Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.3)
III. Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970 жж.) III.3.Балалар киносы жанрының өзіндік ерекшелігі
Бөлім: Кино
Датасы: 22.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.3)
III. Қазақ кино өнерінің жанрлық түрленуі (1960-1970 жж.) III.3.Балалар киносы жанрының өзіндік ерекшелігі
Бөлім: Кино
Датасы: 22.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.3)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


III.3.Балалар киносы жанрының өзіндік ерекшелігі

Кеңес кезеңі кино өнері тарихында балалар киносы ерекше орын алған құбылыс болды. Кеңес өкіметінің  орнауымен келген жаңа қоғамдық  қатынастар салдарынан туындаған тәрбиелік бағыттағы шаралардың маңыздылары қатарында жас ұрпақ-балалар мен жас өспірімдерге арналған киношығармаларды мейлінше көптеп шығару болды. Кеңес кезеңі кино өнері  тарихына шолу жасар болсақ, осы аталған  бағыттағы атқарылған жұмыстардың  барлығы дерлік жаңа үкімет тарапынан  берілген бағыт-бағдарға сәйкес дәрежеде кино өнімдерін тудырған кезең болыпты. Киношығармалардың басым көпшілігі  идеологиялық айқын ағыммен келген дүниелер, нәтижесінде, кеңес кезеңіндегі балалар киносы әлемдік құбылысқа айналды. Балалар тақырыбындағы фильмдердің  саны  мен сапасы жағынан алғанда советтік кино өндірісі бірінші орында болып келді. Жаңа ғана дамып келе жатқан советтік кино өнерінің өндірістік, прокаттық жүйесінде балалар киносына және сол арқылы балалар аудиториясына ерекше көңіл аударылып отырды.

Отызыншы жылдардың орта шенінен  бастап тек орталық киностудиялар ғана емес, сонымен қатар, одақтас республикалар киностудиялары да өкімет тапсырысымен балалар тақырыбына арнайы фильмдер түсіруді жоспарлай бастайды.

Қазақстанда дербес кино өндірісі басқа одақтас республикалардан едәуір кешеуілдеп дамиды. Ал, қазақ киносы тарихында балалар жанрының пайда болуы одан да кеш, алпысыншы жылдар тұсына сәйкес келеді. Осы кезеңнен басталған балалар фильмдері өндірісінің жақсы дәстүрге  айналдырған ерекшеліктері қатарында балалар тақырыбына жылына кем дегенде үш-төрт фильмнен шығарып тұру құбылысының қалыптаса бастауы болды.

Қазақстан балалар киносының тарихы 1956-жылы экранға шыққан  «Қанатты сыйлық» (реж. А.Слободник, Э.Файк, операторы- И.Гитлевич, Б.Сигов) фильмінен басталады.  «Қазақфильм» киностудиясының балалар тақырыбындағы осы аталып отырған бірінші фильмі жеңіл мазмұнды, балалар аудиториясының тез қабылдай білу мүмкіндігіне лайықты болып жасалынды. Алғашқы балалар фильмінің мазмұнын құрайтын оқиға тізбегі қарапайым ғана. Айтарлықтай бөліп қарайтын еш ерекшелік байқала қоймайды. Бұл кезеңде жалпы қазақ киносының өндірістік салаларының барлығында дерлік орталықтан арнайы шақырылған кино мамандар  шешуші роль атқарды. 1956 - жылы қойылған фильм бір жағынан алар болсақ, әдеби нұсқадан экрандалған шығарма болып та тарихтағы өз орнымен ерекшеленеді. Фильмге нұсқа болған жазушы  М.Зверевтың «Орел Азамата» деп аталатын повесі. Фильмнің оқиғасы колхоз  (жаңа қоғамдық қатынастың бір түрі болып есептеледі) балаларының табиғатты қорғаушы жастар ұйымының  өкілдері ретінде («юный натуралист») қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерінен туындаған  іс-әрекеттері тізбегінен құрастырылады. Фильм мазмұны барысында колхоздың мал фермасынан  абайсызда адасып қалған Серебрянка атты түлкінің баласын іздеу әрекеттері жайында баяндалады.  Балалар өздерінің іздеу жұмыстарына аңшы Мұхтар атайдың көмегін сұрайды, дәлірек айтқанда, түлкіні ұстауға аңшының бүркіті қажет болып қалады… Аңшы Мұхтар ата келісімін берді. Ол өзінің баптаған  қолғанаты -  бүркітіне тым сенімді. Түлкі мен бүркіт арасындағы жекпе-жекте соңында  бүркіт жеңіліске ұшырайды, сонысымен Мұхтар атайды мүлдем қынжылтып тастайды. Ендігі жерде мұндай бүркітпен аңға шығуға болмайтынына атайдың көзі жетті… Балалардың ішінен Хасен мен Саша бөлініп шығып, Мұхтар атайға бүркіттің жас балапанын таудан ұстап әкеліп сыйға тартқылары келетіндіктерін білдіреді. Екеуі ұзақ жүреді, әбден қалжыраған Саша Хасенге ілесе алмай орта жолда қалып қояды. Ары қарай жалғыз кеткен Хасен таудың мұнар басындағы бүркіттің ұясына жетіп құлайды…Бірақ дегеніне бірден жете алмады…Ересек бүркіттің қарсылығынан  бала бүркітті  ұясынан суырып ала алмаған Хасен әбден титықтайды… Ертеңгісін ертемен Хасенді іздеушілер оны тау басындағы үңгір астынан әрең тауып алады. Бір-бірімен қауышып мәз-мәйрам болған балалар ауылдарына бүркіттің балапанын бірге алып кетеді. Қанатын қатайтып, жас бүркітті олар Мұхтар атайларына сыйға тартады.

Балалар тақырыбындағы алғашқы фильм болғандықтан да бұл фильмнің мазмұндық құрылымына ерекше көңіл аудару қажет, мұндағы ашылатын басты тақырып қатарында балалар арасындағы достықтың маңызын көрсету болып отырғандығын ескерту керек. Фильмнің режиссерлары – Э.Файк және А.Слободник. Басты  рольдерді орындағандар: Г.Нармағамбетов, А.Едігенов, К.Сүлейменов, Л.Мықтыбаева, Ф.Аранышев, Қ.Бадыров, С.Қожамқұлов, П.Волков, Ә.Ерғожинова, Л.Новикова, Ш.Жандарбекова. Фильм Алматы киностудиясында түсірілді.

Бұдан кейін балалар тақырыбына оралу тек арада төрт жыл өткізіп барып мүмкін болды. Бұл жолы да орыс кинематографистерінің қатысуымен «Сенің достарың» («Твои друзья» - 1960ж.) атты фильм экранға шықты. Сценарий авторы – Л.Листов, режиссеры – В.Войтецкий. Бұл фильмнің де оқиғасы табиғат аясында қамтылады. Ауыл шетіндегі ну орман арасында асыр салып ойнап жүрген балалар аяғынан тік тұруға шамасы жоқ жаңа ғана туылған кішкентай еліктің лағын тауып алады.  Оның жанында оққа ұшқан енесі жатыр…Балалар дереу орманшы   үйіне хабар жеткізеді. Орманшы болса, заң негізіне жүгініп, браконьер-аңшылардың үстінен аудандық басшыларға шағым жолдайды. Өкінішке орай шағым-хат орта жолда заң бұзушының қолына тап келеді… Балалар болса, енді, өз күштерімен заң бұзушыны ұстамақшы болып әрекет етеді,  нәтижесінде бір бала (Леша) жарақаттанады. Ақыр соңында бәрі жабылып жүріп ойлағандарын іске асырады. Бұл фильмнің мазмұны шым-шытырық оқиғалардың қиюластырылуымен баяндалады. Кейіпкерлердің мінезіндегі ерекшелік те бір ғана емес, бірнеше ортададан алынған сипаттармен жинақтала қамтылады. Сюжеттік таралым драматургиялық жүйелілігімен де ерекшеленеді.

Балалар тақырыбындағы алғашқы фильмдердің актерлық ойын және басқа да көркемдік  сипаттау жақтарына  жергілікті ұлт мамандары белесене араласқанымен де,  ұлттық режиссура тұрғысынан алар болсақ, қазақ киносының балалар тақырыбындағы жанрлық саласы  Абдолла Қарсақбаевтың  «Менің атым Қожа» (1963 ж) фильмінен бастау алады.

Қазақ киносының тарихына көз салар болсақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған  фильмдердің  алпысыншы жылдардың  екінші жартысынан экранға шыға бастағанын көруге болады. Алғаш балалар тақырыбына ден қойған қазақ  киносының  режиссерлары ішінде, әсіресе, Абдолла Қарсақбаев пен Шәріп Бейсембаевтың есімдерін ерекше атау керек.

«Менің атым Қожа»(1963), «Балалық шаққа саяхат»(1968), «Жүйрік болсаң, озып көр»(1974), «Алты жасар Алпамыс»(1977), «Балалық шақтың кермек дәмі»(1983) сияқты Абдолла Қарсақбаевтың және «Арман-атаман»(1967), «Қызыл тас  застава маңында»(1969), «Біз төртеуміз»(1971), «Мазасыз балалар»(1980), «Мен сіздің туысыңызбын»(1982) сияқты Шәріп Бейсембаевтың  балалар тақырыбындағы  фильмдері бұл күнде ұлттық киномыздың тарихында балалар тақырыбының  меңгерілу деңгейі тұрғысында аса құнды  шығармалар болып отыр.

Жоғарыда аталып өткен  фильмдерді салыстыру арқылы  елуінші жылдардың соңында түсірілген алғашқы балалар фильмдерінен  алпысыншы-жетпісінші жылдар кезеңіндегі балалар фильмдерінің атмосферасы  өзгеше екендігін байқауға болады. Бұл ерекшелікті балалар тақырыбының қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан Абдолла Қарсақбаев пен Шәріп Бейсембаевтың фильмдерін жеке талдау арқылы түсінуге болады.

Абдолла Қарсақбаевтың балалар тақырыбындағы фильмдері

Егер жоғарыда аталған балалар тақырыбындағы алғашқы («Қанатты сыйлық», «Сенің достарың») кинотуындылардың мазмұндық құрылымында оқиға жиынтығының    сырт көрінісі мен оның көрерменге әсері басымырақ  қамтылған болса, «Менің  атым Қожа» фильміндегі  ерекшелік, тіпті, авторлардың жеңісі деп те айтуға болады – мұнда кейіпкер табиғатының басты құрамдас элементі – оның ішкі жан-дүниесінің тереңдігі аса шеберлікпен қамтылған.

«Менің атым Қожа» (1963) фильмі балалар әдебиетінің көрнекті қайраткері Бердібек Соқпақбаевтың осы аттас әңгімесі желісінде түсірілген. Сценарий  жазуға жазушы тікелей араласады. Көрермен  алғаш рет бала мен оны қоршаған орта арасындағы аса күрделі қарым-қатынастың тереңділігін осы фильм мысалында көріп-тануға  мүмкіндік алды десек артық айтпаған болар едік.  Оқиға тізбегі тағы да ауыл балаларының өмірінен алынған. Қожа (Нұрлан Сегізбаев) аты шулы сотқар. Бірақ оның сотқарлығының табиғаты өзге түгілі өзіне де беймәлім. Күн ара шым-шытырық оқиғалар арасында «жүріп қана қоймайды», тіпті өзі сол «таңғажайып» оқиғалардың қалай себепкері болып қалғанын сезбей де қалады. Сондықтан да шығар, егер бір жерде, біреудің терезесі сынса, немесе, бір жерде біреумен төбелес шыға қалса, қалған жұрт ең алдымен Қожаны іздейді… Бәріне сол кінәлі, бәріне сол жауап беруге тиіс. Жазғы каникул бітіп, балалар мектепке дайындық үстіндегі қарбаласта жүр. Ауылдағы жалғыз дүкен алдында халық ығы-жығы. Көпшілігі оқушылар. Олар мектепке  оқулық алу үшін кезекте тұр.  Ал, Қожаның  кезекте тұруға уақыты да, шыдамы да жетпейді…Сол себептен ол  басқаларын алдап соқпақшы. Балалардың кезегін мұқият қадағалап тұрған жаңа мұғалиманың көзіне түскісі келмей, ішке ұрлана кіріп бара жатыр еді, ол айласы іске аспады… Мұғалима апай (Раиса Мұхамедьярова) Қожаны кеудесінен итере тоқтатты. Қожа болса: Мен қант аламын да шығамын деді беті бүлк етпестен. Қойны-қонышын кітапқа толтырып алған Қожаның бұл «айласы» көп ұзамай-ақ жария болды. Баланың осы бір шала қылығына соншалықты мән бере  ызғарланған мұғалима апай Қожаға өзінің кім екенін тәптіштеп тұрып айтып береді. Дәл осы көріністен бастап бала мен ересектер арасындағы басты қақтығыс тармағы таратылады. Қожаның бірінші кездескендегі балалық сотқарлығы класс жетекшілері болып келген жас мұғалиманың есінде әбден жатталып қалыпты. Бұдан былайғы уақытта Қожаның сәл ғана наразылығы ендігі жерде екі адам емес, тұтас ауыл балаларының  арасына кикілжің енгізуге   дейін көтеріледі.   Қожа болса, ешкімге жамандық ойламайды, тіпті күн сайын өз-өзін тәрбиелеумен әуре болып жүрген жайы бар. Оның үнемі осылай «сотқар Қожа»  атанғысы жоқ, бірақ, еркінен тыс қалай ғана Сұлтанның жетегінде кетіп қалатынына түсінбейді. Табиғатынан жұмсақ Қожаның бір ғана кемшілігі оның қиялдағыш ерекшелігі. Оңаша сәттерде көп ойланады, өзін-өзі тәрбиелеп әуре болып жүреді. Кейде тіпті, небір адам миына сыймайтын дүниелерді армандайды. Бала болған соң оның армандары да тым шарықтап кетеді. Фильм композициясына режиссер тарапынан Қожаның түстері өте әдемі қиюластырылған. Күнделікті өмірде өзін «жәбірлеп жүргендер» түсінде Қожаның алдына тізе бүгіп, кешірім сұрап барады.

Режиссер тарапынан бала Қожаның мінезіндегі басқаларға ұқсамайтын ерекшелікті бөліп көрсету мақсатында оның үлкендермен арасындағы қарым-қатынасына көбірек көңіл бөлгендігі байқалады. Қожаны қоршаған орта тек балалар әлемі емес, баланың көп жағдайдағы қиқарлығы ересектермен арадағы қарым-қатынастан туындап отыр.

Фильмнің басында Қожа  дүкеннен кітаптар сатып алып ауыл арасында көшенің шаңын аспанға көтере мәз-мейрам болып өз үйінің ауласына жеткенде,  ферма меңгерушісі Қаратайдың (Мәкіл Құланбаев) мотоциклін көріп, жаңағы көкке жеткендей көтеріңкі көңілі аяқ асты су сепкендей басыла қалады.  Қожаның анасы Миллатқа (Бикен Римова)  Қаратайдың  көптен көңілі  ауып жүр еді. Соңғы кездері тым келгіштей берген  бөтен ер адамды Қожа жақтыра қоймайды және ол онысын жасырып та жатқан жоқ.  Әр келген сайын Қаратайдың  жүріп-тұрғаны Қожаның тырысқан қабағынан теріс бағаланып жатады.  Бұл жолы да жансыз темір мотокциклді аяғымен бір теуіп, өз-өзінен зілдене сөйлеп  жүр. «Өртеніп кет! Иеңмен бірге өртен»- деп ышқына айғайымен кісі отыр-ау деп жасқанбастан, баса-көктеп төргі үйге бірақ өтеді… Оның бұл қылығына анасы да, әжесі де таңдана қарап, бастарын шайқайды. Қожа болса Қаратайды көзіне де ілмейді, апасының сұрақтарына  зілдене жауап береді, мінез көрсетіп жатқан түрі осы.

Осы көріністен бала мен ана арасындағы күрделі қарым-қатынастың Қожаның мінезіне тікелей әсерін көрсететін элементтердің басым шыққандығын байқауға болады.

Аз ғана уақытқа қамығып қалған Қожаның балалық табиғаты өз дегеніне бағындырады. Алғашқы тұста қаншалықты шу көтере келген Қожа үйден қайта далаға шығар жерінде тағы да сол қиқар мінезін көрсетіп жатыр, оның жолындағы қазан-аяқ даңғырлап, шелек-тегенелер Қожаның аяғының астында шашылып қалады.   Көшеге соншалықты  ызамен ытқып шыққан Қожа ендігі жерде өзінің бұрынғы жайдары  қалпына тез түсе қалады.   Жаңағы ашу-ызадан түк те қалмаған, асықпай, ыңылдап қана ән салып, ауыл арасын аралап келеді.  Көше бойында зымырап жүгірген балалардың өз қызықтары өзінде.

Балалар әлемінің табиғилығына деген режиссер сүйіспеншілігі арқылы экраннан көрініс беріп жатқан қазақ ауылының жайбарақат күйі көңілге қуаныш ұялатады. Жарқырап тұрған күн шуағы ақырын соққан самал желмен жайқалған ағаш жапырақтарының бетінде ойнақтап, осы бір тамаша табиғат көріністеріне қоса, кейіпкердің ішкі жан дүниесінің қуанышы аса айқын беріледі.  Баланың аты бала, Қожа да ендігі жерде бар ашуын ұмытып, басқалармен қоса ауыл сыртындағы көлшікте асыр салып ойнап жүр. Бірақ оның жынына тиіп, Қожаны сотқарлыққа итермелейтіндер де табылып қалып жатыр. Жантас (Е.Құрмашев) қайда жүрсе де Қожаны түрткілеп жүргені. Қашанғы шыдамды болсын, Қожа да қарап қалмайды, шамасы келген жерде Жантасқа есебін жіберер емес.  Екі баланың айырмашылықтары жер мен көктей.  Жантас сабаққа кешікпейді, ол, әсіресе, өз түсінігінде өте тәртіпті бала.  Қожа болса, керісінше, үнемі бір шым-шытырық оқиғаларға килігеді де жүреді. Ол ешкімге жамандық ойлаған емес, бірақ, не істесе де, тіпті, біреулерге жақсылық жасайын десе де, сол істерінің бәрі теріске шығып жатады. Сол себептен де шығар, көпшіліктің қабылдауында Қожа сотқар, қыңыр-қисық бала. Бір сөзбен айтқанда ол-бұзық. Жантас Қожаның осы осалдығын өз пайдасына жаратып та үлгіреді.  Қара көжек деп Қожаны мазақтай береді (басты себеп - Жанарды Қожадан әбден қызғанады),  Қожа қарап тұра ма мұндайда, әрине ол төбелесе кетеді. Таяқ жеп қалған Жантастың Қожаның үстінен арызданудан басқа амалы қалмайды. Тағы да сол жиналыс. Тағы да Қожаның тәртібі бірінші кезекте қаралады. Тағы да оның анасы Миллат мұғалімдер кеңесі алдында баласы үшін сөз естіп, қызара-бөртіп ұялып тұр.  Қожаның ойы сан жаққа құбылады, өз-өзіне бір емес, бірнеше рет ант береді, енді бұзықтық жасамаймын деп тырысып бағады. Алайда, Қожаның мінезіндегі солқылдақтықты пайдаланатын тағы бір кейіпкер бар. Ол - Сұлтан.

Бала Қожаның мінезіндегі тереңдікті түсінуге Сұлтан (М.Какенов) бейнесінің үлесі айтарлықтай салмақты. Көзге бірден байқала қоймайтын құбылыс- Қожа мен Сұлтан арасындағы  достықтың  табиғаты.  Бесінші класта оқитын 12-жасар Қожа мен мектеп жасынан шығып кеткен соқтандай Сұлтанның  арасында қандай ортақ қасиет бар деген сұрақ  орынды туындайды. Ауыл балалары арасында Жантастың мазағынан әбден ығыр болған Қожа өзін-өзі «Шыда, Қожа, Жантас сөйлеп қалсын. Кезегім келгенде мен де есемді жібермеспін»- деп тоқтатады. Қожаның дау-пәледен бұлай қашқақтауы оның Жантастан қорыққаны емес. Үнемі бұзық атанып жүрген Қожа кеше ғана апасына уәде беріп қойып еді, ендігі жерде іштен тынып қана жүруге тура келіп тұр. Жантастың кесірінен басқа балалармен араласа алмай әбден қор болған Қожаға Сұлтанның кездесе кеткені абырой болды ғой, шіркін!  Бірі үлкен, бірі кіші, екі «бұзықтың» кездесе кеткені өз нәтижесін де беріп үлгірді. Олардың тау аралап бармаған жерлері қалмады, ақыр соңында  жайлаудағы тойдың үстінен бірақ шықты. Небір езу жидырмайтын күлкілі оқиғалардың ортасында қалған Қожа мен Сұлтанға көрерменнің көзқарасы бірдей емес.  Біреулері ренжуі де мүмкін, әттеген-ай деп, енді біреулері  олардың еркінен тыс шығып жатқан іс-әрекеттеріндегі олқылықтарына аса көңіл де аудара қоймас.  Алайда, осы екі кейіпкердің бар қылықтарының астарында балаларға деген ересектер тарапынан сезілетін немқұрайлылықтың кейбір сәттерін дөп басып айтуға болады. Қожа да, Сұлтан да өздерін қоршаған адамдардың қатыгездігінен қиналып жүрген жайлары бар.  Осы орайда айта кетер жағдай, фильм қаншалықты күлкілі оқиғалар өрнегімен берілсе де, әр сюжеттің астарында үлкен ой жатыр. Осынысымен де Абдолла Қарсақбаевтың балалар тақырыбындағы алғашқы фильмі терең де аса маңызды қызмет атқарып тұр. Сол кездің өзінде-ақ, «Менің атым Қожа» фильмінің даңқы республика, Одақ шеңберінен шығып, әлемді шарлады. Бұл фильм  1967 жылы Халықаралық Канн (Франция) фестиваліне қатысып, балалар фильмдері саласы бойынша мадақтау дипломын  иеленді.

Режиссердың «Менің атым Қожа» фильміне бала актерларды  таңдауы  оңайға түскен жоқ.  Абдолла Қарсақбаев балалармен тіл табыса білетін.  Ол бала актерларды кейіпкер образына бейімдеп, болатын оқиға мазмұнына мейлінше терең енгізуге тырысатын.

Табиғатынан балажанды Абдолла Қарсақбаев түсіру алаңында жас актерлардың шынайы досына айналды.

Режиссердың «Балалалық шаққа саяхат» (1968) атты балалар тақырыбындағы келесі фильмінің  бас кейіпкері Бектастың басынан өткен өмірі бір адамның  тағдырына ауырлық еткендей. Мұндағы орта мүлдем басқа орта, кезең де өзгеше. Тіпті, режиссер, бала кейіпкерлерін екі түрлі ортада әдейілеп сынаққа салғандай әсерде қаласың. Фильмнің алғашқы кадрлары 70-жылдар кезеңіндегі (жол жиегінде және басқа да көрнекті жерлерде кездесіп қалып жатқан «40 лет образованию Казахской ССР» деген плакаттар өзінің таңбалық функциясын мұқият орындап тұр) Алматы көрінісімен басталады. Асфальт жолда ақ волгасын ағызып келе жатқан Бектас бір кезде өзі ер жетіп есейген мектебінің ауласына кірісімен-ақ, жан-жағына алаңдай қарайды... Қасынан жүгіріп өтіп бара жатқан оқушы баланы тоқтатып, мектептің меңгерушісі Сағатайға қағаз беріп жіберді... Орындыққа жайланып отырып, өткен өміріне көз жүгіртеді. Бектаспен бірге көрермен де бас кейіпкердің балалық шағына саяхатқа аттанады...

Оқиға сонау отызыншы жылдар кезеңіне ауысты. Ауыл балаларының арасындағы талас-тартыстың «Менің атым Қожадағыдан» сәл ғана айырмашылығы бар (мысалы, олардың у-шуына анда-санда үлкендер де рулық тартыс жағдайындағы наразылықтарын өзара бір-біріне білдіріп қояды), басқа жағынан алғанда балалардың у-шуы қашан да бір тектес. Бір-бірін мазақ қылады, бір-біріне қыр көрсетеді. Екі жартастың төбесіне шығып алып сөз жарыстырып тұрған екі топтың айқай-шуы ақыры төбелеске ауып тынды... Сол төбелесте таяқ жеп, шекесі жарылып қалған бала Бектастың (Болат Қалымбетов) жағдайын білуге олардың жұпыны үйіне мұғалім ағайы келеді (Н.Ықтымбаев).

Әрине, режиссер тарапынан уақыт тынысына орай арнайы енгізілген сюжеттік таралым мазмұны негізінен жалпы кеңестік кезең кино туындыларының барлығына дерлік тән қасиет болғандықтан, осы фильм мысалында тек кино тілінің режиссерлік шешімін ғана талдауға болады. Бектастың жағдайын білуге келген мұғалім ағай оның шығарған өлеңдерін ата-анасына оқып береді. Өлеңнің мазмұны, әрине, жаңа өкіметпен келген жақсы өмір тақырыбында, Ленин туралы болғанымен де, мұғалім Бектастың дарындылығын атап көрсеткісі келіп оқығандықтан, өлеңнің жалпы құралымына назар аудармауға да болады. Режиссер тарапынан кезең суретіне арнайы құрылған көмескі эпизодтар жиынтығы үйлесімді шыққан. Уақыт бейнесін беруде Бектастың әкесі Ыдырыс (Мәкіл Құланбаев) пен анасы Әспет (Т.Қосыбаева) мінездеріндегі ерекшелікті режиссер емін-еркін пайдаланады. Бектастың әкесі қарапайымдау, аңқаулығы кей кезде оны күлкілі жағдайға қалдырады. Шешесі керісінше, беделді, ақырын сөйлеп, көп нәрсе тындыратын пысықтығы басым. Фильмнің мазмұндық құрылымында отызыншы жылдар көрінісіне толық сипат боларлық колхоздастыру, байдың малын конфискелеу, кедей-кепшік өкіметін құру, ауыл арасынан сайланған белсенділердің мінезіндегі «ерекшелік» сияқты қосалқы элементтер толық мүмкіндіктеріне орай пайдаланылған. Жергілікті бай-шонжарларды  жер аударып, малын талан-таражға салып жатқан тұста, ауыл адамдарының арасында «қыранның қанаты қырқылды» деген сөздерді айтушылар да кездесіп қалып жатты. Мүмкін бұл эпизодтар абайсызда еленбей кеткен болу керек,  әйтпесе, режиссер тарапынан жіберілген мұндай «батырлық», дәл осы кезең талабымен ұлтшылдық деп қабылданған болар еді. Киношығарма мазмұнынындағы драматургиялық байланыс ерекшелігі көп жағдайда орталық кейіпкерлердің мінезіндегі ерекшеліктердің алмасу ретімен өрнектелетіні көркемдік сипаттаудың бір ғана мысалы болғанымен де, маңыздыларының бірі болып есептеледі. «Балалық шаққа саяхат»  фильмінде бас кейіпкердің сана-сезімінің өсу дәрежесі сатылап көрсетіледі.

Бектастың  мінезіндегі ерекшеліктердің тереңірек ашылуына көп жағдайда мұғалімі Сағатбайдың  үлесі басымырақ.  Отызыншы жылдар кезеңінде шалғайдағы қазақ ауылына келіп жеткен жаңалықтың көпшілігі мұғалімнің тікелей араласуымен болып жатады. Режиссердың тарапынан Сағатбай бейнесін тым жағымды көрсетіп жіберген тұстары да баршылық.  Фильмде көрсетіліп жатқан жаңа өмір жаңалықтарының  бірі – ауыл адамдарының ұжымдық шаруашылыққа бет бұруы - экрандық көрінісінде даладағы жер жырту жұмыстары, егін салу кезеңдері. Мұғалім Сағатбай шәкірттерімен бірге осы дала жұмыстарына белесене араласады.

Отызыншы жылдар кезеңінің айқын сипаттарының бірі-  жаңа өкіметпен келген шала белсенділер бейнесі.  Осы құбылысты А.Қарсақбаев фильмінде өте үйлесімді пайдалана білген. Шорманов (Қасым Жәкібаев) қолынан қамшысы түспейтін, өзі білмесе де, өзгеге жөн сілтегіш «жаңа өкімет» сайлаған шала белсенділердің жинақталған бейнесі. «Саботаждан»  басталған айқай-шуы асыра сілтеушілік іс-әрекеттеріне жалғасып, өзі дұрыс деп ойлағанының бәрі дерлік үнемі теріс болып шығады. Оның теріс қылықтарын бетіне басып көрсететін тағы да сол мұғалім Сағатбай.  Ауыл арасында болып жатқан жақсы жаңалықтарды қодаушылармен қоса  оларға қарсы топтың өкілдері де баршылық.  Олар Бөкшебай төңірегіне шоғырланған, ойлайтындары – қалай дегенде де жаңа өкіметке қастандық көрсетіп қалу. Осындай тартыс бар ортада өсіп жатқан жас балалардың мінездерінен қандай ерекшелік күтуге болады?  Бала санасы тым еліктегіш, Бектас та мұғалімінің айтқандарын қалт жібермей тез ұғады. Басқа балаларға қарағанда алғырлығымен көзге түскен Бектас мұғалімінің қолдауымен қалаға оқуға жіберіледі. Ендігі жерде Бектастың өмірінде көп өзгеріс болады.

Жас кейіпкерлерінің иығына түскен тағдыр салмағының ауыр сипаты Абдолла Қарсақбаевтың  1983-жылы экранға шыққан «Балалық шақтың кермек дәмі» атты фильмінде тақырыптық жалғасын табады. Оқиға сұрапыл соғыс жылдарынан алынған.  Бала кейіпкерлер қайықшы атай Зейнолланың (Нұрмұхан Жантурин) ауыр да жауапты жұмысында бірден-бір көмекшілері. Дариға (Бибігүл Тайкенова) Зейнолланың өз немересі болса, Әмір (Марат Тойшыбеков) мен Мұхтар (Бекболат Османходжаев) қаладан келген балалар. Зейнолла атайдың  тапсырмасымен балалар оның немересі Дариғаға қосылып Сырдарияның арғы жағасындағы шалғай жатқан ауылға азық-түлік және  майданнан келген хат-хабарларды жеткізуге жолға шығады. Бала болған соң әр нәрсеге алаңдағыш, қайықпен жүзіп келе жатқан балаларға түн жамылған әр бұтаның қуысынан құбыжық елестейді. Дариға қыздың алдында қорқақ атанғысы келмеген Мұхтар мен Әмір мейлінше салмақты болып көрінгілері келеді, іштей елегізгендерін байқатпауға тырысады.  Жағаға жетісімен балалар Күләш  әженің (Сәбира Күмүшалиева) үйіне беттейді. Дірілдеген қолдарында қара қағаз. Қоржын қаптары азыққа толы балаларды Күләш әжей қуана қарсы алады. Алайда, оның қуанышы ұзаққа бармады. Дариғаның ұсынғаны хат болмай шықты, қара қағазды көргенде әжейдің көзі қарауытып кетеді. Онсыз да әбден қалжырап жүрген қарт адамның әлсіз қолдарынан сырғып түсіп бара жатқан қаралы қағаз әжейдің соңғы әлін өзімен бірге алып бара жатқандай осы бір көрініс тым әсерлі шыққан.

Қара қағаз жерге түскен тұста соғыс сипатымен  аса сұрықсыз көрінген ауылдың сырт бейнесі аяқ-асты астаң-кестең пайда болған желдің күшімен шаңға оранды. Ауыр кезеңнің тағы бір сипаты – сұрапыл соғыс жылдарында Сыр суы да ернеуінен асқындап, жағадағы елді мекендерді жайлаған халықты есінен тандырды. Бала кейіпкерлер ендігі жерде су тасқынынан кейінгі жағалауда шашылып қалған  бірен-саран дүние-мүлікті түгендеп келеді...Фильмдегі салыстырмалық детальдардың  маңыздылығы оқиға мазмұнымен үндестігі арқылы қоюлана түскен. Су астында қалған  үйлердің сиқы арнайы ірі пландармен нақтыланып, сылақтан орнатылған саман үйлердің опырылып түсіп жатқан сырт көрінісі соғыс кезеңіндегі жалпы халықтың қайғыдан қайысқан ауыр тұрмыстарымен сипаттас болып берілген.

Абдолла Қарсақбаев шығармашылығында балалар тақырыбы ерекше орын алады. «Балалық шаққа саяхат» және «Балалық шақтың кермек дәмі» сияқты ауыр сюжеттегі кинотуындылардың мазмұндық құрылымы негізінен  балалар өмірінен алынғанмен де, ондағы сипатталатын кезең және уақыт бейнесі  ел тарихындағы ұмытылмас белестер тұрғысынан тарихи  оқиғаларды қамтиды. Сол себептен де, бұл аталып отырған туындылар балалар тақырыбы деген бір ғана жанр шеңберінен әлдеқайда кең.

«Менің атым Қожа» фильмінен басталатын балалықтың әсем әлемі Абдолла Қарсақбаевтың «Жүйрік болсаң, озып көр» (1974ж) және «Алты жасар Алпамыс» (1977ж) фильмдерінде жалғасын табады.  Режиссердың барлық дерлік фильмдеріне тән бір ерекшелік- оның фильмдерінде суреттелетін орта үнемі ауыл және ауыл балаларының әлемі. Кейіпкерлер де аса танымал, күнделікті өздері көріп жүрген өмір суреттері, сонысымен де бұл фильмдердің көрермендері  оқиға ортасында жүргендей шынайы сезімге бөленеді.

«Жүйрік болсаң, озып көр» фильмінің оқиғасы ауыл арасында екі топқа жарылып, бір-бірімен бақталасып жүрген екі топ балалардың өмірінен алынған. Гуля атты  жүйрік қыз (Шынар Берсүгірова) ешбір жарыста алдына жан салмайды. Бұған, әрине, қарсылас топтың балалары келісер емес. Олардың өз жүйріктері бар. Әйтеуір, келісе алмаған балалар, енді ауыл арасында жарыс ұйымдастырмақшы болады. Кез келген тартыс әділетті түрде шешімін тапса екен – бұл, әрине,  Гуляны жақтаушылардың бар ойы. Ал, олардың «қарсыластары» бұл тұжырымнан аулақ, сондықтан да олар Гуляны жарыс алдында ұрлап әкетіп үңгір тастардың ішіне қамап тастайды. Фильм оқиғасы ендігі жерде Гуляның достарының оны қалай құтқаратындықтарын баяндайды. Оқиға сипаттау әдісі тыңғылықты, асыра суреттеу мәнерінен аулақ, мейлінше шынайы ортада өткізіледі. Бала актерлардың табиғилығы, камера алдында өздерін еркін ұстауы шығарманың тартымдылығын қамтамасыз етіп тұр.

«Алты жасар Алпамыс»  фильмінің де оқиғасы ауыл  балаларының өмірінен алынған. Бас кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынас «Менің атым Қожа» фильміндегі ерекшелікті сақтаған.

Ауылда тұрып жатқан Алпамыс пен Қалихан атты екі достың өміріндегі күрт өзгерістер 1-қыркүйекте мектепке Қалиханның алынып, ал алты жасар Алпамыстың қалып қойған күнінен басталады...

Таңның алтын шуағына бөленген тау бөктеріндегі ауылдың әсем  көрінісімен басталған алғашқы панорамалық кадрлар жылжи келе төсекте таңғы ұйқысын қимай маужырап жатқан Алпамысты (Ермек Төлепбаев) жанамалап қана көрсетеді де, ендігі сәтте екі бос шелекті соншалықты қаңғырлата шулатып суға кетіп бара жатқан Қалиханға (Уран Сарбасов) ауысады. Ендігі кезекте Қалиханның қасынан табылған Алпамыс досынан «Не болды, Қалихан?»-деп сұрайды.  Қалихан үшін таң атпастан ұйқыдан тұрып, жуынып-шайынып мектепке бару нағыз азап екен. Бұл сөздерді Қалихан досына әбден нақышына келтіріп тұрып, аса зілдене айтады.  Алпамыс досын түсіне алмай тұр. Мектепке бару Алпамыстың  арманы, соған қол жеткізе  алмай жүрсе, Қалихан мектептен азар да безер болады.

Алпамыстың арманшылдығы, елгезектігі, көп нәрсені білуге деген ынталылығы  режиссер тарапынан аса тәптіштеліп, әдемі көріністермен беріледі.

Әкесіне еріп атқа бара жатқан жолда ол жай ғана ілесіп қоймайды. Жол-жөнекей талай нәрсені байқап бара жатады, әкесіне сұрақ қойғыш.  Ауыл арасынан өтіп бара жатып талай жағдайларға қанық болады. Міне, бастауыш мектептің жаңа келген  мұғалімі. Ол мектептің ауласын тазалап жүр, ертеңгі болатын алғашқы қоңырау мерекесіне дайындалып жатыр. Ауыл сыртына ұласқан төбешік басында дана қарт Мұнар ата отыр. Бұлар оған сәлем береді.

Өтіп жатқан көріністердің бәрі дерлік – сырт бедерінде жұдырықтай Алпамыстың қабылдауында берілгенімен де, режиссер тарапынан болашақ оқиға кейіпкерлерін көрерменмен таныстыру әдісі деп түсінген жөн.

Кішкентай Алпамысты әкесі жігітке лайықты алғашқы сынақтан өткізбекші ойы бар. Әкесінің бұтақ қалқасында әдейі жасырынып қалғанын  байқамай қалған Алпамыс бастапқыда ат үстінде жалғыз отырғандығына әкесін жоғалтып алған сезімі қосылып зәресі қалмайды. «Ат ер-азаматтың қанаты»- деп ақыл-кеңес береді әкесі Алпамысқа. «Егер адассаң, аттың тізгінін босат, ол сені өзі алып шығады». Бұл сөздердің тек Алпамысқа ғана арналып айтылмағандығы айдан анық.

Абдолла Қарсақбаевтың барлық фильмдерінде балалар аудиториясына жанама кейіпкерлердің арасындағы әңгімелер арқылы жеткізілетін орынды тәрбиелік мәнердегі сөз диалогтары жиі кездеседі.

Алпамыстың Мұнар атаймен арасында өтетін әңгіме де осы мақсатпен құрылған.

Шәріп Бейсембаевтың балалар тақырыбындағы фильмдері

Қазақ киносының тарихында  балалар тақырыбының  жан-жақты  ашылуына  үлкен үлес қосқан режиссер Шәріп  Бейсембаев. Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінен  кейінгі көрермен  көңілінен шығып, балалар киносының жеке  жанр болып қалыптасуына  үлес қосқан  режиссерлардың бірі  Шәріп Бейсембаевтың «Арман атаман» (1967ж) фильмі оның көркем кино режиссурасындағы алғашқы туындысы болатын. Режиссердің жас актерлермен жұмысының өте нәтижелі болғандығын фильмдегі  кейіпкерлердің  характерлік  ерекшеліктері  мен олардың басынан  өтетін  оқиғалар сипатынан көруге болады. Фильмнің сюжеттік құрылымы өте қарапайым. Кинокомедия жанрында  түсірілген бұл фильмге  Арман (А.Искаков), Мұрын (М.Ишмұхамедов), Теміртон (М. Абусеитов) есімді  үш достың бастарынан  өткен қызықты  да  күлкілі оқиғалары өзек болады. Бәрі ойыннан басталады. Ауыл арасында  күнделікті ойнап жүрген  ойындарынан жалыққан балалар басқа бірнәрсе ойлап табу керек деп  «тоқырап» не істерлерін білмей отыр. Теміртонның  «неміс» ойнайық дегеніне Арман көнбейді.  Неге?- дейді Теміртон  да қалысқысы келмей. «Қазір немістердің  көпшілігі біздің  жақта» – дейді Арман. Оған бәрі келісе кетеді. Ендеше басқа бір нәрсе ойлап табу керек деп Теміртон  да қалыспайды. “Таптым” – деп айқай салған Арманның тапқырлығына  қуана қолдау  көрсетеді.  Ендігі бір үлкен мәселе – атаман сайлау. Үш  дос бұл мәнсапқа таласа кетеді. Қалғандары  қарап тұр. Бірақ,  басқаларына білдіртпей, үшеуі ертеңіне  атамандыққа өзара сайыс өткізбекші. «Атаман күшті болу керек»  - дейді  Мұрын. Оған Арман  келіспеді. Арманның ойынша күш аюда да бар. Ал, атаман болу үшін адам ақылды болу керек. Сонымен, үш дос ақыл сайысына  кіріседі. Бұлардың пікірінше кім кітапты  көп оқыса, сол адам ақылды.  Дұрыс-ақ! Ең алдымен «Менің атым Қожа» кітабы  аталады.  Оны үшеуі де оқыпты.  Келесі болып «Тимур және оның командасы» атты кітабы аталады.  Бұны да бәрі оқыпты. Мұрын ойланып тұрып «Балуан Шолақ» – деп үміттене айқай салады. Оның өкінішке орай  бұл кітапты да бәрі  оқыпты.  Енді не қалды? «Ханзада мен қайыршы», Том Сойерды да бәрі оқыған. «Степа ағай милиционер»- деп дәрменсіз айтады Мұрын. «Өй, оны бәріміз  оқығанбыз» – дейді Арман қолын сермеп. Бір қызығы өздері өтірік  айтпайды. Теміртон біраз ойланып барып: «Робинзон Крузо»- деді.  Осы жерде Мұрынның  дыбысы шықпай  қалады.  Теміртонның қасына  жақынырақ келіп, әлсіз дауыспен «Кәні, қайталашы»- дейді.  Жоқ,  бұл  кітапты ол оқымапты. Сөйтіп Мұрын сайыстан шығып қалады. Ендігі жерде  атаман мәнсабына Арман мен Теміртон таласуда.  Арман көп ойлана қойған жоқ. Темітронға әдейі  жақын келіп, зілмен: «СССР – езілген халықтардың досы» – дейді.  Әттең, Теміртон ондай кітапты  оқымапты. Сонымен,  Арман атаман  болып шыға келді.  Ақыл сайысына шындап кіріскен түрлері бар. Жеңіп шыққан Арман өзінің «қол астындағы достарымен» Африкадағы  қаналушы елдердің  азаттығы үшін сапарға шықпақ ниетпен жолға дайындала бастайды. Үшеуінің басынан талай күлкілі оқиғалар өтеді. Әрине, олар Африкаға жеткен жоқ. Бірақ, балалардың армандары  орындалды. Нағыз негрлер бұлардың ауылына  өздері келді. Сөйтіп тірі  африкалықтарды  көріп балалардың көңілдері орнына түскендей.

«Арман атаман» фильмінен бастау алған балалар әлемінің  ғажайып тұнықтылығы Шәріп Бейсембаевтың «Қызыл тас застава  маңында» (1969ж.) «Мен сіздің туысыңызбын» (1982ж.) фильмдерінде  жалғасын табады.

Шәріп Бейсембаев фильмдеріндегі бала кейіпкерлер толыққанды ұлттық кейіпкер ретінде ерекшеленеді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.