Нұргүл Абдулла. Режиссер-аниматор Тамара Мұқанованың мультипликациялық шығармашылығы

Нұргүл Абдулла

кинотанушы


Қазақ мультипликация өнері өзінің алғашқы қадамын басқаннан-ақ, әлемдік деңгейде орналасқан анимациялық шығармалармен тең дәрежеде тұра алды. Көптеген көрермендер мен киносыншыларының оң бағасын алған еліміздегі мультипликацияның тұңғышы  «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес. Аталмыш мультфильмнің сценарий авторы және режиссері Әмен Әбжанұлы Қайдаров Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын тамамдап келісімен, елдегі кадрлардың, техникалық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігіне қарамастан, үлкен мақсатқа қол жеткізеді. Соның нәтижесінде, елімізде мультипликация өнері қарқынды дами бастайды. Бұл жөнінде қазақ мультипликациясының атасы атанып кеткен Әмен Қайдаровтың өзі былай дейді: «Он жылдың ішінде мультфильм өндірісі өркендеп, жылына бес-алты фильм шығара бастады. Жас мамандар қатарға тартылып, қазақ мультфильмінің шаңырағын биікке көтерді» [1, 89 б.].

Қазақ мультипликациясының деңгейінің биіктегені соншалықты, мультипликация өнеріне қызығушылық танытқан көршілес елдердің жас суретші мамандары Алматыға шоғырлана бастайды. Олардың мақсаты – қазақ жерінде Әмен Қайдаров бастаған мультипликация өндірісін меңгеру еді. Бұл жөнінде Әмен Әбжанұлы: «Жетпісінші жылдары қазақ мультипликациясының буыны қатып ер жете келе, көршілес елдерге көмектесе бастады. Қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік, башқұрт, алтай ұлттарының жас суретшілері бізге келіп, мультфильм өнерін меңгере бастады» [1, 89 б.], - деп үлкен мақтанышпен әңгімелейді. Осы жас мамандардың арасында режиссер-аниматор Тамара Мұқанова да бар болатын.

Тамара Мұқанова – ғұмыры ұзақ, тарихи терең, табиғаты әсем Алтай өңірінің перзеті. Мамандығы бойынша, театр режиссері болғанымен, мультипликацияның сырлы табиғаты жайдары көңілді Тамара Мұқанованы өзіне тартпай қоймады. Т. Мұқанованың мультипликация өнеріне деген шынайы махаббаты көптеген қайталанбас фильмдерді жарыққа шығаруға септігін тигізді. Оның «Жібек-Шашақ», «Аспан сыйы», «Алтын қошақан», «Жыршы», «Алтай ойын» және көпшіліктің көзайымы болған «Дастархан» мультфильмдері Тамара Мендошеваның (Мұқанова) қазақ мультипликациясына тарту еткен сыйы болып табылады. Өзінің шығармашылығы жайында режиссер-аниматор Т. Мұқанова: «Тематика почти всех моих фильмов связана с Алтаем – моей родиной, с экранизацией алтайского фольклора. Великодушный и шедрый сердцем казахский народ дал мне возможность в полной мере говорить с экрана...» [2, 102 б.], - дейді кеңшілік танытқан қазақ халқына шексіз алғысын білдіріп. Автордың дәл осы сөзі «Дастархан» мультфильмінде көрініс тапқан.

1988 жылы Тамара Мұқанованың режиссерлігімен түсірілген «Дастархан» мультфильмі  «Қазақфильм» киностудиясынан көпшілік көрермеге жол тартады. Аталмыш мультипликациялық шығарма шарықтау шегіне жеткекенде бір қызықты кейіпкер пайда болады. Бұл – ақ тышқан. Мультфильмнің басты кейіпкерлері Абзал «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп үйге келген кішкентай қонақты торсығында қалған соңғы тамшы сүтпен азықтандырады. Бұған разылық білдірген кішкентай ақ тышқан сый ретінде шаңырақ иелеріне ақ жұмыртқа ұсынады. Жұмыртқа әп-сәтте үлкейіп, тіпті киіз үйді жарып өтіп, көпшілікті таң қалдырады. Сол алып жұмыртқаның ішінен мол жайылған ақ дастарханның суреті бейнеленген кескіндеме (картина) шығады. Бұнымен режиссер не айтқысы келді?! Шын мәнінде, талданып отырған эпизод автор мен қазақ халқы арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді. Яғни, режиссердің өзі «Дастархан» мультфильмінде аппақ тыштанның бейнесінде көрсетілген, ал, келген қонақтарға құрмет-сый көрсеткен Абзал мен оның әйелі – барша қазақ халқының образы болып саналады. Ал олардың өмір сүріп отырған сегіз қанатты киіз үйі – қазақтың байтақ жерін көрсететін символ деп қарастырар болсақ, біраз қызықты пайымдауларға қол жеткізе аламыз.

Киіз үйді жарып өткен ақ жұмыртқа – шекараға бағынбайтын өнердің бейнесі іспетті. Ал оның ішінен шыққан картина, әрине, мультипликация өнерін меңзейді. Себебі, барлық өнер түрін өз бойына қамти алған анимация саласы бейнелеу өнерінен нәр алған. Бір сөзбен айтқанда, кішкентай ақ тышқанның сыйлығы – жұртты тамсандыратын сарқылмайтын рухани естелік болып қалатын дүние. Жоғарыда айта кеткеніміздей, шынымен де, Тамара Мұқанованың режиссерлігімен түсірілген әрбір анимациялық фильмдер қазақ мультипликация өнеріне тарту еткен құнды сыйы болып табылады.

Ендеше, режиссердің фильмдеріне мұқият көңіл аударып, жан-жақтылы талдаулар жүргізіп көрелік!

Рухани азық боларлық, ескіден сыр шертетін Алтай өңірі – халықтық құндылықтарға аса бай. Ертегілер мен аңыз-әңгімелер, сыр-дастандар түркі халқының алтын бесігі атанып кеткен Алтайдың құпиясымен бөлісетіндей. Алтай бөктерінде дүниеге келіп, ел арасында кеңінен тараған тамаша, танымдық ертегілердің бірі – «Жібек Шашақ» ертегісі. Осы ертегінің желісі бойынша түсірілген режиссер Тамара Мұқанованың «Жібек Шашақ» қуыршақты мультфильмі 1977 жылы «Қазақфильм» киностудиясынан көгілдір экранға жол тартады. Осы мультиплликациялық шығарма жайында көрнекі кинотанушы Бауыржан Нөгербек өзінің «На экране «Казахфильм» атты кітабында былай дейді: «На первый взгляд, Тамары Мендешевой (Мұқанова) «Шелковая кисточка» находится в стороне от поисков ее коллег. Картина сделана традиционно: пересказ народной сказки неторопливой чередой кадров...» [3, 129 б.]. Алайда, бұл пайымдаумен толықтай келісе алмаймыз. Себебі, аталмыш мультипликациялық фильм халық ертегісіне аттас болғанымен, ішкі құрылымы жағынан біршама өзгеріске ұшыраған. Айтар ойы мен негізгі тақырыбы, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы да екі түрлі өрбиді.

Ертегінің фабуласы, сырт көзге, қарапайым махаббат дастанын жырлайтын әңгімеге ұқсағанымен, сюжеттік байланысы мен ішкі талас-тартыс түр-түске боялған. Пасықтықпен олжалы болғысы келгендердің жазасы қандай болатындығын айқын көрсете алатын танымдық қасиетке ие ежелгі баяндама деп баға бере аламыз. Ал Тамара Мұқанованың «Жібек Шашақ» мультфильмінің фабуласы кішкентай бүлдіршін көрермендердің көзқарасына ыңғайластырылып, басты кейіпкер Жібек Шашақтың бастан өткізген оқиғасын басқа қырынан қозғайды.

«Қыз өссе елдің көркі» демекші, ертегінің басты тақырыбы – елдің жарық жұлдызы, көз сүйкімі болған Жібек Шашақтың ақылына көркі сай қыз екендігін жария ету болса, мультипликациялық шығарманың негізгі тақырыбы – батыл қыздың бейнесін алға шығару болып табылады. Сонымен қатар, екі шығарманың да айтар ойы әртүрлі, ертегіде шынайы махаббаттың қандай да болмасын қиындыққа төтеп бере алуға қауқарлы екенін жеткізсе, мультфильмнің алдыға қойған мақсаты – көрерменге өнердің құдіреттілігін көрсету екенін аңғармау мүмкін емес.

Ертегі мен кино шығарма бір тақырыпты арқаласа да, басты кейіпкер Жібек Шашақтың бейнесі екі түрлі суреттеледі. Ертегіде Жібек Шашақ махаббатқа беріктік пен адалдықтың символы ретінде қарастырылған, ал, фильмде өзінің болмашы сиқырымен елдің үрейін ұшырған бақсыға аса батылдықпен қарсы шыға алған өр мінезді қыз ретінде ұсынылады. Дегенмен де, тұпнұсқа ертегіден мультипликациялық фильмнің арасында айтарлықтай айырмашылық болғанымен, екі шығарма бір-бірін толықтырып тұратын секілді. Ертегіде Жібек Шашақтың сыртқы сұлулығы жайында көп сөз қозғалады, нәтижесінде оның көрікті келбетіне қызығып, Жібек Шашақтың өзін иемденгісі келетін ерлердің арасында талас-тартыс жүреді. Ал, мультфильмде керісінше, нәп-нәзік қыз баланың айналасындағы басқа ересек адамдар секілді қорқақтық танытпай, өзін құрбан етіп, зұлымдыққа төтеп беруге талпыныс жайсайды. Бей-қам жатқан қарапайым халықты қорқыныш қақпанына қамаған жамандық бейнесі – қара бақсының әлсіздігін көрсеткен өжет қыздың әрекеті, әрине, құрмет-қошемет көрсетуге лайықты.

«Жібек Шашақ» мультипликациялық фильмге кинотанушылар мен қазақ мультипликация өнерінің шеберлері оң бағасын беріп, жас режиссердің алғашқы қадамына үлкен қолдау көрсетеді. Оған Бауыржан Нөгербектің: «В фильме нет какого-либо намека на психологическу нюансировку характера. Самый подвижный персонаж – кукла Шаман – имеет несколько смежных голов, изображащий гнев или удивление, а юноша-охотник и девочка Торко-Чачак так и не менят рисунок лица на протяжении всего фильма. Но это обстоятельство не мешает картине быть эмоциональной. Эскизность характеров помогает зрителям активнее включиться в поэтический мир фильма. Каждый кадр этой ленты (оператор М. Аранышев) в сочетании с музыкой (композитор Н. Тлендиев) работает на драматургию, создает особенный неповторимый «климат» восприятия картины» [3, 129 б.], - деген сөзі дәлел бола алады.

Тамара Мұқанованың кезекті анимациялық фильмі «Жыршы» 1983 жылы жарыққа шығады. Көрермен бұл фильмді көрісімен, автордың туған өлкеге деген шынайы сүйіспеншілігін байқар еді. Оған елді-мекенде таңның атысы мен кештің батысын бір сарында әңгіме еткен шығарманың сюжеті дәлел бола алады. Фильмнің сюжеттік байланысы, халықтық дастандармен жырға қосқан жыршының әнімен бір келкі тігілген, айтылып жатқан оқиғаның көрініспен байланысының тығыздығы соншалықты, көрерменге эмоционалды қалып сыйлайды. Көзге еріксіз жас аласың. Себебі, автордың кіндік қаны тамып, өсіп-жетілген өлкеге деген кіршіксіз, мөлдір махаббаты мен халық даналығына деген құрмет көрсетуі сезіледі.

«Жыршы» мультфильміндегі оқиға Алтай бөктерінде өтеді. «Давно я живу в этом мире. Если каждый мой час, обратится травенкой, воли не хватит чтобы все проросли. Если каждый мой день, обратится дождинки, небо нехватит чтобы вся облака уместить. Снегом прожитых лет покрыта моя голова. И всякий раз, радуюсь я, рождением новой жизни» деп басталатын фильмнің экспозиясының көркемдігі соншалықты, көрерменді Алтай тауларының өзімен тілдестіреді. Алтайдың жанын түсінуге, оның өмір мәнін терең түйінуге мүмкіндік жасайды. Осы тұста сценарий авторы Маргарита Соловьеваның драматургиялық шеберлігі байқалады. Сюжеттік байланыс арқылы режиссерлік жасаған Тамара Мұқанованың ішкі толғанысын барынша шынайы жеткізе білген. «Кайчи» фильмі туған жерге деген махаббатқа толы, эмоцияға тұнып тұрған аталмыш мультфильмнің бұндай әсерлі болуына көрініске әдемі үйлескен дикторлық мәтін, алтайлық ұлттық жыр және әуеннің әсер бар екенін жасыра алмаймыз. Бар-жоғы 17 минутқа созылатын фильмде автор Алтайдың бар құндылығымен бөліседі. Мультфильмнің атмосферасы көрерменді бірден өзіне баурап алып, Алтай бөктерінің қойнауында жасырынған бағалы гауһар тастарына (ел мұрасы) бір сәт көз тастап, үніне құлақ асуын қалайды.

Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалдырылып отырған ауыз әдебиетін қозғалмалы сурет арқылы экран алдына шығарып, балалар мен ересек жандардың көкірегінен ерекше орын ала білген бұндай шығармаларға бас имеске болмас. Негізінде түркі заманында Жер мен Көкке, Су мен Отқа табыну, оларды өз жаратушылары ретінде қабылдауы көптеген аңыз-әңгімелердің туындауына септігін тигізді. Шын мәнінде, бұндай топшылау тек түркі халықтары арасында ғана емес, ежелгі барша халықтар мен тайпалардың негізгі діни наным-сенімі болды. Мәселен, ежелгі грек мифологиясында жер асты әлемінің қожайынын Аид деп атаса, ежелгі үнді аңыздарында Ява, ал, түркі халықтарының түсініктері бойынша ол Ерлік (Эрлик) деген атауға ие болды. Сонымен қатар, түркілердің анасы, барша әйелдердің қорғаушысы ретінде Ұмай ана аса биік дәрежеге ие болды. Ал, грек мифологиясында Гера құрметті орында болғаны баршамызға белгілі. Асылында, халық арасында бұндай топшылау, діни наным-сенімнің өріс алуы табиғатты жақынырақ, өмірдің заңдылықтарын тереңірек ұғыну үшін ойластырылған. Мысал ретінде, Көк пен Жер ананың қосылуынан Судың дүниеге келуі, ағаштан оттың пайда болуы, аспанның күркіреп, найзағай атуынан көптеген тіршілік иелерінің пайда болуы сияқты ежелден бізге мұра болып қалған аңыз-әңгімелерден жиі кездестіріп жатамыз. Қазіргі таңда, осының барлығы ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр, яғни, табиғат құбылыстарының бір-бірімен әрекеттесуінің нәтижесінде жаңа бір элеметтің дүниеге келуіне септігін тигізеді. Оған қарапайым, баршамызға белгілі, жердің булануынан жаңбырдың пайда болуын айтсақ болады. Алайда, бұндай зерттеу-талдауларды мифологтар мен түркологтарға тапсырғанымыз жөн болады. Алдымыздағы жұмыстың қамти алатын аясы түркі халқынан өшпес із болып санамызда қалған ежелгі ертегілердің кино, соның ішінде, мультипликация өнерінде қандай дәрежеде көрініс тапқандығын саралап, тиісті бағасын беру болып табылады.  Алып түркі халқы кейінгі кезеңде ыдырай бастағанда әр шаңырақ өздерімен бірге тиесілі қазыналарын алып кеткен. Мәселен, «Ер Төстік» жайындағы ертегіні,  мына, көршілес жатқан қырғыз қандастарымыз бен өзіміздің қазақ халқы арасында сақталған болса, біздің үлесімізге (қазақ халқы) «Сырттандар», «Аяз би» сынды ежелгі оқиғадан сыр шертетін ертегілер легі тиесілі болған. Тура сол сияқты, біздің шығысымызда орналасқан Алтай бөктерінде өмір сүретін қандастырымыз Ұмай ана мен Ерлік жайындағы сонау заманғы ертегіні сақтап қалған екен. Бұл ертегі режиссер Тамара Мұқанованың «Аспан сыйы» фильмінде тамаша көрініс тапқан. «Аспан сыйы» 1989 жылы «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шығып, өз көрермендеріне жол тартты. Аталмыш шығарма аналардың анасы болып есептелетін Ұмай ана дүние есігін ашқалы жатқан сәбидің жанына рух беріп, жаңа қосылған жұпқа сый ретінде ұсынатыны жөнінде кино тілімен әңгімеленеді. Ал, өлімдер патшасы саналатын Ерлік баланы туылмай жатып, бейкүнә сәбидің жарқыраған сәулесіне қызығып, өз темір сандығына тығып қойғысы келеді. Баланың тұсауы кесілісімен сәбидің Ұмай анамен ара-қатынасы бір жола үзіледі де, бала ересектер өміріне ауысады. Яғни, өздігімен өмір сүруін жалғастырады. Бұл жолы да қараңғылық қожасы Ерлік оны аңдуын жалғастыра береді. Содан, кейік кейпіне еніп, аңға шыққан баланы арбай бастайды, оған алданған бала мәңгі сапарға аттанады, тірілер әлемінен бір жолата қол үзеді. Осыдан кейін, қайғыдан қара жамылған баланың анасы мен әкесі Ерлікке арнап жалыныш жырын айта бастайды. «О, Ерлік, сен жалғызсыз, сен құдіреттісің» деп, баланың қара темір сандығынан босатуын өтінеді. Бұған құлақ салған Ерлік, сандығынан баланы босатады. Бостандыққа шыққан баланың рухы бастапқыда жаратылыс берген Ұмай анамен кезігеді. Осымен, фильмнің соңына да нүкте қойылады.

1985 жылы Тамара Мұқанованың «Алтын қошақаным» атты мультипликациялық фильмі көгілдір экран алдына ұсынылады. Бұл да түркі мифологиясын өзіне арқау еткен тамаша туындылардың бірі. Бұнда кішкентай қыз әжесінің ертегісін тыңдап, ұйқыға кетеді. Түсінде аспан әлемімен жақынырақ танысып, табиғат құбылыстарының сырына тәнті болады. Аталмыш мультфильмнің сюжеті қарапайым болғанымен, ежелгі түркі халқының аспан заңдылықтарына байланысты, жұлдыздардың орналасу саптары және олардың өзіндік қызметтері жайында түсініктерінен хабардар етеді. Қазіргі таңда, кітап сөрелерінде шаң басып жатқан ертегілер мен аңыз-әңгімелерді, заманауи балаларға түсінікті тілмен жеткізе білу үлкен еңбектің арқысында деп санағанымыз жөн болады.

Ендігі кезекті «Алтын қошақаным» мультфильмінің фабуласына мән берейік. Бір әжейдің бес-алты саулық қойы болады. Кешке қарай сол саулық қойлар зым-зия жоқ болып кетеді. Әжесі немере қызына: «Бір мәнісі болар, қынжылма ақылдым, таң да атар, көк жүзіне алтын өңді қошақан атқып шығар, біз сонда оларды әб-сәтте тауып алармыз» дейді. Содан бастап, қыздың қошақандар жайында қызығушылығы арта түседі. Кішкентай қыздың аспан әлеміне саяхат жасауы көрерменді қызығы мол ертегіге алып келеді.

Қазақ мультипликациясының алтын қорына енген, көптеген көрерменнің көзайымы болған 1988 жылы жарыққа шыққан «Дастархан» мультфильмі әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес.  Осы мультипликациялық шығарманың негізгі тақырыбы – ақ көңіл, ашық-жарқын қазақ халқының қонақжайлылығын көрсету болып табылады. Ал, басты идеясы мульфильмге ерекше әр берген ақын Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған композитор Кеңес Дүйсекеевтің «Дастархан» әніндегі «Жақсы келсе, құт болар. Жаман келсе, жұт болар» деген мәнеріне келіп тоқталады. Дәл осы мәнердің негізінде мультфильмнің сюжеттік байланысы өрбиді.

«Дастархан» мультфильмінің ішкі құрылымын, айтар ойын тереңірек түсіну үшін біз фильмді екі бөлікке бөліп қарастыра талдаулар жүргізгеніміз жөн болар. «Жаман келсе, жұт болар» деген ойдың суретті көрінісі мультфильмнің бірінші бөлімі болып табылады.  Абзалдың шаңырағын қазақ мемлекеті деп қарастырар болсақ, бірнеше қызықты пайымдаулар алға шығар еді. Абзал (басты кейіпкер) былай қарап отырсақ, қазақтың жан табиғатын көрсете алатын метафора іспетті. Ал оның үйіне келген қонақтар – шетелдіктер. Ендігі кезекте, тойымсыз мейман да шетелдік болып табылады. Ол қазақтың қолында бар қымбат қазынасын сұрайды, бұл да бүйрекпен астарлы жеткізілген. Қонақ күтушілер мейманға барын беріп жатса да, көзі тоймай, өзінің ашкөздігімен реніш білдіріп, үй иелерін ыңғайсыз жағдайға салады. Қонағын қанағаттандыра алмаған Абзал мен оның әйелі амалсыздан өздері сол құнды дүниеге (бүйрекке) айналады. Бұнымен бізді үй иелерінің: «Берер затымыз таусылды, егер қаласаң өзімізді ал» дегендей ойға салады. Осы көрініс арқылы қонағы үшін өзін құрбан ететін қазекеңнің (қазақ халқы) тағы бір кеңшілдігі көрсетілген. Бұған таңданған қонақ жолда кезіккен адамдарға көзімен көргенді сұмдық қорқынышты жағдай қылып суреттеп береді. Осы кадр ойнақы әуен (композиторы К. Дүйсекеев) арқылы және аласұра қозғалған кейіпкердің көрінісімен бейнеленген (ал, екінші бөлімі мақаланың бас жағында талданып өткен болатын).

1992 жылы режиссердің кезекті «Алтай ойын» атты мультфильмі жарыққа шығады. Бұл фильмнің негізгі идеясы – Алтай өңірінің ұлттық ойындарының бірін көрермен алдына ұсыну болып табылады.  Лирикалық сарында түсірілген бұл фильм көрерменін табиғат аясында ұйымдастырылған ойынға қарай тартады. Режиссердің айтуы бойынша, іс-сапармен Алтайға қарай ат басын бұрады, содан, кәдімгі асыққа адамның бет-әлпеті салынған кішкентай мүсіндерді көреді екен. Сол асық-қуыршақтар осы фильмнің түсірілуіне үлкен септігін тигізеді. Яғни, «Алтай ойын» мультфильмі асықтан жасалған мүсіншелерді қозғалту арқылы түсірілген. Осыдан-ақ, мультипликациялық өнердің шексіздігін байқауға болады. Фильмнің экспозициясы әдемі мүсіндердің қалай пайда болатындығынан мәлімет беретін көріністен бастау алады. Экранға қос қолдың шеберлігі ірі планмен түсіріліп, анимациялық әлемге енуге дайындық процессін көрсетеді. Негізінде, қос қолдың шеберлігін көрсету режиссер Тамара Мұқанованың авторлық ерекшелігі екенін айта кеткеніміз жөн. Себебі, бұндай көріністер режиссердің өзге де анимациялық шығармаларынан байқалады. «Дастархан» мультфильмінің экспозициясын еске түсіріп көрейікші. Басты кейіпкер Абзал экран алдына қалай келуші еді?! Әрине, оның суреті салынады! «Аспан сыйы» мультфильмінде де Ұмай ананың қолын ірі планмен көрсету арқылы  басты кейіпкерді (дүниеге келгелі жатқан бөбекті) экран алдына алып келеді. Бұнымен режиссер не айтпақ болды? Режиссердің мақсаты – қос қолдың шеберлігін, қос қолдың құдіреттілігін, жұмыскерлігін, талаптылығын байқату екенін сезінеміз.

Тамара Мұқанованың шығармашылығының қазақ мультипликациясына қосқан үлесі жөнінде режиссер-мультипликатор Гүлнара Садықова былай дейді: «для казахстанской мультипликации расширился тематический горизонт в области фольклора...» [4, 100 б7]. Шынымен де, режиссер Тамара Мұқанованың шығармашылығы арқасында біз тек қазақ фольклорымен шектеліп қалмай, алтайлық фольклор арқылы барша түркі халқына ортақ түсініктермен жіті танысуымызға жол ашылды.

Өзінің киношығармашылығы жайында Тамара Мұқанова: «...можно сказать, на древе казахской мультипликации выросла ветвь алтайских мультфильмов» - дейді. Бұл, әрине, қазақ мультипликациясының мәртебесін биікке көтереді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Қайдаров Ә. «Қазақта мультфильм өнері бар еді...», // «Рух-Мирас» журналы  №1(4), 2005.
Муканова Т. «Подленный островок культуры в Ойкумене Казахстана» // «РухМирас» журналы №1, 2005.
Ногербек Б. «На экране «Казахфильм», Алматы: RUAN, 2007.
Садыкова Г., Бекишев Г. «Дорога ценою в жизнь...» «Рух-Мирас» журналы №1(4), 2005.