Мақала
«Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің экрандалу деңгейі
Бөлім: Кино
Датасы: 14.08.2017
Авторы: Нұргүл Сәрсенбайқызы
Мақала
«Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің экрандалу деңгейі
Бөлім: Кино
Датасы: 14.08.2017
Авторы: Нұргүл Сәрсенбайқызы
«Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің экрандалу деңгейі

«Қазіргі таңда, Роза Мұқанова десе, журналисттер бірден «Мәңгілік бала бейне» шығармасы жайлы сөз қозғай бастайды. Ал, оның экрандалған нұсқасы, «Қыз жылаған» фильмі болса, тіптен аты шулы шығармаға айналды. Біз сіздің берген бірнеше сұхбаттарыңыз арқылы фильмнің сіздің көңіліңізден шықпағанын байқаймыз. Егер,  осы шығарма қайтадан экрандалып жатса, оған қалай қарар едіңіз?» деген студенттердің сұрағына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Роза Мұқанова былай деп жауап берген болатын:  «Театрда да, кинода да «Мәңгілік бала бейне» қайта қойылып, қайта экрандалып жатса қуанамын. Шығарманың мәңгілік өмірінің өзі осыған саяды». Шын мәнінде, бұл тамаша шығарманың негізгі ойы мен басты тақырыбы көптеген көрермендердің көңілінен шыққан «Қызжылаған» фильмінен көріне алды ма? Әлде фильм бөлек, әңгіме бөлек, бір сөзбен айтқанда, екі түрлі туынды болып отыр ма? Бұл әрине, талдау мен таразылауды талап ететін үлкен мәселе.

Бақылаушы, ең алдымен, осынау тамырлас туындының көгілдір экраннан көрсетілген нұсқасын емес, әңгіменің айтар мәніне үңілген болса, көпті ұғынып, кейіпкер бойындағы бар ерекше қасиетті, жалынды жүректе лаулап жанған ғаламат күйді айрықша сезініп, әр кейіпкермен жеке-дара сырласқан болар еді. Неге дейсіз бе? Өйткені, автор оқырманды да өз шығармасының кейіпкеріне айналдырған. Бұл сөзсіз – Ай бейнесі. Қараңғы түнекте жалғыз нұр төккен Айдың сүттей аппақ жарығы қайғыға бөленген Ләйлә жүрегіне үміт сыйлайды, жанына ләззат береді. Кішкентай Ләлектің зар-мұңын Айдан өзге тірі жан баласы білмейді. Ішкі талас-тартысқа түскен махаббат аралас өшпенділік сезімі тек қана, жалғыз Айға аян. Ай неге үндемейді? Неге ол үнсіз? Бұл үнсіздік оқырманның үні. Әрбір оқырман Ләйләні сондай қатты жақсы көреді, оған үміт сыйлауға ұмтылады. Шығарманың бастан-аяқ Ләйлә мен Айдың диалогіне көңіл аударып көрелік:

  1. Ләйлә оқырманға өзін таныстырады: «Мен күнәсіз қыз боламын. Сезімім бүтін, ақылым дұрыс. Бірақ мынау тіршілік дүниесінен безінген жұдырықтай жүрегім кек пен қасіретке толы. Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам емес адам пейілін тәубаға түсіретін мүгедекпін... Мен саған ғана, сенің өзіңе ғана сенемін. Тым болмағанда үмітімді сен ақтарсың... Мен кіммін, осы? Шынымен-ақ мәңгілік өспей қалған бала кейіп пе?» [1, 102 б.] - осы тұста автор оқырманның қандай сезімде отырғанын алдын ала біліп бағандап алғандай, Айдың әрекеті арқылы суреттейді: «Мылқау Ай дөңгелеп алыстап барады» [1, 102 б.]. Шын мәнінде, оқырман да әңгіменің байыбына бару үшін мылқау Айдай мүлгіген тыныштықты серік еткен. Ләйлә әрі қарай сөзін жалғап: «Өз жасыма лайық қыз болғым келеді» [1, 103 б.]. автор осы сәтте күтпеген жерден: «Ләйлә, жаңағы өзі жасырынып отырған қап-қараңғы терең сайдан жүгіріп шықты...  Ай үрке қашып бара жатқандай көрінді. Сол сегіз жасар мәңгілік бала бейнеде, өспей қатып қалған Ләйлә, тамыры адырайған егде қолдарын сермеп көкке көтерді» [1, 103 б.] - бұл оқырман үшін ауыр тиген тұсы болатын. Жасырынған Ләйләнің қандай күйде екенін көрген Ай шошына қашып бара жатқандай. «Е...е...е...ей... Қашпа, менен, қашпа!» [1, 103 б.], - деген мұңлы қыз үні қайта тоқтатады. «Ай барған сайын алыстап, сырғып барады... Мүгедек қызды да жырым-жырым болып айырылған жер бетін де менсінбей, қап-қараңғы түн серігін қолтықтап, толықсып, кергіп барады, ұзап барады» [1, 103 б.], - деп бейнеленген Айдың әрекеті тура оқырманның ішкі сезімінен сыр шертетіндей. «Ертең де қайта оралшы. Ертең де терең сайда кездесейік» [1,103 бет] - періште жүректі қыз өтініші Айды (оқырманды) өзіне жіпсіз байлап қояды.
  2. Келесі кездесуде автор Айды басқаша суреттейді: «Терең сайға түскен Ай сәулесі бұрынғысынан да жап-жарық. Жер бетін кезіп, жылжыған қалпы Ләйлә-қызды іздеп жүр... «Қайда кеттің? Неғып бүгін терең сайда жоқсың?» [1, 105 б.], - деп ана-дауыс жып-жылы алақанымен қолын жайып, сай ішінде қалықтап жүргендей» [1, 105 бет]. Оқырман да: «Айтарың бар ғой. Көңіліңе қаяу түсірген қайғыны сейілтейін. Жылы алақаныма салып таза-мөлдір жаныңды аялайын, Ләлек-жан. Жаныңа медеу болайын» деп, үнсіз Айдай Ләйләнің келуін күтеді.
  3. «Жан тапсырған төсектегі қыз суретін ұзақ аймалаған Ай биіктеп, жылжып кетті. Мәңгілік қоштасып кетті» [1, 111 б.], - деп автор Ай мен Ләйләнің соңғы диалогына нүкте қояды. Оқырманмен де оның байланысы осы сөйлеммен аяқталады.

Драматург Роза Мұқанова құпияға толы, табиғаты сыршыл, мұңшыл құбылысты метафора ретінде қолдану арқылы оқырман мен өз туындысының гауһар тасы болған кейіпкері – Ләйләнің арасындағы байланыс жібі қылып ұтымды пайдаланған. Және де оны көркем суреттеумен қатар, терең мән-мағынамен ойната да білген.

Өкінішке қарай, фильмде көрермен мен кейіпкерді жалғап тұратын бұндай ерекшелік байқалмайды. Біз Ләйләні толық түсіне алмаймыз. Әңгімедегі Ләйләнің жаны таза, мөлдір, пәк. Бұл оның нәзік махаббатты аңсайтындығынан байқаймыз. Көз тартатын сұлу болғысы келетіндігінен аңғарамыз. Бір сөзбен айтқанда, шығармадағы Ләйләнің арман-тілегі, мақсаты оқырманға анық жеткізілген. Ал, фильмде ше? Кинотуындыда Ләйләнің бейнесі толық ашылмаған. Мәселен, ол нені қалайды? Мақсаты не? Өзінен және өзгеден нені көреді? Осы жағынан алып қарағанда толық ашылмағандығы байқалады. Басты кейіпкердің бойында дөрекілік, асыра сілтеушілік басымырақ. Қобыздың қылың көзбен қиып түсіргенін көрсету арқылы режиссер нені меңзеді? Ләйләнің найзадай өткір көз иесі екенін айтпақ болды ма? Бұл көріністің көрерменге ерсі көрінгенін жасырмаған жөн. Сонымен қоса, фильмдегі мейірбан, ақкөңіл Қатираның алдында Ләйлә қыздың көзін себепсізден-себепсіз асты-үстіне аларта төңкерген көріністері көрерменді басты кейіпкерден тым алшақтатып жібереді. Алайда, бұл пікір фильмді толықтай жоққа шығару дегенді білдірмейді. Фильмнің де өзі арқалаған міндеттері бар. Негізгі тақырыбы мен көрерменге жеткізгісі келген идеясы әдеби нұсқадағы шығармадан тіптен алшақ болғандықтан, «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінен әсер алған оқырман үшін экрандалған нұсқасы күткен әсерге бөлемеуі мүмкін. Себебі, оқырман, жоғарыда айтылғандай, Ләйлә қызбен сырлас болады. Оның ішкі жан сарайымен жақын танысады. Сол себепті, экрандалған нұсқадан да, Ләйләнің ішкі сезімдеріне үңіліп, ел басындағы трагедияға куәгер болуды күтеді. Алайда, фильмде басты кейіпкер мен көрермен арасында байланыс жібі байқалмайды.

Наталья Арынбасарова сомдаған Қатираның бейнесі фильмде өзгеше көрініс тапқан. Оның көз-жанары қайғы мен мұңға толы. Соған қарамастан, барша жаратылысқа, өмірге деген махаббатын жанынан аластатқан емес. Бұның бойынан болашаққа деген үлкен үміт байқалады. Ал, әңгімедегі Қатира бейнесіне түнекке оранған Қарауылдың келбеті жинақталған. Қатира Ләйләні жақсы көрмегендіктен дөрекілік танытпайды, өмірден көп таяқ жеп, ауырлығынан жаны күйген, шыдамы дел-сал болып, әбден күйзелген әйелдің әрекетін істейді. Ол Ләйләға жаны ашиды. Бірақ автор бұны көзге байқалмайтын, ойға қайта оралмайтын шағын сөйлеммен береді. «Үстіне киген қып-қысқа шыт көйлегінен де, Қатираның қоярда-қоймай мұны бала сияқты етіп, дәл төбесіне қып-қызыл бантик тағып бергеніне де намыстанып, күйіп барады» [1, 107 б.]. Шын мәнінде, бұл Қатираның Ләйләні мазақ қылғандағы әрекеті емес, тек ол қыздың кемтар, «мәңгілік бала бейне» екенін сырт көзге көрсетпес үшін істегені.

Жүрегінің түбін түйреп, нәзік қыз көкірегіне аласапыран сезім сыйлаған арман жігіт – Құмардың да бейнесі фильмде басқа қырынан көрсетілген. Құмар – қайғы-қасірет әкелген зұлымдықтың келбеті. Кинотанушы – Гүлнар Әбікеева осыған байланысты тамаша талдаулар жүргізеді: «Сцена насилия прочитывается как метафора насилия военных над казахской землей». Құмардың Ләйләға зорлық көрсеткені жөнінде әңгімеде баяндалмайды, бірақ режиссер осы көріністі кинотуындыда көрсету арқылы үлкен мәселелердің басын әшкерелейді.

Фильмдегі кейіпкер Дулыға – маңызды бейне. Әңгімедегі Ләйләнің бастан кешкен азаптарының ауырлық салмағы киношығармадағы Дулығаға түскен. Оның кейпі де «Мәңгілік бала бейне» қалпында қалған Ләйләдай. Ол да Құмарға ессіз ғашық болған Ақ Ләлектей фильмдегі Ләйләні сүйеді. Ал Ләйләға әңгімедегі Қатираның бейнесі құйылған. Бұны біз, Дулығаға «Ты ошибка природы», - деп айтқан ауыр сөзінен байқаймыз. Бір сөзбен айтқанда, әңгімедегі Қатира мен Ләйләнің қарым-қатынасы, толықтай болмаса да, фильмдегі Дулыға мен Ләйләнің арасындағы байналысқа көшкен.

Фильмнің ең өзекті бейнесі – ауыл көрінісі. «Дегелен» ауылы арқылы режиссер қазақ жерінің кеңдігін (бейнелі түрде), тұрғындары арқылы халықтың мейірбандылығын ашып айтқан. Бұл ауылда түрлі дін өкілдері жинақталған. Әр түрлі ұлттар да бас қосқан. Барлығы да тонның ішкі бауындай тату. Әсіресе, ауылдағы неміс отбасының тастанды үйіне кірмек болған мемлекет адамын Дегелен тұрғындары үйдің маңына да жолатпаған әрекетін көрсеткен, у-шуға толы кадр жанға сондай жылулық сыйлайды. «Кет! Бұл Геральдтің үйі, кетіңдер!», - деп айғайға басқан әйелдер мен соққыға алған ерлердің қылықтары көрерменге күлкі сыйлайды. Осыдан «бәріміз біріміз үшін» деген қанатты сөз ойға келеді. Ал осы мағыналы сөздің жалғасы «Біріміз – бәріміз үшін», бұл – Ләйлә. Фильмнің орысша атауы «Молитва Лейлы». Ләйлә қыздың «деніме шипа бере көріңізші» деп, жалбарынуы, терең түсінген жанға, жеке басына сұрап тұрған тілек-дұға емес екені түсінікті. Осыған байланысты кинотанушы Гүлнар Әбікеева былай баға береді: «Молитва Лейлы – молитва матери, молитва народа, молитва будущности казахской земли, изуродованной и измученной испытаниями и лишениями» [2, 211 б.]. Бұнымен толықтай келісуге болады. Ләйлә ауылында болып жатқан қайғы-қасіреттің қайдан шығып жатқанынан хабары болмаса да, айрандай ұйып отырған тұрғындардың бірлігін сақтап қалып, ертеңгі күнге жарқындық сыйлауды қалайды. (бұл фильмде ашық түрде көрсетілмесе де, талдау барысында сондай баға беруге болады) Сол себепті де, өмірден өткен ата-анасының бейітіне барып, ертеңгі күн үшін Алладан амандық тілейді. Ләйләнің бейнесі жеке кейіпкер ретінде толық ашылмағанымен, Жер-ана ретінде толықтай бейнесін ақтап шықты деуге болады. Бұны біз фильмнің соңғы кадрынан байқаймыз. Қолына сәби ұстаған ақ жаулықты ана. «В финале фильма режиссер представляет Лейлу с младенцем в образе Богоматери, оставляя надежду на то, что, может быть, ей и ее младенцу удастся выжить» [2, 211б.], - дейді Гүлнар Әбiкеева. Бұл жерде, Ләйлә мен оның бөбегін метафора ретінде қарастырғанымыз жөн болады. Ләйләнің о дүниелік атанған ата-анасы – өткен уақыт. Ләйлә – палигоннан жапа шегіп жатқан қоғамның бейнесі. Бала – болашаққа ашылған жарқын жол. Режиссер фильмнің эпиграфы ретінде: «Ни один народ не исчеснет из-за вражды людей, забывших, что по своему роду все они братья и сестры. Не дано людям убить то, что создано Свыше» - бекерге алынбаған сөйлем. Сонымен қатар, байқасаңыздар, фильмнің өн-бойы осы сөйлемнің айналасына жинақталған. Ең соңындағы болашаққа ашылған есік ананың тілеген дұғасы мен үміті. Ұлы үміттің ақталғанын режиссер дүниеге келген сәбимен көрсетеді. Осы сәбидің бейнесі туралы кинотанушы Баубек Нөгербек была деп жазады: «Ребенок, рожденный Лейлой – есть неземное, небесное чадо... Младенец, явивщийся на этот свет – это аллегорический образ новой жизни, нового начало» Сонымен, қорыта келгенде белгілі бір әңгіме немесе роман бойынша экрандалған шығармаларды бір арнаға жинақтап қарастыру өте күрделі мәселе. Себебі әдебиет пен кино өнерінің заңдылықтары әртүрлі. «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі мен «Қызжылаған» фильмінің өзара айырмашылықтары өте көп екенін жоғарыда айтып өттік. Екі шығарманың тақырыбы бір болғанымен, заты екі бөлек. Жазушы, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінде жеке кейіпкердің бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының трагедиясы көрініс тапқан. Әр кейіпкердің бейнесін шебер аша білген. Ал, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Қызжылаған» фильмі Дегелен ауылының тіршілігін бақылай отырып, тұрғындарға белгісіз сұмдық апаттың шыққан тегін анықтауға тырысады. Өткен мен бүгінді алға қойып, болашаққа жол сілтейді. Бұны біз фильмнің бастапқы қадрынан көрсетілген ұзын да ұзақ тунелдің жалғыз, көрінер-көрінбес жарығына ұмтылған камера қозғалысынан түсінеміз.

«Мәңгілік бала бейне» мен «Қызжылаған» – екі түрлі шығарма, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бірінде – рухани психологиялық мәселелерді қозғап, сырты бүтін, жаны мүгедек адамдардың кемшіліктерін әшкерелеп, адамгершілікті жоғалтқан қоғамнан жарқын болашаққа  үміт күтудің мәнсіз екенін айтады. Екіншісінде – сырт келбеттің нашарлығына қарамастан (Дегелен ауылының бейнесі), арадағы татулық пен ауызбіршілік, құрмет пен сүйіспеншілікті сақтау арқылы күллі қайғы атаулыны шайып жіберуге болатындығын алға тартады. Екі туынды сюжет жағынан болсын, кейіпкерлердің қарым-қатынасы болсын, тіпті фабула жағынан да, идеялық және тақырыптық тұсынан да бір-бірімен қиыспайды. Алайда екі автордың шығармашылығы қазақ кино өнері мен қазақ прозасының басты байлықтарының қатарына жататыны белгілі.

Қолданылған материалдар:

  1. Роза Мұқанова. «Муза» әңгімелер мен хикаяттар. – Алматы: Жазушы, 2004 .
  2. Абикеева Г. Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии и как этот процесс отражается в кинематографе. – Алматы: ОФ Центр Центрально-азиатской кинематографии, 2006.
  3. Нөгербек Б. Б. Трансформация образа героев в казахском игровом кино // Диссертация на соискание ученой степени доктора философии Phd. – Алматы: КазНАИ им. Жургенова, 2013.