Әшірбек Төребайұлы Сығай – 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген.
Қазақ театр өнеріндегі сын саласының көрнекті өкілі, театр сынының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ә.Сығай "Іңкәр шақ" (1978), "Сыр сандық" (1981), "Сахнаға сапар" (1990), "Жарнама алдындағы ой" (1993), "Сахна саңлақтары" (1998; Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы, 2000), "Театр тағылымы" (2003), "Толғам" (2004), "Талдықорған театры" (2005) сынды кітаптардың авторы.
Ол В.И. Ежовтың "Бұлбұлдар түні", О.Ш. Иоселианидің "Арбаң аударылғанша", Ж.Б. Мольердің "Еріксіз үйлену", К.Гольдонидің "Күлкілі оқиға", Ш.Роквидің "Мазасыз әжей", т.б. шығармаларды қазақ тілінде сөйлетті.
Сын сардары, ұлағатты ұстаз Әшірбек Сығай қазақ театр өнеріне ғана емес, еліміздің қоғамдық өміріне де белсенді араласты. Мемлекеттік қызметте отырып, өнер жанашыры ретінде атқарған еңбегі ел есінде.
Ол Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Кентау (1997) және Түркістан (2001) қаларының, Онтүстік Қазақстан облысының (2014) құрметті азаматы.
Театр сынының шебері, өнер қайраткері Әшірбек Сығайды еске алу кеші, театр өнеріндегі ізденушілер, театртану ғылымының жолына бет түзеген білімпаздар, сондай-ақ, өнерсүйер қауым үшін маңызы зор кеш болмақ. Бұл – ұлыларымызды ұлықтау, олардың еңбегіне құрмет көрсету, шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау және тұлғалардың рухына тағзым ету жолында жасалған айтулы іс-шара болып табылады.