Мақала
«Екеу» атты туындылардағы көркемдік ерекшелік
Қазіргі таңда халық мәдениетіне назар аудару, соның ішінде мүсін өнерінің ерекшеліктерін анықтап алға қою өзекті мәселелердің бірі. Бұл тақырыпта мүсінші Еркін Мергенов пен Мәлік Жүнісбаевтың махаббат тақырыбына арналған «Екеу» атты қондырғылы мүсіндеріне салыстырмалы түрде талдау жүргізіледі
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 12.04.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Мақала
«Екеу» атты туындылардағы көркемдік ерекшелік
Қазіргі таңда халық мәдениетіне назар аудару, соның ішінде мүсін өнерінің ерекшеліктерін анықтап алға қою өзекті мәселелердің бірі. Бұл тақырыпта мүсінші Еркін Мергенов пен Мәлік Жүнісбаевтың махаббат тақырыбына арналған «Екеу» атты қондырғылы мүсіндеріне салыстырмалы түрде талдау жүргізіледі
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 12.04.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
«Екеу» атты туындылардағы көркемдік ерекшелік

Мұндағы басты мақсат – мүсін өнерін тек ескерткіш ретінде қарастырып қана қоймай, олардың образын беру, қандай мәнерде орындалғанын, бейнелеудегі шеберлікті көру. Дәл осы тақырыпты таңдауда, жалпы адамзат баласының жалғыз болмауы және махаббаттың өмірде алатын орны ерекше болғандығы мен ол сезімнің мүсін өнеріне қалай берілуі, композициялық шешім ерекшелігі, мән-мағынасының ашылуы себеп болды.

Мүсінші Е. Мергеновтың шығармашылығындағы көркем ерекшеліктер Қазақстан өнертану мектебін бей – жай қалдырмады. Жарқ етіп шыққан туындылары барысында жетекші өнертанушы Р.Т. Көпбосынова «Е. Мергеновтың шығармашылығы – бірнеше жыл бұрын анықтаған, қазіргі таңдағы өнердегі өте қызық және жарқын құбылыс. Е. Мергенов жұмыстарының авангардтығы – суретшінің мінезі мен шығармашылығының айғағы. Бұл оның «Жамал», «20 ғасыр», «Мираж», «Екеу» сияқты жұмыстарынан көрінеді. «Екеу» атты жұмысынан камералық ұғым біздің өміріміздегі жаңа бағыттарды ашады. Е. Мергеновтың жұмыстары – бұл сезім синтезі және ізденіс [2,76]. Өнертанушы З.М. Ержанова «Мүсіншінің көпмағыналы шығармалары және оның образының масштабтылығы казақ көркемөнерінің ерекше проблематикасын қалыптастырды. Бір жағынан, көркем формалардың мәселелерін актуализациялады, басты мәселеге қойды. Екінші жағынан – халықтық мағынаның өнерге деген қызығушылығын тудыруы» [1,76] жайлы ой қозғаса, сәулетші Т.Е. Ералиев – «Мен Е.Мергеновтың жұмыстарын бірінші рет көргенде, жалпыадамдық қызығушылық пайда болды, кейін мүсінге, формаға деген пікір пайда болды. Және сонымен қатар, әр форманың тиянақты жасалуы қызықтырды», - дейді. Е. Мергеновтың шығармашылық деңгейі пластикалық өнерде әлемдік деңгейімен сәйкес келеді. Е. Мергеновтың жұмыстары биік дәрежеге ие»[5,77].

Суретші көркем ұғымды тек затқа ғана айналдырып қоймай, адамның көңіл күйін, күйзелісін, тіпті жүрек сыздатқан, оның рухани күшке деген нық сенімін хас шебер ретінде жоғары деңгейден көрсете алды. Еркін Мергеновтың өнердегі қолтаңбасынан адамның рухани байлығы, жан тазалығы, өмірге деген философиялық көзқарастың терең екендігі байқалып тұрады. Оның қай еңбегінен болмасын ұлттық болмысымызды аңғару бір қарапайым өлшемдерге сия қоймайтыны тағы анық. Е. Мергеновтың творчествосына қарасты көптеген сыншылардың жұмыстары көптеген қызық философиялық мағынаға ие болды. Флюра Гадеева Е. Мергеновтың социалдық көзқарасының тереңдігін айқындады [3,79], Роза Көпбосынова [2,79] талдауында Мергеновты халыққа, кейінгі ұрпаққа жататындығын , ал өнертанушы Райхан Ерғалиева болса, Мергеновтың ішкі жан – дүниесінің күйзелісінен қазақ өнерінде стильдер мен бағыттардың пайда болғанын айқындап өтеді [4,35].

Мүсінші Е. Мергенов шығармашылығындағы жарқын туындылардың бірі - «Екеу» (1985). Бұл әлемде барлығы да жұбымен жаратылған. Адамдар да жалғыз емес, жан - жануарлар да екеу. Екеу махаббат пен сүйіспеншіліктің символы. Махаббат, әсіресе қызбен жігіттің махаббатын жырлау, суреттеу барлық өнер иелерінің басты тақырыбы. Мүсінші шығармашылығында басты кейіпкер адам болғандықтан, оның туындылары да халықпен, оның ішінде қоғамдағы көрнекі тұлғалармен толықтырылатыны анық. Е. Мергенов жастықтың жалындаған отын, қайтпас қайсарлығын, алмастың жүзіндей өткір қайратты мінезін және бостандыққа ұмтылған романтикалық әсерін әбден сезінген. Сондықтан болар, мүсінші бостандыққа ұмтылған екі жастың ерлігі арқылы қоғамның кері тұстарын, жеке адамның еркіндік жолындағы күресін көрсетеді. Анатомиялық ұстанымдардан арылған екі жастың дене тұрқы созыңқы келгендігін мүсіншінің тақырыпты ашудағы өзіндік мәнерімен түсіндірді. Пішіндер кішігірім тұғырға табан тірей отырып, бір - бірімен композициялық байланыста орналасқан. Кеңістікті еркін пайдаланған мүсінші, фигуралардың композициялық шешімін бақылай отырып, олардың қимыл - қозғалыстарына еркіндік береді. Жүректің түбінде жатқан тылсым күшке ерік беретін суретші үшін бостандықты аңсау, қоршаған ортаның қарсылығына қарамастан көздеген мақсатына жету адамның тағдырымен қоса рухани жан – дүниесін қызық етеді.

Е. Мергеновтың ұсынылған туындысының бір ерекшелігі, оның пластикасы еркін бола түсуімен қатар, ол пішіндердің аналитикалық құрылысын ұмытып, конструкциялардың символикалық көлемін шығарады. Бұл шығарманың басты тақырыбы – әлемдік махаббат күші, жаратылыс пен өлім. Мүсінші Е. Мергеновтың «Екеу» (1985) атты туындысы–гранит материалында орындалған, пластика мен кеңістікті біріктірген көлемді–кеңістік композициясында өзіндік қалыпқа ие болды. Мүсінші туынды барысында пішіндер мен кеңістікті бірге сомдайды. Кеңістік оның композициясында эмоциялы көзқараста емес, тікелей сезуді талап етті. Егер Е. Мергеновтың «Екеу»(1985) мүсінінің құрылымына уңілетін болсақ, онда оның мүсіні архитектуралық композиция ережесін ұстанғанын көреміз. Көрерменді мүсіннің дәстүрлі емес құрылысы, қалыптаспаған формасы, ырғақ, пропорциялары, ой түйінін бірден шеше алмауы толғандырады. Сонымен, ұсынылған мүсіннің негізінде форма мен кеңістіктің жаңа өзара байланысы басты ерекшеліктері болып табылатынына көз жеткіземіз. Адамның дүниетанымы мен психологиясын анықтауда мүсінші творчествосы бүгінгі таңдағы республика көркемөнерінің жағдайын бағалауға көмектеседі.

Көрермен қабылдауына әр қалай әсер ететін «Екеу» (2000) атты тақырыпты ендігі Еркін Мергеновтен кейін орындаған Мәлік Жунісбаевтың туындысын қарастырып өтейік. М. Жүнісбаев мүсінді жас, шеберлігі жеткен, нағыз махаббат шағында жасады. Мүсінші мұндағы екі адамның денесін жапырақ тәріздес пішінге келтірген, «мүсінді жасау барысында, жоғары көтеріле берген сайын екі мүсін бір ортақ формаға келе бергеннен кейін бір бас жасады». Адамдар да бір – бірімен қосылғанда бірігеді, бір бас болады, отбасын құрады. Өмірлік жолдарын мәңгілікке қосады. Бастың пішініне келсек, ол дөңгелек. Дөңгелек пішін негізінен бұрыннан келе жатқан, қазақ халқына жақын пішін. Дүние жүзінде ең мінсіз пішін қандай дегенде, мысырлықтар үшбұрышты, гректер төртбұрышты дегенде, қазақ халқы дөңгелек дейді. Бұның бәрі сәулет өнерімен тығыз байланысты. Егер мысырлықтар үшбұрыштан – Пирамиданы, Гректер төртбұрышты – сәулет өнерінің негізіне алса, қазақ халқы дөңгелек пішінді негізге ала отырып, киіз үйді шығарды. Суретші, сонымен қатар дөңгелек пішінді космосқа, аспанға, күнге, айға теңейді.

Мүсінші М. Жүнісбаев көбіне қондырғылы мүсін өнерінде жұмыс жасайды. Ол ағаш және тағы басқа материалдармен (таспен, қоламен және мәрмәрмен) шығармашылығын өрістеді. Мүсіншінің қолтаңбалық ерекшелігі – ұлттық тақырыптарға негізделеді. Ол ою – өрнек (стилизацияланған), қазақтың болмысына, оны қоршаған әлеміне, табиғатқа жақын халық екендігімен байланыстыру айрықша орынға ие. Сондықтан М. Жүнісбаевтың туындыларында өсімдікке жақын пішіндер көптеп кездеседі. Мүсінші «Екеу» мүсінінің пішінін жасауда, екі адам денесі ұқсас болса да, еркек пен әйел пішіндерінің айырмашылығын ойлай отырып, әйелдің ер адамға қарағанда нәзіктірек екенін есепке ала отырып жасаған.

Сонымен, М. Жүнісбаев «Екеу» туындысын сұлбалауда, адамзат дүниетанымы мен бүкіл әлем дүниетанымын – жер мен аспан әлемі, халықтық идеологияны назардан тыс қалдырмағанын түсінеміз. Нақтырақ айтар болсақ, адамды тек қана бір – бірімен байланыстырып қана қоймай, оны қоршаған бүкіл әлеммен, сол әлемнің әр бөлшегімен ұйқастыра отырып, бір үлкен мағына беретін, барлық халықтың мифологиясына айналған, үлкен ағаштың кішкентай ғана бөлігін кесіп алып, барлық адам баласына көрсетті. Мүсін негізгі ойларды өзіне бағынышты етсе де, өзіндік талғамы мен айтары бар туынды. Мүсіншілердің туындыларына қарай отырып, Еркін Мергенов пен М. Жүнісбаев қолында бірдей көлемдегі әртүрлі материалдардың болғанына көз жеткіземіз. Бірі тек геометриялық жүйеде құрылса, келесісі геометриялық қатаңдыққа иілгіш жұмсақтықпен қоса мәнерленген. Қазақ мүсіншісі Еркін Мергеновте негізгі идея - образдардың отырысы күйінде өз композициялық шешімін тапса, Мәлік Жүнісбаев бұл шешімді жинақты тұрған бейнеде сұлбалап берді. Бір - біріне өзіндік иілімі арқылы жұптаса кірігіп тұрған қос образды ажыратып көре аламыз. Ол бірде музыканың тиегі саналатын нота желісіне ұқсаса, енді бірде көз алдыңа жоғарғы бөлігі дөңгеленген, яғни шексіздікті ұластырған белгілі бір аспап түрінде ене кетуі де ғажап емес. Еркін Мергеновтың туындысы шексіздікті белгілі нүктелердің бір біріне иігуі немесе біріне бірі бағынышты болып тұруының арқасында көрсетсе, М. Жүнісбаев ерекшелікті үзілмейтін сызық арқылы сұлбалап берген. Мәлік Жүнісбаев шығармашылығы өзіндік ізденімпаздығымен, ерекше образды мүсіндерімен ерекшеленген тұлға. Мүсіншінің шығармашылығындағы ағаштан жасалған «Екеу» (2000) атты туындысы осының айғағы болса керек. Қарастырылып отырған туындылардың көлеміне қарамастан ретімен қойсақ, онда белгілі бір тартылысқа ие болатындай көз жеткізетініміз рас. Еркін Мергенов туындысы бір - бірімен айқаса орындалса, Мәлік Жүнісбаев туындының жоғарғы бөлігін бірлестіре отырып, бір ғана бас жасай салды. Барлап қарасақ, бұл бір кезеңнің өзгерісін береді. Туындыдағы басты идея бір, оны айшықтап өтер болсақ «Екеу», қос жұп бір - бірінсіз еш өмір сүре алмайды, олар өмірді бірдей қабылдайды. Қарастырылған Еркін Мергенов пен Мәлік Жүнісбаевтің «Екеу» атты мүсіні, қазақтың махаббат дастанындағы кіршіксіз сүйіспеншілігіне құрылған. Сыртқы құрылымы жағынан бүгінгі авангардты құрылымды мүсіндердің бірі секілденгеніменде, мүсіндер нағыз қазақи қағидаларды айшықтап өтеді.

Өзіне өте үлкен тағылым мен тарихты қамтитын «Екеу» атты мүсіндер өз дәрежесімен деңгейленіп тұр. Екеу, әрқашанда жұбы жазылмайтын құнары жойылмайтын тағылымды тақырып болып, өнерде өз өресін әрмен қарай жалғастырады және жалғастыра берері анық. Көркем сөздің жаны – көркем бейне. Демек өнердегі жаңалықтың сыр-сипатына қанық болу үшін, көркем бейненің құнарын, қазіргі сырын ашу керек. Өнердің өміршеңдігі арқылы адамзат баласы, өзінің ұрпағына мәдени және рухани мұраларын аманат етіп қалдыра алған. Бүгінгі таңда көрермен талғамының жоғарлауына байланысты, мүсін өнерінің де заман талабына сай дами түскенін байқаймыз. Бұл келешекте мүсін өнерінің тағы да дами түсуіне үлес қосатын жас өнертанушылар үшін де үлкен сын. Бұл екі ескерткіш көрген адамға ой салып қана қоймай, әрбір қазақ жастарының санасына тұлға бейнесін өшпестей етіп қалыптастыратыны сөзсіз. Рухани әлемі өзгерген бүгінгі адамның талабы өзгерері хақ. Әйтсе де, өз ұлтының ұлылығын көрген халық, өз өлкесін, Отанын, ұлтын әрдайым бетке тұтады, мақтанады. Бүгінгі күнгі мүсін туындыларындағы астарлылық, жұмбақ ойлар әрбір адамды өзіне нәзік баурап алуы арқылы маңызды. Қазақ табиғатын суретші қауымы қыл қаламмен бояу арқылы сипаттап жатса, ал мүсіншілер асқан еңбекпен күшпен, саусақ ізімен, лепті үндестіктер арқылы үйлесім өрнектеп жан толғанысын жеткізе білді. Өнердің құндылығы оның жұмбақтылығы арқылы танылып айқындалса, аталған «Екеу» атты туындыларда адам жанының тұлғалық келбетін, оның психологиялық астарлы ойымен жырлаған мүсін өнерінде қаншама құндылық бар екенін сезінеміз.

Қолданылған материалдар:

  1. З. Ержанова. Художники Казахстана. Каталог Выстовки. Москва,1989
  2. Р. Көпбосынова. Еркін Мергенов. Каталог.(50 лет, 70 лет). Сборник статей. Алматы, 2010
  3. Ф. Гадеева. Еркін Мергенов. Скульптура. Художники Казахстана. Каталог выстовки. Москва, 1989
  4. Е. Ерғалиева. Траектория полета. Творчество. 1988, № 6
  5. Д. Амантай. Еркін Мергенов. Альбом. Алматы, 2003
  6. А. Сабитов, Д. Амантай. Еркін Мергенов. Алматы, 2003