Мақала
Шәрденовтен туындаған әсер...
Жаңатай Шәрденовтың шығармалары құпияға толы сезіммен бірден баурап алатын қасиетке ие. Суретші өзінің бүкіл өмірін, шығармашылығын пейзаж, яғни табиғатқа, әсіресе әсем қала Алматының көрікті тауларына арнады. Ол табиғатты сезініп, ерекше сипаттағы көріністерін шынайы көрсете білді
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 13.06.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Мақала
Шәрденовтен туындаған әсер...
Жаңатай Шәрденовтың шығармалары құпияға толы сезіммен бірден баурап алатын қасиетке ие. Суретші өзінің бүкіл өмірін, шығармашылығын пейзаж, яғни табиғатқа, әсіресе әсем қала Алматының көрікті тауларына арнады. Ол табиғатты сезініп, ерекше сипаттағы көріністерін шынайы көрсете білді
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 13.06.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Шәрденовтен туындаған әсер...
Ж.Шәрденов "Күн бату симфониясы" 1978

Жаңатай Шәрденов қазақ бейнелеу өнерінде 60-жылдардағы суретшілер буыны саналатын Салихитдин Айтбаев, Шаймерден Сәриев, Тоқболат Тоғызбаев, Әли Жүсіпов, Бахтияр Тәбиев сынды бір топ суретшілер қатарынан шыққан дарынды тұлға. Бұл керемет топтың басты мақсаттарының бірі, әр суретші ұлттық дәстүрге сүйене отырып өзінің жеке, өзіне ғана тән қолтаңбасын табуында еді. Нәтижесінде олар дәстүрлі қазақ бейнелеу өнеріне ұлттық мектеп қалыптастырып кетті.

Суретшілердің шығармаларын бір-бірімен шатастыру мүмкін емес. Себебі, әр қайсысының тек өзіне ғана тән қолтабалық ерекшеліктері бар. Мысалы, С.Айтбаев өзінің ішкі жан-дүниесінен шыққан өмірді белгілер арқылы бере алса, Т.Тоғысбаевтың туындыларындағы ғажайып түстен туындаған суретші әлемі қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерімен байланысып жатты, ал Ш.Сәриев шығармашылығына басты тақырып ретінде адам мен оның өмірін ала отырып, ашық-жарық түстермен адамдардың шынайы сезімдерін білдіре алды. Ж.Шәрденов болса, кескіндемеде бояу мен фактураны бірінші орынға қойды.

Ж.Шәрденов «Сары гүлді натюрморт» картон, майлыбояу 1966

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде суретшінің биыл 90-жыл толуына байланысты музей қорынан бірнеше жұмыстары көрермен назарына ұсынылған. Қылқалам шеберінің ерекшелігі – ол табиғат көріністерін бейнелей отырып, бояуды қалың, бірнеше қабатта қолдану арқылы, таудың қырларын, бөлшектерін шығарып, көп түстерді бір-бірімен үйлестіріп шынайы таудың бейнесін тапты. Тек тауларды ғана емес, суретші ағаштардың жапырақтарын, қабығын бейнелеп, гүлдердің ашып тұрған әр күлтелеріне мән бере отырып, еркін жағыспен олардың фактурасын дәл таба білді. Соның әсерінен бейнелер кенептің сыртынан жарып шығып, шынайы түрде жандана, тіріле түседі. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманауи 3D форматта ұсынылып тұрғандай әсер қалдырады.

Ж.Шәрденов «Таудағы кеш» картон, м.б. 1978

Қаламгер туындыларының басым бөлігі бір тақырыпқа арналса да, олар бір-біріне ұқсамайды, бірнеше рет қайталанғанымен, кенептегі көріністердің айырмашылығы түрлі бояулардың қолданысымен және жылдың әр мезгілінде, әр уақытта орындалғанына байланысты ерекшеленеді. Мысалы, «Қысқы пейзаж» (1960), «Медеу» (1985), «Тоған» (1969), «Таулар» (1971), «Күн бату симфониясы» (1978), «Таудағы кеш» (1978), «Ымырт» (1983) атты жұмыстары тылсым құпияға толы табиғатта әсерлі сұлулығымен ерекше көздің жауын алаты тау көріністеріне ғана арналады. «Күн бату симфониясы» (1978) шығармасындағы шырынды жасыл, қызғылт, қара-көк, қоңыр, яғни кешкі уақытты бейнелейтін қанық түстердің гаммасы рет-ретімен жоғарылай орналасып, бір-бірімен бірлесе отырып, шарықтау шегіне жетіп (кульминациясы), қорытынды аккордтары қанық қызыл түспен салтанатты аяқталады.

Ж.Шәрденов «Тоған» картон, м.б. 1969

Мұнда айта кету керек, Ж.Шәрденов түстердің нағыз кәсіпқой дирижері іспетті. Ал қыс мезгілінде орындалған «Қысқы пейзаж» (1960), «Таудағы жылымдық» (1973), «Биік тауда» (1972), «Алатау көрінісі» (1970) атты жұмыстары керісінше ашық, нәзік түстермен, яғни ақшыл-көк, күлгін, қызғылт, кейде қыстың ызғарын беретін суық түстер, сұр, көкшіл, ашық-жасыл түстер басым орын алып жатады. Бірақ, суреткер қолданатын түстерді нақты атап айту қиын, өйткені, ол бір түсті шығару үшін бірнеше түстердің жағысын қолданады. Негізінен, әрбір суретші үшін қыс мезгілін бейнелеу басқа мезгілдерге қарағанда қиындау, бірақ бұл күрделі мезгілді суреттеу Ж.Шәрденов үшін керісінше ләззатқа толы.

Ж.Шәрденов «Ымырт» картон, м.б. 1983

Табиғаттың сұлулығын айқындай түсетін Шәрденовтың шығармашылығындағы ағаштар мен гүлдердің орны бір бөлек. Оларға «Күзгі емен» (1969), «Қыс. Ағаштар» (1977), «Қошқыл шыршалар» (1975), «Қара өрік гүлдеді» (1973), «Қызыл гүлдер» (1973), «Бульдонеж. Этюд» (1980) атты туындыларын жатқызуға болады. Мұнда суретші ағаштың қабығының қыртыстарын, жапырақтарын біріктіру арықылы түрлі бояуларды пайдалана отырып, ерекше формасын табады. Ал, гүлдерге кіріскенде әр шоқ гүлді бір-бірінен ажырату арқылы жалпы композицияны есепке ала отырып, табиғатпен өзінше байланысын көрсетуге тырысады.

Ж.Шәрденов «Ағаш түбіндегі үй» картон, м.б. 1973

Міне, осылайша табиғаттың әсем сұлулығын музаға айналдырған суреткер бейнелеу өнерінің төрінен ерекше қолтаңбасымен өз орнын тапты. Шәрденовтың суреттері оның ішкі жан-дүниесінің қаншалықты бай екенін, өмірге деген сүйіспеншілігін, махаббатын айқындай түседі. Еліміздің әр түкпірлерінде саяхаттан алған әсері арқылы суретші әр қадамында өзіне жаңа өмір, әсерге толы жаңа дүние ашып отырды. Қай мезгіл болмасын, ол қылқаламын тастамай, табиғат құшағына аттанатын. Ал, табиғат оны өзіне ерекше баурап алып, шексіз сұлулығымен шабыттандырып отырғандай.

Әр шығармасында бірнеше қабатты, мол, әртүрлі бояуларды қосу арқылы суретші өзінің әсерін, сезімдерін, таңданысын, сол мезеттегі көңіл-күйін кенеп бетіне кескіндеп отырды. Бүгінде оның әр туындысына мән бере отырып, бір сәтке уақытыңды бөлсең, жан-дүниең түрлі сезімге бөлене түседі. Іштен туындаған эмоцияға толы әсердің арқасында бір күрделі музыканың авторы болып шыға келесің.

Сізге қызық болуы мүмкін: