Қазақстандық кинотуындылар Францияда көрсетілді

2017 жылы 19 қазанда Париж қаласындағы Club De L'Etoile кинотеатрында «Әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын таныстыру аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Новый мир продакшн» ЖШС-сімен бірлесе түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі көрсетілді. Мәдени іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырып отыр.
Қазақстандық кинотуындылар Францияда көрсетілді

«Әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты арнайы халықаралық жоба Қазақстанның үшінші модернизациясының мақсаттары мен перспективаларын және қазақ халқының дәстүрлі мәдени мұрасын және Қазақстанның заманауи өнерінің үздік жетістіктерін әлемдік қоғамдастыққа таныстырады.

«Анаға апарар жол» фильмі өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері  сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Картинаның режиссері Ақан Сатаев. Кинотуындыны француз көрермендеріне ананың рөлін сомдаған актриса Алтынай Нөгербек таныстырды.

- Франция астанасының төрінде елімізді, мәдениетіміз бен дәстүрімізді таныстырғаныма өте қуаныштымын. Көрермендер фильмді үлкен қошаметпен қарсы алды. Қазақстанда дүние есігін ашып, қазақ болып туылғаныма, қазақ актрисасы атанып, осындай ауқымды фильмде рөл бұйырғанына тағдырыма шексіз ризамын, - деді актриса.

Аталған фильм 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» - Алтынай Нөгербек және «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова деп танылды. Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөлісті. Одан бөлек, кинотуынды Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды. Ал 2017 жылы маусым айында Нью-Йоркте өткен 5-ші еуразиялық кинофестивальде  тарихи кинотуынды «Үздік көркем фильм» жүлдесін алды. Сонымен қатар, фильмнің Бас продюсері Әлия Назарбаева «Кино әлеміндегі еуразиялық әйелдер» жүлдесімен, ал картинада ана рөлін сомдаған актриса Алтынай Нөгербек «Үздік актриса» жүлдесімен марапатталған.

Сонымен қатар іс-шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі көрсетіледі. Жасалуында 2D және 3D-технологиялар пайдаланылған аталмыш туынды болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Бұл анимациялық фильмді көрермендерге режиссердің өзі  таныстырды.

- Көрсетілімнен кейін көрермендер алғысын білдіріп, патриоттық тәрбие беретін, отансүйгіштікке баулитын фильмдер қай елде болмасын үлкен мәнге ие екенін айтты. Сондықтан да, осындай тарихи тундылар көп болуы керек деп ойлаймын, - деді режиссер. 

«Қазақ елі» анимациялық фильмі өткен  жылы мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Аталмыш фильм Каир қаласында өткен Х Халықаралық анимациялық фильмдердің форумына қатысып «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазуға қатысқан музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталды. Айта кететін жайт, анимациялық кинотуындының халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, кеңінен насихатталу жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жүзеге асырады. 

Алтынай Нөгербек және Батырхан Дауренбеков

дереккөз: http://kazakhfilmstudios.kz/kaz/

Сізге қызық болуы мүмкін: