Жұмақын Қайрамбаевтың IZDER атты тобының «Періште ізі» көрмесі өтуде

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ашылған IZDER IV тобының «Періште ізі» көрмесі Жұмақын Қайрамбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына арналады
Жұмақын Қайрамбаевтың IZDER атты тобының «Періште ізі» көрмесі өтуде
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың және оның шәкірттері мен қонақ суретшілердің «IZDER IV / ПЕРІШТЕ ІЗІ» көрмесі

«Періште ізі» – бұл IZDER тобының тарихи-көркемдік маңызға ие ауқымды жобасы. Көрме Жұмақын Қайрамбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына арналады. Қазақстан бейнелеу өнеріндегі көрнекті тұлға, айтулы ұстаз Ж. Қайрамбаевтың есімі бүгінгі таңда баршаға танымал. Ол қырық үш жылдан астам уақыт аралығында Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып, 150-ден астам шәкірт тәрбиелеген. Оның мектебінен шыққан талантты шеберлердің шығармашылығы Қазақстан көркемөнер мұрасының маңызды бөлігіне айналып, әлемдік деңгейде республикамыздың өнерін абыроймен танытып жүр.

Тарихы 2003 жылдан басталатын Izder-дің алғашқы көрмесі Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өтті. Арада жиырма жылдан кейін биыл төртінші көрмесі ұйымдастырылып отыр. Экспозиция Izder тобының бірінші және кіші буынының 21 жарқын шығармашылық тұлғаларының кескіндемелік туындыларын бір кеңістікте ұсынды. Бұл қалыптасқан көркемсурет мектебі мен дәстүрі туралы айтуға және шебер мен оның ізбасарларының шығармашылық ізденістерінің нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Көрменің басты тақырыбы ретінде суретшілер қазақ халқы үшін қасиетті, сарқылмас шабыт көзі болып табылатын көшпелі мәдениеттің мәңгі серігі – жылқының бейнесіне тоқталған. Қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы жылқымен байланысты болған. Халқымыздың жылқыға қатысты «Ер қанаты – ат», «Арыстан аң патшасы, жылкы – мал патшасы», «Жігіттің сорлысын, аттың жолдысы теңестіреді» - деп айтылған мақал-мәтелдерінде кездеседі. Қазақтар сайгүлігін өте жоғары бағалап, баптап сақтаған, оларды сүйіспеншілікпен «есті жануар», «тілсіз адам» деп атаса, өзінің балаларын «құлыным менің», «құлыншағым» деп атаған. Суретшілердің осы ғажап жануарларға асқан қызығушылығы адам мен арғымақтың өмірдегі тығыз қарым-қатынасының тарихына терең бойлата алған. Ақындар тұлпарға көптеген керемет поэтикалық жолдар арнаса, ал суретшілер сайгүліктердің сымбатына көркем туындылар мен мүсіндер сомдады. Барлық шығармалар көрмеге арнайы жазылып, «реализмнен» бастап, түрлі заманауи бағыттарда шешім тапқан. Алуан түрлі, әрі танымдық экспозиция жылқы бейнесін әр қырынан ашып көрсетеді. Адам өмірінде сәйгүлік – нағыз дос, айнымас көмекші және таусылмас шабыт сыйлайтын күш.

Қайрамбаевтың шығармашылығы сан қырлы, адам мен әлем туралы терең философиялық ойларға толы. Оның картиналарында өткен мен бүгін, асқақтық пен үйреншікті, табиғилық пен адамдық үйлеседі. «Көшпенділер туралы аңыз» картинасында суретші ұлттық дүниетанымға қатысты барлық нәрсені, оның сақталуы туралы ойлайды. Оның картиналарының бейнелері романтикалық қиял мен ассоциативті еске сақтаудан туындайды.

Досбол Қасымов, Мейіржан Нұрғожин, Талғат Тілеужанов және басқа да бірқатар шеберлердің бейнелі әлемі ұлттық дәстүрлермен байланысты. Олар композицияны құру, қозғалысты жеткізу, пластикалық тілді еркін меңгеру, жануарлардың таңғажайып шынайы бейнесін беруімен ерекшеленеді. Олардың сюжеттері бір көргенен түсінікті және ол көлемді кең әңгімеге айнала түседі.

Азат Табиев пен Аққали Закирдің «Балалық шақ, «Құланшы», «Музыкант» шығармаларында түс негізгі форма түзуші элемент болып табылады, қанық комбинациялар, түстік жазықтықтармен ойнау таң қалдыратын әлемді жасайды.

Жас шеберлер Нұрбол Нұрахмет, Алмас Орақбай, Бейбіт Әсемқұл, Алмас Нұрғожаев, Дарья Қайрамбаева, Оралбек Қабөке, Бақыт Сейсенханұлы сипаттау тәсілінің әсерінен шығып, өмірдегі және қоғамдағы мәселелер туралы айтуға тырысады. Олардың шығармаларында бірден қорытынды жасауға дайын «тәсіл» бермейтіні айдан анық, бірақ көрерменнің өзіне суретшілер өздеріне және замандастары үшін маңызды деп санайтын мәселелер туралы ойлануға, сюжетті түсінуге шақырады.

Суретшілер Дулат Үсенбаев, Мөлдір Сағындықова, Мадина Нарбаева көркемдік мәнерліліктің жаңа жолдарын, бейнелер шешіміндегі жаңа реңктерді белсенді түрде іздеу үстінде. Олар шартты бейнелеу тәсілінен «символикалық» тәсілге, фигуративтіден «концептуалды» сияқты түрлі көркемдік құралдарды игеруде.

Көрменің жеке бөлімінде достарына қолдау көрсеткен қонақтар, республиканың танымал суретшілері – Қазақбай Әжібекұлы, Бахытнұр Үрдесбеков, Әли Бақтыгереев, Ералы Оспанұлы, Серік Тайнов, Саид Атабеков, Нұрлан Қилыбаев, Нұршидин Баратовтың туындылары ұсынылған.

Көрменің «Періште ізі» атауы терең мәнге ие. Бұл сөзбен ата-бабаларымыз тұлпар тұяғының ізі қалған бір уыс топырақты бейнелеп айтқан. Осы топырақтан ырымдап бесіктегі нәрестенің жастығының астына салған. Кейде оның емдік қасиеті бар деп, нәрестені шомылдыратын суға да қосып отырған. Қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше болғанының дәлелі, еліміздің әр аймағында арғымақ бейнесі кескінделген тастардың сақталғаны. Осы сияқты тұлпар тұяғының ізі бейнеленген тастарды барлық жерлерде «тұлпартас» деп атаған.

Жұмақын Қайрамбаев бірегей суретші, ол ортақ альма-матер мен шеберханаға біріккен, шығармашылық диалогқа дайын, сонымен бірге өзінің шығармашылық идеяларына адал талантты суретшілер тобын тәрбиеледі.

2023 жылдың 29 сәуір күні сағат 11.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде IZDER тобының "Періште ізі" көрмесінің талқылауы өтеді.


Көрме жетекшісі Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ-ің «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Самал Мамытова.

Сізге қызық болуы мүмкін: