Қанафия Телжановтың мерейтойлық көрмесі ашылды

Рестроспективтік көрмеге Қанафия Телжановтың шығармашылық жолының негізгі кезеңдерін қамтитын Ә. Қастеев атындағы ҚӨМ қорындағы 70-ке тарта кескіндемелік және графикалық туындылары қойылды.
Қанафия Телжановтың мерейтойлық көрмесі ашылды

2017 жылы 14 наурызда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның халық суретшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО халық суретшісі Қанафия Телжановтың туғанына 90 жыл (1927-2013) толуына арналған «Отан туралы дастан» атты суретші туындыларының мерейтойлық көрмесі ашылды.

Рестроспективтік көрмеге Қанафия Телжановтың шығармашылық жолының негізгі кезеңдерін қамтитын Ә. Қастеев атындағы ҚӨМ қорындағы 70-ке тарта кескіндемелік және графикалық туындылары қойылды. Бүгінде Қанафия Телжановтың эпикалық қарқыны мен көркемдік орындау шеберлігі жөнінен таңғажайып туындылары ұлттық бейнелеу өнерінің «алтын қорының» бір бөлігін құрайды. Қылқалам шеберінің кескіндемелерін қазақ халқының өмірі мен тарихы жөнінен баяндайтын нағыз көркем дастандар мен туған елінің гүлденуіне өзінің адамгершілік міндетін абыроймен аянбай атқарып жүрген қарапайым колхоз еңбеккерлері, балықшылар мен жұмысшылар жайлы әңгімелер деуге болады.

Қанафия Темірболатұлы Телжанов 1927 жылы 1 мамырда Омбы қаласында дүниеге келді. 1953 жылы И. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын Михаил Авиловтың шеберханасында оқып, тәмамдады.1949 жылдан көрмелерге қатысушы. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ берді. Телжанов – 1976 жылы ашылған Қазақ КСР Мемлекеттік өнер музейінің бірінші директоры. Осы қызметте жүргенде мұражай коллекциясын кеңейтіп, ұлттық және әлемдік өнерді дәріптеуде көп жұмыс атқарды.

Қанафия Телжанов екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Көптеген халықаралық, бүкілодақтық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Телжановтың шығармашылығының диапазоны аса ауқымды. Ол тарихи және тұрмыстық кескіндемелердің, портреттік және пейзаждық туындылардың авторы. Экспозицияға шебердің «Бүркітпен аңға шығу» (1954), «Атамекен» (1958), «Көкпар» (1960), «Тыныштық» (1964), «Қыз қуу» (1966), «Қазан» триптихы (1970) және т.б. кірді.

Қазақ кәсіби кескіндеме мектебінің негізін салушылардың бірі Қанафия Телжанов бүкіл өмірі мен құдіретті дарынын өз халқына, гуманизмнің жарқын идеалдарына, Жоғары Өнер жолындағы шабытты жасампаздыққа арнады.

Әмір Жадайбаев

көрме жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты

Сізге қызық болуы мүмкін: