Мақала
Кино теориясының даму сатылары
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. ЛЕКЦИЯ 5. Кино теориясының даму сатылары
Бөлім: Кино
Датасы: 24.02.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Мақала
Кино теориясының даму сатылары
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. ЛЕКЦИЯ 5. Кино теориясының даму сатылары
Бөлім: Кино
Датасы: 24.02.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Кино теориясының даму сатылары
«La souriante Madame Beudet» (реж. Жермен Дюлак)

Кино теориясының қалыптасу тарихының алғашқы сатысында  француз теоретигі Леон Муссинактың (19.1.1890 – 10.3.1964) еңбектері  маңызды орын алады.  Кинодағы шығармашылық жолын жазушы-драматург ретінде бастаған Л.Муссинак 1918 жылдан кино сынымен айналыса бастайды. Алғашқы сын мақаласы 1920 жылы  «Фильм» журналының бетінде жарияланады. 1921-1932 жылдар аралығында «L.Humanite» газетінің редакциясында кино бөлімінде қызмет жасайды және осы аралықта болашақ кітабының жобасымен шұғылданады. Оның «Рождение кино» атты кітабы 1925 жылы жарық көреді. Бұл еңбегінде  Л.Муссинак  кино өнерінің синтездік табиғатына тереңірек мән береді, кино өнері театрдан, бейнелеу өнерінен, әдебиеттен бастау алатынын жоққа шығармайды, алайда, кинематографтың өз даму заңдылықтарына да басты назар аударады. Әсіресе, киношығарманың поэтикалық  қасиетіне ден қояды. Уақытқа да, кеңстікке де қатысты өрбітілетін киношығарма композициясында  Муссинактың түсінігінде маңыздысы -  көріністік қатар мен образдардың пластикалық шешімі және оның көрермен түйсігіне әсері, яғни, тұтас алғанда,  бұл киношығарманың көркемдік суреттеу ерекше тәсілдері. Муссинак кинематографиялық композиция құрылымында бірнеше басты элементтерді бөліп қарастырады: бірінші элемент – көрерменнің  қабылдау жүйесіне тікелей әсер етер сезімдік сипат жинағы (актер ойыны, декорация, жарық әсері, пландар түрлері), бұл айтылғандардың барлығын Муссинак «ішкі ритм» ұғымына жатқызады; екінші элемент – сыртқы үйлесімділік, бұл  тұтас фильмнің ритмі болып табылады, сыртқы үйлесімділік киношығарманы  көрерменнің алған әсерінен тікелей байланысты деп тұжырымдайды.  Сонымен қатар, «Рождение кино» кітабында «монтаж» ұғымының алғашқы сипаты беріледі.

Леон Муссинактың кино саласындағы зерттеулері мен ой-тұжырымдары  кино теориясының  ары қарай  дамуына үлкен үлес қосады. Акцент – кинематографиялық ритмнің негізі болса, Леон Муссинак тарапынан айтылған осы тұжырым бұдан былайғы уақытта орыс кинотеоретигі Вс.Пудовкиннің еңбектерінде мейлінше кең өрбітіледі. Француз киносының эстетикасы туралы ілімді дамыта отырып, Муссинак әлемдік деңгейде «киноклуб» ағымының пайда болуына үлкен себін тигізеді.

1920-жылдар тұсында кино теориясына «интегралды кинематография» деген ұғым енгізіледі. Бұл ұғымды кино теориясына енгізген Жермена Дюлак болды.

Жермена Дюлак (1882 – 1942) француз режиссеры, кино теоретигі. 1915 жылдан кино саласында қызмет жасайды.  Ол өзінің «Испанский праздник» (1919), «Смерть солнца»(1921), «Улыбающаяся мадам Бёде» (1922) фильмдерінде көрермен қиялында туындайтын бейнелік көріністер қатары арқылы түйсікке тәуелді атмосфера жағдайын суреттеуді және сол арқылы психологиялық, поэтикалық мотивтерді дамытуды мақсат етеді. 1930 – жылдан «Пате журналь» киножурналының бас редакторы қызметінде болады. Осы жылдар тұсында Жермена Дюлак киноклубтар қозғалысының жұмыстарына белсене араласады.  Ж.Дюлактың алғашқы теориялық жұмыстарында 20-жылдар тұсындағы француз киносындағы  эксперименттік ағымдардың сипатын айқындайтын  «авангард» термині  пайда болады. Француз авангардының бірінші сатысына жатқызылатын Жермена Дюлак шығармашылығындағы  теориялық тұжырымдар кезеңі «интегральды кинематограф» ұғымының қалыптасуымен айқындалады.

Оның негізгі тұжырымдары: нақты  сюжеттік формадан алшақ, пластикалық формалар ритмі тұрғысында. Ж.Дюлактың «интегралды кинематография» теориясында айтылатын көзқарасы «визуализм» ағымының принциптерімен ұштасып жатыр:

  • қозғалысты сипаттаудың көркемдік мүмкіндіктері оның ритмінен туындайды;
  • экрандық шығарма драматургиясының негізінде – ритм және қозғалыс жатыр;
  • киношығарма өз заңдылықтарынан туындайтын эстетиканы қалыптастыруы қажет;
  • киношығармада сипатталатын көрініс мейлінше шынайы, шын өмірге жақын болуы тиіс;
  • киношығарма оқиғасы кейіпкер және кейіпкерлік тартыс ұғымдарымен ғана шектеліп қалмауға тиіс, табиғат, орта, қиял әлемі де қамтылуы тиіс;

Жермена Дюлактың  тұжырымдары бойынша осы аталып отырған бес түсінік киношығарманың көрермен  санасына әсер ету элементтері болып табылады. Ол кинодағы «суррогат» элементтерді сынайды. Дюлактың пайымдауынша, фото «қозғалысы» - киноның табиғаты, ал, осы ұғымды дұрыс пайдаланбау нәтижесінде киношығарма драматургиясы бұзылады: эпизодтардың саны мен көлемі орынсыз ұлғайтылады;  драмалық романтикалық көріністер мазмұнын тек «фон»  өзгерту арқылы тереңдетуге болады деген теріс ұғым; павильондық  көріністер мен табиғи көріністердің алмасуындағы сәйкессіздік. Осы аталып отырған қателіктерді жойып, «визуализм» ағымына қайта оралу керек дейді.

Абель Ганс (1889-1981) - француз режиссеры, кино теориясына  қысқа бөлшекті монтаж әдісін енгізді. Режиссердың тұжырымдауынша қалыпты кадр арасына үйлесімді келтірілген қысқа бөлшектердің реті жалпы динамика жылдамдығына әсер етеді дейді. Абель Ганс өз тәжірибелік фильмдері арқылы сонымен қатар, алғаш рет полиэкран ұғымын енгізеді.

Тәжірибелік фильмдер және олардың нәтижелері арқылы қалыптасқан кино теориясының алғашқы тұжырымдары француз кино өнерінің тарихында 1-ші француз авангард (немесе, классикалық авангард) кезеңі деп аталады. Өкілдері: Абель Ганс, Луи Деллюк, Жан Эпштейн, Марсель Эрбье, Жермена Дюлак.

«Киноавангардизм» құбылысының ерекшеліктерін әдебиет, бейнелеу және басқа да өнер салаларында  байқалған «авангардизмнің» жалпы заңдылықтарымен  тығыз байланыста қарастыру қажет. Кино өнеріндегі «авангардизмнің» бастапқы сатысындағы туындылар  көркемдік мазмұн жағынан гөрі техникалық эксперименттік мүмкіндіктер тұрғысынан ерекшеленеді. Оған дәлел – Деллюктің «визуализм» теориясы, Дюлак тұжырымдарындағы «интегралды кинематография» ұғымы, Ганс Рихтер теориясында «ритм» анықтамасы.  Бірінші авангардизмнің ең басты жетістігі – Луи Деллюктің «фотогения» ұғымының енгізілуі болып табылады.

Жиырмасыншы жылдар тұсында  2-ші француз авангарды пайда болады.  Бірінші авангард кезеңіне екінші авангард кезеңінен  киноэксперименттік әдістерін одан әрмен жалғастырғандар қатарында Жермена Дюлак, Жан Эпштейн болды.

Қолданылған материалдар:

  1.  Арнхейм Р. Кино как искусство. М., Изд.во иностран.лит. 1960.
  2. Гуидо Аристарко «История теорий кино». М., Искусство. 1966.
  3. Теплиц Ежи. История киноискусства. М., 1968-1973.
  4. Леон Муссинак. Избранное. М, Искусство. 1981.
  5. Садуль Ж. Всеобщая история кино. М., 1958-1982.
  6. Згуриди А. Экран. Наука. Жизнь. М, Искусство. 1983.
  7. Киноэнциклопедический словарь. М., 1986.
  8. Ямпольский М.Из истории французской киномысли., М, Искусство. 1988.
  9. С.Фрейлих. Теория кино. М., 1992.