Мақала
Е.Әбдірахмановтың мультипликациялық фильмдерінің тақырыптық ерекшелігі
Ерсайын Әбдірахманов жақсылықтың қашан да салтанат құратынын өмірдің заңы деп таныса, махаббатпен адуынды алыптың да алдын орап кетуге болатындығын алға тартады
Бөлім: Кино
Датасы: 16.02.2017
Авторы: Нұргүл Сәрсенбайқызы
Мақала
Е.Әбдірахмановтың мультипликациялық фильмдерінің тақырыптық ерекшелігі
Ерсайын Әбдірахманов жақсылықтың қашан да салтанат құратынын өмірдің заңы деп таныса, махаббатпен адуынды алыптың да алдын орап кетуге болатындығын алға тартады
Бөлім: Кино
Датасы: 16.02.2017
Авторы: Нұргүл Сәрсенбайқызы
Е.Әбдірахмановтың мультипликациялық фильмдерінің тақырыптық ерекшелігі
Ерсайын Әбдірахманов

Әрбір өнер туындысының қозғайтын тақырыбы болады. Соның аясында шығарманың идеялық негізі анықталатыны барлығымызға белгілі дүние. Идея бір ғана өзекті мәселе болса, тақырып бірнеше қырынан қарастырылуы мүмкін. Бұндай тәсіл алға қойылып отырған шығарманың ішкі құрылымын байыта түседі.

Әмен Қайдаров өз шығармашылығында көбінесе жақсылықтың зұлымдықпен күресін бейнелейді. Сонымен қатар, әділдіктің салтанат құрғанын ұтымды көрсетеді. Бұл тақырып «Қырық өтірік» мультипликациялық фильмінде айқын байқалады. Соңғы кадрды еске түсірейікші. Тазша бала хан қызы ұсынған қазынаға қарамастан, ен далаға кете барады. Кетерінде: «Бейкүнә жандардың қаны төгілген жерде бақыт болмайды» дейді. Ал, ертегіде ше? Ертегі бойынша, соңы басқаша шешім табады. Хан қызына үйленген тазша бала бақытты ғұмыр кешіпті деп аяқталады. Және де «Сиқырлы кілем» фильмінде де әлсіз нәзік құстарға залалын тигізген құбыжық өзі лайықты жазаға ұшырайды. Дәл осы секілді режиссердің өзге де фильмдерінен әділдік мәселесі басты нысанға алынып, көркемдік шешім жиі кездесіп жатады.

Ал, Ерсайын Әбдірахмановтың шығармашылығында ше? Бұл үшін бізге режиссердің әрбір мультипликациялық фильміне жеке тоқталып өткеніміз жөн болар.

Ерсайын Әбірахмановтың бастан-аяқ есептегенде, тоғыз мультипликациялық фильмі бар. Өкіншке орай, оның бесеуі осы күнге дейін сақталмады. Кітаптар мен мақалаларда жазбаша мәліметтер болғанымен, көрінісі жоқ болғандықтан, зерттеу жұмысымыздың негізіне, талдау барысына қосып қарастыра алмаймыз. Алайда, олардың сюжеттеріне қысқаша шолу жасап өтсек.

«Қызыл-күрек текелер мекені», 1976 жыл. Операторы: Серік Аралбаев, композиторы: М. Маңғытаев. «Кішкентай лақ көп достарының болғанын қалайды. Алайда, анасы баласының сыртқа шығып, өзгелермен сөйлесуіне қарсылық білдіреді. Бұнысы аналық қамқорлық болатын. Соңында баланың өздігінен ер жетуіне мүмкіндік берген соң, лақтың достары көбейе түседі» [17]. Аталмыш фильм Ерсайын Әбдірахманұлының алғашқы шығармасы болып табылады. Ол өзінің алғашқы қадамын көлемді мультипликациядан бастайды. 1979 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік кино арнайы дипломымен және қуыршақ эскизі бойынша ЩНХ КСРО қола медалімен марапатталған.

«Сиқырлы қарбыз» фильмі (сценарий авторы: К. Танаев, операторы: С. Аралбаев, суретшісі: Қ. Сейданов, композиторы: Ж. Тұрсынбаев) – 1978 жылы жарық көрді. «Өзгенің еңбегін бағаламайтын жалқау бала қарбыз егіп, оны амалсыздан өсіруге кіріседі. Осы іспен айналысып жүріп, бұндай жұмыстың қаншалықты қиын әрі маңызды екенін мойындайды. Сонымен қатар, ізгі істің сондай жағымды екенін де түсінеді» [19, 5 б].

«Ғажайып достық» (сценарий авторы: Ш. Мусина, суретшісі: Р. Мәметов, операторы: М. Аранышев) – режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың 1980 жылы экранға шыққан мультфильмі. «Түлкі мен балапанның достығына ата-аналары таңданыс білдіреді. Соған қарамастан, балақайлар достық қарым-қатынасты сақтап қана қоймай, одан әрі күшейте білді» [18, 251 б].

«Кім қараңғылықтан қорқады?» (сценарий авторы: М. Соловьева, операторы: С. Аралбаев, суретшісі: А. Тоқшабаев, композиторы: К. Дүйсекеев) – «Қазақфильм» киностудиясының 1984 жылы шыққан мультипликациялық туындысы. Режиссері – Ерсайын Әбдірахманов. Бұл шығарма 1981 жылы жарық көрген «Қозы мен қосаяқтың жақсылық іздеуі» мультфильмінің жалғасы болып табылады. «Қозы мен қосаяқ қорқынышты қалайша жеңіп шыққандығы жайында бандайтын лирикалық фильм. Олар түн ортасында қорқынышты жоятын сиқырлы гүлді іздеуге кіріседі. Қозы батыл әрі қайратты бола бастайды» [18, 256 б].

Ерсайын Әбдірахманов жұмыс барысында

«Өмірдің мәні» – 1987 жылы жарыққа шыққан. «Қазақфильм» киностудиясында жасалып, өңделген Ерсайын Әбдірахмановтың кезекті графикалық фильмі. «Басты кейіпкер құпиялы есіктерден «өмір мәнін» іздестіреді» [18, 262 б].

Режиссер Ерсайын Әбдірахманов өзінің фильмдерінде жақсылық пен жамандықтың өзара қақтығысын көрсетеді. Жақсылықтың нәзіктігін, жамандықтың кірпияздығын көрсету барысында, нәзік гүлдің қара тасты жарып өте алатын қасиеті бар екенін алға тартады. Бұл оның, әсіресе, «Күнім жайлы ертегі» фильмінде қанық бейнеленген.

«Күнім жайлы ертегі» мультфильмі 1982 жылы көгілдір экраннан көрсетіліп, өз көрерменін тапты. Мультфильмнің өн-бойынан мейрімділік пен сүйіспеншілік, кішіпейілділік байқалады. Фильмнің басты тақырыбы – өжеттілік, ал идеясы – махаббат күшінің ең сұмдық қауіптің бетін қайтаруға қауқарлы екенін жеткізеді. Басты кейіпкердің «Күнім» аталуының өзі бекер емес. «Атына заты сай» өжет қыздың бейнесін сценарист А. Сахариева тамаша суреттеген. Режиссер Ерсайын Әбдірахманов осы бейнеленген адами қасиетті көрініске қосып, бояуын қанық еткен. Нәтижесінде, көз сүйсінетін күлімдеген Күнім-қыз жарыққа шықты. Ол еш қорықпастан үңгірге бет алып, ақ лағын қауіптен құтқарып қалады. Мыстанның үй-ошағын жиыстырып, мейрімді де әдемі ақ жаулықты апаға айналдырып, жылы лебіздер білдіреді. Бойындағы өжеттілігі мен мейрімділігінің арқасында дөрекі алып дәудің де санасына сыпайылық, көңіліне кешіпейілділік ұялатады. Күнімнің жалғыз «ағатай» деген сыйластық сөзі мұз боп қатқан жүректі ерітіп, жамандық атаулыны жоқ етеді.

Бұнымен режиссер жақсылықтың қашан да салтанат құратынын өмірдің заңы деп таныса, махаббатпен адуынды алыптың да алдын орап кетуге болатындығын алға тартады. Дәл осы тақырыпта 1981 жылы режиссер Әмен Қайдаровтың «Сиқырлы кілем» («Волшебный ковер») фильмі көрермен алдына ұсынылды. Аталмыш мультфильмнің фабуласы төмендегідей өрбиді.

Үңгірде өмір сүретін тас боп қатқан құбыжық, әсем құстың қанатын қолды етеді. Ол аспанда ұшқанды қатты қалайды. Сайран салып, ұшып-қонып жүрген қос құстың біреуі құбыжықтан қашып жүріп, кішкентай қыздың тоқып қойған кілеміне келіп өрнек бола қалады. Ендігі құбыжықтың мақсаты – кілемнің өзін ұрлау. Кілемін қайтарып алуға ниеттенген қыз күшігі мен ақ лағын қасына алып, жолға аттанады. Осыдан оның алып құбыжықпен күресі басталады. Бұл фильмде кішкентай қыздың күресі Күнім қыздікіндей ашық түрде көрсетілмейді. Аталмыш фильмнің басты идеясы – өнердің құдіреттілігі. Адамның жан тазалығымен жасалған дүние керемет сиқырға ие болуы мүмкін деген ойды алға тартады. Бұл фильмде де «Күнім жайлы ертегідегідей» негізгі тақырыбы жақсылық пен жамандықтың күресі. Алайда, екі режиссер екі түрлі жеткізген бұл шығармалар шешім жағынан басқаша қарқын алған. Ерсайын Әбдірахманов мейірімділіктің құдіретін көрсетсе, Әмен Қайдаров өнердің қасиетіне аса ден қойған.

Жеңіл сюжетті «Күнім жайлы ертегі» киношығарманың суретті көрінісі нәзік әрі жылы бояуға тұнған. Фильмнің безендірілуі жағы ерекше көзге түседі. Атасы, әжесі мен немересі үшеуінің арасындағы қарым-қатынас қаншалықты көркем болса, кейіпкерлер орналасқан мизансцена да сондай жарқын реңкке боялған. Ал, Мыстан мен Дәуді көрсетерде қараңғылық пен ластықты көрсетеді. Сонымен қатар, үңгірдің кіреберіс жағында шырмауыққа ілінген бассүйектер бірден қорқынышты құбыжықтың баспанасы екенінен хабардар етеді.

Ендігі кезекте, шығарманың өңін келтірген әуеннің авторы – композитор Кеңес Дүйсекеевтің жұмысына ерекше тоқтала өтсек. Сөз жоқ, байыппен ойналатын әуен адам жанын тыныштандырады. Музыка – тамаша туынды. Ал, режиссердің осы бағалы гауһар тасты (музыка) көрініспен тығыз байланыстыра аса әсте дамытып, терең бойлатып көрермендеріне сенімді жеткізуін авторлық шеберлігі дегенінміз жөн болар. Шаңқобыздың сырлы дауысы мультипликациялық шығарманың шымылдығын ашады. Сиқырлы үннің өзі тақырыпқа етене енуге мүмкіндік жасайды.

Шаңқобыз қауіп-қатердің жақындағанын ескертсе, сыбызғы мен сазсырнайдың қоңыр үні жақсылықтың салтанат құрғанын баяндайды.

Қос шығарманы талдай отырып, бір қызықты ой келеді. Егер де, «Сиқырлы кілем» фильмі Ерсайын Әбдірахмановтың режиссерлігімен түсірілген болса, басқа шешім табар еді. Өнер – керемет сиқырдың өзін тудыратын сырлы құбылыс. Жамандық бейнесі алып құбыжық аспанда қалқып ұшқанды арман етті. Оны көрген кішкентай қыз «бұлай құстарды ренжітуге болмайды» деп, кілем сияқты үлкен қылып қанат тоқып берер ме еді?! Бұнымен біз мына фильм ұтымды шығып, екіншісі шешім жағынан дұрыс бағытпен келмеді деп айтудан аулақпыз. Тек, талантты екі режиссердің әрқайсысы алға қойып отырған тақырыпқа (жақсылық пен жамандық мәселесі) өзіндік тәсілмен келуін байқағандықтан, негізгі айырмашылықты көрсетуге тырысып отырмыз.

Ерсайын Әбдірахмановтың кезекті туындысы – ақын Қастек Баянбаевтің «Көзілдірік киген көжек» атты өлеңінің желісімен түсірілген «Көзілдірікті көжек» («Зайчик в очках», 1980) фильмі.

Ағайынды сұр көжек –
Бірі қорқақ,
Бірі өжет...

– деп басталатын ақын өлеңінің негізгі тақырыбы қоғамынан өлшеусіз опық жеген әлсіздерді әңгімеге арқау етеді. Сюжеті жеңіл, ойы балалар тілімен және қабылдауымен жеткізілген аталмыш шығарманың фабуласы төмендегідей өрбиді:

Екі көжек сәбіз егілген алқапқа бармақ болып, орманды жағалап келе жатады. Қорқақ көжек:

Түспей қасқыр көзіне Отырайық бұғынып – қорқақтыққа салынып, қиыла айтады. Бұған ызалы болған Өжет көжек: Кілең үрей ұдайы, Бізді қамап тұрады.

Ақынның Өжет қоянның аузына салған сөзіне, оқырман ретінде аса көңіл аударғанымыз жөн. Бұл жерде автор сенімсіздік, бойдағы батылдықты жоғалту – азулыға  жем болу деген ойды алға тартады. Іштей қамалу адамның өмірін қиындатып жіберетін де ой елегінен сүзіп өткізеді. Әбден көңілі кекке тұнған көжек сөзін төмендегідей жалғайды:

Бекер қорқып-бұғуға,
Болмайды ғой, шынында,
Түбінде мен жарармын
Қасқырды бір қууға.

Бұл өлең шумақтарынан біз, әрине, қоянның табиғатына жат қылықтарды байқаймыз. Бұл адамның ғана қолынан келетін өзгеріске ұмтылыс деп баға бергеніміз дұрысырақ. Ақын аллегорияны қолданады.

Өжет,
Өйтіп асқынба,
Қыр көрсетіп Қасқырға!
Торып жүрсе қайтесің
Мына қырдың астында?

Өлең шумақтары Қорқақ көжектің сөзі. Алайда, бұл диалогтерге философиялық тұрғыдан қарар болсақ, адамның ішкі арпалысы, қорқақтық пен батылдықтың өзара соғысы екеніне көзіміз жетеді.

«Әңгіме жол қысқартады» демекші, екі жолдас алқапқа да жетеді. Жол жөнекей шынылы көзілдірікті тауып алады. Дәмі ерекше, жеуге жарамды астық деп ойлаған көжектер, тістеп те, жалап та көреді. Ақырында ойнап, ермек қылу үшін орманға алып кетеді. Әрі қарай ақын былай деп суреттейді:

Таңып көріп жонына, 
Алды қайта қолына 
Іліп көріп мойнына 
Ұнатпады оны да. 
Киіп еді сираққа, 
Суси берді бірақ та. 
Ақыры қос ілгегін 
Асты апарып құлаққа... 
Міне, қандай тамаша! 
Кетті өзі жараса. 
Көрінеді бәрі айқын 
Шынысынан қараса.

Көзілдірік киген көжек өзінің үйреншіксіз түрімен ормандағы аңдардың зәресін алады.

Көзілдірікті көжекпін. 
Елден ерек өжетпін. 
Ештеңеден, 
Ешкімнен 
Қорықпағанға не жетсін!

– деп, бауырын қасына ертіп алып, елде кеткен есесін алу үшін жолға шығады. Қасқырға кезіккен көжек:

Әй, қанішер!
Немене,
Аңшы қуып келе ме?
Сәлем берсең қайтеді
Алдыңдағы төреңе

– деп кеиді. Намысқа булыққанымен, көжектің көзіндегі шытынап, күнмен шағылыса жылтыраған көзәйнектен шошынған қасқыр кері бұрылып, жөніне кетеді. Түлкіні де, тазды да дәл солай өз жолдарынан аластатады.

Ақын:

Жауын жасқап қаптаған,
Ешкім бізше жортпаған.
Қандай қызық қорқытқан,
Қандай қызық қорықпаған,

– деп, сөзін аяқтайды. Аталмыш туындыда ақын оқырмандарына көзілдірікті әлсіз жандардың қорғаны ретінде жеткізіп отырғанын байқау қиынға соқпайды. Алайда, ең қызығы – режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың мультипликациялық шығармасындағы басты ойдың көрермен алдына өзгеше ұсынылуында болып отыр. Режиссер қарапайым көзілдірікті ақын Қастек Баянбаев секілді, қорғансыз бейбақтарды азулы аңдардың қара күшінен сақтайтын қалқан ретінде емес, керісінше, қазіргі алып қоғамда көрініс тауып жатқан әлеуметтік мәселенің көрінісі әрі шешімі ретінде қолдана білген.

Екі көжек болады. Бірі – Қарақұлақ – жалқау, қиялшыл, қорқақ. Екіншісі – Аққұлақ – еңбекқор, батыл әрі байсалды. Оқырман ретінде, өлеңдегі қос қөжектің ішкі мінездемесі толық ашылмағанын аңғарамыз. Өйткені, әдеби туындыдағы бар акцент көзілдіріктің үлкен рөл ойнауына түсіп отыр. Ал, Ерсайын Әбдірахманов көзілдірік арқылы көжектердің ішкі талас-тартыстарын байқатқан болса, көжектерді аллегория ретінде қолдана отырып, адамзат атаулының бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді көркем жеткізген. Бұны біз, фильмнің сюжеттік дамуы барысынан толыққанды аңғара аламыз. Қарақұлақ өз қиялына қанат бітіріп, армандарына самғай жөнеледі. Ақша бұлттардың үстінде қалғи ұшқан өзін елестетіп те қояды. Кенет, құйынды жаңбыр басталады да, керемет түстің шырқын бұзады. Қатты шошынған Қарақұлақ көжек серігі Аққұлаққа жармасады. «Әй, қорқағым-ай, көрінгеннен қорқуға бола ма екен?» - деп, үрейленген жолдасын үйге кіргізгені көрсетілгенде, Аққұлақтың қамқорлық қасиеті бірден көрермен көңілінің төрінен орын алады. Күн шығысымен Қарақұлақ дала қызығына тоймаған көбелекше, бұлғақ күйіне қайта түседі. Жолда келе жатып, топ бола өскен қоңырау гүлдердің мазағына қалады. Байқаусызда көзінен түсіп кеткен көзілдіріктен кейін, бәрі дерлік өзгеріп сала береді. Көжектің көзіне айналасын қоршаған тіршілік иелерінің барлығы тым ұсақ жаратылыстай көрінетін болды. Ол үстінен күлген қоңырау гүлдерге дөрекілік танытып, әрі қарай өзінің билігін жария етпекке жүріп кетеді. «Жолымнан былай тұр! Қане! Кімге айтып тұрмын?» - деп, Қарақұлақтың ақыра сөйлеуі, қолына сәл билік түсе қалғанда қыр көрсететін қоғамымызда жиі кездесетін пасық пысықтардың бейнесіне ұқсайды екен. Жолында кезіккен қасқырды, теннис ойнауға жалына шақырған қарға-құрбысын, ақырында, жан серігі, жанашыр досы Аққұлақты да бойындағы менмендігімен қатты ренішке қалдырады. «Маған енді, сен емес, алып арыстан не болмаса піл ғана дос болуға тең келер» - деген даңғойлығы достарының жанына ауыр жара салады. Көрермен қауымға дәл осы көрініс үлкен келемежбен көрсетілген. Әрі қарай жол тартқан кейіпкеріміз пілге жолығады. Себетіне шырынды жеміс терген піл көжектің көзіне құрттай көрінеді. «Тиме дедім саған, бұл менікі, не деп тұрмын саған?! Тиме, деймін!» - даңғой көжегіміз ақырып, баяғы әдетіне салады. Оны алып піл естімейді де. Піл тағы да аллегорияға түскен дана, бойына тек піскен ақыл-парасаттылықты жиған биік тұлғаның бейнесі іспеттес. Ондай адамға ақымақтыққа салынып, көкірек қаға шаңқылдайтындардың бос әңгімелері әсер етпейді. Мультипликациялық туындыдағы піл де байбалам салып, ақырып-шақырған көжектің дауысын естімей қалды. Ақырында, барлығының мазасын кетірген көзілдіріктің быт-шытын шығарады. «Мен бір нәрсені басып кеткен секілдімін, кешірім өтінем!» - деп, көжекке ананас жемісін береді. Ұсынылған ананасты символ ретінде қарастырар болсақ, пілдің көжекке адами парасаттылықты ұсынғаны деп түйген болар едік.

Қорыта келе, аталмыш киношығарманың режиссері Ерсайын Әбдірахманов ақын Қастек Баянбаевтың тілге тиек еткен көзге қосымша нұр сыйлайтын көзілдірікті оқиғаның себепшісі ретінде алып, адами құндылықтарды алға тартады. Әдеби туынды мен мультипликациялық шығарманың тақырыбы бір болғанымен, екі автор екі түрлі көзқарас білдіріп, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын жаңа, тың дүниесімен таңдандырады. Қос шығарманың да түбінде терең философиялық ой жатыр. Сонымен қатар, жақсылық пен жамандықтықтың күресі бар. Және де ерекше айта кету керек, ақын Қастек Баянбаев та, режиссер Ерсайын Әбдірахманов та ауыр жүк арқалаған шығармаларын баланың тілімен жеткізген.

«Жақсылық өз бойыңда». Шынымен де, жақсылық деген не? Ғылыми тұрғыда, бұл – тілдегі лексикалық тармақтың дерексіз зат есімі деп түсіндірілсе, философиялық жағынан баға берерде, тарамдары саналуан ерекше құбылыс екендігіне көз жеткіземіз. Осыны ой елегінен өткізген сәтте, бір ғана «жақсылық» сөзінің тереңінде сұлулықтың жатқандығын аңғарамыз. Ал енді, оған қалай қол жеткізуге болады? Бұл сұрақтың маңыздылығы соншалықты, жауабы да бүлдіршін түгілі, саналы ересек адамның өзін толғандырады.

1981 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер-аниматор Ерсайын Әбдірахмановтың «Қозы мен қосаяқтың жақсылық іздеуі» («Как барашек и тушканчик добро искали») мультипликациялық шығармасы жарыққа шығады. Бұл туындының ерекшелігі – режиссердің өзіндік тәсілін ұтымды пайдалана алуында. Автор кейіпкерлер мен кішкентай көрермендер арасына алтын көпір орнатып, жоғарыда келтірілген мәселенің шешімін іздестіреді. Бұл сәтте, көрермен-бүлдіршіндер де оқиғаның кейіпкеріне айналады.

Е.Әбдірахмановтың «Қозы мен қосаяқтың жақсылық іздеуі» мультфильмінен

Шығарманың негізгі ойы – дүниедегі бар керемет атаулының иесі болу – өзіңе байланысты дегенді алға тартады.

Мультфильмнің сюжеті аса күрделі де емес, жас бала-көрермендердің қабылдауына ауырлық тудырмайды. Туындының экспозициясында қозы-кейіпкермен танысамыз, ол шөп арасынан бірнәрсе іздеп, дал болады. Оның сонша асыға іздегені не болды екен? Осы тұста, қосаяқ та қозының әрекетіне қызығушылық танытады. Әрі қарай кейіпкерлер арасында тартысты байланыс орнайды. Қозы іздеп жүрген нәрсесінің бейнесін нақты білмесе де, іздеуін жалғастыра береді. Жол бойы алдына кезіккеннің барлығын жалмап-жайпап, тас-талқан етіп, көптің көңіліне реніш ұялатып, кете барады. Артынан бір елі қалмай, қозының істеп кеткен дөрекілігінің орнын толтырумен әлектенген қосаяқ өзінің көп ғибадат іс жасағанынан тіптен хабарсыз. «Жақсылық – үлкен, әдемі әрі жалтылдаған зат» деп қозының суреттеген жалған бейнесіне сеніп, артынан ере түседі. Қосаяқтың жақсылық іздеп жүргенін режиссер жақсы жеткізген. Ол әр нәрсеге жеке тоқталып, аса мұқияттықпен бақылауға алады. Алдынан үлкен бақбақ гүлін, әдемі араларды (пчелы), биік әрі әсем теректі кезіктіреді. Бұның барлығы табиғаттың қайталанбас көркем көріністері екенін сезесіз.

Сөйтіп кеш батады. Қозы жолында кезіккеннің бәрін алай-бұлай шашып, жұлмалап кетуі арқылы іздеген жақсылығынан қалайша алыстап бара жатқанынан хабары да жоқ. Ал, Қосаяқ аңғалдығымен көпке көмек береді, оның мейірімге толы жүрегі мен аппақ қағаздай пәк көңілі өзінің қаншалықты жақсылық атаулының иесі атанғанынан сезінбейді де.

Көрерменді ерекше сезімге бөлейтін аталмыш шығарманың адамның ішкі сезім иірімдерін толқытып, жанды тербейтін көріністері баршылық. Қозының биік қамыстар арасынан жүгіріп өткен кездегі көрінісі көрерменмен тікелей байланыста екенін көрсетеді. Бұл, әрине, режиссердің тапқырлығы және оператордың шеберігі екені даусыз Ал, көңіл толқытатын әуеннің көрініспен қатар естілуі өте әсерлі шығады. Бір қызығы, оқиға желісі өрбіген сайын музыка да өрістей береді. Біртүсті кенепке қатпарластырылып жағылған жылы бояулар секілді, әуен де туындының бір қалыпта қарқынды жылжып келе жатқан көрінісіне қайталанбастай өң бере түседі. Қосаяқтың айналасына жақсылық нұрын сыйлап жүргені көрсетілгенде, үрмелі аспап пен ішекті, оның ішінде виолончельдің қоңыр үні қолданылады. Музыканың бұлай еркін ойналуы Қосаяқтың іс-әрекетінің қаншалықты әсерлі екенін жеткізеді. Музыканың сантүрлі құбылуы көз алдымызға келген көріністердің өзіндік сипатын ашады.

«Қозы мен қосаяқтың жақсылық іздеуі» фильмі туралы кинотанушы Бауыржан Нөгербек былай дейді: «Камераның кейіпкермен еркін қозғалуы, қазақ анимациясындағы жаңалық болып табылады» [1, 107 б]. Әрине, кинотанушының бұл пікірі аталмыш фильмге берілген әділ баға екені даусыз.

Кейіпкерлердің сүйкімділігі соншалықты, бірден шырайлы жүзімен көрерменді өзіне тартып алады. Олардың аңғалдықпен бадырая қараған көздері, жарқын әрі жағымды шыққан дауыстары кішкентай қорғансыз сәбилерді көз алдымызға келтіреді. Осыдан-ақ режиссер Әбдірахманов өз кейіпкерлерін сәбиге аллегория ретінде пайдаланатынын аңғарамыз. Автордың шығармасынан оның қаншалықты терең сезім иесі екенін де байқамай қалу мүмкін емес.

Дәл осы жылы (1981) Жәкен Дәненов пен Ғани Қыстауовтың режиссерлігімен «Борсық пен Ай» атты мультипликациялық туындысы көгілдір экранға жол тартады.

Балақай-борсық анасының туған күні екенін естісімен, қолына шелегін алып, «бүгін мамамның туған күні, ал мен су алып келемін» деп орманға қарай беттейді. Жол жөнекей кезіккен бақаның артынан қайталап секіріп келе жетқан борсық-балақай биік тікенге жабысып қалады. Кенет, қасқырды кездестіреді, ол: «туған күнге сыйлық тартады» деп, балақай-борсықты ойға салады. «Не сыйласам болады?» деген оймен келе жатқан борсыққа жалғыз өркешті нар кездеседі. Ол сыйлыққа өзі сүйіп жейтін жантақты ұсынады, алайда кішкентай борсық оны қош көрмей, алға жүре береді. Тырнаға жолыққан балақай сыйлық іздеп жүргенін айтады, тырна оған әдемі оралған қорапты тарту етеді. Ессіз қуанған борсық әуестік танытып, қорапта жасырынған сыйлыққа үңіледі. Ішінен бақаны көргенде, көңілі қатты құлазиды. Бақа судан асқан тартудың жоқ екенін ескертеді де, көлшікке шап беріп жоқ болады. Сонымен кеш батады, толған ай да аспанның төріне қоныстанып үлгереді. Борсық анасына лайықты сыйлықтың табылмағанына қатты ренжіп отырғанда, қасқыр қасына келеді. Ол аспандағы аппақ айдың көлшікке түскен кескінін көрсетіп, айдың таптырмас сыйлық екенін айтып, шелегіне су толтырып береді. Айды сыйға тартамын деп қуанып келе жатқан борсық үйге кіргенде көңілі қайта түсіп қалады. Айдың бейнесі енді жоқ болып кетті, бірақ ана-борсық судың тамаша туған күндік тарту екенін қуанышпен жеткізеді.

Жоғарыда баяндалып өткен бір уақытта экранға жолдама алған екі шығарма тақырыптық өзгешелігі жағынан бір-біріне етене жақын. Негізгі тақырып – іздеу. Бірінде – жақсылық іздесе, енді бірінде – сыйлық іздейді. Қос фильмде де іздеу барысы көптеген өнегелі істерге алып келеді. «Қозы мен Қосаяқтың жақсылық іздеуі» фильмінде бала көрермен жақсылықтың қайда жатқандығын ұғынса, «Борсық пен айда» ес біліп, есейген шақта ең қымбатты жан – анаға қолқанат бола білуді үйренеді. Жеңіл сюжетті екі фильмнің оқиға желісі кішкентай бүлдіршін түгілі үлкен, есі кірген ересек адамды да тәрбиелеп жататыны жасырын емес.

Іздеу тақырыбы бойынша 1988 жылы тағы бір мультипликациялық фильм жарыққа шығады. Бұл С. Аралбаевтың «Мектепке қалай жетемін?...» («Как мышонок пошел в школу?») фильмі болатын. Бұл фильмнің де сюжеті жеңіл болғанымен, табиғат аясын тану тұрғысынан танымдығы мол қызықты шығарма. Асыға жүгіріп келе жатқан кішкентай тышқан ағаш бұтағындағы жұлдыз құртқа кезігеді. Одан сағаттың неше болғанын сұраған тышқан гүлдер арқылы уақытты білуге болатындығын үйренеді. Күннің түсуіне байланысты гүлдердің уақытымен ашылатынын түсіндіре айтқан жұлдыз құрт тышқанға мектепке барар жолда біраз білім бұлағымен сусындандырады. Әрі қарай тышқан жол-жөнекей қарғаны кезіктіреді. Одан мектепке қарай барар жолды сұрайды. Содан батыс пен шығыс және оңтүстік пен солтүстік бағыттарының дұрыстығын ағаштар арқылы қалай ажыратуға болатындығын біліп алады. Бұл фильм кішкене балақайлар үшін таптырмас оқулық болар еді. Бұл жерде кейіпкеріміз мектепке барар жолды іздейді.

Үш фильмнің басты тақырыбы бірдей болғанымен, негізгі мақсаты үш түрлі. Жақсылық – сыйлық – білім. Үш фильм де балаға түсінікті тілмен жеткізілген, алайда режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың «Қозы мен қосаяқтың жақсылық іздеуі» фильмі философиялық мәселені басымырақ қозғайды. Шынайы адами қасиетті алға шығарады. Қозы мен қосаяқтың іс-әрекетін салыстыра келіп, өмірде де сондай жандар кездесіп жатады деген ой тастайды. Іздеп жүргеніңіз өз бойыңызда болуы мүмкін деген ақыл қосады.

Қазақ мультипликациясына ортақ тақырып – жақсылық пен зұлымдықтың өзара күресі. Ерсайын Әбдірахманов фильмдерінен шығармаларының арқауы болған тақырып жақсылық пен жамандық арасындағы бақталастықты көрсетуге ұмтылады. Алайда, ол жамандықты жеңу әрекетін басқаша жолмен шешуге тырысады. Мысалы, Әмен Қайдаров өз шығармаларында жамандықтың мысы жақсылықтың құдіреттілігімен басылып, жамандыққа ерген әрбір пендені ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертсе, Ерсайын Әбдірахманов жақсылықтың шексіз махаббаты арқылы жамандық атаулыны жойып жіберуге болатындығын айтады. Қазақ анимациясында осындай философиялық ойлар қозғалады.

Қолданылған материалдар:

  1. Kazakhfilmstudios.kz / movies
  2. Енисеева Л. «Кто придумал волшебный арбуз?» // «Сегодня», 1977
  3. «Кино Казахстана. Киносправочник». – Алматы: «Жібек жолы», 2000
  4. Ногербек Б. «На экране «Казахфильм». – Алматы: «RUAN», 2007