Мақала / #студентСөзі
Тарихы талайды таңдандырған Даная
Қоғам дамуының бастапқы сатыларында қоғамдық сананың қалыптасуы,рухани мәдениеттің ең көне формасы «мифология» болып табылады. Ежелгі грек мифологиясы негізінде кескіндемеге арқау болған «Даная» образының сақталу тарихында отандық суретшіміздің ықпалы барын атап өтуге болады
Бөлім: Кино
Датасы: 19.11.2017
Авторы: Мадина Құрал
Мақала
Тарихы талайды таңдандырған Даная
Қоғам дамуының бастапқы сатыларында қоғамдық сананың қалыптасуы,рухани мәдениеттің ең көне формасы «мифология» болып табылады. Ежелгі грек мифологиясы негізінде кескіндемеге арқау болған «Даная» образының сақталу тарихында отандық суретшіміздің ықпалы барын атап өтуге болады
Бөлім: Кино
Датасы: 19.11.2017
Авторы: Мадина Құрал
Тарихы талайды таңдандырған Даная
Кенеп, майлы бояу «Даная» Рембрандт Харменс Ван Рейн XVII ғ

Өнер тарихына көз жүгіртсек әрбір туындылардың негізінде аңыз жатқандығы белгілі. Миф әсіресе ежелгі өркениет өнерінің негізін қалады немесе өнеріне өзек болды десек қателеспейміз.

Солардың ішінде ерекше қызығушылық тудыратыны гректің ежелгі мифтері. «Ежелгі Грек мифологиясында Линкейдің немересі, Аргос патшасы Акрисий жөніндегі деректер көп кездеседі. Оның қызы Даная осы мифтің бас кейіпкері. Аңыз желісі бойынша көріпкел абыз-патша Акрисийге өз немересінің қолынан қаза табатынын жорамалдаған болатын. Мұндай сәуегейлікке қарсылық танытқан патша жалғыз қызы Данаяның болашағына күдікпен қарайды. Соңында пенделігі басым түсіп, қызын сырт көзден таса етіп, бір өзін жан жоламастай қапасқа қаматады».

Бұл қапастың бір деректерде жер астында болғандығы баяндалса, енді бірінде биік мұнара болғандығы айтылған. Осы орайда Зевстің Данаяға алтын жаңбыр түрінде келгендігін ескерер болсақ, қапастың жер асты сарайы емес, биік мұнара болғаны қисындырақ. Көмекшісімен ғана қалған Данаяға келген Зевс оның ғажап сұлулығынан хабардар болып, сырттай ғашық еді. Екеуінің махабатының нәтижесінде Персей дүниеге келеді[1]. Сұлу Даная көптеген суретшілердің шығармаларына негіз болып, әртүрлі қырынан көрініс таба бастайды. Даная образын ашу мақсатында асқан шабытпен қалам тартқан Рембрандт Даная арқылы өзінің сүйікті жарын көрсеткісі келген деген деректер кездеседі. Ван Рейн Рембрандттың Данаясы 1647 жылы жарық көреді[2]. Суретшінің Данаясынан мұңлы сезім байқалады. Кескіндемелік жұмыс, кенепке майлы бояумен жазылған. Сюжеті мифологиямен тығыз байланысты. Данаяның жеңіл лирикалық сезімге жетелейтін нәзік қозғалысы картинаның негізгі қозғаушы күші іспеттес. Ол қозғалыс бізді артқы пландағы әрекеттерге жетелейді. Туындының алдыңғы және артқы пландарындағы Даная мен оның көмекшісінің жүздері таңғалуды көрсетеді. Шектеулі түстердің үйлесімін тапқан туындының композициялық орталығы бірден көзге түседі. Суретші оны асқан шеберлікпен тылсым жарық беру арқылы айқындаған. Ал бөлме түстері тым салқындықты бейнелейді. Рембрандттың Данаяның бөлмесін бұлай суреттеуі оның қапаста тұрғанынан хабардар еткісі келгендей. Салқындықты сипаттайтын Данаяның бөлмесі ою-өрнекті жиһаздармен жабдықталғанын көрсетеді. Жатын орны түгелдей шымылдықпен безендірілген. Ерте де шымылдық хан, патша сарайының бөлмелерінде ақ сүйек отбасыларында ілулі тұратын болған. Данаяның көрпе-жастығының қалың әрі жұмсақ болып ақ түспен боялуы бір жағынан тазалықтың бейнесі болса,екінші жағынан Данаяның шыққан тегінің көрінісі деуге болады. Ал, негізгі кейіпкердің жалаңаш күйде бейнеленуі қайта өркендеу кезеңінің талабы еді. Данаяның жүзінен мұң байқалады. Оның көздеріндегі аянышты көзқарас көрерменнің сезіміне әсер етпей қоймасы сөзсіз. Бұл көрініс оның болашағына деген сенімсіздіктің айнасы іспетті.

Туындының жоғарғы аясында жарықтың, жылудың сипатын айқындайтын көрініс бар. Ол кішкентай періште бейнесі. Періште бейнесін Рембрандттың басқа да шығармаларынан кездестіруге болады. Ол осындай образдар арқылы өз кейіпкерлерінің бейнесін ашушы деп айтсақ артық етпес. Яғни біздің санамызда періште – адал, ақ ниетті, жақсылықтың жаршысы деп танылса, бұл шығармаға сол періштенің қосылуы – Данаяның өмірге, махаббатқа, сезімге деген құштарлығын бейнелейді. Рембрандтың періштесінің көңіл күйі тіптен әлсін. Ол жанарының жасын тыя алмай тұрғандай. Бәлкім бұл болашағына балта шабылғалы тұрған Персейдің бейнесі болар Рембрандтың Эрмитажға қойылған «Данаясы» көрме кезінде қатысушы экспонаттар арасында психологиялық ауытқуы бар бір адамның сезіміне ауыр тиіп, картинаны пышақпен тілгілеп тастауынан картина қатты бүлінеді. Бұл оқиға кей деректерде картинаға қоспаның шашылуы себебінен 90% бояуының ағып кетуінен өңдеуге қиындық тудырғаны айтылады. Картинаны қалпына келтіруге тырысқан өңдеушілер қолына Жұмақын Қайрамбаевтың көшірмесі түседі[3].

Жұмақын Қайрамбаев – Қазақстанның үздік кескіндемешілерінің бірі. Нәзік, өзіндік қолтаңбасы бар, кескіндеме жүйесін асқан кәсібилікпен меңгерген. Суретшілер Рембрандттың Данаясын Жұмақын Қайранбаевтың нұсқасына қарап түп нұсқаны қалпына келтіреді. Суретші картинаны сол тұстағы Ле­нин­градтың Репин атындағы кескіндеме, архи­тек­т­у­ра және мүсін академиясының жоғары кур­сында оқып жүріп, айлап отырып көшірген екен. Жа­зып бітір­геннен кейін, әділ қазылар тарапынан “түпнұс­қаға ең жақындаған көшірме” деп танылып, мөр соғылып, академияның сурет қорына табыс етіліпті. Сұхбат алу кезінде Ж.Қайрамбаев Рембрандтқа жанымен берілгенін, оның туындыларының құпияға толылығын баяндаған болатын. Суретшінің айтуы бойынша Данаяға жылына бір рет Питердегі «Ақ түн» кезінде жан бітетінін жеткізді.

Қоғам дамуының бастапқы сатыларында қоғамдық сананың қалыптасуы, рухани мәдениеттің ең көне формасы «мифология» болып табылады[1]. Ежелгі грек мифологиясы негізінде кескіндемеге арқау болған «Даная» образының сақталу тарихында отандық суретшіміздің ықпалы барын атап өтуге болады. Дегенмен, әлі күнге бағаланбай келе жатқан бұл еңбектің жылы жабылып қойғандығы өкініш тудыруда. Сезімге толы құштарлықпен жазылған туынды кімнің қылқаламынан туындамасын әрбірінің өзіне тән өзгеге ой тастар тұстарының бар екендігі белгілі. Қалай болғанда да жауһар туындылардың мәңгілік мұра ретінде сақталып қалуы біз үшін үлкен қуаныш.

Қолданылған материалдар:

  1. Кун Н.А Ежелгі Греция мифтер мен аңыздары. Алматы.Мектеп, 1979
  2. Даниэль С.Рембрандт Харменс Ван Рейн Даная. М: ЗАО «МИК», 2007
  3. Жұмақын Қайрамбаев, Даная