Мақала
Саңлақ суреткер
Биылғы жылдың наурыз айында қазақ бейнелеу өнерінде «Алпысыншы жылдар» саңылақтары қатарына қосылатын айтулы тұлға Шаймардан Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналған мерейтойлық көрмесі көпшілік назарына ұсынылған болатын
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 17.04.2017
Авторы: Бәтиза Әди
Мақала
Саңлақ суреткер
Биылғы жылдың наурыз айында қазақ бейнелеу өнерінде «Алпысыншы жылдар» саңылақтары қатарына қосылатын айтулы тұлға Шаймардан Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналған мерейтойлық көрмесі көпшілік назарына ұсынылған болатын
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 17.04.2017
Авторы: Бәтиза Әди
Саңлақ  суреткер

ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің көрме залы қаламгердің ұлттық үн мен бояудың қанықтылығы ерекше көзге түсетін туындылары қатарымен толықты. Көрмеде Ә.Қастеев атындағы өнер музей қорынан, Н.Байсеновтың жеке жинақтарынан, Д.Байтасованың жеке коллекциясынан алынған еңбектер де орын алды.

Шаймардан әлеміне бойлау, суретші тілін ұғыну, нәзік сезімталдықпен берілген сан бояулар сырының құпиясын еркін меңгерген шебердің шығармашылығы кейінгі ұрпақ қазынасы. Туындыларына арқау болған кескіндемелік ізденіс жолдары батыс және шығыс дәстүрлерін біріктіруге негізделген. Әйгілі Пикассоның өнер жолы суретші болмысына ерекше әсер бергені айқын байқалады. Әсіресе, Пикассоның: «Мен іздемеймін, табамын!» деген сөзін өзіне бойтұмар ретінде жанына сақтап, өнер жолында мақсат тұтса керек.

1960 жылдары қазақ бейнелеу өнерінің өркендеу кезеңі болып саналады. Көркем сурет жылнамасында алтын әріптермен орын алатын бұл кезең батыстық модернизм мен шығыстық мәнерді ұстанған С.Айтбаев, Ә.Жүсіпов, Ш.Сариев, А.Сыдыханов, Т.Тоғысбаев, О.Нұржұмаев, М.Қисаметдинов, Б.Табиев, Ж.Шарденов шығармашылықтарында ерекшелене түсті. Яғни, суретшілеріміз шетел өнеріндегі бағыттарды өз шығармаларына әкеле отырып, оған қазақы мәнер енгізе білді. Кенеп бетіндегі еркіндік мәселесін көтеру арқылы ұлттық өнерді насихаттайтын форма кеңестігі жүзеге асты.

Олардың шығармашылықтары эпикалық сарынмен, композициялық және колористік шешімнің батылдылығымен, философиялық тарихи тақырыптарға бағытталған туындылармен көзге түсті. Бұл үрдісте Шаймардан Сариев өзіндік қолтаңбасымен дараланды. Айталық, композицияда форма мен түстің үндестігін шебер бейнелеген қылқалам шеберінің «Шопан», «Арал балықшылары», «Мұнайшылар» атты кескіндемелері ұлттық мазмұнға толы құнды еңбектер. Мысалы, «Шопан» туындысы этнографиялық тұтастыққа негізделе отырып, композиция сюжеті декоративті нақышта айшықталған. Кенептегі Шопанның алақанымен жас төлді мейірлене ұстаған сәті ұлттық болмысымыздағы көшпелі дала мәдениеті мен тыныс-тіршілігін аша түскендей.

Түстердің қайталанбас қуаты мен әсері оның әр жанрдағы туындыларында көрініс тауып жатты. Суретші пейзаждары мен натюрморттарына қарасаңыз тылсым табиғат әлемімен астасқан сырлы саз бен дала үнін бірден байқайтыныңыз анық. Кеңістік пен түстің заңдылықтарын жеттік меңгерген шебер өз ұстанымдарымның бірі: «Барлық суретшілерге қарсы жақсыны тауып, өзімше көру, жасау» – деп артына сөз қалдырған. Көрмеде сондай-ақ, бірнеше графикалық суреттері қойылды. Суретші фольклорлық эпостық жырлардың кейіпкерлеріне, жанрлық сюжеттерге арнайы қалам тербеген. «Асан қайғы», «Орман», «Кеш» суреттерінде мүсінді-пластикалық бастау мен сызықтардың ұшқырлығындағы қуатты тербелісті аңғарасыз.

Өнер жолында тынымсыз еңбек еткен шебердің ауқымды тақырыптарының бірі портрет жанрының алатын орны бөлек. Жеке кейіпкерлердің шынайы болмысын жан-жақты зерттей отырып, образдың ішкі иіріміне ене білу – қырағы суретшіге тән қасиет. «Тұрар», «Балам Лебіздің портреті», «Өнертанушының портреті», «Болат», «Жібек», «Қыздар» атты туындылары өзінің жақын туыс-туғандары мен таныстарына және баласына арнаған шығармалары. Әр жеке бейненің жан дүниесіне үңілу, ішкі толғаныс пен эмоциялық көңіл-күйін жалпылама беру суретшінің портрет жазудағы өзіндік мәнерін айқындайды. Портреттер жинағынан біз өн бойына ұлттық сана, қазақы діл мен рухани күш жинақталған көркем сипаттағы шынайы бейнелердің куәсі болдық.

Бұл аталып отырған қылқалам шеберінің шығармашылығы қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық мектептің мол мұрасы. Кейінгі ұрпақтар өресіне рухани нұрын шашып, шабыт беретін туындылары көрермен жадында мәңгі сақталады.