«Жаңа Қазақстандағы дәстүрлі өнердің театр сахнасындағы даму үдерісі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті

«Жаңа Қазақстандағы дәстүрлі өнердің театр сахнасындағы даму үдерісі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті

          «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 2022 жылдың 31 мамырында «Жаңа Қазақстандағы дәстүрлі өнердің театр сахнасындағы даму үдерісі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның мақсаты -  Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің театр сахнасындағы даму үдерісінің көрінісін айқындау. Бағыттары: Дәстүрлі өнердің негізгі айқындамасы; Қазақ сахнасындағы дәстүрлі өнердің үлгілері; Дәстүрлі өнер театрының даму үдерісі.

         Модератор ретінде конференция жұмысын айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Рифхатұлы Заитов жүргізді. Шарада М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директоры, өнертану кандидаты, профессор Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Мырзалыұлы Жүсіпов, өнертану докторы, театртанушы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Кәкиқызы Нұрпейіс, әнші, өнертанушы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының редакторы Ерлан Мұқатайұлы Төлеутай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Оразбайұлы Мұқан, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тұрсынғалиұлы Шүкіман, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Жасағанбергенқызы Қазтуғанова және Мәдениет саласының үздігі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының көркемдік жетекшісі Жұлдызбек Айтқалиұлы Жұманбай сөз сөйлеп, құнды пікірлері мен келелі ойларын айтты.

Еркін Жуасбек «Қазақ театрында өзіміздің қасиетті әдетіміз, тәрбиелік мәнге негізделген көріністеріміз мол болу керек. Тек қана сценарийлеріне емес, жалпы берер тәрбиелік мағыналарына баса назар аударуды ұсынамын. Сонымен қатар бізді құтқарып, жоғарыға шығаратын драматургтер мен актерлердің білікті маман болуларына барынша атсалысуымыз керек деп ойлаймын», – дейді. Ал Берік Жүсіпов дәстүрлі өнер мен ұлттық өнердің айырмашылығы, мюзикл қою, өзіміздің төл туындыларымызды жасап шығару, репрадуктивті-ағартушылық мәдени жүйені қалыптастыру мақсатында жұмыс істеу мәселелеріне және т.б. тоқталды. Бақыт Нұрпейіс болса, Үнді, Қытай және Жапония театрлары жайлы, жапондықтардың Но, Кеген, Кабуки театрларының музыка, сөз, дәстүрлі жапон биі, пантомималар жиынтығынан тұратынын, костюмнің маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Оның пікірінше театр ұлттық өнердің барлық түрлерінің басын біріктіріп көрсетуімен даралану керек. Баяндама соңында Бақыт Нұрпейіс «Алатау» дәстүрлі өнер театрының елімізге аса қажет екенін, алдағы уақытта театр ұжымының жаңа белестерді бағындыруға шығармашылық күштерінің жететініне сенім білдірді. Ерлан Төлеутай «Дәстүрлі жыршы, күйшілер жиын-тойларда кіреберістен орын алып жүрсе, халықты билететін әншілер төрге ығысқан. Әрине бұның кейбіреулер үшін әбестігі жоқ шығар. Дегенмен ұлттық төл өнерімізді, дәстүрімізді дамытамыз десек, сондай кішігірім орталардан бастағанымыз жөн болар... Мәдениет саясаты деген институт құрып, дәстүрлі өнеріміздің өркендеуіне жол ашу керек сияқты...  Сонымен қатар біздің дәстүрлі өнерімізді дәріптеуде халық әншілерінің орнын ерекше айтып өту қажет. Осы халық әншілерінің басын біріктіретін қандай да бір одақ құрылса екен деймін», – деген сияқты бірқатар мәселелерді атады. Бақыт Беделхан «Дәстүрлі өнер – біздің бар тамырымыз, жанымыз, рухымыз, жүрегіміз. Тамырынан ауырған ағаш бұтағынан ешқашан емделмейді. Кез-келген мемлекеттің экономикасы, ол елдің қаңқасы ғана,  ал руханияты, өнері – елдің жаны. Жан болмаған жерде, тек қаңқа болады. Қаңқа қудырлап, ішкі жан-дүниесінің мазмұны жоқ болады... Біздің ұлттық театр, дәстүрлі өнер неге тәуелсіздік алғаннан бері босағада сығалап жүр? Ал шоу неге ұлттық телеарналардың төрінде жүр? Сары алтындай жиналған қазыналарымыздың бірде-біреуі қазіргі таңда қолға алынбаған. Дәстүрлі өнер театры басқа барлық театрлардан биік болу керек», – деп ой түйді. Аманкелді Мұқан «Театрдың түрі көп. Санамаласақ өнердің бар саласын қамтыған. Драмалық, опера және балет, комедиялық, қуыршақ, жастар, балалар, музыкалық, көше, буффонада, сатира, ұлттық театрлар. Солардың ішінде ұлттық театрлар ұлттың салтын, санасын, дәстүрін, сол халық бойындағы басым өнер түрлерінің үлгілерін насихаттайды... Театр болып құрылған соң, оның бағыт-бағдары айқындалады. Ол дәстүрге негізделген театр болу керек», – дейді. Еркін Шүкіман «Өнер майталмандарын даярлау жолында білімге қатты мән берілсе екен деген үміттемін... Қазақтың дәстүрлі өнері тек бізге ғана керек болғаннан кейін, оны сақтап қалып, жалғастыру да өзіміздің қолымызда. «Алатау» дәстүрлі театрының бағытына сәйкес осында ұсынылып отырған барлық жұмыстарды атқаруға баршамыз күш жұмылдырумыз керек... Сонымен қатар «Бабалар сөзі» сериясының 100 томдығы ішінде ұлттық өнерді дәріптейтін мағлұматтар жетерлік. Cол кітатарды зерделеп, біршама тамаша туындыларды шығарады деген ойдамын. Қазіргі таңда дәстүрлі өнерімізді дәріптеу жолында ғылыми лекция-концерттердің жетіспеушілігі баршамызға аян», – деген ойларын ортаға салды. Айнұр Қазтуғанова «Қазіргі заманда жарнаманың жақсы болуы өте маңызды рөл атқарады. Эстрадалық өнерге қарағанда дәстүрлі өнерде халықты жинау қиынырақ. Дәстүрлі театрдың өзіндік аудиториясын жинау керек. Ұлттық сақталуы да, оның ары қарай жалғасын табуы да халықтың қолында», – дейді.

             Конференция көрермендері тың дүниелерге қанығып, зор әсер алды деуге болады. Сонымен қатар Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының «Қазақтың дәстүрлі музыка өнерін қалыптастырған ұлы тұлғалардың домбыралары» атты көрмесі болды.  Шара 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылған «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылым-концертпен жалғасты.


Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі