Мақала / #студентСөзі
Ақбота Рахатқызы: Пластикаға құрылған қойылым ойнағым келеді
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы – Ақбота Қаймақбаевамен сұхбат
Бөлім: Театр
Датасы: 20.05.2017
Авторы: Нұрбек Серікбайұлы
Мақала
Ақбота Рахатқызы: Пластикаға құрылған қойылым ойнағым келеді
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы – Ақбота Қаймақбаевамен сұхбат
Бөлім: Театр
Датасы: 20.05.2017
Авторы: Нұрбек Серікбайұлы
Ақбота Рахатқызы: Пластикаға құрылған қойылым ойнағым келеді

Өнер жолына келуіңізге кім немесе не ықпал етті? Театр өнеріне келуіңізге не себеп болды?

Өте керемет сұрақ! Әрине, бүгінгі күнім, бұл – Алланың берген үлкен бір сыйы деп ойлаймын. Менің өнерге деген махаббатым кішкентай кезімнен оянған.

Сұхбаттарымда айтып жүремін, 5 жасымнан бастап мен үй жинағанда (қап-қара ұзын шашымды жайып тастап) үйді төбеден киноға түсіріп жатыр деп ойлайтынмын. Сосын мен бастауыш сыныптан бастап ән айта бастадым, мектептегі белсенді оқушылардың қатарынан болдым. Өнер үйірмеелерінің бәріне қатысатынмын, түске дейін сабақ оқысам түстен кейін барып мектептегі үйірмелердің бәріне қатысып шығатынмын. Домбыраға қызығушылығымды байқаған әкем, 3-сыныпта оқып жүргенімде бір бөренеден домбыра жасап берген. Кейін ұлы актриса болғанда өз музейімде сол домбыраны сақтап қоям деп ойлағам. Өкінішке орай, көшіп қонып жүргенімізде ол домбыра жаңбырдың астында қалып, ақыры құртылып қалды. Кейін, 6-7 сыныпта жүргенімде әкем дауысы керемет домбыра алып берді. Енді, алдағы уақытта өз музейім болып жатса, сол жерде осы домбыраны сақтап қоятын ойым бар.

Мен 10-сыныпқа келгенде әдебиет сабағының ұстазы «Еңілік - Кебек» қойылымынан үзінді қойып, сол жерге мені Еңілік роліне алды, сонан менің театрға деген махаббатым ашылды. Сол кезден мен театр актрисасы болатынымды сездім. Бірақ мен театр актрисасының оқуы Қазақстанда жоқ деп ойлайтынмын. Ол тек Мәскеуде ғана бар деген ой болды. Театр қолжетпес боп көрінетін. Содан кейін, Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қазақ тілі әдебиетінің оқуына (филология факультетіне) тапсырдым. Бірақ үш балл жетпей мен оқуға түсе алмадым. Бір жыл бойы өзімнің жеке істеріммен айналыстым.

Сол жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Музыка өнері» факультетін Сәкен Майғазиевпен бір курста оқыған анамның Альбина деген сіңілісі аяқтап жатқан еді. Бір кеште кездескен анамнан менің актерлік өнерге қызығатынымды, ән айтатынымды және «менің оқуымның тек Мәскеуде ғана» екенін естігенде, ол кісі өзіміздің академияға, «музыкалық драма» мамандығына баруыма кеңес береді. Келесі күні академияға ертіп келіп, дипломдық мемлекеттік емтиханды қалай тапсырып жатқанын көрсетті. Сол кезде Сәкен Майғазиев ағамыз үш ән айтты, ағамның әндерін көзіме жас алып тыңдадым. Оқуға тапсыруға келгенімде, марқұм Жайлау Ақшабайұлы менің бойымды өлшеп, шашымның бұйралығына қызығып, емтихан тапсыруға рұқсат қағазын берді. Өнерге деген құлшынысым осылай басталған.

Әрбір өнер адамының өзінің сүйікті шығармасы болады. Сіздің театр сахнасында қай рольді сүйіп орындайсыз?

Қатты сүйіп орындайтын рольдерім ол – Фатима, «Қызыл орамалды шынарымдағы» – Әсел және «Қара шекпендегі» – Сылаң! Бұл үшеуі – үш түрлі, жанжақты образдар. Мысалы, Фатима анамыздың образы өте терең трагедия! Өте ауыр роль! Әсел де терең ой салатын роль, ал Сылаң ол – маған басқа қырымнан ашылуға жол ашқан роль, оны шығармас бұрын біраз қиналдым. Бірақ, еңбек пен ізденістің арқасында ол рольге көрермен жақсы бағасын беріп жатыр. Келіндер көтерілісіндегі Нигора болсын, жалпы, театрдағы барлық рольдерімді жақсы көремін бірақ ішінде ең сүйіктісі осылар!

Еліктеген тұлғаңыз кім болды?

Осы күнге дейін еліктеген адамым болмапты. Бұл дұрыс па, бұрыс па ізденіп көру керек екен. Кинода көрген актрисаларым бар. Киноны іздеп қараған кезде актерлік ойынға назар аударып, өзіме азық аламын. Бірақ ешкімге еліктемеппін. Мүмкін, амандық болып жатса, алдағы уақытта болатын шығар.

Сіз өзіңіздің бойыңыздағы талант пен шеберлікті осы кезге дейін қаншалықты деңгейде көрсете алдыңыз?!

Қандай роль берілсе, сол рольге өзімнің барлық мүмкіншілігімді салып, ол рольдің төңірегінде барынша ізденіп, сол рольді алып шығамын. Ешнәрсеге үстірті қараған емеспін. Көрермен алдында ойнаған кезде де барымды салып ойнаймын. Бірақ, негізі әлі де ашылмаған қырларым бар, ол менің ойнамаған рольдеріме байланысты. Мысалы, әлі комедия жанрында ойнамадым. Лириканы - барынша ойнадым.

Алдағы уақытта қандай рольдерді орындағыңыз келеді?

Алдағы уақыттағы менің арманым – пластикаға құрылған қойылым ойнағым келеді. Сахнада көрерменмен бетпе-бет бір сағат бойы оңаша қалып, сөзден ісі көп қойылым ойнағым келеді. Сол қойылымға қазір материал іздеп жүрмін. Сценаристпен жұмыс істеп, оны бір режиссерге қойдырып, сол қойылыммен фестивальдерге шыққым келеді. Осындай бір үлкен арманым бар.

Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

Қазір біз, режиссер Жұлдызбек Жұманбай бастаған шығармашыл топ, «Базар құтты болсын» деген қойылым дайындау үстіндеміз. Сол жерде маған Майра Уәлиқызы деген кейіпкердің бейнесін сомдау бұйырды, сонымен жұмыс істеп жатырмын. Маусымның ортасына қарай, үлгеріп жатсақ, көпшілік назарына ұсынамыз деген ойымыз бар. Бұл бір үлкен шоу бағдарлама болады. Бұл біздің театрдың тарихында ең алғаш болып жатқан дала қойылымы. Бұл театрдың ішінде емес, сыртта болатындағымен ерекше болып тұр. Қазір ұжым болып осы қойылыммен жұмыс істеп жатырмыз.

Шілде айында ЭКСПО-ға барып келген соң, демалыс кезінде өзімнің жеке әндерімді жаздыртсам деген ойым бар. Бұйыртса, бәрі ретімен болады деген ойдамын.

Сұхбатыңыз үшін көп рақмет!