Мақала / #студентСөзі
Қазақстан кескіндеме өнеріндегі балалар бейнесі
Суретші болсын, ақын-жазушы болсын белгілі бір образды бейнелеуде тұлғаның жан дүниесіне, психологиясына үңіліп, тереңірек танысу керек
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 06.02.2017
Авторы: Oner Portal
Мақала
Қазақстан кескіндеме өнеріндегі балалар бейнесі
Суретші болсын, ақын-жазушы болсын белгілі бір образды бейнелеуде тұлғаның жан дүниесіне, психологиясына үңіліп, тереңірек танысу керек
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 06.02.2017
Авторы: Oner Portal
Қазақстан кескіндеме өнеріндегі балалар бейнесі

Сәби – өмірдің ең тамаша асыл заттарының бірі. Дүниеге сәби келгенде жанымыз жадырап, көңіліміз құлпыра түсетіні сөзсіз. Өмірге құлшыныс, серпіліс, жаңаша көзқарас сылайтын да осы сәбилер. Нәресте – жүрегі таза, сезімі пәк, жаны адал болып дүние есігін ашқан сәттен бастап үлкендердің өміріне шуақ болып төгілері анық. Сәби кезінен бастап балалардың қалай ер жетіп, есейген шақтарын көру әрбір ата-ана үшін үлкен бақыт. Балалар өмірдің мәні. Әрине әркім үшін бақыт ұғымы әртүрлі түсінік береді. Мен үшін бақыт деген – сәбилердің тәтті үндері, сыңғыр күлкілері. Сол себепті, Қазақстан суретшілер шығармашылығындағы балалар бейнелерінің алатын орнын, басқа образдардан айырмашылығын тауып көрсету жұмыстың басты мақсаты. Бізді кішкентай жүрегімен шексіз жақсы көретін сәбилер қашанда болмасын әрбір үйдің берекесі, шаттығы мен қуанышы. Біз оларды мейірімге бөлеп, махаббатымыз бен қамқорлығымызды аямай жақсы көруіміз тиіс. Суретші болсын, ақын-жазушы болсын белгілі бір образды бейнелеуде тұлғаның жан дүниесіне, психологиясына үңіліп, тереңірек танысу керек. Қандай өнер болмасын, суретте де, театрда да, кинода да балалар бейнесі махаббат пен сүйіспеншілікке баурап алады. Сол себепті де, бұл тақырып қашанда ұтымды, және әрқашан өзекті мәселе деп ойлаймын. Өзекті дейтін себебім, балаларды бейнелеуде жас айырмашылығына байланысты өзіндік ерекшеліктерге ие болатынын ескере отырып, әр жастағы балалардың психологиясына үңіліп, оның жан-дүниесін аша білу асқан шеберлікті қажет етеді. Оларды еркелетіп, махаббатымызға бөлей білсек олардың бізге берер махаббаттары шексіз екенін түсінеміз.

Қазақстан кәсіби кескіндеме өнері Әбілхан Қастеевтен бастау алады. Оның шығармашылығының бастауы «Қазақ қызы» деп аталатын өз қарындасының портреті болды. Одан кейінгі жұмысы «Мектепке» деп аталып, қыз балалардың образдарын аша білді. Қазақстанның көптеген суретшілерінің шығармашылығынан балалар образдарын кездестіруге болады. Соның ішінде, Жүсіпов Әлидің «Бақбақтар» картинасы ерекше әсер қалдыратын туындылардың бірі.

1965 жылы жазылған туынды өте қарапайым композицияға құрылған. Мұнда үш баланың бақбақтар арасында ойнап жатқан сәттері бейнеленген. Бұл туындыда бірден үш баланың образына тоқталамыз. Жаздың жайма шуақ күнінде көк шалғында ойнап жүрген балалардың жақын достар екенін аңғару да қиын емес. Күн сәулесі ерекше түсіп тұрған ортадағы қыз бала көрерменге тұра қарап тұр. 9-10 жас шамасындағы қыз отырған қара торы баланың иығынан ұстап оның назарын өзіне аудармақшы. Оның жымиған күлкісі көрерменді бірден өзіне баурап алардай. Ол өзі терісінің түсімен ерекшеленіп, қалған екі баладан өзгеше болып бейнеленген. Үшеуінің арасында бір байланыс орнағандығы олардың іс-қимылдарынан көрініп тұр. Әли Жүсіпов – табиғаттың өмірі мен сұлулығын терең түсінетін лирик суретші. Балалардың жүзінен олардың дәл осы сәтте бақытты екендерін аңғаруға болады. Бұл жастағы балалар нағыз өмірден рахат алып, еш уайым-қайғысыз жүретін кездері. Сол сезімді осы туындыдан көре аламыз. Суретші туындысын «Бақбақтар» деп атап, оның өзіндік мәні бар екенін көрсеткісі келсе керек. Жалпы, бақбақ көпжылдық өсімдік. Ол – көктемнің тұңғышы, халық оны атам заманнан қадір тұтып, сүйіспеншілікпен «жер күні», «денсаулық эликсирі» деп атаған. Оның емдік қасиетін де білген. Ол ерекше әсем, сұлу гүл де емес, таң қалдыратын қайталанбас зат та емес. Дегенмен, суретші осы қарапайым ғана бақбақ арқылы достықтың құнын, баланың алаңсыз көңілін білдіргісі келсе керек. Олардың қарым-қатынасы осы бақбақпен байланыс тапқан. Балалар өмірде ең еркін жандар, сол еркіндік те осы бақбақтар арқылы көрініс тапқан. Шөптің үстінде отырған ұл бала қарама-қарсысында тұрған қызға бақбақты ұсынып, өзінің көңілін білдіруде. Балалар табиғат аясында демалып, жайбарақат күйде жүрген жас балалардың көңілдері жылы түстер арқылы тамаша көңіл күй сыйлады. Барша балалардың өмірі осы бақбақтар тәрізді жеңіл болсын дегендей туындыға сүйсініп қарай беруге болады.