Мақала / #студентСөзі
Бүгінгі қазақ мультипликациясы жайлы ойлар...
Аталмыш мақалада ҚазҰӨА "Кинотану" бөлімінің І курс студенті қазақ мультипликациясының өткені мен бүгінін саралай отырып, болашағы қандай болу керек екендігі жайында ойларымен бөліседі
Бөлім: Кино
Датасы: 02.12.2016
Авторы: Аружан Өмірбаева
Мақала
Бүгінгі қазақ мультипликациясы жайлы ойлар...
Аталмыш мақалада ҚазҰӨА "Кинотану" бөлімінің І курс студенті қазақ мультипликациясының өткені мен бүгінін саралай отырып, болашағы қандай болу керек екендігі жайында ойларымен бөліседі
Бөлім: Кино
Датасы: 02.12.2016
Авторы: Аружан Өмірбаева
Бүгінгі қазақ мультипликациясы жайлы ойлар...

Мультипликация – өсіп келе жатқан баланың сана-сезіміне әсер ету арқылы оның адам ретінде қалыптасуында мәні мен орны ерекше өнер түрі. Себебі, жаңа жетіліп келе жатқан XXI ғасырдың балалары үшін басты информатор – мультипликациялық фильм болып табылады. Ендеше, келешек ұрпақтың нені көріп, қандай кейіпкерлерге еліктеп өсуіне мән беруіміздің маңыздылығы зор.

Жанымызды жылуға бөлеп, езуімізге күлкі сыйлаған «Тоқта, бәлем!» («Ну погоди!», 1969), «Простоквашинолық үшеу» («Трое из Простоквашино», 1978), «Бремен музыканттары» («Бременские музыканты», 1969) іспеттес Советтік мультфильмдермен қоса бүгінге дейін сүйіп көретін «Ақсақ құлан» (1968), «Құйыршық» (1969) іспеттес мейірімнен құралған тәрбиелік мәнге толы мультфильмдерді жіберіп алмас үшін экран алдына жүгіргеніміз жадымызда мәңгі сақталмақ. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда мультипликациямен айналысатын отандық студиялар құрылып үлгермеген еді. Кадрлар саны үшін арнайы құрылғылардың жоқтығы бұл салаға үлкен қызығушылық танытып, энтузиазммен қараған отандық мультипликаторларымыздың құлшынысына қарамастан, сапалы мультфильмдер шығаруға мүмкіндік бермеді.

Қиял-ғажайыпқа толы отандық мультипликация жайында ойланғанда ойымызға ең бірінші болып Әмен Әбжанұлы Хайдаровтың Ленинградта өткен Үшінші Бүкілодақтық кинофестивалінің лауреаты атанған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультипликациялық фильмі келеді. Әлемнің 48 мемлекетінде көрсетілген аталмыш туынды 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткізілген «Қола Проксинаскоп» атты халықаралық мультфильмдер кинофестивалінің жүлдегері атанды. Осыдан кейін көрерменнің ықыласына бөленіп, халықтың көзайымына айналған «Ақсақ құлан» (1968), «Құйыршық» (1969), «Қожа Насыр – құрылысшы» (1971), «Күн сәулесінен пайда болған көжек» (1975), «Қырық өтірік» іспеттес т.б. анимациялық туындылар мәдениетімізді дамытуда үлкен рөл атқарды.

Жоғарыда айтылып өткен мультипликациялар мәңгілік рұхани мұра. Себебі, аталған әр мультфильм желісінде қызықты тақырыпқа құралған сюжет, аса кірпияздықпен бейнеленген халқымыздың салт-дәстүрі, тәлім-тәрбие жатыр.  Десек те, бүгінгі технологияның күннен-күнге қарқынды дамып келе жатқан заманында отандық мультипликациялық туындылардың өткен ғасыр деңгейінде қалып, шетел туындыларына бәсекелестік жасауға қауқарсыз болғаны өкінішті. Бір қарағанда бүлдіршіндеріміздің шетелдік мультфильмдерді көріп өскенінде еш зиян жоқ. Алайда, бұндай жағдайдың жақсы жағы да шамалы. Біз балалық шағымызда теледидардан өзіміздің аңыз-ертегілеріміздегі батырларымызды, өз қаһармандарымыздың бейнесін көріп өстік. Қазақ халқының тамаша аспаптық музыкаларымен, салт-дәстүрімен таныса отырып мәдениетімізді бойымызға сіңірдік. Ал, бүгінгі «Спанч Боб» («SpongeBob SquarePants», 1999), «Даша Зерттеуші» («Dora the Explorer», 2000), «Шрек» («Shrek», 2001) және т.б. мультфильмдерді көріп өскен бүлдіршіндеріміз қай ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңіріп өспек?..

Бүгінгі таңда елімізде «Қазақфильм» студиясынан бөлек, отандық анимация өнерінің дамуына «Аниматор PRO», «САҚ», «Asia animation», «Astana Film», «Epic» және т.б. студиялары өз үлестерін қосуда. «Asia animation» студиясында «Ер-Төстік және айдаһар» (2014) мен «Қозы-Көрпеш Баян-сұлу» (2014) толықметрлі анимациялық туындыларының шығарылғаны белгілі. Десек те, алғашқы минуттардан-ақ туындылардан күткен үмітің ақталмай, ары қарай көруге деген құлшынысың бәсеңсиді. Композициялық құрылым мен ритм жоқ туындылардағы кейіпкерлер көрерменді  баурап алудың орнына қорқыныш сезімін тудырады.

Бірақ, айтып өткенімдей, отандық анимация саласы енді ғана қалыптасып келе жатқан жас буын. Осы тұрғыда Шымкент қаласында орналасқан «САҚ» киностудиясының қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тұңғыш тарихи тақырыптағы «Қазақ елі» ерекше атап өтуге тұрарлық мультипликациялық шығарма. Канн кинофестивалінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қызықты сюжетке бай 3D анимациялық туынды әлемнің көптеген елдерінде көрсетілуге ұсыныс алып, орыс, ағылшын, неміс тілдеріне аударылды. Кең байтақ қазақ даласының әсем табиғаты мен Сығанақ, Отырар, Тараз, Испиджаб іспеттес тарихи қалалары жақсы бейнеленген «Қазақ елінде» ұлы хандарымыз Керей мен Жәнібектің балалық шағынан бастап қазақ хандығын құру жолындағы күрестері жайлы баяндалады. «Қалауын тапсаң – қар жанар» демекші, аталмыш туынды Қазақстандық анимацияның мүмкіндіктерінің зор екендігінің бірден-бір дәлелі болып табылады.

Отандық мультипликаторларымыз алған беттерінен таймай, дәл осылай қарқынды жұмыс істеуін жалғастырса бір-екі жылда үлкен жетістіктерге жетіп, қазақ мультипликациясының қайта жанданатыны күмән тудырмайды.

Сізге қызық болуы мүмкін: