"Алатау" дәстүрлі өнер театрына жаңа директор тағайындалды

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Уәшев Дәлел Зейнешұлы - дәстүрлі өнер театрының жаңа басшысы.
"Алатау" дәстүрлі өнер театрына жаңа директор тағайындалды

Мәдени астанамызда үш жыл бұрын құрылған "Алатау" дәстүрлі өнер театрының жаңа директоры болып ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәшев Дәлел Зейнешұлы тағайындалды. Дәстүрлі өнер театрының жаңа басшысы бұған дейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директорлық қызметін абыроймен атқарған.

Дәлел Уәшев - қазақ өнерінің дамуына 1992 жылдан бері еңбек етіп келеді. өзінің шығармашылық жолында Н.Тілендиев атындағы "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі секілді беделді ансамбльдермен өнер көрсеткен. 1993 жылы халықаралық "Алтын күз" камералық әншілер байқауында лауреат атанған. Сонымен қатар, 1995 жылы Уфа қаласында өткен халықаралық М.Глинка атындағы байқаудың дипломанты. Консерваторияда ұстаздық етіп жүріп, Австрия композиторы Г.Малердің "Песня странствующего Подмастерия" атты туындысының алғаш орындаушысы атанған.

"Алатау" дәстүрлі өнер театры мегаполистегі айтулы мәдени нысандардың бірі. Театрдың ашылуы 2016 жылдың 20 тамызында Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында аталып өтті.

Дәстүрлі театрдың негізгі мақсаты мен қызметі - қазақ халқының төл өнерін насихаттау. Осы мақсатта жыршы-жырауларға арналған спектакль, концерттер көптеп қойылып, ұлттық ән салу шеберлігінің дәстүрін сақтауға бағытталған курс жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, театрда қазақстандық көркем фильмдер мен деректі фильмдердің премьераларымен қатар, ұлттық музыкалық концерттер де жиі өтіп тұрады.