Мақала
Қаламына әзіл қонған суретші
Карикатурада негізінен (сатира) күлкі ету ғана емес, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, лирикалық сезім мен ғылыми талдаулар тоғысып жатады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 20.06.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Мақала
Қаламына әзіл қонған суретші
Карикатурада негізінен (сатира) күлкі ету ғана емес, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, лирикалық сезім мен ғылыми талдаулар тоғысып жатады
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 20.06.2017
Авторы: Ақбота Ілиясжанқызы
Қаламына әзіл қонған суретші
Суретші-карикатурашы Еркін Нұразхан

Суретші-карикатурашы Еркін Нұразханның шығармашылығында танымал тұлғаларға арналған шарждары мен карикатуралық суреттері ерекше орын алады.

Суретші жастайынан сурет өнерімен айналыса бастағанымен, осы әзіл суретке бала күнінен-ақ жаны құмар болған екен. Оқуға түспей тұрып, әскер қатарында жүрген кезінде-ақ (1971-1973 жылдары) үш-төрт метрлік «Сквозняк» деген қабырға газетін шығарысып, сол жақтағы әскери өмірдің кемшіліктерін әзіл-шыны аралас бейнелеп отырған. Орыстың ақын жігіті әзіл өлеңдермен шымшылап жеткізсе, Еркін аға шарж, яғни сурет арқылы мысқылдаған. Ол 1974 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түседі. Училище қабырғасында жүргенде бірінші курс студенттеріне арналған кеште конкурс ұйымдастырылады. Конкурс шарты бойынша, берілген кейіпкерді шарж жанрында салу тапсырылып, ағамыз бірінші орынды еншілейді. Училищеде төрт жыл театр суретшісі мамандығын оқиды. Сол жылдары Алматыда Т. Жүргенов атындағы Мемлекеттік театр және көркемсурет институты ашылып, білімін сонда жалғастырады. Училищені тәмамдағанда Ленинградтағы театр-көркемсурет институтына жолдама берілсе де, суретші елінен алыстамай, Алматы шаһарында қалған болатын. Жас суретшінің талантын таныған атақты ақын Мұзафар Әлімбаевтың назарына ілігеді. «Балдырған» журналының сол кездегі бас редакторы болған Мұзафар ағасы өзіне жұмысқа шақырып, ол білімін өндіріспен ұштастырды. Журналда жұмыс жасап, балаларға сурет салуды үйретеді. 1982 жылдан бастап қызметтік ортада жүздес болған белгілі тұлғалар мен қаламгер ағаларына шарж жасап, оны жүйелі түрде дамытып отырды. «Қазақ әдебиеті» газетінде суретші еңбегіне арналған жеке рубрика ашылып, апта сайын шарж салуға тапсырыс түседі. Сөйтіп, ойламаған жерден шарж жанры суретшінің өмірлік бағытына айналады.

Карикатурада негізінен (сатира) күлкі ету ғана емес, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, лирикалық сезім мен ғылыми талдаулар тоғысып жатады. Сатираның эпиграмма, памфлет, фельетон, пародия, шарж, карикатура сияқты жанрлары болады. Сол жанрлардың ішінен суретші шығармашылығының негізгі тақырыбы – шарж. Бұл жанрда негізінен портрет басты орын алады. Портреттің негізгі міндеті - адамның сыртқы ұқсастығын айнытпай берумен қатар, ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын ашып көрсетіп, тұлғаның ішкі жасырын қасиеттерін шынайылықпен айқын бейнелеумен бірге нақты бір образдың қырын ашуда әзіл-қалжыңға, қисынға ерекше мән беру көзделеді. Осындай адам бойындағы құпияны, мінезіндегі ерекшеліктерді ашу Еркін Нұразханның басты мақсатына айналған. Мысалы, Мейрамбек Бесбаев, Роза Рымбаеваның әзіл портреттерінде суретші олардың мінездеріне сипаттама бергендей. Екеуі де халықтың сүйікті әншілері, екеуі де қайсар мінезді, шынайы, шындықты бетке айта алатын тұлғалар. Бірақ, соған қарамастан олар мейірімді, өз халқын сүйетін жандар. Ол сүйіспеншілікті әндерін үлкен жүрекпен айтатын Мейрамбектің жымия күлген күлкісінен, мейірімді көздерінен көруге болады. Бұл әншіні таңдауына оның түрінің айқындылығы мен жалпы нағыз азаматтық тұлғасы себеп болды. Ал, Роза Рымбаева нағыз қазақтың қайсар қызы, Қазақстанның халық әртісі, бір сөзбен айтқанда жанып тұрған жұлдыз. Бұл оның үстіндегі жалындаған қызыл көйлегі мен қолындағы микрафонын ұстап билеуінен байқалады. Қызыл көйлекте бейнеленуінің тағы бір себебі қызыл түсті көйлек әншінің ең жақсы көретін түсі екен. Сонымен қатар, қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі Асанәлі Әшімұлының карикатурасынан бірінші кезекте оның актер екендігіне басым көңіл аударады. Ерекше бейнеде тұрған образы, қараған көзқарасы, қолындағы трубкасымен кезекті бір рөлде ойнап тұрғандай әсер қалдырады. Асанәлі Әшімұлын алуының тағы бір себебі оның бірнеше күрделі рөлдерде ойнағандығы, жалпы тұлға ретінде, актер ретінде бет - әлпетінің ерекше екендігі тартқан. Актерға арналған суретшінің бірнеше шарждары бар. Осыған орай актердің көптұлғалығымен қатар, әлі де зерттеуді қажет ететін, оның шын мәнінде күрделі кейіпкер екендігін танытады. Ал, кескіндеме шебері Жұмақын Қайранбаев карикатурашының ұстазы, әрі әріптесі. Қолындағы суретші қауымға тән палитрасы мен қылқаламын негізге ала отырып, суреткердің мінезіндегі күрделілікке назар аударады. Сондай-ақ түрінен, мұң шалған көздерінен, суретшінің қарапайымдылығы мен оның үнемі ой, ізденіс үстінде жүретінін аңғартады.

Еркін Нұразхан осындай әр өнер саласында жүрген белгілі тұлғаларды ала отырып, олардың нақты немен айналысатындарына, сол істерінің олардың өмірлерінде қаншалықты маңызды орын алатынына, олардың мінездеріне, ішкі жан-дүниесіне -карикатура жанры арқылы, қуаныш пен күлкі сыйлай отырып сипаттама береді. Дәл осы жанр арқылы, яғни сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелген Еркін Нұразхан белгілі бір тұлғаның образын ғана емес, жалпы оның әлемін, ішкі жан-дүниесін көре алатынын, мінезін сезе алатын психолог іспетті. Суретшінің бірнеше көрмесі «Кімне күлеміз?» атауымен ашылған болатын. Оның себебі, суретшінің Николай Гоголь атындағы ущилищесін бітіргеннен, жазушының «Ревизор» деген атақты комедиясының бүкіл оқиға біткеннен кейін соңында көрерменге қарап айтылған: «Кімге күліп отырсыңдар? Өздеріңе күліп отырсыңдар» («Над кем смеетесь, над собой смеетесь») деген сөздері де арқау болса керек.

«Неліктен шарж жанрын таңдадыңыз?» деген сұраққа Еркін Нұразхан: «Шарж жанрын мен емес, мені шарж таңдаған шығар»,- деп күле жауап береді. Оның айтуынша әзіл суретке де адамның қабілеті болу керек. Яғни, карикатура, шарж жанры айтарлықтай оңай емес. Ол да өзгеше бір зерттеуді қажет ететін, өзіне тән талаптары бар күрделі сурет өнерінің бір түрі деуге болады. Бұл жанрда суретші дәл қандай кемшілікті немесе күлкілі нәрсені ашып айту міндетті емес, оны көрермен өзі түсінуі керектігін айтады. Мысалы, пародия жасағанда адам күледі, неліктен күледі, өйткені, пародист даусын, түрін келтіреді, содан кейін кейіпкер айтпаған қызық, әзіл сөздерді айтып халықты күлдіреді. Ал, суретшінің міндеті қиынырақ, ол әр адамға байланысты ойларды ашып айтпайды, оны сурет арқылы жеткізуі тиіс. Одан кейін суретте сол тұлғаға байланысты бір күлкілі сәт болу керек.

Еркін Нұразхан жас суретшілер мен болашақ өнер иелерін әзілге дұрыс көзқараспен қарауға, оған терең үңілуге, мағынасын ашуға шақырады.

Адамдарың тағдырлары ұқсас болмаса да мінез-құлықтарында ұқсастықтар болуы мүмкін. «Кімге күлеміз?» деп алған тақырыптың астарында шындығында біз өз-өзімізге күлеміз деген сияқты ойлар жатыр. «Өзіне өзі күлген халық – ұлы халық» деп француздар айтқандай, қазақ халқында да әзілді түсініп, қалжыңды қадірлейтін қасиет ежелден бойымызда сақталған. Сондықтан, суретшінің ойынша шаржға ренжімеу керек, себебі ол демократиялық процестің дамуына, қоғамның алға жылжуына өзіндік үлесін қосады.