Алматыда режиссер Жеңісхан Момышевтың «Бизнес по-казахски» комедиясының алдын-ала көрсетілімі өтті. Фильмнің бас продюсері – белгілі тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев.
"Біздің фильмге үнді актері Сиддхартх Шукла ("Келін" сериалының жұлдызы) түсті. Біз Сиддхартхаға фильмге түсуге ұсыныс тастағанымызда, ол өзіне Қазақстанның қатты ұнағанын, сондай-ақ, шетелде бірінші рет фильмге түскенін айтты.
Кейбіреулер "қазақша" дегенді теріс ұғып жатады. Ал менің ойымша, "қазақша" деген сөздің мағынасын қонақжай әрі кеңпейілді деп қабылдайтын уақыт жетті. Әр өңір өз менталитетімен ерекшеленеді. Сол себепті де өз менталитетіңнен, болмысыңнан ұялудың қажеті жоқ", - деді Нұрлан Қоянбаев.
Сонымен қатар, фильмге Болливуд жұлдызынан басқа, отандық актерлер де түскен. Олардың қатарында, Жан Байжанбаев, Гүлназ Жоланова, Әбунасыр Серіков, Құралай Анарбекова, Максим Акбаров және әнші Төреғали Төреәлі бар. Сценарий авторлары: Әлишер Утев және Арыстан Каунев.
Жалпы кинокомедияның сюжеті бойынша, Жомарт есімді кәсіпкердің қанақүйіне ірі инвестор қызығушылық танытады. Қонақүйдің ашылу салтанатына жақындаған тұста, барлық қызметкерлер жұмыстан шығып, оқиға шиеленісе түседі. Осылайша, жәрдемдесуге келген Жомарттың жақындары «қазақша бизнестің» жасалу жолын көрсетеді.
Аталмыш фильм желтоқсан айының 29 жұлдызынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін болады. Жарық жұлдыздармен толысқан жаңа туынды – жұртшылыққа жақсы әсер береді деген сенімдеміз.
Айжан ЕСЕНГЕЛДІ
Ақпарат, Kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды.
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/cinema/nurlan-koyanbaev-kazaksha-biznestn-kalay-jasalatyinyin-275954/