Қазақстан драма театрлары фестивалінің қорытындысы

Сарыарқаның төсінде орналасқан елордамызда қатарынан бірнеше халықаралық, республикалық театр фестивальдері өтіп, бүгінгі театр ошақтарының тынысымен көрермен қауымды кеңінен таныстырды.
Қазақстан драма театрлары фестивалінің қорытындысы

Гүлім Көпбайқызы

кинотанушы, өнертану магистрі


Биылғы жыл –
қазақ театр ордалары үшін бұрынғы жылдардан ерекше есте қалары хақ. Ерекше
дейтініміз сол, 
Сарыарқаның төсінде орналасқан елордамызда қатарынан бірнеше халықаралық, республикалық театр фестивальдері өтіп, бүгінгі театр ошақтарының тынысымен көрермен қауымды кеңінен таныстырды. Қазақ театрының өткеніне көз жүгіртіп, бүгінін бағамдап, келешегіне
зор үмітпен қарайтын өнер мамандарының басы бір арнаға тоғысып, шығармашылық
турасындағы пікірлерін ортаға салысты.

Бағыты мен бағдары, мазмұны мен мәні тұрғысынан
ерекшеленген өнер мерекесінің бірі – 2017 жылдың 9-13 қыркүйек аралығында «ЭКСПО 2017» Халықаралық мамандандырылған
көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында
Қазақстан
Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан театрлар
ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен халқымыздың көрнекті тұлғасы,
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, театр
сыншысы – Әшірбек Сығайдың 70
жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXV республикалық театр фестивалі болды.

Бұл фестивальдің
негізгі мақсаты – бар ғұмырын театр өнеріне арнаған сарабдал сыншы, бірегей
театр қайраткерінің шығармашылығын халыққа кеңінен дәріптеп, соңынан қалдырған
мұраларын жаңғырта отырып, есімін ел есінде мәңгі қалдыру.

Аталмыш фестивальге соңғы
театрлық маусымдарда тұсауы кесіліп, беделді театр мамандарының, сыншылардың
жоғары бағасына ие болып, бұрын фестивальдерге қатыспаған  үздік
қойылымдар қатысты.  Атап айтар болсақ, Ғ.Мүсірепов атындағы
Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Атырау облыстық
Махамбет атындағы қазақ драма театры, Республикалық академиялық неміс драма
театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ
музыкалық драма театры,
Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана қаласының Жастар театры, Шығыс
Қазақстан облыстық «Дариға-ай» жастар театры, «Жас сахна» театрларының ұжымы. 

Фестиваль қойылымдарына Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның  халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың
лауреаты, көрнекті театр және кино актері,
режиссер, профессор  Асанәлі
Әшімов, «Театральная жизнь»
журналының бас редакторы Олег Пивоваров, әдебиет
және театр сыншысы, мәдениет және БАҚ сарапшысы Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің
иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова, өнертану  докторы,
профессор  Бақыт Нұрпейіс қазылық
етті.

Бес күн қатарынан көрермен назарына
ұсынылған қойылымдарға қазылар алқасы кәсіби сараптама жасап, өзіндік
пікірлерін ортаға салды. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша:

  • «Үздік спектакль» номинациясымен «Ричард III» спектаклі үшін Шығыс Қазақстан облыстық
    «Дариға-ай» жастар театры;
  • «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясымен Қ.Қуанышбаев
    Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Т.Теменов «Аққудың көз жасы...» спектаклі үшін;
  • «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясымен Жас Сахна театрының режиссері Б.Абдурразаков
    Т.Джюдженоглудың «Көшкін» спектаклі үшін;
  • «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен «Бас» спектаклі үшін Атырау облыстық
    Махамбет атындағы қазақ драма театры;
  • «Үздік әйел бейнесі» номинациясымен Астана Жастар театры Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» спектакліндегі Сұлу ролі үшін  Назгүл
    Қарабалина;
  • «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен Ақмола облыстық орыс драма театры «Панночка» спектакліндегі
    Хома Брут ролі үшін  Андрей Владимиров;
  • «Режиссерлік дебют» номинациясымен Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық балалар
    мен жасөспірімдер театрының репертуарындағы М.Горькийдің «Шыңырау» спектаклі үшін Данияр
    Базарқұлов;
  • «Орыс
    классикасын ерекше сахналағаны үшін»
    номинациясымен Республикалық
    академиялық неміс драма театрының режиссері Н.Дубс Н.Гогольдің «Ревизор» спектаклі үшін марапатталды.

 

Сондай-ақ,
«Үздік театртанушы»  номинациясымен
театр сыншысы Меруерт Жақсылықова марапатталды. 

Театр өнерінің көрнекті өкілі,
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал
театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма
театрларының XXV республикалық фестивалі Қазақстандағы театр өнерінің бүгінгі
даму бағыттары мен көркемдік келбетін
зерделеп, өзара шығармашылық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, театр
өнеріндегі сабақтастықты сақтап, жаңашылдық үрдістерді дамыту, дарынды актерлер
мен режиссерлерге қолдау көрсету мақсатындағы  ерекше фестивальдің бірі болды.

Барша өнер иелерін, жеңімпаздарды
марапаттарымен құттықтап, шығармашылықтарына шалқар шабыт тілейміз! 

Сізге қызық болуы мүмкін: