Мақала
Сатыбалды Нарымбетовтың жаңа кітабының тұсауы кесілді
"Көзімнің қарасы" кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды.
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 10.03.2017
Авторы: Әлімақын Жанболат
Мақала
Сатыбалды Нарымбетовтың жаңа кітабының тұсауы кесілді
"Көзімнің қарасы" кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды.
Бөлім: Көзімнің қарасы
Датасы: 10.03.2017
Авторы: Әлімақын Жанболат
Сатыбалды Нарымбетовтың жаңа кітабының тұсауы кесілді

Бүгін, 10-наурыз күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинорежиссер, жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Француз киноакадемиясының "Ж.Садуль" атындағы сыйлығының иегері Сатыбалды Нарымбетовтың "Көзімнің қарасы" деп аталатын жаңа жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кешті белгілі жазушы, кинодраматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сымағұл Елубай жүргізді. Кітаптің тұсаукесер рәсіміне кинорежиссер Дәмір Манабай, Дәрежан Өмірбаев сонымен қатар, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, "Алматы ақшамы" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай және режиссер-оператор Қалила Омаров қатарлы көрнекті өнер және қоғам қайраткерлерімен қоса ұстаздар мен студенттер қауымы қатысты.

"Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубы мен Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ бірлесе ұйымдастырып отырған кешке Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның кітапхана ұжымы, "Кино және ТВ" факультеті атсалысты.

Қазақ руханиятына тағы бір сүбелі туынды, берері мол шығарма келіп қосылуымен құттықтаған модератордың беташар сөзінен кейін, өз лебізін алғашқылардың бірі болып автордың замандасы, белгілі кинорежиссер Дәмір Манабай білдірді. Режиссер өз кезегінде кино мен әдебиетте қатар еңбек етіп, руханият әлемінде өз кеңістігін қалыптастыра алған Сатыбалды Нарымбетовтың жаңа туындысының құндылығы, ұрпаққа берер тағылымы туралы айтып өтті. "Алматы ақшамы" гезетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай автордың қазақ кино өнерінің өркендеуіне, ұлттық болмысымызды кино тілі арқылы әлемдік деңгейге көтеруге қосқан еңбекеңбегі мен шығармашылық жолына тоқталып, режиссердан алдағы уақытта да қуатты шығармалар күтетінін айтты.

"Көзімнің қарасы" кітабы басылып шыққан "Хантәңірі" баспасының ұжымы да салтанатты кеште автордың жаңа шығармасына сәт-сапар тілей отырып, жуық арада кітаптің сұранысқа орай қайталай басылым көретінін жеткізді. Кеште сонымен қатар жазушы, С.Нарымбетовтың қаламдас інісі Өтеш Қырғызбай, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, "Театр өнері" факультетінің деканы Аман Бекенұлы қатарлы қонақтар сөз алып, белгілі күйші Мұрат Әбуғазы мен дәстүрлі әнші  Нұржан Жанпейіс өнер көрсетіп, авторды жаңа кітабымен құттықтады.

Автор өз кезегінде "Көзімнің қарасы" кітабының басылым көруіне тікелей қолдау білдірген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, кітаптің жарық көрген баспасы – "Хантәңірі" ұжымына  және тұсаукесерді ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Кеш соңына қарай, студенттер режиссерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып жатты.  Бүгінгі кино өнері, әдебиет және тағы басқа да тақырыптар хақында еркін пікір алмасуға ұласқан тұсаукесер рәсімі рухани, тағылымды кеш болды.

"Көзімнің қарасы" кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды. Режиссерлік өнер мен жазушылықтың үйлесім табу жолдары, өмір мен өнер соқпағы баяндалатын жинаққа авторлық ой-толғамдар, эсселер, естеліктер, сұхбаттар, сценарийлер еніп отыр. Айта кетейік, бұған дейін автордың "Тентек", "Ассалаумағалейкум, Атлантида!" қатарлы бірнеше кітабы жарық көрген болатын.

Сізге қызық болуы мүмкін: