Бауыржан Нөгербектің 70 жылдығына арналған Республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі мен ғылыми-практикалық конференция өтеді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде 2018 жылғы желтоқсан айының 10-11 күндері аралығында белгілі кинотанушы, профессор, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің 70 жылдығына арналған Республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі мен ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Бауыржан Нөгербектің 70 жылдығына арналған Республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі мен ғылыми-практикалық конференция өтеді

Осы мәдени іс-шаралардың аясында университет өкілдері мен көрнекті кинорежиссерлардың қатысуымен баспасөз-конференциясы, кино саласында еңбек сіңірген қайраткерлердің баяндамасымен ғылыми-практикалық конференциясы, режиссерлардың шеберлік-сыныптары және кинофестиваль қатысушыларының фильмдерінің көрсетілімі өткізіледі.

Іс-шараға кино, театр және бейнелеу өнері саласындағы қазақстандық белгілі ғалымдар, киногерлер және мәдениет қайраткерлері, атап айтқанда: ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, жазушы-драматург Роза Мұқанова, кинорежиссер Дәмір Манабай, Сергей Азимов, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Жанабек Жетіруов, Ғайнижамал Әбілдина, Адай Әбелдинов, Майдан Тұрдыбек сияқты тағы да басқа  қонақтар қатысады.

ІС-ШАРАЛАР БАҒДАРЛАМАСЫ

Уақыты

Өтетін орны

Іс-шара атауы

10 желтоқсан 2018 жыл

10:00 Ш. Айманов атындағы кинозал.

Қазақ ұлттық өнер университеті

(Тәуелсіздік даңғ., 50)

Баспасөз-конференциясы
11:00 Ж. Жабаев атындағы зал,

Қазақ ұлттық өнер университеті

(Тәуелсіздік даңғ., 50)

Іс-шараның салтанатты ашылуы, фильм көрсетілімі, концерт
14:00 Конференц-залы № 238,

Қазақ ұлттық өнер университеті (Тәуелсіздік даңғ., 50)

Республикалық ғылыми-практикалық конференция отырысы

11 желтоқсан 2018 жыл

10:00 – 17:00 Ш. Айманов атындағы кинозал.

Қазақ ұлттық өнер университеті

(Тәуелсіздік даңғ., 50)

Кинофестиваль қатысушыларының фильмдерінің көрсетілімі және талдау
10:00 – 19:00  № 116, 117 дәрісхана

Қазақ ұлттық өнер университеті

(Тәуелсіздік даңғ., 50)

Режиссер Дәмір Манабай, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Сергей Әзімов шеберлік-сыныптары
17:00 Ш. Айманов атындағы кинозал.

Қазақ ұлттық өнер университеті (Тәуелсіздік даңғ., 50)

Республикалық қысқаметражды кинофестивальдің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі

 

Нөгербек Бауыржан Рамазанұлының шығармашылық өмірбаяны (6.08.1948-27.06.2017) – кинотанушы, кино тарихшысы,  киносыншы, педагог, өнертану кандидаты (1989), өнертану профессоры (2005), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), «Құрмет» орденінің иегері (2011).

1948 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылында туған. 1971 жылы Мәскеу қаласында ВГИК-тің сценарлық-кинотанушылық факультетінің кинотану бөлімін (профессор Н.П. Туманованың жетекшілішгімен) тәмәмдаған.

Нөгербек Б.Р. «Қазақфильм» киностудиясында Мультипликация бірлестігінің бас редакторы, «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық редакция алқасының мүшесі (1971-1981), Қазақстан кинематографистер одағының хатшысы (1981-1985), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, театр және кино бөлімінің аға ғылыми қызметкері (1985-1999), Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының (Қазіргі Т.Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА) проректоры (1993-1994), ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Мәдениет комитеті, театр өнері және кинематография бөлімінің бастығы (1999-2001) қызметін атқарған.  1993 жылдан бастап педагогика саласында жұмыс атқарды. Қазақстанда кинопедагогиканың негізін қалаушыларының бірі, кәсіби кинотану мамандығының негізін қалаушы болып табылады. 1993-2010 жылдары Т.Қ. Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотанушылар шеберханасына жетекшілік етіп келді. Отандық кино тарихында кинотанушылардың алғашқы буын түлектерін оқытып шығарған (1993-1997; 1998-2002; 2002-2006; 2006-2010). Қазақстан Республикасы Білім саласының үздік қызметкері атанды (1998).

2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның шақыруымен Астана қаласына жұмысқа келді. 2010-2017  Қазақ ұлттық өнер университетінде «Өнертану» кафедрасын құрып, кафедра меңгерушісі және кинотаншулар шеберханасының жетекшісі болып қызмет атқарған.

Б.Р. Нөгербек қазақ киносының өзекті мәселелерін зерттеген өнертанушы ғалым. Қазақ анимациялық, көркемсуретті киносына арналған ғылыми еңбектері және отандық кино өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының (1978), КСРО кинематографистері одағының сыйлығымен (1985), «Құлагер» ұлттық кинематографиялық сыйлығымен (2008) марапаттанған. Ол төмендегі кітаптар мен брошюралардың авторы: «Қазақ киносының жылнамасы» (авторлар ұжымы, Алматы, «Ғылым», 1980), «Ертегіге жан біткенде: Қазақстанның мультипликациялық киносы» (Алматы, «Өнер», 1984, монография), KASACH FILM (ГДР, Берлин, 1985), Cinema Kazakho — Kazakh Cinema (Италия, 2002); «Қазақстан киносы» (Алматы, Ұлттық продюсерлік орталық, 1998), «Қазақ киносының тарихы» (қазақ тіліндегі оқулық, Г. Наурызбекова және Н.Р. Мұқышевамен бірлесіп жазған, Алматы, 2005), «Экранда «Қазақфильм» (Алматы, «RUAN», 2007), «Қазақ киносындағы экрандық-фольклорлық дәстүрлер» (Алматы, «RUAN», 2007), «Қазақ көркемсуретті киносы: экрандық-фольклорлық дәстүр және кейіпкер бейнесі» (Баубек Нөгербекпен бірлесіп жазған, Алматы, «Дәстүр», 2014), сондай-ақ, Қазақстанда және шетелде қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, голланд, серб-хорват, итальян тілдерінде жарық көрген 250-ден астам мақала, рецензия мен эссенің авторы.

Бауыржан Нөгербек «Шәкен жұлдыздары», «Еуразия», «Алтын мінбер» (Ресей) және «Saryarka short film festival» халықаралық және республикалық кинофестивальдерінің қазылар алқасына кірген.