Мақала
Кино теориясының қалыптасуы
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. ЛЕКЦИЯ 4. Кино теориясының қалыптасуы
Бөлім: Кино
Датасы: 22.02.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Мақала
Кино теориясының қалыптасуы
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. ЛЕКЦИЯ 4. Кино теориясының қалыптасуы
Бөлім: Кино
Датасы: 22.02.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Кино теориясының қалыптасуы

Құрастырушы: Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Кино теориясы саласындағы алғашқы ғылыми еңбектер

Кино теориясы киношығарма табиғатының негізгі белгілері мен қалыптасу заңдылықтарын зерттейді. Бастапқы кезеңдегі қалыптаса бастаған кино теориясы ғылымы кино өнерінің суреттеу тәсілдерін мүмкіндігінше жүйелі арнаға түсіруге тырысады және өнердің бұл саласының даму ерекшеліктерін айқындайтын тұжырымдар жасайды. Кино теориясы бойынша алғашқы ғылыми еңбек "Манифест семи искусств" деген атпен 1911 жылы жарық көрді. Бұл еңбектің авторы итальяндық кинотеоретик Риччотто Канудо (2.1.1879 – 10.11.1923) 1902 жылдан Францияда кино саласында қызмет етеді. Алғашқы теориялық тұжырымдар пайда болғанға дейін кино өнер ретінде енді ғана дамып келе жатқан жаңа сала болатын. Бастапқыда бірден қарқын ала бастаған салондық мелодрамалар мен жеңіл сюжетті қысқа фильмдерді көру арқылы Риччотто Канудо өз бетінше оларды сұрыптай отырып фильмдердің өзара ортақ қасиеттерін және көрерменнің зейініне айрықша әсер ете алар жеке ерекшеліктерін тұжырымдауға әрекет жасайды. Риччотто Канудо киноны өнердің жетінші түрі және ол синтездік өнер деп бағалайды. Өнер салаларының түрленуін автор қимылды және қимылсыз екі бөлікке жіктейді. Қимылды өнер түрлері (архитектура, сурет және мүсін) уақытпен өлшенсе, қимылсыз өнердің түрлері (музыка, би, поэзия) кеңістікке байланысты айқындалады. Осы аталған өнер салаларының ішінде Канудо, әсіресе, архитектура мен музыканы өнердің аса маңызды салалары деп қарастырады. Канудоның тұжырымдауында – "кино" жоғарыда аталған өнердің барлық салаларының ортақ туындысы болып табылады және көркемдік сипаттау әдістерінің барлық түрін еркін пайдалана алады.

Алғашқы кинотеоретиктер қатарында француз өнертанушысы Луи Деллюктің (14.10.1890 – 22.3.1924) есімін де атауға болады. Жиырма жасынан журналистикамен айналысқан Луи Деллюк кино теориясы саласындағы алғашқы қадамдарын 20-жылдар тұсындағы француз киносы тәжірибелерінен бастайды. Коммерциялық мақсатта көптеп экранға шығып жатқан фильмдерді сынай отырып, өз көзқарасын белгілі бір жүйеге келтіруге талпыныс жасайды. Луи Деллюктың ой-тұрымыдары негізінен кино эстетикасы ұғымдары төңірегінде өрбітіледі. Оның "Кино и К" (1919ж) және "Фотогения" (1920ж) теориялық еңбектеріндегі айтылатын ой жалпы кино теориясына эстетикалық негіз болып қалыптасты. Луи Деллюк өзінің жоғарыда аталған және басқа да бірқатар теориялық еңбектерінде киноның табиғаты жағынан фотографияға негізделетінін жоққа шығармайды. Дегенмен де, киношығарманың көркемдік ерекшелігіне әсер етуде атмосфера, драматургиялық тартыс әлемі, кейіпкерлер қарым-қатынасындағы психологиялық үйлесімділік мейлінше шешуші роль атқарады дейді. Бұл айтылған ой-тұжырымдар Канудоның көзқарасымен сарындас болып келеді және кино теориясына авангардтық ағымның алғашқы сатыларының бірі "визуализм" ағымын әкелуге себепкер болды. Визуализм  - образдар мен  детальдар арқылы жеке кадрлардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, сол арқылы белгілі бір ой атмосферасын тудыру және осы тәсілдердің тікелей әсер етуі арқылы көрермен қабылдауында ішкі тебіреніс, көңіл-күй ерекшелігін қалыптастыру.

Луи Деллюктың кино теориясына енгізген негізгі тұжырымдары

Луи Деллюктың жалпы кино теориясына енгізген негізгі тұжырымдары ішінде аса маңыздысы "фотогения" ұғымы  болып табылады және ол басты-басты төрт элементке негізделеді: декорация, жарық, ритм, маска. Декорация – табиғи түсіру алаңы (натура) немесе арнайы безендірілген түсіру алаңы (павильон) болуы мүмкін. Жарық – оқиға өтетін ортаға ерекше мазмұн беруге көмектеседі, көріністің бейнелік мазмұнын тереңдетеді. Ритм – кадрлар алмасуындағы ырғақ деңгейінің басты көрсеткіші, актер фактурасы мен оның сомдаған кейіпкері арасындағы, орта мен оқиға арасындағы үйлесімділік. Жоғарыда аталып отырған элементтер ішінде ритм ұғымына Луи Деллюк аса көп көңіл бөледі. Сырт әсірелеу тәсілдерінің мейлінше ұстамды түрде пайдалануын орынды деп тапқан ол, киношығарма мазмұнындағы орын алған барлық суреттеу элементтерінің автордың бастапқы ойын жан-жақты тереңдетуге бағытталғаны дұрыс деп түсіндіреді. Ритмді уақыт өлшеміндегі композиция деп бағалайды және оның негізінде драматургия заңдылықтары жатыр дегенді айтады. Маска – көркем шығарма құрылымында сипатталатын кейіпкердің ішкі дүние әлеміне сәйкестендірілген актер келбеті. "Фотогения" кітабынан кейін Луи Деллюктың  кино теориясына бірқатар жаңалықтар әкелген "В джунглях кино" (1921 ж), "Происхождение кинематографа" (1921ж) атты еңбектері жарық көреді. Кино теориясындағы жиырмасыншы жылдар тұсында пайда болған "Фотогения" ұғымы  француз авангардының атасы болып есептелетін Луи Деллюктің ғана есімімен байланысты  емес.  Луи Деллюк, Абель Ганс, Марсель Эрбье, Жермена Дюлак, Жан Эпштейн кинематографты өнердің дербес саласы түрінде қабылдатқызу жолында көп еңбек етеді. Француз авангардына негіз болған XIX ғасырдың екінші жартысында Европа бейнелеу өнеріндегі импрессионизм (impression) ағымының принциптері. Импрессионизмнің мағынасы – заттар мен фигуралардың түр-түстері әр жақтан қойылған жарықтың әсерінен құбылып, суретте берілген нақты көріністер көмескіленеді және сол арқылы қабылдауға мүмкін деген жалпы әсер басқаша қырынан айқындалады. Бұған дейінгі суретшілер ашық кеңістіктегі жарықтың (табиғи жарық) түсуі мен бөлмедегі заттарға арнайы түсірілетін (искусственное освящение) жарықтың әсері арасындағы айырмашылықты аса нақты ажырата алмайтын еді. Импрессионистердің алдына қойған мақсаты бейнелеу өнерінде табиғи жарықтың әсеріне көбірек көңіл бөлу болды. Олар өз тәжірибелерінде қою түсті бере алатын объектілерді (фигураларды) бейнелеуге тырысады. Бейнелеу өнеріндегі имперссионизм ағымына негіз болған И.Эдуард Манэ шығармашылығы, жалғастырушы ізбасарлары – Дега, Ренуар, Клод МонэИмпрессионизм ағымының маңызды нәтижесі бейнелеу өнеріндегі техникалық тәсілдерін өрбітуде колоритті объектілерден тәуелділікті шарттылыққа өзгерту.

Ал, фотогения ұғымы – заттардың немесе кейіпкерлердің қосалқы көркемдік сипаттау тәсілдердің көмегінсіз табиғи түрде көріну мүмкіндігі деп қабылданады.  Фотогения шындық ұғымымен байланысты реалистік көріністер.

Луи Деллюк, 1918, "Ле фильм": "Импрессионизм в кино аналогично с расцветом удивительного периода в живописи… приведет к созданию живой живописи, что сознательно или нет, мы делаем своей целью".

Луи Деллюк өзінің фотогения туралы мақаласында фотография мен кино өнері турасында мынандай тұжырымдар келтіреді: түр-түс, жарықтың түсірілуі тағы да басқа қосалқы суреттеу әдістері табиғи жағдайға жақын пайдалануы тиіс және сонымен қатар, сипатталатын обьектінің бейнесіне поэтикалық сипат та берілуі тиіс. Кез-келген қосалқы суреттеу тәсілдері негізгі бейнені жоғалтпай, тұншықтырмай, керісінше, оның көркемдік тереңдігін мүмкіндігінше ашуы тиіс. Луи Деллюктың кино теориясы саласындағы жинақталған ой-тұжырымдары Жан Эпштейн, Жак Фейдер, Рене Клер, Жан Ренуар сияқты режиссерлардың шығармашылығына көп әсерін тигізді.

 


Әдебиет көрсеткіші:

  1.  Арнхейм Р. Кино как искусство. М., Изд.во иностран.лит. 1960.
  2. Гуидо Аристарко "История теорий кино". М., "Искусство". 1966.
  3. Теплиц Ежи. История киноискусства. М., 1968-1973.
  4. Леон Муссинак. Избранное. М, Искусство. 1981
  5. Садуль Ж. Всеобщая история кино. М., 1958-1982.
  6. Згуриди А. Экран. Наука. Жизнь. Москва: Искусство 1983.
  7. Киноэнциклопедический словарь. Москва., 1986.
  8. Ямпольский М. Из истории французской киномысли., М,"Искусство" 1988.
  9. С.Фрейлих. Теория кино. Москва. 1992.