Индира Бобро-Бадамбаева – суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, «Д'Алматинцы» романының бірлескен авторы, кескіндеме өнері бойынша магистр және оқытушы.
Музей келушілеріне И.Бадамбаеваның шығармашылығы таңсық емес, себебі, суретші бірнеше рет Алматы қаласында, оның ішінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінде өзінің жеке көрмелерін өткізген. Соңғы екі жыл ішінде Индира өзінің студиясын ашып, бейнелеу өнері бойынша жеке авторлық бағдарламасы аясында оқушыларды көркемдік шеберлікке тәрбиелеп, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Оның оқыту бағдарламасы ерекше. «Неге?» десеңіз, практикалық сабақтар өнер жайлы дәрістермен ұтымды үйлесімін тауып, оқушылардың өнер әлемінің тұңғиығына енуіне әсер етеді. Оқыту барысында шәкірттердің кескіндеме шеберліктерін шыңдауға бағытталған пленэрлерге қатысу, анатомияны оқыту, түстің терең мәнін түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі уақытта студия шеберханасында негізінен суретші әйелдер қауымы жұмыс жасайды. Көрме қатысушылары аз ғана уақытта тәжірибелі кәсіби суретшіге айналды.
«Әйел жаны нені қалайды?» атты көрмеде Индира Бобро-Бадамбаеваның ғарыш балериналары сериясы, гүлдер натюрморттары, ғажайып әйелдер портреттері сынды туындылары қойылады. Сонымен қатар, оның шәкірттері Ирина Попова, Тамара Ли, Нелли Киливник, Наталья Гурина, Светлана Трошина, Людмила Кан, Әсел Айтқожиналардың қала, тау, теңіз және ауыл пейзаждары, гүл натюрморттары және голландиялық стильдегі натюрморттар, жанрлық композициялар, танымал суретшілердің көшірмелері, майлы кескіндеме және акварель техникасында орындалған 70-тен астам жұмыстары келушілер назарына ұсынылады.
Индира өзінің сирек таланты мен шеберлігі арқылы көрерменнің бойын билеп, оны үрейлендіріп, толқытып, тамсандырады. Индира Бобро-Бадамбаева өзінің жеке көрмесін үш мәрте өткізді. Суретшінің картиналары Алматы қаласы, Қазақстан, жақын және алыс шет елдерде жарық көрген жеке жинақтарға енген. Осы жылы суретші бірнеше перфоманстар мен шеберлік сабақтарды сәтті өткізді.
Көрме 2017 жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.