Спектакль режиссері театрдағы «Махаббат хаттары», «Базарың тарқамасын», «Томпақпен келген Жаңа жыл» қойылымдарын сахналаған - жас режиссер Жұлдызбек Жұманбай. Пьесаны аударған - Ә.Кекілбаев. Қоюшы суретшісі – Нұржан Саменов, киім суретшісі – Назым Тоғжанова, хореограф – Карина Джиренбаева және сахна сайысын дайындаған – Мақсат Рахмет. Спектакльдегі аталған шығармашылық ұжымның өзара байланысы, бірлескен жұмыстың нәтижесі көрермендер назарын өзіне аудартпай қоймады. Сахналық костюмдердің ерекше үлгісі, оның сахна суретшісімен режиссер нұсқасына дұрыс түсініктеме бере білуі үлкен шығармашылық байланыстың айғағы. Алғашқы сахналардың бірінде орын алатын би қойылымы да хореографтың актерлік ансамбльмен жасалған нәтижелі жұмысын көрсетеді. Ұзақтығы 2 сағат 10 минутқа созылатын қойылымды көрермендер тырп етпестен отырып ерекше қабылдауы, біріншіден, шығарманың қос ғашық тағдырын арқау еткен әлемдік туынды болуы, екіншіден спектакльдің өн бойынан қазақы әуенмен ұлттық нақыштағы белгілердің табылуы еді. Сан мыңдаған әлемдік театрларға сахналанған туындының сол мыңдардан ерекшелігі де ұлттық әндерімізбен көркемделуі еді. Қазақтың ұлттық махаббат дастандары сарынымен «Дудар-ай» әнін лейтмотив етіп алғаны өте ұтымды режиссерлік шешім деп есептеуге болады.
Ұлтымызға тән элементтерді қосқанымен, режиссердің негізгі мақсаты – ұлтқа бөлінбейтін, жыры ешқашан бітпейтін махаббат машақатын, қасіретін, қайғысы мен қуанышын өз суреткерлік көзқарасы бойынша сахнаға шығару болғаны аңғарылады.
Шығармадағы қос ғашықтың ыстық сезімі, екі әулеттің бітіспес кегінен өзге режиссердің ең айтулы еңбегі деп шымылдық ашылғанда үстіне ақ маталар жабылған арбаны сүйретіп оң жақтан шығатын ажал бейнесіндегі қария кейіпкерді айтуға болады. Спектакльдегі әрбір өлген адамға жекелеп бетіне ақ матаны тастап отыратын кейіпкер спектакльдің басын және соңын осындай сахнамен аяқтайды. Қария рөлінде – Жақсыбек Құрманбеков. К.С.Станиславский: «Өнер шарты солай болғанда, артистке көрермен көңілінен шығатын хас шебер дәрежесіне жету үшін «қарақұсынан бастап, қара бақайына» дейін, «сөйлеп» тұратын сахнаның техникалық тілін меңгеру қажет. Сахна олпы-солпыны ұнатпайды. Шеберлікке қазықталған ойын бедерінің техникалық тілін таппасаң − асынған алқа, тағынған білезік, ай мүйіз сырға, жылтыраған жүзік арашашы бола алмайды»,- дейді. Ия, бұл кейіпкердің спектакльде бір де бір мәтіні жоқ. Кейіпкер аузымен ешқандай ой да айтылмайды. Бірақ, туындыда актер ойын бедерінің техникалық тілін тапқан.
Тағдыр еркелетіп тұрып тезіне салған, ғашық ете тұрып тәлкекке итерген басты кейіпкерлер – Ромео мен Джульетта рольдерінде театрдың жас буын актерлері Қуаныш Керімқұлов және Динара Абдуллина. Бұған дейінгі қойылымдарда басты рольде бой көрсетпеген Керімқұловтың Ромеосы жастық жалынды, албырт сезімге ерген бозбаланы бейнелеуде сәтті шыққан. Сұлулығы таңдай қақтырар, бір әулеттің бар байлығы Джульетта рөліндегі Д.Абдуллинаның да рольге қосқан өзіндік үлесі болды. Жастық шақ дегеннен гөрі балалық сезімдері басымырақ бозбала мен бойжеткеннің бейнелерін жасауда екі актерге де бір-бірімен байланыс жеткілікті болғанымен, актерлік ансамбльмен біртұтас жұмыс жасау қиынға соққаны аңғарылады. Мәселен, Ромео мен өзінің Монтекки әулетінің ортасынан шығармашылық байланысты мүлдем аңғара алмадық. Монтекки – Еділ Рамазанов, Леди Монтекки – Лиза Серікова, тек Ромео жараланып қалар тұста және оның өлім сахнасында ғана жүгіріп келіп азапқа беріліп, мұң шегетін ата-ана бейнесін көрсетеді. Ал, Капулетти әулетінің мүшелері Капулетти – Бейбіт Камаранов, Леди Капулетти – Жанар Мақашева ойындарында Джульеттамен ішкі байланыс болғандығын аңғаруға болады.
Оқиғалардың өтуіндегі негізгі кейіпкерлердің бірі, осы шығарманы сахналаған әр режиссер сан түрлі қырынан бейне жасайтын тақуа шал рөлінде – Руслан Ахметов. Қосалқы кейіпкерлер Джульеттаның күтушісі ролінде – Сәуле Турдахунова, Парис – Ербол Идрисов, Петр – Кәдірбек Демесін бейнелері өз дәрежесінде кәсіби шеберліктерін көрсете алды.
Қойылым тұтас бір дүние болуы үшін актерлік ансамбльдің барлығы жұдырықтай жұмылып, жүкті бірлесе көтеруі керек. Сонда ғана қойылымның кілті табылып, айтар ойы көрермен көңілінен орын алып, шығармаға жан бітеді. «Бір сен үшін тудым» трагедиясында актерлік ансамбльдің бірлігі сезілгені сондай, ерекше атмосфера түзілді. Бұл, алдымен режиссердің актерлік құрамды ұтымды таңдай білуі болса, екіншіден шығармашылық ұжымның да ерен еңбегі.
«Актерге ролін жаттап алу - міндет, ал образ іздеу, сезіну, ең бастысы пьесадан өзінің көркемдік орнын тауып, спектакльге сүбелі санаткерлік үлес қосу - әлеуметтік парызға саяды» [3.165б] Тамыры тереңде жатқан осы бір шығарманың көзі қырағы көрерменге әрбір кейіпкері, әр оқиғасы таныс. Ал, мұндай дүниені әлемдік практикадан көшіре салуға әсте болмайды. Осы тұрғыдан келгенде біздің актерлік құрамның әрқайсысы әр кейіпкердің өзіне тән ерекшелігін, ым-ишаратын таба білген. Мәселен, Бенволио – Елдар Отарбаев, Меркуцио – Мақсат Сәбитов және Тибальт – Мақсат Рахмет бейнелері бұрынғы рольдеріне маңайламайтын, жаңа көзқарас, өзгеше ізденіс арқылы келгендігін анық аңғаруға болады. Спектакльге өз жадынан үлес қоса білу деп соны атаса керек. Әр актер өз кейіпкерін дәл тапқан.
Сонымен қатар, Капулетти әулетінің сарайында болатын кештегі би болатын көпшілік сахнасында Аида Жантілеуова, Динара Нұрболат, Анар Сапарбек, Нұргүл Мыңғатовалар да кәсіби дәрежеде ойын өрнегін көрсете білді.
Режисер расымен де актердің ішкі жан-дүниесіндегі қабілетін көре біліп, көріп қана қоймай оның ашылуына ықпал ету керек. Әртісті таптаурындылықтан (штамп) құтқаратын да режиссер болуы тиіс. Осы орайда режиссер Ж.Жұманбай режиссерлік жетістігі ретінде өзі сахналаған қойылымдарға актерлерді адаспай таңдайтынын баса айта керу керек.
Қазақ театр сахналарында жүздеген аударма туындылар қойылып, өз орнын тауып жатқанымен олардың көбі қайталау күйінде қалып жатқаны жасырын емес. Ф.Шиллер, А.Чехов, Н.Гоголь секілді шет ел драматургтерінің туындылары да қазақша сөйлеп қазақ театр репертуарларында өз орнын алды. Бірақ, Шекспирдің бұл туындысы Балалар мен Жасөспірімдер театры сахнасына жаңа леппен, ұлттық бояу қанықтылығымен шықты. Қойылым сонысымен де – құнды.
Қойылымдағы ерекше қырынан ашылған, Капулетти бейнесіндегі – Бейбіт Камаранов.
Капулетти – мінезі қызба, бар мен жоғын түгендей алатын намысқой адам. Жиған дәулетін сақтау мақсатында Париске өзінің жасөспірім қызы Джульеттаны бермек ойы да бар. Өзінің жауы саналатын Монтекки әулетінен басқа қастықты күтсе де дәл мұндай оқиғалар болатынын мүлде күтпеген әке бейнесінде. Актердің өмірден жиған әсерлік қоры (запасов жизненных впечатлений) творчестволық принциптерден туындайтын көркемдік зор мақсаты үлкен сахна шебері дәрежесіне көтеріп тұр. Ия, Камарановтың Капулеттиі осы оқиғалардағы бейнені ғана көрсетумен емес, оқиғаға өзіндік көзқарас бейнелей білуімен ерекшеленді.
Театрда классикалық туындының қойылуы заңды. Есесіне, оны сахналау екі есе жауапкершілікті талап етеді. Осындай талаптың үдесінен шыға біліп қазақ көрерменінің рухани сұранасын қанағаттандырған туындының репертуардағы ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз!