Мақала
Жетінші өнер манифесі
Риччотто Канудоның 1911 жылы жарық көрген мақаласында киноны жеке өнер ретінде танудың алғашқы қадамы жасалған. Бұл еңбек өнер тарихында кино теориясының бастауы болып қалды
Бөлім: Кино
Датасы: 19.09.2017
Авторы: Риччотто Канудо
Мақала
Жетінші өнер манифесі
Риччотто Канудоның 1911 жылы жарық көрген мақаласында киноны жеке өнер ретінде танудың алғашқы қадамы жасалған. Бұл еңбек өнер тарихында кино теориясының бастауы болып қалды
Бөлім: Кино
Датасы: 19.09.2017
Авторы: Риччотто Канудо
Жетінші өнер манифесі

І

Жеті өнер теориясы санамыздың сан саласын билеп, күллі әлемге дереу тарап жатыр. Жанрлар мен идеялар астасып кеткен заманда, ол, мөлдір бұлақтай әсер қалдырады. Мен мұны ашқанымды мақтан тұтпаймын, себебі, кез-келген теория, өз ішінде, белгілі бір ұстанымдарға сүйенеді. Мен оның ықпалының кең таралғаны фактін растаймын; дәл сол секілді, оның ақиқат екенін айта отырып, оның қажеттілігін растаған едім.

Әрине, кино ішінде жүрген сансыз сорлы саудагерлер өз өніміне «Жетінші өнер» атауын тағу арқасында өндірісі мен саудасын биік деңгейге көтерген болса да, олар Өнер деген атаудың жауапкершілігін арқалауға дайын емес еді. Олардың өндірісі, техникалық тұрғыдан аз-кем жетілгенімен, өзгеріссіз қалды; олардың саудасы біресе өрге басып, біресе төмендейді, себебі, жалпыға ортақ сезімталдық бірде өршіп, бірде өшеді. Олардың «өнері», экраншы өз еркін танытып, оны жүзеге асыруды білгенкезде ғана болмаса, негізінен, Ксавье де Монтепен[1] және өзге де Декурсельдердің[2] шырмауынан шыға алмайды. Алайда, Кино деп аталатынтотальдық синтез өнері, Машина мен Сезімнің жаратылысы, ғажайып сәби, өзінің перзенттік кезін өткеріп, балалық шаққа аяқ басты. Көп ұзамай, жасөспірім шағы келіп, ақылы толысып, арманы асқақтай түседі; біз, оның жылдам гүлденіп, жастық шағына өтуін тілейміз. Біз, өзге өнердің бәрі ұмтылған тотальды өнерді жасау үшін Киноға мұқтажбыз.

ІІ

Енді, міне, маған, мәртебеге ие болғандар арасында «Жетінші өнер теориясы» деген атаумен зерттеліп жүрген теория хақында аз-кем түсінік бере кету қажет. Бастау бұлақ оны бізге мөлдір күйінде паш етіп тұр. Көріп тұрғанымыздай, адамзат парасатының жемісі екі өнер – өмірдің құбылмалығын айғақтап, екеуі де форма мен көзбояушылыққа қарсы күресіп, алмасқан талай буынның эстетикалық тәжірибесін байыта түсуде. Адамзат дамуының ерте кезінде өмір тұрмысын жетілдіріп, оны эфемерлік шынайылықтан жоғару қою, адамдарды алаңдатқан нәрселердің мәңгілігін бекіту мәселесі орын алды. Сөйтіп, бір италиялық философ «эстетикалық ұмыт қалдыру»[3] деп атап кеткен эмоциялар ошағын құрып, оны ұрпақтан-ұрпаққа таратпақшы еді. Яғни, қарапайым өмірден гөрі асқақ өмірден ләззат алу, әркім өзінен тыс және жоғары қоя алатын көп бейнелі тұлғаны пір тұту.

«Өркениеттердің музыкалық психологиясы» атты кітабымда, өзінің сезімдік болмысының барша пластикалық және ритмикалық күштерін ойына сақтап қалғысы келген алғашқы дәуір адамының осы мұқтаждығын Архитектура мен Музыка жүзеге асырғанын айтып едім. Алғашқы үйін салып, өзінің алғашқы биін қарапайым дауыстың сүйемелдеуімен билеп, ритмді табанымен жерді қағып тапқан ол Архитектура мен Музыкаға тап болды. Кейін, алғашқысын өз жадында мәңгілікке сақтап қалғысы келгентірі жандар мен заттардың суретімен безендіріп, сонымен қатар, Биді, өз сезімінің мүшеленген тұрпаты – сөзбен – толықтырды. Осылайша, Мүсін, Кескіндеме мен Поэзияны ойдап тапты; кеңістік пен уақыт ішіндегі мәңгілік туралы арманын айқын бейнелей түсті. Сол сәттен эстетика оның тұла бойын жаулап алды.

ІІІ

Атап өткім келетін жәйт, баспана қажеттілігінен туындыған Архитектура, оның құрамдас саласы Мүсін мен Кескіндемеден бұрынырақ жеке-дара тұрпатқа ие болса, Музыка, ғасырлар бойы мүлдем қарама-қарсы бағытта дамыды. Тек асқақтатуға деген рухани қажеттіліктен туындаған Музыка, шын мәнінде, күллі табиғатты басқаратын интуиция мен ұйымдасқан ритмдердің нақ өзі. Бірақ, ол ең алдымен өзінің тармақтары Би мен Поэзияда шыңдала түсіп, мыңдаған жылдан кейін жеке-дара еркіндікке қол жеткізіп, би мен әннен тыс Музыка, яғни, Симфонияға ұласты. Лиризмнің оркестровкасын нақтылайтын мән ретінде ол, біз таза Музыка деп атайтын күйге дейін болған және де Би мен Поэзияның бастау бұлағы болатын.

Бүкіл формалар кеңістікте Архитектураға дейін болғаны секілді, уақыт ішіндегі бүкіл ритмдер де Музыкаға дейін жасалған болар?

Осы күні «эстетиканың айналмалы шеңбері» өнер атаулының ортақ қосындысы, яғни, біз, Кинематограф деп атаған өнерге салтанатты түрде келіп жұмылды. Егер біздің планетамыздың қозғалысының, яғни – полюстермен байланысып кететін өмір қозғалысының ең мінсіз геометриялық бейнесі ретінде эллипсті алып, оны қағаздың көлденең жазықтығына орнататын болсақ – өнер, кез-келген өнер пайда болады.

Адамзат өзінің сан ғасырлық тарихында осы қозғалыстағы эллипске ғасырлар шуы мен жеке жанның күйзелісінен туған ортақ әрі жоғарғы үмітін тастаған еді. Тарихи, географиялық, этникалық немесе этикалық климатқа қарамастан барлық адамдар «өзін ұмыт қалдырудан» терең ләззат алып, өзінің «менін» эстетикалық ұмыт қалудың құрсауында қалдыратын. Осы жоғарғы асқақ күй, мейлі, ақ, қара немесе сары нәсілді болсын, малшының мұңайып, жападан-жалғыз ағаш бұтағына өрнек салған малшының қимылынан сезіледі. Бірақ, жер бетіндегі барлық халықтарда төрт тармағы бар екі өнер ғасырлар бойы, тіпті, осы күнге дейін өзгеріссіз қалды. Педанттардың халықаралық легиондары Өнер эволюциясы деп атағысы келген дүние, шын мәнінде, қу сөз ғана.

Біздің заман жаңа ішкі және сыртқы әлемді жаратудың ішкі және сыртқы күші, бұрын-соңды беймәлім – ішкі және сыртқы, физикалық және діни – күштері тұрғысынан ешқайсымен салыстыруға келмейді.

Біздің заман сан-салалы адамзат тәжірибесін ғажап күшпен синтездей алды. Біз тәжірибелік өмір мен сезім өмірінің қорытындысын шығардық. Біз Ғылым мен Өнерді (мен Ғылым аксиомаларын емес, жаңалықтарын айтып отырмын), Өнер идеяларын байланыстырдық. Әлем ритмін аңдып, ойына сақтап қалу үшін біріншісін екіншісінің үстіне салдық. Бұл кино.

Демек, Жетінші өнер өзгелердің бәрін бітімге келтіреді. Қозғалатын сурет. Ритмикалық Өнердің заңдылығы бойынша дамитын Пластикалық Өнер.

Қазіргі адамның мәңгілік түйсігі бөліп берген ғажайып қуаныштың орны осы. Өмір деп аталатын форма мен ритм, проекциялық аппараттың айналатын тұтқасынан нұр шашып тұр.

Біз, қайта жасарған Апполонның айналасындағы Музалардың жаңа Биін тамашалап отырмыз. Теңдессіз ошақ - біздің қазіргі жан-күйіміздің айналасындағы жарық пен дыбыстың ән-шашуы.


[1]Монтепен Ксавье де (1823-1902) – француз жазушысы әрі журналисі, эротика мен кісі өлімі көп бульварлық мелодрамалардың авторы.

[2]Декурсель Адриан (1821-1892) және оның ұлы Декурсель Пьер (1856-1926) – француз романистері мен драматургтері, водевильдер мен мелодрамалардың авторы.

[3]Мүмкін, 1910 жылы Туринде «Құлдырау» («L’Oblio») атты кітабын басып шығарған Антонио Ренда жайлы сөз болып отырған шығар. Бұл кітап Францияға кең тарап, сол жылы «Ля Ревю филозофикте» «Құлдырау» деген тақырыппен Ф.Поланның осы кітап жайлы есебі басылған.