Абдолла Қарсақбаев десек, алдымен балалар режиссері деген сөз ойға оралады. «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» секілді фильмдерімен танимыз. Алайда, А. Қарсақбаев үлкен тақырыптарға, режиссерлік ізденістерге барған, қазақ киносында өзінің мектебін қалыптастырған режиссер. Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығында ерекше маңызға ие «Қилы кезең» фильмі 1966 жылы жарыққа шықты. Тарихи-революциялық фильм санатына жататын фильмнің 1930 жылдардағы кеңес тарихи-революциялық фильмдерден айырмашылығы, біріншіден – антагонист кейіпкер бейнесінің өзгеруі болса, екіншіден – фильмде жаппай кеңестік идеологияны насихаттау идеясы жоқ.
Спикеріміз Әсия Бағдәулет «Кеңес киносы қазақ киносын қалай көрсетті» деген ауқымды сауалдың жауабын іздейді және өз теорияларын алға шығарады.
Әсия Бағдәулет: Ең алдымен, репрезентация тұрғысынан қарағанда истерн немесе тарихи-революциялық фильмдер неліктен танымал болды, неліктен көп түсірілді және бұл фильм басқа фильмдерден айырмашылығы қандай, орны қандай деген сұрақтарға жауап беруіміз керек. Ол сұраққа жауап беру үшін 1927 жылы В.Пудовкиннің «Шыңғыс ханның ұрпағы», Д.Вертовтың «Ленин туралы үш ән» деген деректі фильмі, В.Туриннің «Түрксіб», 1928 жылғы Я.Протозановтың «Қырық бірінші фильмдері және одан кейін истерннің негізін қалаған М.Роммның «13» фильмі сынды Кеңес киносы Орталық Азия халықтарын көрсететін фильмдерді негізге алсақ. Кеңес Одағы құрыла сала өзінің қарамағында Шығыс халықтарын экранда көрсетуді бастады. Оларды жабайы, экзотикалық, надан халық ретінде жануарларды көрмеге қойғандай көрсетті. Бұл фильмдердің барлығы дискриминациялық репрезентация болды. Бірақ, ол заманда қалыпты жағдай болып есептелді. Өйткені, конъектураның, саяси жағдайдың, большевистік коммунистік партияның өзі ақ нәсілді еуропалық. Сол халықтардың басқа «жабайы» халықтарды мәдениетке, өркениетке ұмтылдыру, модернизация жасау деген жалаумен келген революция болды. Неліктен аталған режиссерлардың фильмдері Еуропада, Америкада көп көрсетіліп, әлемдік киносыншылар ол фильмдерді өте жоғары бағалады. Себебі, ақ нәсілді адамның артықшылығы, ақ адамның миссиясы деген Батыстың ойында бар мәселені дөп басқан фильмдер болды. Еуропаның Орталық Азиялықтар туралы алғаш көрген бейнелері Пудовкиннің, Протозановтың, Вертовтың фильмдеріндегідей жабайы халықтар болып ұсынылды. Хлоя Дрю өз еңбегінде өзбектің 20-жылдарында түсірілген фильмдерді саралай келіп, былай деп қорытады: «өзбектерді, яғни жергілікті халықты жануарлармен параллель монтаж арқылы қатар көрсетеді» дейді.
Сталин кетіп, «жылымық» кезеңі басталған кезде жаңа репрезентация керек болды. Себебі, заман өзгеріп жатыр. Андрей Тарковский авторлық жаңашылдығымен кино өнеріне келді. Демек, Шығыс халықтарын да жаңадан көрсетіп, репрезентациялау керек болды. Оған жол бастап берген Михаил Роммның «13» фильмі. Бұл фильм американдық Джон Фордтың фильмдеріне ұқсастырып, бір жағы көрерменді қызықтыратын кино жасап, екіншіден вестернның идеясы бойынша истерн түсіреді. Вестернде үндістерге ақ нәсілді адам келіп, жабайы батысқа өркениет әкеледі, оның миссиясы сол. Вестерннің Америкада, Еуропада танымал болуының себебі сол. Ақ нәсілді адамның ішінде жатқан «біз бүкіл дүние жүзіне өркениет әкеліп жатырмыз» деп өзінің колониалдық саясатын ақтауға мүмкіндік береді.
Кеңестік истерннің бар қолынан келетіні Шығысқа өркениет әкелу. Кеңестік большевизимнің аясына әкелу, солай оның деңгейін көтеру негізінде түсіріледі. Абдолла Қарсақбаевтың бұл фильмінің ерекшелігі жергілікті режиссердің сол тақырыпта түсірген алғашқы фильмі десе болады. Одан кейін «Бандыны қуған Хамит», «Атаманның ақыры» (Ш.Айманов), «Ақырғы аманат» (А.Тәжібаев) олардың барлығы тарихи-революциялық истерн жанрына жатады. Жергілікті режиссерлердің ерекшелігі қалыптасқан жанрлық, формалық сипаттарды өзгертпестен, жаңа мазмұн беруге тырысты. Ол үрдіс Абдолла Қарсақбаевтан басталды. Оған дейін Кеңес Одағына жау болған тарапты екіұдай көрсету мүлдем болған жоқ. Оған дейінгі «Амангелді», «Ботагөз» фильмдерінде кейіпкерлер карикатуралық бейнеленген. Ал бұл фильмдегі Жүністің өзі өте терең кейіпкер. Бір қарағанда сол дала, сол атыс-шабыс болғанымен, ол далаға жан, мазмұн бітіру бар. Біз оны кинотілінен, дала көріністеріне көбірек мән беру арқылы көреміз. Камераның негізгі объектісі – дала. Фильмнің негізгі тіні тарих пен болашақ деген мәселе. Біздегі танымдағы уақыт пен кеңістікті түсіну мүлде бөлек. Уақыт пен кеңістік біз үшін шектеулі нәрсе емес. Осы фильмде дала уақыт және кеңістік тұрғысынан үлкен мазмұнға ие болады. Осыған дейінгі тарихи-революциялық фильмдер (истерн) ориентализм бағытында түсірілген болса, А. Қарсақбаев осы түсініктерді бұзды. Бұл фильмде Қарсақбаев жүйеге қарсы фильм түсірді деп айта алмаймыз. Екіұдай. Соның кесірінен үлкен прокатқа шыға алмады»
Зарина Мұқанова: Кейіпкерлер Әсия айтқандай ақ пен қара емес. Байтенов жақсы, Жүніс жаман деп көрсетілмеген. Екеуі де терең кейіпкер. Осы сценарийді жазған кезде авторлар тарихты қайта ойланып, ақиқаттың бір ғана образы бар еместігін көрсеткен секілді. Әркімнің өз шындығы бар. 1966 жылы Кеңес өкіметі кезінде түсірілген бай Жүністі жаман кейіпкер деп көрсетпеу батыл қадам. Жүніс – Советке көнбеген, Қытай асып бара жатқан қашқын. Ал Бәйтенов Советке, идеологияға сенген адам. Екеу арасындағы диалог өте терең. Авторлар сценарий жазар кезде Қазақстан тарихын қайта ойланған сыңайлы.
1960-1970 жылдары кино саласына басшылық жасаған Камал Смайыловтың айтуынша, 1966 жылы Зейін Шашкиннің романын негiзге ала отырып, Тоқаш Бокин жайында фильм түсiруге шешім қабылданады. Фильмді түсіру Абдолла Қарсақбаевқа жүктеледi. Сценариймен танысып шыққан Абдолла бұл күйiнде фильмді түсіруден бас тартады. Аз уақыт арасында Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Асқар Сулейменов, т.б. сценарлық алқада «Сценарийдi кiм жазады?» деген мәселе туындайды. Сол кезде киностудияның сценарлық алқасының бас редакторы болып iстейтiн Олжас Сүлейменов бұл мiндеттi мойнына алып, бiр аптаның ішінде сценарийді қайта жазып әкеледі. Оны оқып шыққан Абдолла Қарсақбаев «Тек осы сценариймен түсіремін» деп тұрып алады. Ақыры фильм осы сценариймен түсiрiледi. Сценарийге байланысты дау-дамай ОК-ке дейін барады. Фильмнің титрінде Олжас Сүлейменов сценарий авторы емес, әдеби кеңесші ретінде тұр.
Әсия Бағдәулет: 1960-жылдар тарихты қайта қарау кезеңі. Екі кейіпкер бейнесін одан әрі талқылай түссек, меніңше, Кеңес өкіметінің құрбандары екіге бөлуге болады. Олардың алғашқы ұлтшылдары «Алаш» қозғалысын қолдаған бай-манаптар, интеллегенция, сол дәуірдегі білімді адамдар. Екінші топ алғашқы лек коммунисттер. Тарихты әртүрлі интерпрецаиялауға болғанымен, анық Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты тұлғалар өте идеалист адамдар болды. Олардың қазаққа, шығыс халқына деген жанашырлығы барлық істерінен көрінеді. Яғни, осы фильм Кеңес одағының екі құрбанын бас кейіпкер ретінде көрсетеді. Алғашқысы Жүніс қазақ халқының барлық құндылықтарын өз бойында сақтаған кейіпкер. Бәйтенов социализм идеясына сенген, осы жолда халықты бақытты қыламын деп ойлаған интеллегенцияның бейнесі. Тоқтардың заманы әрекетшіл болуды талап етті, бірақ ол өте ойшыл адам. Тарих туралы көп ойлайды. Тарихын біледі, халқына жаны ашиды. Шын идеалист ретінде коммунисттік идеяға сенген. Сондықтан да, Отанымды сатқандай болмайын деп қайтып бара жатыр. Осы трагедия керемет көрсетіледі. Кеңес Одағының соншалықты жауыз екенін олар дер кезінде түсіне алмай қалды.
Бұл жерде Қарсақбаев Кеңес жүйесіне қарсы фильм түсірді деп те айта алмаймыз. Бәрін екіұдай етіп қояды. Репрезентация мәселесіне қайта оралсақ, Тоқтардың қасында көшбасшы болып бір орыс жүреді. Ол бұл елге коммунизмді әкелген ақ нәсілді адамның бір образы. Бір жағы Тоқтарды ақтап алу үшін бір орыс кейіпкерді көрсетеді, бір жағы сол кезеңдегі Кеңес киносында орталық байланысы бар кез келген фильмде өте маңызды славян нәсілі болуы керек болды. Ол жазылмаған заң еді, бірақ режиссерлар іштей түсініп, қосатын болған.
Бас кейіпкерлердің ешқайсының өз өмірі жоқ. Вестерннің истерннан ерекшелігі оларда сүйікті ғашығы болады. Ал истерн фильмдерінде кейіпкерлердің барлығы идеяға берілген, мемлекет үшін күресіп жүрген адамдар, сондықтан олардың өмірінде әйелге орын жоқ. Ат үстінде соғыста жүретін солдаттардың қиялын қытықтайтын ұйғыр қызының биі. Бір жағынан ұйғыр халқы қалай бар солай көрсетілсе, екінші жағынан әйелді сексуалды объект деп қарайды. Сол әйелдің бейнесі бәрінің қиялында қалады. Былай қарасаң, қазақ елі екіге бөлініп, қырылып жатыр. Қазақ әйелдері «елім-айлап» ән айтып жүр, не жоқтау айтып отыр, не қарғыс айтып жатыр. Ұйғыр халқының көрінісі қазақытң өзара соғысынан тыс жатқан қауіпсіз арал секілді сипатталған.
Тағы бір ескере жайт, қазақтардың діншілдігі сирек. Алғашқы жауынгерді жерлегеннен кейін алыстан екі адам бетін сипайды. Соңында Жүністен мұсылмандық ишарат байқаймыз. Ал ұйғырларға келе салғаннан «Жаркентті мұсылмандар қауымы» дейді, екі сөзінің бірінде Алланың атын қосып сөйлейді, орыс батырға да «Ләппай, мына сөзіңіз керемет» деп мұлсылмандық ишарат көрсетіп жатады. Сол кезде өкімет жалпы дінге қарсы болғанымен, ұйғырлардың діншілдігіне қарсы болмаған ба деген ой туды.
Зарина Мұқанова: «Ориентализм Совет Өкіметінен бұрын Ресей патшалағы кезінде Шығыстың басқа образы туындады. Батыс Еуропаның Шығыс жайлы образдарын қиялдап, өздерінің Шығысын жасай бастады. Бірақ, Ресейдің шығысы дұрыс Шығысы образын жасаған жоқ. Әйелдер әдемі емес, көзге көрінбейді, мұсылман, Индия, Африка емес, экзотикалық, эротикалық қиялдарына сәйкес келмеген.
Совет Одағы кезінде Орта Азия деп айтқан кезде Қазақстан және Орта Азия деп айтқан. Сондықтан осы фильмдегі Шығыс образын ұйғырлар арқылы көрсетеді. Шығыс ол эротикалық әйелдің образын көрсетеді. Еуропоцентризмнің көзқарасымен қараған кезде Шығыс ол әйел, эротика, Индия, «Мың бір түн». Еуропаның отарлау саясатын көріп, Ресей де өздерін еуропалық ақ адам ретінде сезінгісі келетін. Бірақ, Еуропа Ресейде моңғолдар деп атайды. Ресейдің өз комплектстері бар еді және оны отарлау саясатымен басқысы келді».
Әсия Бағдәулет: Осы пікірге қарсылығым бар. Орта Азия және Қазақстан деп айту себебі, территориясы өте үлкен және экономикалық тұрғыдан кірмеді. Тек қана хрестиан дінін қабылдаған адамдар еуропалық деп санады да, басқаларын Шығыстық ракурспен, ориенталисттік көзқараспен қарады.
Қарсақбаевтың кино тіліне, соның ішінде операторлық жұмысын айта кетсек, бұл фильм Әбілтай Қастеевтің көркемдік кинодағы дебюті деуге болады. Маған ерекше көзге түскен бір сахна бар. Бәйтенов тергеп отыр, солдаттар лағман жеп отыр, аттану керек болған сәтте далаға шықса ымырт үйіріліп кеткен. Көкжиек қып-қызыл. Келесі жолғы шабуылдарды көргенде де қып-қызыл іңірді көреміз: не кеш батып жатады, не таң атып жатады. Шапқын, қуғыншылық сахналарды қызыл іңірді көрсету үшін ымырт кезінде, таң алдында түсірген.
Фильмнің өміршең болуының себебі көп дүние диалогсыз берілген, кино тілімен жеткізіледі. Сондықтан да өте қуатты. Мысалға, Тоқтардың қамалатын сахнасын алайық. Тоқтардың опынып отыратын сәті, кенет дауыс естиді. Камера жылжып барып қара көлеңкеде отырған Жүністі көреміз. Сол кезде Жүністің сөзін тыңдасаңыз: «Қазақтың басына жұмақты орнататын сен боларсың» дейді. Камера түрменің шаңырағын көрсетеді. Яғни, мәтіні «жұмақ орнатарсың» болғанымен, камера Кеңес Одағының әкелетіні түрме, қараңғылық ғана екенін аңғартады».
Фильмнің басында Тоқтардың тау ішінде тоқтап, таңбалы тастарды қарайтын көрінісі бар. Таңбалы тасты зерттеп жүрген Тоқтардың «Болашақ – өткеннен басталады», «Өткенді бiлмей – болашақты бiлмейсiң» деуі де сол кездiң саясатына мүлдем сәйкес келмейтін. Уақыт өзгерсе де, ғасырлар өтсе де, тасқа жазылған таңбалар қазақтың кешегісі мен бүгіні бар екенін аңғартады. Тау – асыл тастарды сақтайтын үңгірдің қызметін атқарады. Бұндай көрініс Мәжіт Бегалиннің «Шоқан Уәлиханов» фильмінде Шоқанның манасшының қасына келіп, таңба туралы сұрайтын сәтінде де бар.
Әсия Бағдәулет: Жүніс тұтқын болып, Бәйтенов бастаған жолда оны шалшық суға әкеледі. Ал Бәйтенов тұтқын болып, Жүніс алдында келе жатқанда ол сарқыраған, мөп-мөлдір өзенге әкеледі. Осындай параллельдер фильмде өте көп. Тоқтар мен Жүнісбайдың бейіттермен келе жатып, көлеңкесі ғана көрінеді. Біз осы жердікіміз, ата-бабамызбен байланысымыз, бүгініміз бар десе, өткен шақ бейіттер, тастар арқылы таңбаланған. Фильмнің финалында Тоқтар өзінің идеясы үшін күресіп кетіп бара жатыр. Ол Кеңес Одағының алынбайтын, тастармен салынған өте қауіпті қорқынышты жолын таңдайды. Ол соған түсті».
Тоқтарды тұтқынға алып, орталыққа бара жатқан жолда Жүніс Тоқтарға: «1916-шы жылы ак патшаға карсы шыққанымда бірге болып едік. Ол кезде сен халқың үшін күресіп едің. Енді басқыншылар жағына шығып кеттің. Есіңде ме, сенi генерал бес рет өлімге бұйырғанда құтқарғаным? Соған қарап «Қазақтың көсемі болар» деп ойлап едім, қателесіппін. Қанымыз бір болса да, дiнiмiз бөлек екен» дейді. Ақыры «Алашордада болды» деген желеумен қызылдар Тоқтардың өзiн тұтқынға алып, Жүністің жанына қамайды. Сөйтіп, оларды Жүнiстiң жiгiттерi құтқарады. Шекарадан өтерде өзен жағасындағы екеуi айрылысар сәтте бiрде-бiр сөз айтылмайды. Нағыз психологиялық драма. Кеңес өкіметінің ластығынан тазалану үшiн өзенде асықпай дәрет алған Жүніс өзін өлімге қиса да кешiрiм етiп, Тоқтардың алдына бөрік пен шапан кояды. «Менiмен бiрге бол» дегенi едi. Бұл ұсыныстан бас тартып, Кеңес өкіметіне керi қайтқан Тоқтарды өлтірмек болған жiгiтiне Жүніс тоқтау салады.
Абдолла Қарсақбаевтың тағы бiр қасиетi шын талантты дәл тани бiлуiнде. Мәселен, онын «Қазақтың халыктық қоленерінен» бастап барлық фильмдерiнiң музыкасын дауылпаз композитор Нұрғиса Тілендиев жазған. Операторлар Михаил Аранышев, Әбілтай Кастеев, редактор Ольга Бондаренко – оның тұрақты әріптестерi. «Қилы кезенді» түсірерде ауылда мұғалім болып жүрген Нұржұман Ықтымбаевты Қапанның релiне алып келеді.
Әсия Бағдәулет: «Әнуар Молдабековты халық «Қыз Жібек» фильміндегі Шеге образы арқылы біледі. Ал, Шеге қайдан шықты? Молдабековтің кинодағы шығармашылығы осы «Қилы кезеңнен» бастау алған еді. Сұлтан Қожықов фильмнің көркемдік жетекші болып, актерлерді байқаған болу керек. Себебі, осы фильмде бой көрсеткен А.Әшімов – Бекежан, А.Молдабеков – Шеге, Ф.Шәріпова – Жеңге ретінде бекітіліп, актерлік ансамбль «Қыз Жібекте» де көрінді».
Өзгеше интерпретацияда фильмнің титрында ойналатын «Елім-ай» әуені тау панорамасымен бірге беріледі. Бұл әуеннің орындалу ерекшелігі қаһармандық әуен нақышында басталатын мелодия «Елім-ай» әуенінің кіріспесі екендігін түсінесің. Әннің темпі де бастапқы мелодияға ілесе алатындай негізгі нұсқасынан жылдамырақ беріледі. Фильмнің түсірілген жылын (1966) ескерер болсақ, режиссер кеңестік идеология мен жабық тақырыптарға қарсы баратынын көрсетуге болады. Зарлы әннің табиғат панорамасымен берілуінің бір құпиясы тағы да қазақ танымындағы «табиғат – сырлас» ұғымы. Осы далаға биіктен көз тастау арқылы көрермен де, режиссер де бүгінгімен астасып жатқан өткенді еске алады. Ә.Бағдәулет: «Елім-ай» әнінің орындалуы арғы жақтан келген Шәріпованың жеке тағдыры көшіп бара жатқан халықтың тағдырымен ұштасып жатыр».
Қызық дерек.
Алпысыншы жылдары Кеңес өкіметінің саясатына кереғар келетiн мұндай фильм түсіру батырлық еді. «Килы кезеңдi» А.Қарсақбаев шығармашылығының шыңы деп есептейді. Өкінішке орай, туынды көрерменнен жасырылып, өз бағасын алмаған. Қалихан Ысқақтың айтуынша, фильмнің 40 дана қазақша нұскасы қоймада қалған. А. Қарсақбаевтың барлық фильмдерiнде редактор болған Ольга Бондаренконың айтуынша, жетпісінші жылдардың соңына таман «Қилы кезеңдi» көрген Ресей кинорежиссері Андрей Кончаловский қайран калып: «Мынау нағыз классикалық дүние. Нағыз классик сендердiң араларында жүр ғой» - деп таңданған екен.
Эксперттер пікірі.
Кинотанушы Бауыржан Нөгербек: «А. Қарсақбаев Қазақстанның тоталитарлық емес киноның бастауында тұрды. Оның «балаларға арналмаған» «Қилы кезең» фильмі қызыл большевиктер туралы кеңес тарихи-революциялық фильмінің дәстүрлі канондарының бұзылуының алғышартын жасады. Бұл лента қазақ кеңестік тоталитарлық фильмдерінің қатаң канондық формадан еркін канондық емес, содан соң авторлық модельде даму жолдарын анықтады».
Фильм туралы дерек
Атауы: Қилы кезең
Шыққан жылы: 1966
Мемлекет: КСРО
Жанр: тарихи драма
Компания: Қазақфильм
Премьера: 25-наурыз, 1968
Ұзақтығы: 90 мин.
Режиссер: Абдолла Қарсақбаев
Сценарий: Зейін Шашкин
Оператор: Әбілтай Қастеев
Композитор: Нұрғиса Тілендиев
Суретші: Юрий Вайнштюк, Е. Феллер
Фильм директоры: П. Юманков
Басты рөлдерде: Ыдырыс Ноғайбаев, Ахмет Шамиев, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Евгений Попов, Байділдә Қалтаев.