Көптеген адамдардың ойынша Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Иран-Ғайып, Медеу Сәрсеке, басқа да толыққанды қалыптасқан абыройлы әрі белгілі тұлғалардан кейін қазақ әдебиеті жіне театр өнерінде сапалы пьеса жазатын авторлар қалыптаса қоймады. Яғни мүлде жоқ. Әрине, бұндай тұжырымның өмір сүрер хақы бар. Себебі заманауи драматургтер жоғарғы буын өкілдері секілді оншалықты танымал емес. Олардың есімдері және еңбектері қазіргі таңда аса көп жарнамаланбайды, тек анда-санда ғаламтордағы мақалалар мен қысқа жазбалардан аталып қалады. Дегенмен де, бүгінгі күнде арамызда заманауи тақырыпта жазатын жас драматургтер баршылық. Демек, жоғарыда көрсетілген тұжырым түбімен қате.
Осы арада «Драма.KZ» жобасының елеулі қызметі жайлы айта кетсек. Себебі аталмыш құбылыс дарынды әрі қабілетті жастарға сапалы драматург ретінде қалыптасып, кәсіби түрде тәжірибе жинауға әжептәуір қолайлы жағдай тудырады. Онымен қоса, кейбір жас авторларға тікелей театр сахнасына жол тартуы мүмкіндік беріледі.
«Драма.KZ» жобасы ресейлік драматург Олжас Жанайдаровтың және «ВТ» театрының жетекшісі Айгуль Султанбекованың ықпалымен 2017 жылы лаборатория негізінде ұйымдастырылған болатын. Ол кезде іс-шараға тек орыс тілді драматургтер қатысқан еді. Алайда 2018 жылы осы бір жоба сәл-пәл өзгеріске ұшырап, фестиваль форматына өзгеріп, қазақ тілді авторларды қабылдаған болатын.
Аталмыш заманауи драматургия фестивалі Лермонтов театрының кіші сахнасында қазан айының жиырма алтысынан бастап жиырма сегізіне дейін не бәрі үш күн ішінде өткен еді. Және фестиваль барысында жас авторлардың пьесалары кәсіби түрде оқылған болатын. Негізгі мақсаты коммерция емес, жас драматургтерге жәрдемдесу болғандықтан фестивальға кез келген адам ақша төлемей тегін қатысқан еді. Және әр пьесаның оқылымы аяқтала өз пікірін еркін түрде айтуға құқылы болған. Нәтижесінде тыңдаушылар жаңа авторлардың жазған пьесаларымен, шығармашылық бағыттарымен, өмірлік көзқарастарымен, және өзекті деп санайтын тақырыптарымен таныса алған еді. Ал жас драматургтер тыңдаушылар алдында жан-жақты сыналуға, сол арқылы өздерінің осал тұстарын жақсартуға, онымен қоса, кішкене болсын атақ шығаруға мүмкіндікті иеленген болатын.
Білмейтін немесе түсінбейтін оқырмандарға «Оқылым» деген құбылыстың не екенін осы жерде айтып кеткен жөн сияқты. Өмірінде бір рет болсын театрға барған адам «Спектакль» дегеннің не екенін жақсы біледі. Ол жерде автордың шығармасымен қатар режиссердің жұмысы, әртістердің рөл ойнауы, киімдер мен декорацияның сапасы, және музыкалық сүйемелдеу толықтай көрермен назарына ұсынылады. Ал оқылым кезінде тек драматургтың пьесасы сынға ұшырайды. Ол жерде күнделікті киім киген әртістер орындықтарға емін-еркін жайғасып, қолдарына ұстаған қағаздардан кейіпкер сөздерін барынша тырысып жақсылап оқып шығады. Демек, оқылым деген көзбен көретін спектакль емес, құлақпен мүқият тыңдайтын өзгеше құбылыс.
Енді фестивальға қатысқан пьесалар жөнінде сөз қозғасақ. Нақты айтар болсақ, орыс тілінде жазылған алты, қазақ тілінде жазылған үш пьеса. Негізі, әрбір автор өз шығармасын заманауи өзекті тақырыпта жазуға тырысады. Алайда айтар ойын көрермен/оқырман/тыңдарманға қалай жеткізеді? Қызықты әрі түсінікті етіп жаза ала ма? Бұнысы, әрине, мүлде басқа нәрсе. Сол себепті біз әрбір пьесаның оқиғасын, сюжеттік құрылымын, кейіпкерлерін, және таразылауға салған мәселелерін жан-жақты талдайтын боламыз. Көркем туынды қандай стильде, қандай жанрда, қандай ерекшеліктермен жазылды, осы сұрақтардың да жауабын анықтаймыз. Тек содан кейін объективті түрде әділ баға беруге тырысып көреміз.
Фестиваль аясында алғашқы болып оқылған орыс тіліндегі пьеса – Люция Максимжан есімді автордың «Әпкелі-сіңілі үшеу» («Три сестры») аталатын көркем туындысы. Оқиғасы отбасылық қиындықтар айналасында құрастырылған драмалық шығарма. Шын өмірден алынған деп айтуға болады, себебі көптеген жанұялардың ішінде пьесадағыдай алауыздықтар кездесіп тұрады. Автор бұл жерде әрбір адамды өз жақындарына түсіністікпен қарап, кешірімді әрі мейірімді болуға шақырады. Алайда осы бір идеяны дұрыстап жеткізді деу өте қиын. Себебі пьеса шикі жазылған. Оқылым барысында ол тыңдармандарды қызықтырып, сезімдерімен ойнап, жүректерін жаулаудың орнына біршама зеріктіріп алған еді. Адамдар эстетикалық және гедонисттік рахатқа бөленудің орнына шамалары жеткенше пьесаны түсінуге тырысқан болатын. Сонда автордың қателігі неде? Біздің ойымызша, ең бірінші кезекте – кейіпкерлер. Олардың бойында ешқандай өзгешелік байқалмайды. Мінездері шаблонды, конфликттері толықтай ашылмаған, тыңдарман бойында эмпатиялық сезім тудыра алмайды. Онымен қоса, пьеса басынан бастап аяғына дейін тым драмалық салмақты атмосфераны жібермейді. Егер де автор сәл-пәл юморлық жағдайларды, күлдіргі әзілдерді қосатын болса, онда пьеса әжептәуір сапалы шығар еді. «Әпкелі-сіңілі үшеуді» толыққанды спектакльге айналдырған дұрыс бола ма? Бұл сұраққа былай жауап берер едік. Егер автор пьесаның осал тұстарын ретке келтіріп, дұрыстап толықтырмаса, онда спектакль ретінде сәтсіздікке ұшырайтыны айдан анық. Нақтысын айтар болсақ, фестивальға қатысқан тоғыз шығарманың ішінде дәл осы пьеса, өкінішке орай, ең осалы болып келеді.
Ал одан кейін сапасы жағынан сегізінші орынға «#бескеш» («#пятьвечеров) атты орыс тіліндегі монопьесаны қояр едік. Бір мезетте қарым-қатынас пен жұмысқа толыққанды жауапкершілікпен қарау – кез келген адам үшін эмоционалды түрде өте қиын. Автор Ксения Евдокименко сол мәселені бір ғана алматылық әйелдің бес кештік өмірімен көрсетіп шықан. Өмірде не маңызды, жақындар ма, әлде мансап па? Осы сұрақты тыңдарманның ойына тастамақшы болған. Алайда монопьесаға қарапайым жеңіл тіл жетіспеген еді. Автор арнайы терминдерді тым көп қолданып,
тыңдарманның ықыласын жоғалтып алған болатын. Тіпті біршама адам оқылым бітпей жатып залдан шығып кеткен еді. Оның үстіне, шығарманың айтар ойы қазіргі таңда оншалықты өзекті емес. Иә, заманауи форматқа салынып, бүгінгінің адамын кейіпкер ретінде қолданған. Бірақ негізі идеясы – жиырмасыншы ғасырдың басынан бері тоқтаусыз айтылып келе жатқан, ешкімге қызық емес идея. Сол себепті спектакль ретінде сәтсіз шығары түсінікті.
«Туған күніңізбен, анашым!». Жетінші орынды Алишер Мұрат атты автордың қазақ тілінде жазылған пьесасына бергенді жөн көреміз. Аталмыш шығарма жоғарыда талқыланған «Әпкелі-сіңілі үшеу» пьесасына кейбір жерлерімен ұқсастау келеді. Мысалы, екі туынды да әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарды қозғайды. Екеуі де шамалы комедия элеметтерін қажет етеді. Және екеуінің де оқиғасы бір ата-анадан тараған балалар арасында өрбиді. Алайда «Туған күніңізбен, анашым!» әлдеқайда жақсырақ жазылған. Ең қызығы, пьесада шкаф образындағы «макгаффин» қолданылады. Макгаффин деген не? Ол – көркем шығарманың негізгі оқиғасына тікелей ықпал ете алатын, оны әралуан арнаға бұра алатын белгілі бір зат. Автор дәл осы құбылысты, яғни шкафты қолданып кейіпкерлерді нешетүрлі тығырықтарға тіреп, сәл-пәл конфликттер тудырып, қызықты кульминацияға апарады. Алайда пьесаның соңы дұрыс аяқталмаған. Сол себепті автор ойландырарлық сұрақтарын қойғанымен, өз тұжырымын жөнді жеткізе алмай қалады. «Туған күніңізбен, анашым!» - жақсы спектакль болуға потенциалы бар пьеса. Тек тағы біраз жұмыс жасаған жөн сияқты.
Алтыншы орынға келер болсақ, оны Мұрат Қолғанат деген автордың «Мен – таспын» («Я – камень») атты орыс тіліндегі кішігірім пьесасына берер едік. Оның барлық оқиғасы Армения Республикасының астанасы – Ереван қаласында орын алған. Және пьесада аздап діни элеметтер пайдаланылған. Ал шығарманың негізгі идеясы экзистенциалдық ой-толғаныстар төгірегінде құрастырылған. Дегенмен де, «Мен – таспын» - өте кішкентай көркем туынды. Оған әлдеқайда тереңірек ойландыратын философиялық сұрақтар, мінездері мен конфликттері жан-жақты ашылған кейіпкерлер жетіспейді. Егер драматург пьесаны толықтырып жазбаса, спектакль ретінде тамашалаудың қажеті жоқ деген ой тудырады.
Біз ендігі жерде Михаил Земсков есімді автордың «Шипалы-тас» аталатын орыс тілді пьесасын бесінші орынға қойсақ дейміз. Бұл пьесада ауыр дертке шалдыққан әйелдің және оның күйеуінің басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Ажал жақындаған кезде онымен күрескен дұрыс па, әлде қабылдаған жөн бе? Негізгі идеясы осы сұрақтың жауабын іздеуге итермелейді. Жақыны дүниеден өтпеген немесе өзі өліммен арпалысып көрмеген адам пьесаны жөнді түсіне алмауы мүмкін. Сол себепті тақырыбын өзекті емес деп қабылдайтын шығар. Бірақ пьесадағы қөтерілген мәселелер әрдайым маңызды болып қала бермек. Көркем шығарманың спектакль ретінде қойылуына құқығы бар. Себебі оның сюжеті «флешбэк», яғни «өткенді еске алу» тәсілін пайдалана құрастырылған. Және музыкалық сүйемелдеу орынды қолданылған. Иә, пьеса тікелей ересектер аудиториясына арналып жазылған, бірақ жастарға ұнамды болмаса да пайдалы болуы мүмкін.
Міне, төртінші орынға да келіп жеттік. Оның иегері – жас драматург Хан Асановтың «Мұңлы арлекин» атты қазақ тілді пьесасы. Театр саласында жұмыс істейтін мамандарға «арлекин» сөзінің мағынасы, әлбетте, белгілі. Бірақ өзге адамдарға түсініксіз болмасын деп мағынасын ашып өтейік. «Арлекин» деп итальяндық дель арте, яғни маска комедиясының күлдіргі кейіпкерін айтады. Ол әрдайым көңілді, ашық мінезді, момақай, және сәл-пәл жалқау ретінде сипатталады. Ал пьеса дәл осындай рөлдерді көп ойнаған, өмірдегі жолы айтарлықтай бола қоймаған мұңлы әртістің өмірі жайлы сыр шертеді. Және шарықтау шегі мүлде күтпеген оқиғамен аяқталады. Негізі, автор бұл пьесада ешкімге керегі жоқ адамның қандай болатынын көрсетуге тырысқан. Онымен қоса, театр туралы қызықты ақпараттар беріп өткен. «Мұңлы арлекиннен» жақсы спектакль шығып-шықпауы, біздің ойымызша, шығармаға емес, режиссерге байланысты болатын сияқты. Егер сахналауға қабілеті жетсе, онда көруге тұрарлық дүние тудыруы мүмкін.
Келесі кезекте үшінші орынды иеленген Нурайна Сатпаева авторлығымен орыс тілінде жазылған «Жабысқақ қасықтар» («Ложки-липучки») драмасы. Бұл пьесада жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап қазіргі кездің өзінде де өзектілігін жоғалтпаған, қазақ драматургиясында өте сирек көтерілетін экологиялық қиындықтар тақырыбы қозғалады. Және оқуға деген негативті көзқарас, жалғыс-басты әкелік, балалық шақтан шығып есею сияқты нәрселер де пьеса беттерінде көрініс табады. Негізі, «Жабысқан қасықтар» жеткіншек балаларға арналып жазылған. Сол себепті оқиғасы 10-12 жас аралығындағы қыздар мен ұлдардың достық қарым-қатынастары айналысында құрастырылған. Ал егер жағымсыз жағын айтар болсақ, ол, әрине, пьесаның аяқталуы. Басты кейіпкер экологиясы толықтай бұзылған туған жерін тастап қатты дамып кеткен Германияға көшіп кетеді. Бұндай нәрсе адамдарды эскейписттік немесе эмиграциялық әрекеттерге итеруі мүмкін. Дегенмен де, «Жабысқан қасықтар» - сахналануға әбден лайықты сапалы пьеса.
Екінші орынға біз еш күмәнсіз жас драматург Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» атты қазақ тілінде жазылған философиялық, аллегориялық, және абстракциялық пьесасын ұсынсақ дейміз. Себебі автор бұл шығармасымен нешетүрлі экзистенциолисттік, эмпиристтік, рационалисттік, тіпті идеалисттік ой-толғаныстарға апара алады. Және де шиеленіскен сюжетімен, күрделі басты кейіпкерімен мұқият адамды еліктіріп, ең соңында катарсисті сездіре біледі. Иә, «мұқият» сөзін бекер қолданып отырған жоқпыз, өйткені пьеса көпшілік қауымға біршама ауыр болуы әбден мүмкін, себебі оны тамашалау – зейін салып, басты жұмыс істетіп ойлануды қажет етеді. Ал театрға келетін адамдардың көпшілігі ойлану үшін келе бермейді. Сонымен, пьесаны сахналаған жөн бола ма? Иә, режиссер қабілетті болса, онда жап-жақсы спектакль шығуы мүмкін. Бірақ бұл пьесаға дәу сахна емес, кіші сахна жарасатын сияқты.
Барлық орындарды беріп біттік. Ендігі жерде жүлделі бірінші орын қалған сияқты. Оны, әрине, ешбір даусыз жас драматург Айнур Каримнің «What’s up, 5 «Б» ?» атты пьесасы иеленеді. Аталмыш шығарма өзге пьесалар сияқты драма емес, комедия жанрында жазылған. Оқиғасы белгілі «What’sApp» желісінде бір-бірімен хат алмасқан ата-аналардың арасында орын алады. Яғни кейіпкерлердің бір-біріне жазған хаттары диолог
ретінде қолданылады. Бұл пьесадан бірден жаңашылдық байқалады. Аз ғана уақыт ішінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған құбылыстар ирония және сатира арқылы көрсетіледі. Негізі, пьесаның кейіпкерлері – қалалық жалғыздықтар өмір сүретін, бейсаналы түрде қарым-қатынасты қалайтын ересек адамдар. Олар балалар мен сыныптың жығдайы деген сылтау арқылы олар бір-бірімен «What’sApp» желісінде бір тақырыптан екінші мәселеге секіріп араласып жүреді. Тіпті жақын достар сияқты әзілдесіп, ұрсысып тұрады. «What’s up, 5 «Б» ?» - ешқандай толықтыруды, жөндеуді, әдемілеуді қажет етпейтін, дап-дайын, хитқа айналу потенциалы бар көркем туынды.
Сонымен. «Драма.KZ» жобасына қатысқан барлық пьесаларға жеке-жеке тоқталып, бағамызды беріп өттік. Ендігі жерде сөз қорытып, мақаланы аяқтайық. Алдыңғы 2017 жылға қарағанда, әрине, қазіргі фестиваль әлдеқайда жақсы өтті. Алайда оқылымдарға көбірек тыңдарман тарту жағы жөнді болмады. Қызығып келгендер, сөз жоқ, болды. Бірақ Лермонтов театрының кіші залы жүз пайыз толды деп айту мүмкін емес. Негізі, іс-шара ескіліктен шыға алмай, бір орында тапталып тұрған қазіргі театр өнеріне заманауй тақырыптарды әкеле алды. Сөйтіп, бастаушы драматургтерге
тәжірибе алып, ілгері ұмтылуға мүмкіндік берді. Осылайша фестиваль өзінің негізгі міндетін орындай алды. Тіпті әйел авторларды алдыға тартып, жыныстық теңдікке қолдау білдірді. Кім біледі, бәлкім, келесі жылы одан да жақсы нәтиже беріп қалар? Мүмкін өзге де жанрларда жазылған пьесалар санын көбейтер? Ол жағын, әрине, болашақ көрсетеді.