Мақала
Бергман, Күзгі соната және кәунтрфит
Режиссер Галина Пьянованың «Күзгі сонатасының» сахналық адаптациясы Ингмар Бергман фильмімен үндес. Сюжеті бір. Екеуі де санаға азық. Бірақ екеуінің дәмі екі басқа
Бөлім: Театр
Датасы: 25.12.2021
Авторы: Мереке Анық
Мақала
Бергман, Күзгі соната және кәунтрфит
Режиссер Галина Пьянованың «Күзгі сонатасының» сахналық адаптациясы Ингмар Бергман фильмімен үндес. Сюжеті бір. Екеуі де санаға азық. Бірақ екеуінің дәмі екі басқа
Бөлім: Театр
Датасы: 25.12.2021
Авторы: Мереке Анық
Бергман, Күзгі соната және кәунтрфит
Ингмар Бергман «Күзгі соната». Қоюшы-режиссері Галина Пьянова. М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театры. 2021 жыл

Әл-хисса.

1965. Париж. Театр фестиваль. Күтпеген жүздесу.
Бергман: Осы бізге... неге бірге бірдеңе жасамасқа.
Бергман: Әрине, неге жасамасқа.
Бергман: Ендеше бірдеңе ойлап табамын.
Сөйтіп Бергмандар арасын хаттар жалғап тұрады.

1973. Канн кино-фестиваль. Үміт үзілген сыңайлы. Қаумалаған жұлдыздар арасынан сытылып шыға бере Бергман жақындап келіп жылдар бойы жазылған хаттардың көшірмесін Бергманның қалтасына еппен салып жібереді.
Бергман: Қалтаңа хат салып қойдым. Бірақ, үйіңе жеткенше оқыма!

1975. Екі жыл үнсіздіктен кейін Бергман Бергманға: Енді асықпасақ, уақыт сырғып барады, - деп хат жазады.

1976. Екі жыл бұрын келген хаттың жауабы есебінде Бергман Бергманға қоңырау шалып: Таптым. Анасы мен қызы туралы.

1977. «Күзгі соната» фильмі киносыншы Roger Ebert-тің 1978-жылғы Top10 тізімінің бесінші қатарына жайғасты.

2002-жылы Keith Phipps: Үлкен үміттердің ауыртпалығы басқан кезде, «Күзгі сонатаны» өлім туралы тым тәтті медитация және ұрпақтар ара татуластықтың әрқашан жүзеге аса бермейтін мүмкіндігі ретінде қарастыруға болады,- деп жазды.

Фильм мен спектакль арасы

2021. Қыс. Алматы.

М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры. «Күзгі соната» Ингмар Бергман. Қоюшы-режиссер: Галина Пьянова.

Швед режиссері Ингмар Бергманның «Күзгі соната» кинокартинасына сәл тоқталайық. Сюжет желісі қарапайым, айқын. Алайда көрерменді демін шығармай, транста ұстап отыратын сюжеті емес. Кейде үнсіз, кейде өмірдей ұзақ диалогтар. Фильмді бастапқыда есіктің саңылауынан сығалап қарап отырғандай әсерде көресің. Енді бір қарасаң, кейіпкер әлде Бергманның өзіне айналып кеткендейсің. Махаббатқа сусап өткен адамнан сүйе алатын адам тумайды. Тіпті махаббаттың не екенін білмеген адам адам ба деген сұрақ қояды Бергман. Шарлоттың сөзімен айтсақ: «Мен тіпті есеймедім де. Менің жүзіме, тәніме әжім түсті. Мен әсер мен тәжірибе жинақтадым. Мұның бәрі тек сыртқы кейіп қана. Ішімдегі мен әлі тумағандай…»

Оқиға ХХ ғасырдың 70 жылдарындағы норвег отбасы, шешесі мен қызы арасындағы қарым-қатынасқа құрылады. Шарлотт өнер қуған кәсіби музыкант. Екі қыздың биологиялық анасы. Бірақ өзі де махаббатқа жарымаған адам, не әйел, не ана ретінде ешкімді сүйген емес. Қызы Ева анасының тасбауырлығына өкпелі. Оның өкпесі басқа адамдардың сезімін естуге мүмкіндік бермейді. Ал екінші қызы Хеленаның махаббатсыздығы сезімге емес, ауруға айналады. Еваның күйеуі Виктор – пастор. Ол бәрін көреді, естиді. Бірақ өзгертуге дәрмені жоқ. Бір біріне психологиялық кіріптар адамдардың қарым-қатынасы тартылып тұрған садақтың тиегі сияқты. Қай жерінде үзілетіні беймәлім. Бірақ бұл сәтті үнемі күтіп отырасың.

Фильм атмосферасын сезінсеңіз, спектакльге келейік. Бірден ескертейін, спектакльде кейіпкерлер үшін емес, Бергман үшін алаңдап отырасың. Бір біріне айқайлаған қызы мен шешесі, жаңғырған музыка, күйікке шыдамай ішіп кеткен пастор. Бұл көріністер сізге скандинавия емес, орыстың драмасын еске салатын сияқты ма?

Фильмде бір сәттер бар. Кейіпкерден шықпаған аяу, кешірім, махаббат тұла-бойыңда булығып, көз жасың арқылы сырғитын. Бұл сәттердің бірі пианино ойнап отырған екеу: Ингрид Бергман – сезімтал, сұлу ананың қатігез әйелге, Лив Ульманн – жаралы, мейірімге зәру нәзік қыздың өкпешіл, өзімшіл жазалаушыға айналғаны. Бергман фильмде бұл өте эмоционал психологиялық сәтті ірі планмен берген еді. Ал сахнада көрініс айқай арқылы шыққан:
- Тік отыр, жинал! Қайтадан баста!
- Қолыңды дұрыстап қой! Қайтадан!
- Дұрыстап ойна! Басынан баста!

«Күзгі сонатаның» сахналық адаптациясы Ингмар Бергман фильмімен үндес. Сюжеті бір. Екеуі де санаға азық. Бірақ екеуінің дәмі екі басқа. Режиссер шығарманы адаптациялаудан мүлдем қысылмаған, тіпті асыра еркінсимін деп Бергман стилін жоғалтып алған сыңайлы.

Бұл қойылымда швед радиосынан берілген трансляция түріндегі интершумнан басқа скандинавиялық ештеңе де жоқ. Мәдениет те, автор да, кейіпкерлер де.

Дірілдеген қолымен стақанына коньяк құйып күйігін алкогольмен басып отырған пастор орыстың ішкіш мұжықтарының образынан алынғандай. Енесімен танысу кезінде ашылған коньяк спектакль аяқталғанға дейін ішіледі. Анасы мен қызы айқайласып, іштегі шерін ақтарып жатқанда сахна шетінде пасторымыз қолы дірілдеп стақанын толтырып отырған еді. Тіпті бір жерінде енесімен құйып ішейін деп ескі пианиноның ішіне жасырған шөлмегін алып шығады. Бұл тоқсаныншы жылдардағы орыс киносындағы картина. Ал Бергманның пасторы мүлдем басқа адам, көп ішпейді, ұстамды, еркін, тіпті парасатты жан. Ева да, Шарлотт та онымен ақылдасып, кеңесіп, мұңын шағады. Құдай іспеттес. Ал спектакльде оның бірі жоқ. Қазақша айтсақ, «тірі әруақ».

Фильмде түйін ашық еді. Түсіністік, махаббат пен кешірім жоқ адамдар арасында бір үміт қылаң береді. Алғашқы қадам жасалады. Ева шешесіне жазған хатын Викторға оқып береді. Көрермен ары қарай өз қиялын қосып, өз өміріндегі сценарийіне көз салып, алғашқы қадамын жасауы мүмкін еді. Жоқ, Галина Пьянова барлық көрермендер үшін шешімді өзі жасап, спектакльді холиудтық хеппи эндпен аяқтайды.

Ингмар Бергман «Күзгі соната». Қоюшы-режиссері Галина Пьянова. М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театры. 2021 жыл

Музыка және ойдың жанама сипаты

Швециялық Бергман өзінің «Күзгі соната» шығармасында Толстойдың «бақытты отбасылардың бәрі бір-біріне ұқсайды, бірақ әр бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз» деген сөздерін скандинавиялық ұстаным мен салқынқандылықпен жоққа шығарғысы келгендей. Шығарманың атауы бірден меланхолияға түсіреді, оқиғаның күз мезгілінде өрбитінін меңзеп, сонатаны кейіпкерлер қатынасының метафорасы ретінде қолданғандай.

Шарлотт өмірінің мәні - кәсіби кемелдікке жету. Ол қызы сырқаттанған кезде Бартокты ойнау үшін Женеваға кетеді. Ал немересі дүниеге келгенде Моцарттың №1 концертін жазуға кіріседі. Шарлотт ана емес, пианист. Сондықтан Шарлоттың үйіне оралуы оның кәсіби өмірінің күзін елестеткендей болды. Сахнаға виолончельді арқалап шыққан Шарлотт спектакльдегі музыканың рөлі тек атауында емес, мазмұнымен үндес екенін тағы бір еске салады. Оқиға қазан айында Осло қаласының маңындағы шағын қалашықта болып жатқандықтан, сахнада «ABBA» тобының «Dancing Queen» әнінің жиі орындалып тұрды. Алайда бұл композиция спектакльдегі кейіпкерлердің қарым-қатынастарының дами түсуіне әсер еткен Шопеннің №2 ля-минор прелюдиясымен еш үйлесім таппады.

Осло маңындағы швециялық топтың орындауындағы ағылшын тіліндегі ән мен норвег тіліндегі радиодан естілген үзік-үзік дыбыстар Шопеннің прелюдиясындағы элегиялық драма күйінің пайда болуына мүмкіндік бермеді. Париждің салқын самалын еске түсіретін Шопеннің туындысымен бір сахнада ойналған Бауманның «Иттер вальсі» мен «ABBA» тобының әні симфония емес, көрермендер үшін какофония сыйлағандай болды. Бәлкім бұл кейіпкерлердің қарым-қатынасының музыкалық көрінісі ретінде бейнелеген әдіс болған болар. Спектакльдің тұрақты декорациясы ретінде пианиноның бірде ашық, бірде жабық тұруы да көрермендерге ой салады. Пианиноның ғана емес, кейіпкерлердің де жан пернелері бірде ашық, бірде жабық күйінде сипатталды. Өмірінің мәнін музыкадан тауып, пианиноны жан жолдасы еткен Шарлотт үйіне оралғанда музыканың басты заңдылығы тек ақ пен қара пернелердің кезектесе ойналып, ноталардың үйлесімділігінде ғана емес екендігін түсінгендей. Кәсібіндегі ақ пен қара пернелердің үйлесімі табылса да, өміріндегі қара минор пернелердің көптігін іштей мойындайды. Шарлотт үйлесімділік үшін ақ пен қара балансын сақтау керек деген ой түйді. Өкінішке қарай бұл өмір сабағы Шопеннің прелюдиясы арқылы емес, Еваның өзегін өртеген ащы сөздері арқылы жетті.  Ұлы композиторлардың шығармасын идеал орындау үшін жеті нотаны білу аздық етеді. Қызы мен анасының қарым-қатынасындағы жеті жылда пайда болған рухани жалғыздықты музыканың жеті нотасы жоймайтыны да анық. Ұлы композиторлардың шығармаларын орындау үшін пианист рухани бай болмаса, ол шығарма тек нота дәптердің бетінде қалады, ал пианист шығарманың мәнін түсінсе, онда ол тыңдармандардың жадында қалады. Пианиноның басты өмірлік сабағын кеш меңгерген Шарлотт өзінің ұлы пианист те емес, қамқор ана да болмағанын түсінеді. Өкінеді. Ендігі амал тек кешірім күту.