірі мен психологиясына жақын; Рахимжон Ризамухамедов - Ташкенттегі А.Н.Островский атындағы Театр-көркемсурет институтының түлегі, оның көркемдік қызметінің негізгі бағыты ұлттық сарындар мен туған жері Өзбекстанның тарихы болды; Абдуллаев Абдулхак – Өзбек КСР Халық суретшісі және шығармалары әлемдегі ең ірі жеке жинақтардың көркі болған тамаша портретші; Инна Кулагина – 1990 жылдардағы өнердің ең жарқын өкілі, оның шығармашылығында пішін, ырғақ, кеңістік бойынша эксперименттер айтарлықтай орын алады; Тачат Оганесов – психологиялық портрет жанрының шебері және нәзік реңші қабілеті бар реалистік мектептің дәстүрін ұстанушы. Ол өз туындыларында суық түстерді ұнатады, дегенмен оның кенептерінің түстік гаммасы әрқашан бейнеленген адамның эмоциялық күйімен анықталады; Михаил Есин – пейзажшы-суретші, оның есімі Өзбекстан бейнелеу өнерінің қалыптасу тарихына нық еніп, ұлттық кескіндеме мектебінің негізін қалады.

Көрмеге ұсынылған туындылардың қатарында Николай Титерин, Закир Гульметов, Василий Рысов, Михаил Губанов және басқалары бар, олардың шығармашылығы кейінгі ғасырдағы өзбек кескіндеме мектебінің қалыптасуы мен даму тарихындағы маңызды кезеңдерді көрсетеді. 


Көрме кураторы: Оксана Танская,
Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ экскурсия бөлімінің жетекшісі

Сізге қызық болуы мүмкін: