Мақала
Аманкелді Мұқан. Бүгінгі қазақ драматургиясы мен театры
Бөлім: Театр
Датасы: 28.12.2016
Авторы: Аманкелді Мұқан
Мақала
Аманкелді Мұқан. Бүгінгі қазақ драматургиясы мен театры
Бөлім: Театр
Датасы: 28.12.2016
Авторы: Аманкелді Мұқан
Аманкелді Мұқан. Бүгінгі қазақ драматургиясы мен театры

Ресей отаршылдығы, оның заңды жалғасы Кеңестер одағының  халқымыздың жадына салған жарақаты тереңде. Одан айығудың жолы тәуелсіз қазақ елінің жаңа буын азаматтарын өсіру. Аға ұрпақ санасында сақталып қалған сызатты тегістеп, келешегіміз - жастар бойында елі мен жерін сүйетін, отаны мен халқының өсіп өркендеуіне тірек болатын жаңа формациядағы ұрпақ тәрбиелеу. Мұндай мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс-шарадан отандық театр өнері шет қалған жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын алған Тәуелсіздігіміз бұл бағытта қазақ театрының жаңа тынысын ашты.

Елбасымыз Н.Назарбаев тәуелсіз еліміздің  театрларын дамыту мәселесіне  үнемі назар аударып, бұл саладағы маңызды
міндеттерді нақты көрсетіп келеді. Тәуелсіздік жылдары елімізде
14 драма және музыкалы драма театрлары, 2 опера және балет 2 би театрлары ашылды.
Театрлардың басты
міндеттері, репертуарын
көркемдік сапасы жоғары жаңа
пьесалармен қамтамасыз етуді Елбасы ылғи назарда ұстады. Осыған орай,
2009 жылы cәуір айында Алматы қаласында өткен театр қайраткерлерімен
кездесуінде: «Отандық театрлардың
репертуарына тәуелсіздіктің биік талаптарына сай, осы заманғы тақырыптарға
жазылған, көркемдік сапасы жоғары жаңа
пьесаларды көптеп алу керек» [1] деп атап айтқан еді. Одан
кейін де Елбасы бұл мәселені тұрақты көтеріп театр мәселесін назардан тыс
қалдырған емес. Себеп, еліміздегі 60-қа жуық театрларымыздың шығармашылық
тынысы Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық, әлеуметтік, саяси өмірімен біте
қайнасқандығы. Әлемнің алдыңғы дамыған елдерінің қатарына жетістіктеріне тек
экономика, бизнес, басқару, медицина, білім беру саласында ғана көріну емес, елі
мен халқының рухани әлемі өскен, озық мәдениеті қалыптасқан халық ретінде баруын
назарда ұстағандығы.

Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы өзінің ұлық
тұлғаларының айтулы мерейтойларын үлкен саяси мәні бар іс-шараларға ұластырып
халықаралық деңгейде атап өтуге қол жеткізді. Бұл мерейтойлар халықаралық ЮНЕСКО
ұйымы шеңберінде тойланып, театрларында оған белсенді қатысты. Тәуелсіздіктің алғашқы
жылдары өткізілген қаламгер-драматург Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдығына (1992),
Абай Құнанбайұлының 150 жылдық (1995), Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық (1996), М.Әуезовтің
100 жылдық (1997), Махамбеттің 200 жылдық (2004) т.б. мерейтойларының заңды
жалғасы болып өткізілген театр фестивальдері ұлт драматургтерінің тың дүниелерін сахнадан көрсетті.
Халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздарының ұлық тұлғаларын сан қырынан ашып, терең
тани түсуге жол ашты.

Мәңгілікке мызғымастай болған Кеңестер Одағы тоқыраудың
торына шырмалып, өліара шағына жеткенде, 1985 жылдың сәуір самалымен келген
жариялық алып империяны астан-кестен етті. Халықтың өткен тарихы мен бүгіні,
бұрын қатаң тыйым салынған көптеген ақтаңдақтар ашылып, үлкен жаңалық болып
халықтың мүлгіп кеткен санасын оята бастады. Ал, 1986 жылы Алматы қаласындағы
желтоқсан оқиғасы жасаған дүмпу ұлтқа серпіліс беріп қазақ халқының ғасырлар
бойы тәуелсіздікке ұмтылысының жарқын көрінісі, жаңарудың басы болып тарихта
қалды.
Қоғам өміріндегі басталған жаңару еліміздің барлық театрлары сахнасында әр
түрлі деңгейде көрініс тапты. Оның бәрін түгендеуге еліміздің бас сахнасы
ретінде танылған М.Әуезов атындағы Академиялық қазақ драма театры мен
Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Балалар мен жастар театрлары ұжымдардың
репертуары мысалынан қарастырамыз. Сахнадан
көрсетілген  сүбелі қойылымдар еліміз
өміріндегі ерекше мәнге ие мәдени құбылысқа айналды.

Қазақ драматургтары уақыт талап еткен өткір тақырыптарға батыл назар
аударады. Театр көрермендері тарапынан болатын сұраныстың алдында болуға
тырысып бақты. Драматургтерді қамшылай отырып театрлар көрермен қажет еткен
тақырыпты тауып қоюға бет бұрады. Таза драматургия жанры кешеуілдеп жатқанда
прозалық, поэзиялық шығармалар негізінде жасалған сахналық түзілім –
исценировкалар қажетке жарап сахнада сұранысқа ие тақырыптар жиі көрініс
береді. Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште
емеспіз» (режиссері Ә.Мәмбетов), Р.Сейтметовпен қаламгер Ш.Мұртазаның
тандемінде Қ.Ысқақ сахнаға лайықтаған «Қызыл
жебе», «Сталинге хат» (1988), «Бесеудің
хаты» (1989) драмаларын сахнаға шығарды
[2]. Бұл спектакльдер ел тарихының ең бір күрделі де қиын сәті – ХХ ғасырдың
қазақ халқының тағдыры мен өткен тарихына істеген қиянаты, оның қазақ жеріндегі
жасаған қанды саясатына деген көзқарасын қалыптастырды. Театр залын көрерменге
толтырған, шығармашылық ізденісі мол, үлкен жетістіктер жылдар болатын. Бұл қойылымдар
қоғам өмірінің қаны сорғалаған өзекті тақырыптарын, әлеуметтік-тұрмыстық
мәселелерін өткір көтерген, көрерменге ерекше ой салған спектакльдер болғанын
атап өтеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ театры орталық Мәскеу, Ленинград т.б. театрларымен бұрыннан келе жатқан тығыз
шығармашылық байланыстардың үзілуіне байланысты қай бағытта жылжуын білмей
абдырап қалған болатын. Алайда уақыт талап еткен қойылымдар театр сахнасынан аз
аздан көрініс бере бастайды. Олар: Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» (1991),
Ш.Мұртазаның «Жетім бұрыш» (1992), С.Асылбековтың «Рабиғаның махаббаты» (1992),
С.Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер»(1992), Иран-Ғайыптың «Желжуан»
(1993), Ә.Таразидің «Індет» (1994), Б.Мұқайдың «Өмірзая» (1994, 2003),
Қ.Ысқақтың «Жан қимақ» (1995), Б.Римованың «Қос мұңлық» (1991), «Абай десем...»
(1995), режиссер Ә.Рахимов сахналаған А.Сүлейменовтың бірнеше бөлімнен тұратын
триптихы «Төрт тақта – жайнамаз» (1989) «Жетінші палата» (1993), «Қыздай жесір
– штат қысқару» (1994), «Кек» (1998), Т.Ахметжанның «Кебенек иген арулар»
(1996), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» (1996), М.Мақатаев «Қош махаббат»
(2003), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», (2004)  спектакльдері 
[3] қоғам өмірінің қаны сорғалаған өзекті тақырыптарын, әлеуметтік-тұрмыстық
мәселелерін көтерген, көрерменге ерекше ой салған спектакльдер болғанын атап
өтеміз.

Кезінде бірнеше мәрте кеңестік жазалау машинасының құрбанына айналған Алаш
қайраткерлері ақталып, олардың шығармалары сахнадан көрсетіле бастады. Бұл,
есімдерін ауызға алуға, туындыларын оқуға тыйым салынған тұлғалардың өздері мен
олардың ұрпаққа қалдырған мұралары алғаш рет сахнаға шықты. Олар Мағжан Жұмабаевтың
«Күн шығады да, батады»(1993), «Шолпанның күнәсі» (1997), «Батыр Баян» (2004), Бейімбет
Майлиннің «Сабатажж!» (1999),  Жүсіпбек
Аймауытовтың «Ақбілек» (1990), «Ғашықтық дерті» (2001), Д.Исабековтің «Жүз
жылдық махаббат» (2014) т.б. Қазақтың 70 жылдан аса кеңестік құрсаудан босай
бастаған кездегі өзінің тарихын тануға, кешегі ел үшін еңіреген боздақтарының
қайғылы тағдырын білуге деген ұлт театрының алғашқы талпыныстары болатын. Осы
спектакльдер балалар мен жастар театрының залын көрерменге толтырған,
шығармашылық ізденісі мол, үлкен жетістіктер жылдар болатын. Екіншіден, бұл қаламгерлер
шығармашылығын көрерменге насихаттау, есімдерін халқымен қауыштыру, олардың
өшпес рухы алдында жасалған құрмет болатын.

Еліміздің тәуелсіздік алуы бізге өз тарихымызды өзгелер емес, өзіміз
айтуға, өзіміз жазуға мүмкіндік берді. Бұл үлкен жетістігіміз. Театр сахнасына
қойылған тарихи тақырыптағы спектакль, қалам тербеген драматургтеріміздің басым
бөлігі ерлік пен жеңіске толы өткен тарихымызды, Отан сүйгіштік, елдің
тұтастығын сақтау, бірлікке дәнекер болу тұрғысынан жырлады.
Алдымен халық жадында мәңгілікке сақталған тарихи  тұлғалар жайлы пьесалар назар аудартады. Бұл тақырыптар мен тарихи тұлғаларымыз кеңестік
идеологтарының ерекше назарында болды. Сахнаға тарихи шындық мөлшерлеп, белгілі
бағытта қажетті деген көзқараспен ғана берілетін. Осындай тосқауылдардан кейін Тәуелсіздік
арқасында тарихымызға үңілу көрерменді ерекше қызықтырған, әрі театр сахнасына өздігінен
сұранып тұратын тақырыптарға айналды. О
л туындылар көрермен жүрегінің
түкпірінен орын тауып, көкірегіне жатталып қалды. Бұл қойылымдар атаулары
бәріміздің есімізде. Олар: И.Оразбаевтың «Шыңғысхан» (1994), «Мен ішпеген у бар
ма?, М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері» (1996), М.Әуезов пен
Н.Оразалиннің «Қилы заман» (1997, 2012), Ә.Кекілбайдың «Абылай хан» (1998),
Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы» (1999), Шахимарданның «Томирис» (2000),
Қ.Ысқақ пен Шахимарданның «Қазақтар» (2006), Д.Исабековтың «Жаужүрек» (2011),
И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» (2011), Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?»,
Ә.Рахимовтың «Шәкәрім» (2012), Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» (2013),
Д.Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» (2014), Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі»
(2014), Ш.Мұртаза-Е.Жуасбектің «Ай мен Айша» (2015), І.Есенберлин–Ә.Бағдаттың
«Алмас қылыш» (2016), М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» (2016) қойылымдары
[4].

Сөзсіз, бұл туындылардың әр қайсысы тарихымызға жаңа
көзқарас қалыптастырған маңызды шығармалар. Әдебиет пен өнердің тарихты
зерттейтін ғылымының алдына түсуі жайлы, жазушы-драматургтің тарихшы ғалымнан
бұрын мәселе көтергені жайлы қоғамдағы қызу пікірталастарға ұласуы осы кезеңнің
шындығы.
Бұлтартпастай деректер мен дәлелдер келтіріп шынайы тарихымызды жазуды
тарихшы ғалымдардың еншісіне қалдыра отырып көрермен қазір білуге тиіс, халық
жадындағы айтулы оқиғаларға толы белестерді тарихи-көркем шығармалармен көрерменге
жеткізу орынды, театр өнерінің бұрыннан қалыптасқан жолы деп болатын. Бұл
бағытта отандық театралар өздерінің танымдық, ағартушылық міндеттерін толық
орындай алды деп білеміз. Десекте, театрларымыз бен драматургияның әлі қаузайтын,
көтеретін толық ашылмаған қызықты тақырыптары жетерлік.

Бірақ, осыншама пьесалар жазылып қойылғанына қарамастан театр мен драматург
арасындағы тандемінің ылғи бастары бірікпей өзара кінәраттар артумен келеді. Бұл
қарым-қатынаста екі жақтың да айтар уәждері, өзара қояр шектер мен шарттары
бар.  «Қазақ әдебиеті» газетінің 2005
жылғы 22 қыркүйектегі санында Қазақстан жазушыларының Х сьезіндегі драматургия
жанры бойынша жасалған баяндамада белгілі қадамгер Сәкен Жүнісовтің «пьесаны
үлпілдетіп асырап сақтаған – қалыңдық қызға, драматургті – оның тілекшіл
әкесіне» теңей отырып, «-Бүгінгі күні театрлардың пьесаға құдалыққа түсіп,
қалың беруі де азайып кетті. Сор маңдай әкенің әр театрдың есігін қағып,
«қалыңдықты» ала гөр деп, қызын өткізе алмай жүргендері де жиі ұшырасады» [5
]- дейді. Шынында да бұл
драматургия үшін қиын кезең болды.

Елбасымыздың 2000 жылды Мәдениет жылы деп белгілеуінен кейін жағдай өзгере
бастады. Араға бірер жыл салып 2009 жылы Мәдениет министрлігі алғаш жариялаған
«Тәуелсіздік толғауы» бәйгесінің қоржынына 46 пьеса түсіпті. Керемет көрсеткіш.
Ұлт драматургиясының дамуына серпіліс берген осы бәйгенің
ұйымдастырылуы жаңа драмалық шығармалар жазылуына соны серпін берді. Бәйге
қорытындысы бойынша бас жүлдені Д.Исабековтың «Жаужүрек», екінші орынды
Ж.Әлмашұлының «Жапон аруының арманы» мен Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз», үшінші
орынды И.Оразбаевтың «Портмоне» мен Т.Жандәулеттің «Жұбай саудасы» пьесалары
иемденеді. Ал 2011 жылығы кезекті «Тәуелсіздік толғауы»  байқауының жеңімпаздары қатарында бас жүлдені
Т.Әбдіктің «Ардагері», бірінші орынды Ә.Рахимовтың «Шәкәрімі», екінші орынды
М.Қожахметованың «Көшім хан - Сүзге» пьесасы, үшінші орынды Ж.Әлмашұлының «Ай
астындағы алтын шаһар» иемденеді. Арада өткен 5,7 жылда осы жіңімпаз атанған 9
пьесаның сахнаға қойылу мәселесіне келсек драматургияның жазылуы бар да сахнаға
қойылуы жоқ. Пьесаға қомақты қаражат бөліп жүлде алған санаулы шығармаларды
сахнаға қою тетіктері ойластырылмай назардан тыс қалған. Бұл біздің кеше
мен  бүгінгі халымыз. Біздің есебімізше
осы бәйгелерді алған жеңімпаздарының ішінен Д.Исабековтың, Ә.Рахимовтың және
Ж.Әлмашұлының пьесалары ғана сахнаға қойылып көрерменге жетті. Қалғандары архив
сөресінде шаң басқандай күй кешуде.

Алысқа бармай-ақ, өткен 2015 жылдың өзінде қазақ драматургиясына қатысты
республикалық, халықаралық деңгейде 4 бірдей маңызды бәйге өткенін білеміз.
Олар қазақ драматургтерінің белсенді жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасады.

Алдымен, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен «Еуразиялық топтың» (ERG) 100 жылдық
мерейтойына орай белгілі түрк драматургі Халдун Танер жылы болып белгіленіп,
Түркі халықтарының драматургтері арасында осы мерейтойға арналған үздік пьесаға
бәйге жарияланды.  Комиссия қоржынына
түркі әлемінің 18 ұлтының өкілдері жазған
109 пьеса келіп түскен. Соның ішінде қазақстандық жазушы-драматургтер
тарапынан бәйгеге 16 пьеса қосылған екен. Халдун Танер жылы Анкарада, ТҮРКСОЙ
штаб-квартирасында 2015 жылдың 8 желтоқсанда қорытындыланып, Башқұрстан (РФ),
Әзірбайжан, Гагаузия, Түркменстан және Қазақстан авторлары жеңімпаз атанды.
Жерлесіміз режиссер-драматург Әкрам Ахметовтың ұйғыр тілінде жазылған «Махмұт
Қашқари» пьесасы 10 мың түрік лира сыйақысымен екінші орынды иеленді. [6]

Екіншіден, Қазақстан Жазу­шылар
одағы «Еуразиялық топтың» (ERG) демеушілігімен ҚР Тұңғыш Президент қорының
өткізген «Алтын тобылғы» бәйгесі[7].
Мұнда жас драматург Әннәс Бағдат «Бақтан өткенде» пьесасымен жеңімпаз атанды.
Бұл пьесаны қазір Астана мен Алматының екі кәсіби театры қоюға жоспарына
енгізіп отыр.

Үшіншіден, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жылда өткізіліп келе жатқан
дәстүрлі «Тәуелсіздік толғауы» бәйгесіне өткен жылы 20-ға жуық пьеса қатысып,
арнайы комиссия отырысының шешімімен белгілі қаламгерлер Жолтай Әлмішұлының
«Шамда сөнген шырақ» немесе «Әл Фараби арманы» және Тынымбай Нұрмағамбетовтың
«Мұстафа Шоқай» драмасы үздік атанып жүлделі орындардан көрінді.

Төртіншіден, 2015 жылы қазақ драматургиясында, ұлттық әдебиетті қолдау мақсатында Қазақ хандығының
550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгесі
жарияланып, проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша еліміздің
түпкір-түпкірінен 200-дей шы­ғарма келіп түсіпті[8]. Драматургия секілді күрделі жанрда қаламы әбден ысылған қазақ
театрының тұрақты авторларын көреміз. Бас жүлде – Иранбек Оразбаев (Алматы).
1-орын – Рақымжан Отарбаев (Атырау). 2-орын – Сұлтанәлі Балғабаев (Алматы),
Думан Рамазан (Астана), Жолтай Әлмештегі (Астана). 3-орын – Нұрғали Ораз
(Алматы), Кенжебай Ахмет (Жезқазған), Жәркен Бөдеш (Алматы), Мағира Қожахметоваларға
(Алматы) бұйырды [9].

Жанрлық шеңбері жыр-шежіреден бастап драмалық поэма, кең
тынысты тарихи полотноға ұласатын, заманауи лирика мен мистикалық драмаға ауыз
артатын алуан бағыттағы шығармаларды біріктірген пьесалар. Бұл пьесаларының
кейіпкерлер галереясы, сандық, сапалық тұрғыда өсіп, жаңара түскен. Халыққа
бұған дейін хрестоматиялық ұғымдай болып кеңінен танылған үш жүзді біріктірген
Абылай ханнан, күллі қазақтың ақылман кемеңгерлері бола білген Төле, Қазбек,
Әйтеке билерінен бөлек, мемлекеттің іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек
сұлтандар, жолы ескіден келе жатқан Еңсегей бойлы  Есім хан, Жиембет пен Марғасқа жыраулардың,
Тәшкен билеушісі Тұрсын ханмен тайталасқан оңтүстіктің ел қамқоры болған Қанай
датқа, Мұсабек батыр, Мәделіқожа ақынның, «Темір Нарком» атанған Жүргеновтің, батыр
Бауыржан мен қайсар Мәншүктің, Шерхан Мұртаза мен ақиық ақын Мұқағалидың көркем
де сом жасалған образдарымен толықты.

Жүлде алған пьесаларды біз жазылу бағыты мен көтерген
мәселелеріне қарай шартты түрде бірнеше топқа бөлдік. Алдымен, көтерген
тақырыбы мен сюжеті бұрыннан белгілі, алдыңғы буын қаламгерлер көтерген, бірақ
драматургтер тарапынан қайта айналып соққан, өзіндік ой топшылаған туындыларға И.Оразбаевтың «Хан тұқымы» жыр-шежіресі және Жәркен
Бөдештің «Шерата және Шынбала» драмалық поэмасын жатқызамыз. Екі шығарма да
поэзияның тілімен өріліп, кейіпкер образдары кесек, тұлғалы етіп сипатталады.
Қуатты да уытты ырғақта бір деммен оқылатын, пафосқа құрылған Иран Ғайыптың
«Хан тұқымы» шығармасы осы күйінде музыкалы театр сахнасына – опера либреттосы
болуға да әбден келеді.

Келесі топта Рақымжан Отарбаевтың
«Нарком Жүргенов» тарихи драмасы, Думан Рамазан «Аңсар» пьесасы, Жолтай
Әлмештегінің «Мырзабидің жазасы» тарихи драмасы,  Кенжебай Ахметтің «Еңсегей бойлы ер Есім»
тарихи драмасы, Мағира Қожахметованың «...Азат Алаш – Даңқты Алаш!» драмалары
қазақ театры сахнасында бұрын қозғалмаған тарихи тақырыпты көтерген. Әр пьеса
өткен тарихымыз бен ел жадында қалған тұлғалар өмірінен өзіндік қайталанбас
полотнолар жасай алған. Мұнда қазақ хандығының қалыптасу, даму жолындағы көне
тарихы мен ХХ ғасырдың 30-40 жылдар көріністері. Төңкерістен кейінгі өзге елдер
қатарлы қазақ болып мәдениет пен өнер жасау, репрессияға ұрындырған зұлматты
кез бен екінші дүние жүзілік соғысқа ұласқан ұрпақтың жүзін күйік шалған тарихи
кезеңдер баяндалады.

Үшінші топқа Сұлтанәлі Балғабаевтың
«Мәңгілік махаббат әні» музыкалық пьесасы
бүгінгі күннің жастардың тұрмысы мен өмір салтын ашып  суреттесе, Нұрғали Ораздың «Дөп дөңгелек
дүние» мистикалық драмасында ақиық ақын Мұқағалидің о дүниелік болғаннан кейін
араға жылдар салып өзі жүрген, қиялына шабыт берген жерге, көп өзгере қоймаған
қоғамына қайта оралуы, адамдар арасындағы мәңгілік өлмейтін өзекті тақыптардан
ой қозғайды.

Ал енді осы жазылған,
бірақ қойылмаған пьесалар жайында ойланатын тұстар бар. Біздің ойымызша 2015
жылы өзекті болған бұл жаңа туындылар 2016 жылы халықаралық Универсиада ойындары
мен ЭКСПО көлеңкесімен әрі қарай көмескілене береді. Қазақ хандығыың 550 жылдығы
қорытындыланар жыл соңында република театрлары жеңімпаз атанған су жаңа
пьесалардың сахнада тұсауын кесіп, репертуарын байытып жатса қандай ғанибет
болар еді. Темірді қызған кезінде соққанға не жетсін. Думан Рамазанның сол 2015
жылы бірнеше театр сахнасына қойылып үлгерген «Керей - Жәнібегінен» басқасы
биыл, келесі жылдары қойылады дегенге сенгім келеді. Бірақ күмәндімін. Биылғы
жыл бітті, ештеңе қойылған жоқ, келесі жыл басқа басым бағыттар келеді. Жүлделі
пьесаларын құшақтаған авторлар С.Жүнісовше «сорлы әкенің кейпінде» театрлар
есігінен сығалап мәпелеп өсірген қызын (пьесасын) саудаға салуға мәжбүр күй
кешеді. Ісімізде асығыстық, терең ойластырмаған шалалық, қандай  нәтижесі боларын көре білмеген таяздық басым.
Авторлардың жан айқайын түсінуге әбден болады. Бұл тек драма театрындағы жәй
емес. Басқа салада да осындай олқылықтарымыз бар.

Республикада
3 опера және балет театрының екеуі тәуелсіздік кезде дүниеге келді. Қазақстан Композиторлар
одағының төрайымы Балнұр Қыдырбектің «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Қазақтың
классикалық музыкасы: бары мен жоғы» мақаласында келтірген деректерде «соңғы 25
жыл ішінде екі-ақ опера жазылды» - дей келе, «Ал, соңғы 15 жыл ішінде еліміздің
композиторлары  18 балет жазды, бірақ
біреуі де сахнаға  қойылған жоқ» [10]. Міне
біздегі опера театрлары бойынша статистика осындай.  

Байқағанымыздай, драматургтеріміз бар, пьесалар жазуда,
жүлде алған пьесалардан кенде емеспіз. Театрларымыз да толыққанды жұмыс істеуде
десекте, режиссерлер қауымы, театр басшылары «пьеса жоқ» деуден танбай келеді.
Мәселенің мәнісі неде?

Алдымен бүгінгі таңда еліміздің театрларын біріктіріп,
бағыты айқын, көздеген мақсаты бар жүйелі жұмыс жасау кемдік етіп келеді. Республиканың 60-қа жуық театрлары әр түрлі мекемелерге бағынып, әр түрлі көздерден қаржыландырылатындықтан «әттеген-айларымыз» жетіп артылады. Театрларымызды бір орталықтан басқарып, республика кеңістігіндегі театрларға бір ізді көзқарас ұстаным жоқ. Театрлардың ресми мәртебесі – мемлекеттік қазыналық кәсіпорын, ал жұмыс істеу тәсілі – жекеменшік серіктестік секілді тәуелсіз.
Театрлар пьесаны өздері жазып, өздері қабылдап, қаламақысын да өздері алып,
сахнаға да өздері қояды. Жаңа қойылымды да өздері қабылдап, сыншы ретіндегі бағасын
да өздері береді. Осының салдарынан театр кәсіби деңгейі ақсап, аяғы таптауырындыққа
ұрынуға әкеліп соқты. Сырт көз пікір, сын айтылмайды, айылса да қабылданбайды, театр
ешкімге тәуелді емес, толықтай тәуелсіздік.

Қазіргі қазақ театрының арнайы тағайындалатын Көркемдік жетекшісі,
ұжымдасып қызмет атқаратын Көркемдік кеңесі бар. Кеңес  мүшелері тізімі директордың бұйрығымен жасалады.
Театрда қолбаланың қызметін атқаратын мұндай Кеңестің жұмысынан оң нәтиже күтудің
өзі артық. Қойылым сапасының, репертуарлық саясаттың оң-терісін тура айтатын
тәуелсіз сарапшылар мен театр сыншыларының орны үңірейіп бос тұр немесе, театр
басшылығының айтқанына жығылатын өзіндік пікірі жоқ  адамдармен толған.
Талай театр
фестивалінде қойылымдардың көркемдік сапасы төңірегінде театр сыншылары
тарапынан сыни пікірлер айтылды. Нәтиже жоқ.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын белгілі драматург Ә.Тарази
«Айқын» газетінде театр өнерін жандандыру қажеттігін айтып мәселе көтерді.
Соған орай Елбасы театрларды нарыққа бейімдеу керек деген нақты тапсырма берді.
Бұл театр қайраткерлері арасында қызу пікірталас, талқылаулар тудырды. Бүгінгі
таңда театрларымыз бәсекеге қабілетті болу үшін белсенділік танытатын,
өздерінің өнімдері – спектакльдерін әлемдік кеңістіктегі халықаралық театрлар
фестиваліне апарып көрсететін деңгейге көріну. Оған мүмкіндіктер бар. Бірақ,
бұл мүмкіндіктер орынды жүзеге асыру жүйесі жұмыс істемейді.

Жыл сайын театрларымыз репертуарын кем дегенде 4-6
спектакльдердің жаңа атаумен толықтырады. Алайда ол қойылымдардың сапасы сын
көтермейді. Көрермен қабылдамай, шетелдік фестиваль ұйымдаструшы мамандар назарына
ілікпей, мемлекеттің  ақшасы босқа кетсе де
не директор, не көркемдік жетекші, не режиссер жауап бермейтін жәйтке таң
қалуға болмайды. Бұл іштегі және сырттағы театр компанияларымен бәсекелестікті
дамыту, ел қатарлы қазақ театрының биік жетістіктерін әлемдік кеңістікке
шығарудың жолы. Нарық заманында әрбір тиынын санап, басар қадамын әріден он
ойланып барып жасайтын көзі қырағы заманауи театр менеджерінің дөңгелетіп алып
кететін шаруашылығына қазақ театры аса зәру. Ойланарлық жәйт.

Драматург пьеса жазады, режиссер пьесаны қояды, актер
орындайды, сыншы бағалайды. Әркім өзі маманданған кәсіби ісімен айналысады.
Басты баға беруші қалың көрермен десекте, театр сыншысының кәсіби талдауынсыз
спектаклдің көркемдік сапасын ажырату, тұщымды бағалау қиындық тудырады. Енді
келіп кәсібіи театр өнерінің төрт тағаны болуға тиіс театр сынын бүгінгі қазақ
театр процесінен шеттетілуі, көп жағдайда түсінбестікпен кейде әдейі
қатыстырылмауы ұлт театрының алға қарай даму үдерісіне ықпал етпей қоймайтыны
анық. Ол үдеріс дәл қазір жүріп те жатыр. Театрды, драматургияны, орындаушылық
өнер мен озық режиссураны дөп басып көре білу, оның артық-кем тұстары жайлы
айтып, жаза алатын мамандардың қызметінің қазақ театры үшін басы артық болуы
ойлантады.  

Тәуелсіз Қазақстан театрының жалпы саны 60-тан асады
десек, драма театрларының жартысына жуығы қазақ театры да қалған жартысы өзге
диаспоралардың ұлттар мен ұлыстардың театрлары. Бұл театрлар біртұтас
қазақстандық мүддемен тыныстап, шығармашылық жұмыстарының басым бағытын ел
ынтымағын біріктірер мүдделерге қызмет етуі керек деп білеміз. Сондықтан, қазақ
авторларының сапалы деп танылған пьесаларынан кем дегенде маусымына бір шығарма
аударылып қойылуы, немесе театр сол драматургтерге тапсырыс беріп, бүгінгі
республиканың жұртшылығын толғандырған өзекті тақырыпта пьеса жаздырып қоюы күн
тәртібіндегі мәселе. Республикалық барлық театрларда бір ортақ ұлтқа қызмет
етуге бағытталған темірқазық мақсат-мүдде мен ұстанымды мәдениет саласындағы
көзқарасты қалыптастыратын ресми мекемелер реттеуі тиіс. 

Ойымызды қорытындылай келгенде, қаламгерлер
дүниеге алып келетін қазақ драматургиясы кең қолданысқа енуі, сұранысқа ие
болуы, оларға жан-жақтан арнайы тапсырыстардың көбейуі үшін ауқымды, кең
ойластырылған арнайы жоспар қажет. Театрға, оның оң бағытта дамуы,
Елбасымыз Н.Назарбаев
айтқандай «осы заманғы тақырыптарға жазылған, көркемдік сапасы жоғары жаңа  пьесаларды көптеп алу» үшін
әлі біраз жұмыстар жасалынуы керек.

Кезінде театрларды жаңа пьесамен қамтамасыз етуді Мәдениет министрлігіндегі репертуарлық-редакциялық коллегия атқаратын. Кейін коллегия таратылды да жағдай ушығып кетті. Қазір жаңа пьесаларды қабылдауды театр жүзеге асырады. Бұл - театр өнерін де, драматургияны да алға бастырмайтын, болашағы күмәнды мәселе.  Өйткені, мұндай жағдайда театрларға сапасыз шығармалардың қаптап келуі ешқашан тоқтамайды және сыбайлас жемқорлыққа жол ашыла береді. Сондықтан да кез-келген жаңа пьеса ең алдымен бейтарап сыншылар дың талдап-талқылауынан өтіп, кемшін тұстары жөнделіп, сахнаға содан кейін ғана шығуға тиіс. Осыған орай, Мәдениет министрлігінің Репертуарлық саясат жөніндегі басқармасының мүмкіндігі барынша күшейтілуі қажет. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан құрылған Мәдени даму комитеті қазақ театрының дамуына серпіліс береді деген пікірдеміз. Осы ресми мекемелердің келешекте жасар жұмысына үлкен үміт артамыз.

Театрлардың
шығармашық бет алысын,  жетістік-кемшілігін
дер кезінде анықтап, сараптама жасап,
бағыт-бағдар беріп отыруды да жүйелі түрде қолға алу қажет. Театрлар  қандай қойылымдар  қойып жүр, олардың сапасы қай дәрежеде,
көрермендердің ынта-ықласы қандай, оған жұмсалған шығын қаншалықты ақталды
деген сияқты зерттеулер жасалып, мониторинг жүргізудің де ереже-шарттары
жасалынса дейміз. Бұған бірінші кезекте М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер
институы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының, Астанадағы
Өнер университетінің театртанушы мамандары  белсенді тартылуы керек.

Тәуелсіздікке үлкен асулар мен қиын бұралаңы мол жолдарды
басып өтіп қол жеткізгендігі жайлы қазақ драматургиясы осы кезең аралығында
талай шығармалар жазыпты. Халқымыздың өткен тарихынан алған жарақаты күні
бүгінге дейін, тәуелсіздіктің 25–ші жылында да толық жазылды деп айта алмаймыз.
Бірақ, қолда барына шүкіршіл, тәубешіл қазақ халқы «өткеніне құрметпен,
болашаққа үмітпен қарайтын жаңғырған ұлт болуды» бүгінгі мен болашағының күн
тәртібіне берік қоя алды. Ол өткен тарихының «жарақаты үшін кінəліні тірілердің
арасынан іздемеуге» тырысады. Келешегіне үлкен үміт артқан қазақ халқы
тәуелсіздіктің ширек ғасырын зор жетістіктермен келсе, одан әрі бұл
жетістіктерін еселей түсуге да мүдделі. Қазақ халқының тәуелсіздігін баянды ету
еліміз тыныштықта болуы, халқымыздың толереранттылығы, жерімізде бейбіт өмір
салтанат құруы секілді құндылықтарды жүзеге асыру арқылы болмақ. Ұлттық
драматургия осындай асқаралы жоспарларды театр өнері арқылы сахнадан жоғары
деңгейде көрсете алады. Осыған сенейік, болашаққа үміт артайық.

Пайдаланылған деректер:

  1. http://www.akorda.kz/
  2. М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрлардың Әдебиет бөлімі әзірлеген жылнамасынан алынды.
  3. Бұл да сонда.
  4. http://auezov-teatr.kz/,  http://teatr-musrepov.kz театрлар сайтынан
  5. «Қазақ әдебиеті» 22.09.2005 ж
  6. http://www.ayb.org.tr/index.php/30-haberler/366-dogumunun-100-yilinda-haldun-taner-tiyatro-eseri-yarismasi-sonuclari-belli-oldu
  7. «Алтын тобылғы» әдебиет сыйлығының алғашқы жеңімпаздары. // Aлматы ақшамы. 07.12.2015 ж.
  8. Алаш тарихының ақиқаты. // Қазақ әдебиеті. № 23 (3501) 13.11.2015ж.
  9. Алаш тарихының ақиқаты. - Алматы, Ан-Арыс. 2015. - 540 б.
  10. Қыдырбек Б. Қазақтың классикалық музыкасы: бары мен жоғы. // Егемен Қазақстан» 16.11.2016ж.
Сізге қызық болуы мүмкін: