Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.3)
II.3.Қазақ киносы - соғыстан кейінгі жылдарда II.3.1 Көркемсуретті кино
Бөлім: Кино
Датасы: 10.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.3)
II.3.Қазақ киносы - соғыстан кейінгі жылдарда II.3.1 Көркемсуретті кино
Бөлім: Кино
Датасы: 10.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (II.3)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


 Ұлттық кино өндірісінің басталуы

Соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ киносын екі кезеңге бөліп қарастыруға  болады: бірінші кезең - 1945-1951 жылдар аралығындағы көркем фильмдер өндірісі, екінші кезең  – 1952-60-жылдар аралығындағы кино өндірісі.

Ұлы Отан соғысы аяқталысымен ЦОКС құрамында болған басты студиялар өз елдеріне қайтып, «Алматы» киностудиясының меншігінде көптеген техника және кино өндірісіне қажетті лабораториялық жабдықтар қалады, бұдан былайғы уақытта ұлттық киностудия енді өзінің дербес қызметін бастайды. Соғыстан кейінгі алғашқы көркемсуретті фильм «Абай әндері» (1945ж) болды. Фильмге сценарий жазған Мұхтар Әуезов және фильмнің режиссеры Григорий Рошальдің жетекшілігімен қазақ сахнасының танымал актерлары  Қалибек Қуаншыбаев (Абай ролі), Шәкен Айманов (Шәріп), Елубай Өмірзақов (Ерден), Серке Қожамқұловтар (Баймағамбет) экранда  ұлттық танымы басым, аса терең образдар тудырды. Қоғамдық өзгерістерді жүрегіне жақын қабылдайтын сезімтал Абайдың  тағдырының экрандағы бейнесі оны қоршаған орта және айналасында жүрген шәкірттерінің Абайға деген көзқарасы арқылы ашылды.

«Абай әндері» экранға шығысымен қазақ кино өндірісінің қарқын алуы қиындай түсті. Соғыстан кейінгі  алты жыл көлемінде бар-жоғы екі  көркемсуретті фильм түсіріледі. «Абай әндері»  фильмінен кейін араға үш жыл салып қана келесі көркемсуретті фильм жарық көреді. 1948 жылы «Алтын мүйіз» (реж.Е.Арон)  көркем фильмі шығады. Фильмнің мазмұны  мал шаруашылығы саласында ізденіп жатқан ғалымдар өмірінен алынған. Басты рольдерде Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаевтар. Көркем кино өндірісінің тоқырап қалған тұсында дубляж жұмысы жанданады. Осы кезеңде Қ.Әбусейітов, Д.Тналина, Т.Масановалар аударма жұмысында алғашқы қадамдарын бастайды.

1946 жылғы  16-желтоқсанда ҚССРО Министрлер Кеңесінің  № 2711 қаулысында былай деп жазды: “Киностудия жұмысын басқарудағы кемшіліктер мен өндірістік жоспардың алдын-ала ойластырылмауы, киностудия ұжымдарының ұзақ уақыт жұмыс істемеуіне, не болмаса, бір уақытта бірнеше фильм түсіруге итермеледі. Ал, бұл бір-біріне жасайтын кедергінің үдеуіне әкеліп соқты. Кейбір картиналар өндіріске дайындықсыз, әлсіз сценарийлермен жіберіліп отырды. Бұл басталып кеткен түсіру жұмысын тоқтатуға немесе фильмнің сәтіз шығуына әкеліп соқты. Осының салдарынан  көркемсуретті фильмдер  өндірісінің жоспары жүйелі орындалмады. 1946 жылғы жоспарланған 21 фильмнің орнына 9-ақ фильм түсірілді. Ал, Баку, Ереван, Алматы, Ашхабад және Минск киностудиялары  1946 жылы бірде-бір фильм түсірмеді...” (“Искусство кино” журналы, 1989 №12).

1952 жылы экранға «Жамбыл» көркемсуретті фильмі шығады (реж. Е.Дзиган). Басты рольде Шәкен Айманов.  Фильм ұлы ақынның ұзақ өмірінің ең елеулі кезеңдерін қамтиды. Шәкен Аймановтың сомдаған ролі және жалпы фильмнің мазмұндық шешімі жайында сол кездің өзінде-ақ  киномамандары аса жоғары баға берді. «Жамбыл» фильмінің сюжеттік құрамын шартты түрде екіге жіктер болсақ, бірінші жартысы фильмнің екінші бөліміне қарағанда әлдеқайда күрделірек және терең ашылған образдық шешімдерге бай.

Басты рольді сомдаған Шәкен Айманов фильмде екі күрделі образды алып шықты. Бұл фильмде 38 жастағы Айманов өмірге енді қадам бастаған бозбала мен қазақ поэзиясының алыбы жүз жастағы Жамбылдың  бейнесін жасады.  Көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан «Жамбыл» фильміндегі  аса сәтті роль актер Аймановтың тағы бір кезекті шығармашылық жеңісі болып табылады.

«Жамбыл» фильмінің  түсіру алаңында өндірістік жағына біраз қатысып, тәжірибе жинақтаған Шәкен Айманов былайғы уақытта кино саласына толығымен ауысады. 1953 жылы Шәкен Аймановтың кинорежиссер ретіндегі тырнақалды туындысы «Махаббат туралы аңыз» фильмі экранға шығады.  Фильм халық ауыз әдебиетінің үздік туындысы «Қозы Көрпеш- Баян сұлу»  лирикалық жырының негізінде түсірілді.

Жаңа ғана  қарқын ала бастаған  жас қазақ ұлттық кино өндірісінің елеулі жетістіктері елуінші жылдар тұсына сәйкес келді.

Соғыстан кейінгі жылдардың екінші кезеңінде, дәлірек айтқанда, 1952-жылдан киностудия жұмысында елеулі өзгерістер бола бастайды, кино өндірісі қызметі жандана түседі. Көркемсуретті фильмдердің саны екі –үш есе артады. 1955-60 жылдар аралығында «Махаббат туралы аңыздан» кейін қазақ кино өнерінде едәуір серпіліс байқалды. Бұл кезеңде түсірілген фильмдердің ішінде елеулі шығармашылық табыс ала келген алғашқы фильм – «Шабандоз қыз» (1955, реж. П.Боголюбов) музыкалық комедиясы. Режиссердің көмекшісі ретінде С.Ходжиков кинодағы алғашқы қадамын бастайды. Басты рольдерді сомдаған  Л.Әбдікәрімова, К.Қожабеков, М.Сүртібаевтар тамаша актерлік ансамбль  құрайды.  Шығармада қазақтың ұлттық ән-күйлері кеңінен қолданылып, лирикалық және сатиралық эпизодтармен қабыса отырып, фильмнің шырайын аша түседі.

Студия коллективі ұлттық маман кадрлармен толықтырылады. Алғашқы ұлттық режиссер Шәкен Аймановпен бірлесе көркем кино режиссурасының негізін қалаған Мәжит Бегалин, Сұлтан Ходжиков, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаевтар Москвадағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын және жоғарғы режиссерлік курстарды бітіріп келгеннен кейін өздерінің алғашқы фильмдерін түсіруге құлшына кіріседі. 1955 жылы М.Бегалин өзінің тұңғыш “Бұл Шұғылада болған еді” фильмін түсірсе, дәл осы жылы С.Ходжиковтың  “Ана мен бала” атты  фильмі экранға шығады.

Бес жыл ішінде Совет Одағындағы киномамандарының бағалауында  үздік деп танылған бірнеше фильм экранға шығады: «Дала қызы» (1954), «Шабандоз қыз» (1955), «Ботагөз» (1957), «Оның уақыты келеді» (1957). Бұл аталып отырған фильмдердің көпшілігі 1958 жылы Москва қаласында өткен «Қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігі» кезінде көрсетіледі. Совет киносының белгілі шеберлері қазақ киносының осы жылдардағы жетістіктерін аса жоғары бағалады.

Көп  ұзамай экранға С.Ходжиковтың «Біз Жетісуданбыз»(1958),  А.Карповтың «Ана туралы аңыз»(1963), Ш.Аймановтың «Алдар көсе» (1964), М.Бегалиннің «Тұлпардың ізі»(1964),  А.Қарсақбаевтың «Қилы кезең»(1966) сияқты үздік фильмдері  шығады.

Шығармашылық жетістік әкелген ізденістермен қатарласа кездесіп қалып жатқан кемшіліктер де болды. Елуінші жылдар тұсында  қазақ кинематографистері үшін басты мақсат – экранда жағымды кейіпкердің бейнесін ашу болды. Алайда, кейіпкердің бітім-болмысы сценарий негізіне алынған басты конфликтіден алшақ қалып отырды. Нәтижесінде жағымды кейіпкеркердің бейнесі жекелеген қасиеттері мен мінез-құлқының қосындысында бөлшектеніп кетеді. Соның нәтижесінде “Мазасыз көктем” (1956, реж. А.Медведкин), “Ертістің асау жағалауында” (1959, реж. Е.Арон) сияқты көркемдік деңгейі толық ашылмаған фильмдер экранға келді.

Тұтасымен қамтығанда, елуінші- алпысыншы жылдар тұсындағы көркем фильмдер өндірісін жалпы ұлттық кино өнерінің режиссура тұрғысынан қалыптасып, өзіндік бағыты байқалған құбылыс кезеңі деп бағалауға болады.


              "Қазақ киносының тарихы" (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.